Қазақ тілін оқытуда оқушыларды қатысымдық-танымдық (когнитивтік) тұрғыдан қалыптастыру

Page 1

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ «ӨРЛЕУ» БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ ФИЛИАЛЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ ИНСТИТУТЫ

ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДА ОҚУШЫЛАРДЫ ҚАТЫСЫМДЫҚ-ТАНЫМДЫҚ (КОГНИТИВТІК) ТҰРҒЫДАН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛ

Тараз, 2015


ӘОЖ 371.1(574) КБЖ 74.202.5(5Каз) Д40 Пікір берушілер: Диканбаева Д.Ю. – «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты, «Мектепке дейінгі тәрбие жәнебілім беру» кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Нусупова А. О - М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Филология және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к. Д 40

Қазақ тілін оқытуда оқушыларды қатысымдық-танымдық тұрғыдан қалыптастыру: әдістемелік құрал /Г.А. Джаркинбаева/ – Тараз, 2015. – 41 бет.

ISBN:978-601-7825-11-9 Жамбыл облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыратын институтының Сараптау кеңесі отырысының шешімімен баспаға ұсынылған (№9 хаттама, 23.10.2015ж.) Әдістемелік құралда қазақ тілін қатысымдық-танымдық (когнитивтік) тұрғыдан оқыту оқушыға тілдің ішкі формасы мен мазмұнын терең игеруге және сөз тіркесінің, сөйлем мен мәтіннің ерекшелігі мен өзіндік қолданысын үйретіп, сол арқылы олардың сөйлеу қабілетін жетілдіруді көздейді. Әдістемелік құрал қазақ тілі пәні мұғалімдеріне арналған.

ӘОЖ 371.1(574) КБЖ 74.202.5(5Каз) Д40

ISBN:978-601-7825-11-9

© Джаркинбаева Г.А., 2015


КІРІСПЕ Қоғамдағы жаңарулар, елдің даму бағдарламалары, ғылым мен техниканың қарыштай дамуы білім беру жүйесінде де түбегейлі өзгерістер жасауды талап етеді. Бұл жаңа уақыт талабы білім беру ұйымдарына рухы биік, болашаққа зор сеніммен қарайтын, оның дамуына өзіндік үлес қосатын, халықаралық стандартқа сай, бәсекеге қабілетті, танымдық деңгейі жоғары, білімді де білікті маманды қажет етеді. Соңғы кездегі қоғамдық-әлеуметтік сұраныс талаптары білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуді қажет етіп отыр. Олай болса, осы өзгерістердің жүзеге асуы, ең алдымен мектеп мұғалімдерінің жеке пәндерді оқытуда әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдануда дұрыс бағыт-бағдар алуымен байланысты екені даусыз. Тілдің рөлі өзінің қоғам мен жеке тұлғаның дамуындағы атқаратын қызметіне сай жаңаша бағамдалуы тиіс. Тілді субъективті құрылым ретінде бағалайтын бағыттың енуі оны оқыту жүйесінде де жаңа бағыттардың тууына әкелді. Е.С.Кубрякованың анықтамасы бойынша, танымдық (когнитивтік-лат. когнито білім, түсінік) тіл білімі дегеніміз: «Лингвистическое направление, в центре внимания которого находится язык как общий когнитивный механизм, как когнитивный инструмент – система знаков, играющих роль в репрезентации (кодировании) трансформировании информации». Демек, танымдық (когнитивтік) тіл білімі табиғи тілдің игерілу, қолданылу механизмін түсіндіруді және ақпараттық білім алудың негізі болып табылатын тілдік модельді жасауды мақсат етеді. Қазақ тілін танымдық (когнитивтік) зерттеуге арнаған алғашқы жұмыстардың бірі ретінде Қ.Ә.Жаманбаеваның «Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана» атты монографиясын атауға болады. Бұл жұмыста тілдік сана құрылымы, гештальт теориясы, тілдік сана және мәтін құрылымы, тілдік модельдер, мұң концептісі т.б. когнитивтік мәселелер қарстырылған. Профессор Ж.Манкеева да М.Бирвиш, Хомский, Лакофф, Коок, Г.В.Колшанский, Ю.Д.Апресян және тағы басқалардың есімдерімен байланысты когнитивтік лингвистиканың пайда болуы мен дамуына тоқталып, аталмыш ғылымның маңыздылығын айрықша атап өтеді. Зерттеушілер тіл арқылы субъектінің танымдық қабілеті, тұлғалық мәдениеті, ұлттық психологиясы, өмірлік дағдылары т.б. қалыптасатынына айрықша назар аудара бастады.Тілдік қатынас пен танымның сабақтастығы әлемдік ғылымда да арнайы зерттеу нысанына алынды. Бұл қазақ тілі салаларын қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту мәселесін алға шығарды. Өйткені бұл жаңа бағыт арқылы оқушы тіл адамның өмір танымы, болмысы, әлеуметтік мүддесімен тығыз байланысты екенін түсінеді. Сол арқылы тілдің өз өміріндегі, қоғамдағы рөлін саналы түрде сезінеді. Бұл оның дүниетанымын кеңейтіп, тілдік білімге жаңа көзқарасын орнықтырады. Тілді қоршаған әлеммен, адам факторымен тұтастықта игеруге және тіл болмысын халықтық таным тұрғысынан зерделеуге мүмкіндік алады. Тілдің қатысымдық тұрғыдан оқытылуы сөйлесім әрекетінде іске асырылатын бірліктердің табиғатын ашуға, оның ішкі иірімдерін жан-жақты пайдалануға мүмкіндік туғызады. Тілді қатысымдық тұрғыдан игерту оқушының тілдік қарым-қатынаста тілдік бірліктер мен лингвистикалық заңдылықтарды орынды қолдануына ықпал етеді. Қазақ тiлiн қатысымдық және танымдық тұрғыдан оқыту білім сапасын арттыруға, жаңа жүйенің басым бағыттарын жүзеге асыруға септiгiн тигiзедi. Сонымен бірге педагогикалық үдерістің жаңа талаптары тұрғысынан жетілдірілуін қамтамасыз ете отырып, оқушылардың құзыреттіліктерін қалыптастырады. Бұл өз тарапынан тілді қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың технологиялық сипатын жан-жақты айқындауды керек етеді.

3


І ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАТЫСЫМДЫҚ-ТАНЫМДЫҚ (КОГНИТИВТІК) ТҰРҒЫДАН ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ХХІ ғасырда барлық елдер бірінші орынға білім беру сапасын қойып отыр. Осымен байланысты мектепте қазақ тілін жаңа тың ізденістер тұрғысынан оқыту мәселесі жанжақты қарастырыла бастады. Жаһандану заманында қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан зерделеу оның мемлекеттік мәртебесін сақтауға, ұлттың тілін қалыптастыру мен мәдени иммунитетін нығайтудағы мәнін жас ұрпаққа саналы меңгертуге тірек болады. Өйткені бұл жаңа бағыт арқылы оқушы тіл адамның өмір танымы, болмысы, әлеуметтік мүддесімен тығыз байланысты екенін түйсінеді. Сол арқылы тілдің өз өміріндегі, қоғамдағы рөлін саналы түрде сезінеді. Бұл оның дүниетанымын кеңейтіп, тілдік білімге жаңа көзқарасын орнықтырады. Тілді қоршаған әлеммен, адам факторымен тұтастықта игеруге және тіл болмысын халықтық таным тұрғысынан зерделеуге мүмкіндік алады. Тілдің қатысымдық тұрғыдан оқытылуы сөйлесім әрекетінде іске асырылатын бірліктердің табиғатын ашуға, оның ішкі иірімдерін жан-жақты пайдалануға мүмкіндік туғызады. Бұл орайда байланыстырып сөйлеудің құрылысын зерттейтін синтаксисті тіл білімінің басқа салаларымен тоғыстыра оқыту оның көп аспектілі сипатын аңғаруға ықпал етеді. Тілді қатысымдық тұрғыдан игерту оқушылардың тілдік қарым-қатынаста тілдік бірліктер мен синтаксистік категорияларды орынды қолдануына ықпал етеді. Қазақ тiлi синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту білім сапасын арттыруға, жаңа жүйенің басым бағыттарын жүзеге асыруға септiгiн тигiзедi. Сонымен бірге педагогикалық үдерістің жаңа парадигма тұрғысынан жетілдірілуін қамтамасыз ете келіп, оқушылардың танымдық қабілетін белсендіреді, аналитикалық ойлауы мен шығармашылық әлеуетін дамытады, олардың қатысымдық, танымдық, кәсіби, лингвомәдени, әлеуметтік-тұлғалық және т.б. құзыреттіліктерін қалыптастырады. Бұл синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың технологиялық сипатын жан-жақты айқындауды қажет етеді. Жоғарыда аталған мәселелердің барлығы қоғам сұранысын өтейтін білікті де білімді, жан-жақты дамыған, құзыреттілігі қалыптасқан мұғалім дайындаудың ұтымды жолы, басым бағыты ретінде синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан меңгертудің ғылымиәдістемелік негіздерін айқындаудың көкейкестілігін танытады. Соңғы жылдары білім беруді жаңа қырынан ұйымдастыру мен қазақ тілін оқытудың сапасын көтеруге бағытталған зерттеу жұмыстарындағы тұжырымдар синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ұтымды әдіс-тәсілдерін сұрыптап таңдауға мүмкіндік тудырады. Қоғам дамуындағы өзгерістер жеке ғылым саласы ретіндегі тіл біліміндегі жаңа бағыттардың туындауына әсер етсе, өз кезегінде сол өзгерістер оның оқыту жүйесін де жаңартуды қажет етеді. Осымен байланысты тілді адамдар арасындағы әлеуметтік қарымқатынастың құралы ретінде қарастыру етек алды. Адам мен оның тілін әлеуметтік аспектіде өзара байланыстырып, адамның әлеуметтік рөлі, тілі, мамандығы және қандай әлеуметтік топқа жататындығы, идиологиялық тәуелділігі т.б. арқылы тілдік тұлғаны анықтауға басымдылық берілді. Тілді оқытуда оның тілдік қарым-қатынаста қолданылу дәрежесі мен сипатына, әлеуметтік-психологиялық мәніне көңіл бөлінді. Әдіскер-ғалымдар ана тілінің тек қатысымдық қызметін ғана айқындап қоймай, оның баланы жеке тұлға ретінде қалыптастырудағы мәніне баса назар аудара бастады. Өйткені тіл арқылы адамдар өмірден өз орнын табады, әркім өзіне қажетті игілікті іске асырады [2.13]. «Сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі одан та артық», «сөйлегенде сөздің жүйесін келтіріп сөйлеу» қажет. «Сөздің жүйесін қисынын келтіріп жаза білуге: қай сөз қандай орында қалай өзгеріп, қалайша бір-біріне қиындасып, жалғасатын дағдысын білу» керек. «Сөйлеудің асыл мағынасы – біреуге білдірейін деген ойын айту. Айтушының мақсаты – тыңдаушыға ойын түгел түсіндіру. Ойын түсіндіру үшін соған керек сөздерді алу қажет. Бір сөзді ойын анықтау үшін алса, екінші сөзді ойын толықтыру үшін алады, үшінші 4


сөзді ойын пысықтау үшін алады» деген А.Байтұрсыновтың пікірі синтаксисті қатысымдықтанымдық тұрғыдан оқытудың өзегін анықтауда маңызды рөл атқарады. 1.1 Қазақ тілін қатысымдық-танымдық (когнитивтік) тұрғыдан оқытудың теориялық мәселесінің зерттелуіне қысқаша шолу Қазіргі кезде мектептегі қазақ тілі сабақтарында оқушылардың ойлауы мен тіл дамуына, мәдениетті түрде сөйлей білуіне терең назар аударылып отырғаны белгілі. Осымен де байланысты, мұғалімдер оқушыларға тілдің түрлі қызметін, танымдық, қатысымдық, эстетикалық қызметін танытудың тиімді жолдарын меңгертулері керек. Өйткені, осындай бағытта оқыту барысында ғана оқушыдан ана тіліне сүйіспеншілік, құрмет, бағалау, қамқорлық жасау сезімдерін қалыптастыру мүмкін болады. Мұғалімдер әсіресе, оқушылардың ойлау қабілетінің дамуына, жетілуіне, сондай-ақ, олардың сөйлеу және есту қабілеттеріне, зейініне көңіл бөле отырып, тілдік материалдарды орынды қолдана білу сияқты, іс-әрекеттерді арттыру негізгі мәселелердің бірі болып отыр. Өйткені тілдің табиғаты деген нәрсе - тіл білімінің маңызды мәселелерінің бірі. Тіл бір ұрпақтан екінші ұрпаққа ауысып отыратын, кейінгі ұрпақ алдыңғы ұрпақтан үйреніп отыратын нәрсе. Ендеше, адамзат тілі - биологиялық та, психологиялық та құбылыс емес, ол қоғамдық (әлеуметтік ) құбылыс, қоғамға қызмет етеді. Себебі тіл қоғам үшін, қоғам мүшелерінің пікір алысып, өзара түсінісу үшін керек. Пікір алысу, түсінісу қоғам бар жерде ғана болады. Қоғамсыз - тіл, тілсіз-қоғам болмайды. Ұлт ұстазы А.Байтұрсыновтың қазақ тілі пәні туралы тұжырымдары оны оқыту жөніндегі соны пікірлер болып табылады. А.Байтұрсынов синтаксистің теориясын бір жүйеге түсірумен қатар, оны меңгертудің жолдарын ұсынған. Ол өз еңбегінде ауыздан шыққан сөздің бәрі сөйлем бола бермейтінін, айтушының ойын тыңдаушы ұғарлық дәрежеде түсінікті болып айтылған сөздер ғана сөйлем болатынын, сөйлемнің қатысымдық қызметін көрсеткен. Одан әрі қазақ тілінің әр саласы туралы теориялық материалдардан кейін практикалық жұмыстарды «өлеңмен жазылған сөйлемдерді өлеңсіз түрге айналдыру; сөйлем ішіндегі мүшелерін айырту; сөйлемнің қажет болған түрлерін білім алушылардың өзіне тапқызу» түрінде беріп, сөйлем мүшелерінің қай сөз табынан болатынын нақты мысалдар арқылы дәлелдеген. «Ауызбен сөйлесу» және «жазумен сөйлесудің» ерекшеліктері мен сөйлем жүйесінің сөйлеу әрекеті түрлеріне қатысын анықтап берген. [3.50] Қ.Жұбанов сөйлеу сөйлемдер арқылы жүзеге асатынын дәлелдеп, «сөйлем бір сөзден де, бірнеше сөзден де құралады» дей келіп, жай сөйлемнің грамматикалық сипатының бірдей емес екенін анықтады. Ғалым синтаксистің нысаны семантика емес, тілдік тұлғалар мен солардың құрылысы екенін дәйектеп, «біздің қарайтынымыз – мағына жүйесі, семантика емес, грамматика. Сондықтан біздің мақсатымыз мағынаны баяндау емес, мағынаны қандай амалмен білдіреміз, осыны баяндау болу керек», – деп, тұжырымдайды. Тілші А.Байтұрсынов пен Т.Шонанұлы еңбектеріндегі синтаксис туралы пікірлерге талдау жасап, сөйлем мүшелерін қазақ баласының танымына жақын дене мүшелерін мысалға ала отырып түсіндіреді. «Сөйлеу деген – біреудің екінші біреуге хабар беруі», – деп, ойды сөйлеу үдерісімен байланыста қарастырады.Ғалымның педагогика саласына қатысты зерттеулерінен оқу үрдісін білім алушының танымы мен қабілетін ескере отырып, ұйымдастыруға мән бергенін байқауға болады. С.Жиенбаев сөйлем мүшелерін жіктеу мен олардың арасындағы байланысқа және құрмалас сөйлем мәселесіне жан-жақты тоқталса, С. Аманжолов жай сөйлем синтаксисі мен құрмалас сөйлем синтаксисін оқыту мәселесін қамтыды. Ғалым сөйлемнің қатысымдық қызметіне назар аударып, «сөйлем қалыпты, бір беткей, ұзын сонар; ол біреудің айтқан сөзінен, ойлаған ойынан ғана» құралмайтынын, «сөйлемнің айтылуы, көп қолданылатын жері – көпшілік ортасы, ең кемі екі кісінің басы қосылған жер» екенін, мұндай жерде сөйлем, бірыңғай, біркелкі болмайтынын, ашу, күлкі, сұрау, жауап, қуаныш т.б. психологиялық жағдайлардың «сөйлемге әсерін» тигізетінін дәлелдеп көрсетеді. Сол сияқты Ә.Хасеновтың «материал көлемі, оларды белгіліден белгісізге қарай дамыту арқылы жүргізу ісі, қолданылатын әдістер мен жұмыс түрлері» туралы ұсыныстары мен 5


М.Балақаевтың «сөйлемдегі сөздердің грамматикалық тұлғалары мен мағыналарын сипаттау арқылы олар жайындағы оқушының білімін баянды ететін практикалық жұмыс» деген анықтамасы синтаксисті оқыту жайындағы алғашқы құнды тұжырымдар болып саналады . [4.50] Қазақ тілін тіл білімінің жеке саласы ретінде дәстүрлі оқыту қалыптасқан. Мысалы, қатысым әрекетін сипаттауға мол мүмкіндік беретін тілдің салаларының бірі морфология мен синтаксисті оқыту мәселелері Ә.Хасенов, А.Әбілқаев, Ш.Әуелбаев және т.б. ғалымдардың еңбектерінен бастау алады. Әдіскер - тілші И.Ұйықбаев грамматикалық ережелерді білмеу, сөйлемдегі мағыналық қарым-қатынастарды түсінбеу орфографиялық қателерге соқтыратынын дәлелдеп, диктанттың түрлеріне, олардың атқаратын рөліне тоқталып, сызбалар мен үлестірме қағаздарды ұтымды қолданудың жолдарын ұсынған. Әдіскер- ғалымдар Д.Әлімжанов пен Ы. Маманов тіл фактілерін түсіндіруге пайдаланылатын материалдар, алдымен, тілден өтілетін материалдарға сәйкес болу керектігіне мән берді. Ғалымдардың «өтілген тілдік тақырыптарға тәрбиелік маңызы бар сөйлемдер тергізіп, оны грамматикалық белгілер мен сөз мағынасына қарай топтату, текстерге талдаулар жасату, кітап оқыту, оқығанын баяндап айтқызу, сол бойынша конспект жасату, көрнекі материалдарды беріп өздеріне бақылату, іс қағаздарын үйрету, тілге байланысты кештер өткізіп, конференцияларда баяндама жасату» сияқты т.б. жұмыс түрлерін ұсынған. Әдіскер - тілші Х.Арғынов «өздігінен көбірек жұмыс істеуге» көңіл аудару «әрбір орындалған жаттығу, дағдыландыру жұмыстарының қандай із қалғанын» көрсететінін айтады. Олардың бұл тұжырымдары қазіргі таңдағы оқушының өзіндік жұмысына қойылатын талаптармен сабақтасып жатыр. Соңғы кездері қазақ тілін тіл білімінің басқа салаларымен сабақтастықта оқытудың жаңашыл бағыттары айқындалып келеді. ХХІ ғасырда барлық елдер бірінші орынға білім беру сапасын қойып отыр. Осымен байланысты мектепте қазақ тілін жаңа тың ізденістер тұрғысынан оқыту мәселесі жан-жақты қарастырыла бастады. Р.Ә.Шаханова қазақ тілін модуль, рейтинг, тест арқылы меңгертудің жолдарын ұсынса, Қ.Қадашева қазақ тілін жаңаша жаңғыртып оқытудың тиімділігін анықтады. Ж.Даулетбекова сөйлеу мәденетін терең игерту оқушының қатысымдық және мәдени-танымдық құзыреттіліктерін қалыптастыратынын дәлелдеді. Ж.Сүлейменова орта мектепте морфологияны оқытудағы дәстүрден тыс сабақтардың маңызын айқындады. Ә.Әлметова оқушылардың сұхбаттық тілдесім мәдениетін қалыптастырудың жолдарын, З.Бейсембаева сөзжасамды модульдік технология арқылы оқытуда тиімді болып табылатын дәріс, практикалық сабақтар мен өздік жұмыстың түрлерін, ал Н.Оразақынова сатылай талдауды сөйлесім әрекетінің түрлері арқылы меңгертудің амал-тәсілдерін ұсынды.[5.67]. К.Жақсылықова модульдік технологияның ұтымдылығын дәлелдеді. Ж.Қ.Балтабаева өзінің ғылыми жұмысында орта мектепте морфологияны оқыту мәселесін сөз етіп, интерактивті әдістердің ұтымдылығын дәлелдеді. Н.Құрманова мен А.Е.Жұмабаева орта мектепте қазақ тілін дамыта оқытудың жолдарын айқындап берді. А.А.Сатбекова жоба жұмысының түрлерін саралады. Соңғы жылдары білім беруді жаңа қырынан ұйымдастыру мен қазақ тілін оқытудың сапасын көтеруге бағытталған зерттеу жұмыстарындағы тұжырымдар қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ұтымды әдіс-тәсілдерін сұрыптап таңдауға мүмкіндік тудырды.Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту мәселесі де осындай ізденіс нәтижесінде көтерілген еді. Қоғам дамуындағы өзгерістер жеке ғылым саласы ретіндегі тіл біліміндегі жаңа бағыттардың туындауына әсер етсе, өз кезегінде сол өзгерістер оның оқыту жүйесін де жаңартуды қажет етеді. Осымен байланысты тілді адамдар арасындағы әлеуметтік қарымқатынастың құралы ретінде қарастыру керек. Адам мен оның тілін әлеуметтік аспектіде өзара байланыстырып, адамның әлеуметтік рөлі, тілі, мамандығы және қандай әлеуметтік 6


топқа жататындығы, идиологиялық тәуелділігі т.б. арқылы тілдік тұлғаны анықтауға басымдылық берілді. Тілді оқытуда оның тілдік қарым-қатынаста қолданылу дәрежесі мен сипатына, әлеуметтік-психологиялық мәніне көңіл бөлінді. Әдіскер-ұстаздар ана тілінің тек қатысымдық қызметін ғана айқындап қоймай, оның баланы жеке тұлға ретінде қалыптастырудағы мәніне баса назар аудара бастады. Өйткені тіл арқылы адамдар өмірден өз орнын табады, әркім өзіне қажетті игілікті іске асырады. Қазақ тілі пәні оқушыға сөз тіркесінің, сөйлем мен мәтіннің ерекшелігі мен өзіндік қолданысын үйретіп, сол арқылы олардың сөйлеу қабілетін жетілдіруді көздейді. Бұл Қазақстан Республикасының бiлiм берудi дамыту тұжырымдамасының: «Қазiр педагогикалық қоғамдастықтың алдында бiлiм берудiң жаңа моделiн құрудың, сынақтан өткiзу мен енгiзудiң ауқымды мiндеттерi тұр. Бiлiм берудiң қазiргi негiзгi мақсаты бiлiм алып, бiлiк пен дағды-машыққа қол жеткiзу ғана емес, солардың негiзiнде дербес, әлеуметтiк және кәсiби бiлiктiлiкке – ақпаратты өзi iздеп табу, талдау және ұтымды пайдалану, жылдам өзгерiп жатқан бүгiнгi дүниеде лайықты өмiр сүру және жұмыс iстеу болып табылады», – деп көрсетiлген басты қағидатымен толық үндеседі. [6.15] Әр дәуірдегі ойшылдар мен педагогтер балалардың өзіндік ой-тұжырымын жасау, оны дамыту мәселесіне назар аударса, адам баласының танымдық(когнитивтік) қабілетінің мәні қазақ халқының даналық сөздерінде, ертегі, жыр, мақал-мәтелдерінде де көрініс тапқан. Қазақ тілін қатысымдық тұрғыдан оқыту оқушыны лексикалық және грамматикалық бірліктерді қарым-қатынаста ұтымды қолдануға, өз көзқарасын айта білуге және грамматикалық категорияларды сөйлесім әрекетінде ұтымды пайдалануға үйретсе, танымдық тұрғыдан оқыту оның оқу материалдарын терең игеруіне, өзін-өзі дамытуға, танымдық қабілетін (қабылдау, меңгеру, жоспарлау, мәселені шеше білу, ойлау, тапқырлық, білімін қажетті жерде қолдана білу т.б) арттыруға мүмкіндік тудырады. А.Байтұрсыновтың «Сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі одан та артық»,«сөйлегенде сөздің жүйесін келтіріп сөйлеу» қажет. «Сөздің жүйесін қисынын келтіріп жаза білуге: қай сөз қандай орында қалай өзгеріп, қалайша бір-біріне қиындасып, жалғасатын дағдысын білу» керек. Немесе «Сөйлеудің асыл мағынасы – біреуге білдірейін деген ойын айту. Айтушының мақсаты – тыңдаушыға ойын түгел түсіндіру. Ойын түсіндіру үшін соған керек сөздерді алу қажет. Бір сөзді ойын анықтау үшін алса, екінші сөзді ойын толықтыру үшін алады, үшінші сөзді ойын пысықтау үшін алады» деген пікірлері қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың өзегін анықтауда маңызды рөл атқарады . Қазақ тілі салаларын қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың қайнар көзі әріден басталады. ХХ ғасыр басында қазақ топырағында ұлтты тану мен сапалы білім берудің тың үлгісін жасаған отандық ғалымдар ой-пікірлері, еңбектері зерделеніп, олардың оқыту үдерісіне қатысты білім беру жолдары технология түрінде дәйектелді. Себебі оқыту технологияларының нышандары А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ы.Алтынсарин, Қ.Жұбанов, М.Балақаев т.б. ғалымдардың еңбектерінен бастау алады. Осы жұмысты жазу барысында олардың қазіргі таңда қолданылып жүрген оқыту технологияларымен салыстырылды. Олардың қай-қайсысының да құрылымдық жүйесі технологияға қойылатын талаптарға толық жауап береді. Бұл педагогикалық жаңа технологияларда мәдениет пен тілге, ғылым мен білімге ерекше назар аударылған. Мысалы, А.Байтұрсынұлы танымдық-тағылымдық технологиясын ұсынған, оның танымдық-тағылымдық технологиясында білім алушының тілін дамыту, танымын кеңейту мәселелері басты назарға алынған. Бұл синтаксисті оқытуда маңызды рөл атқарады, өйткені оқытудың түпкі нәтижесі оның танымдық, проблемалардың шешімін табу, ақпараттық құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған. М.Жұмабаев дара тұлғаны қалыптастыру технологиясын ұсынған, оның дара тұлғаны қалыптастыру технологиясы бойынша адам бойындағы мінез-құлық, қасиеттерін тәрбиелей отырып, білім алушының бойына тұлғалық дарындылықты қазақтың ұлттық тәрбиесі арқылы қалыптастыру өзек етіп алынғандықтан, ол оқыту үдерісінде оқушының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, жеке тұлғалық қасиеттерін дамытады. 7


Ж.Аймауытов пәнаралық байланыс арқылы ынталандыра оқыту технологиясын ұсынған, оның пәнаралық байланыс арқылы ынталандыра оқыту технологиясы қазіргі таңдағы білім берудің ұлттық моделін жасау идеясымен сабақтасып жатыр. Ғалымның тұжырымдары жеке тұлғаға бағдарлап оқыту, интеграциялық байланысты қолдану, білім алушының ынтасын тудыра оқытып білім беру т.б. мәселелермен тығыз байланысады. Ал бұл синтаксисті оқытуда білім сапасын арттырудың алғы шарты болып табылады. [7.11] Ы.Алтынсарин тілдік дағдыны жетілдіру технологиясын ұсынған, оның тілдік дағдыны жетілдіру технологиясында қазақ тілі сабақтарында оқушылардың тілдік дағдыларын жетілдіру мен шығармашылыққа баулу әдістері кеңінен орын алатыны байқалады. Осы арқылы баланың өміріне, табиғатына жақын келетін мәтіндерді пайдаланудың тиімділігін көрсеткен. Оқушының тілдік қабілетін жетілдіру – білім беру үдерісіндегі басты міндет. Олай болса аталған технология осы міндетті шешуге мүмкіндік береді. Қ.Жұбанов дамыта оқыту технологиясын ұсынған, оның дамыта оқыту технологиясы оқушыны тұлғалық жағынан қалыптастыру мен дамыту және білімді деңгейіне қарай меңгертуді көздейді. Ғалымның түйінді мәселеге көңіл аудару, сөзбен суреттеу, көрнекілік, өмірге үңілдіру, еңбек үдерісімен, жүйелі ойға төселдіру, оқушының алдына проблема қоя оқыту, бір пәнді игерту үшін оған екінші пәнді құрал ету т.б. әдістері бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен ұштасып жатыр. Қ.Жұбановтың дамыта оқыту технологиясы синтаксистік бірліктердің қалыптасу, өзгеру, даму заңдылықтарын танып білуге көмектеседі. [8.27] М.Балақаев сөйлеу мәдениетін қалыптастыру технологиясын ұсынған, оның сөйлеу мәдениетін қалыптастыру технологиясы тілдік білімнің нәтижесін құзыреттіліктер деңгейіне көтеруді мақсат ететін қазіргі уақыт талабымен толық үндеседі. Сондықтан сөз мәдениеті оқушының интеллектуалдық және мәдени сапасын арттыратындай тілдік қатынасқа төселдірудің негізі ретінде қарастырылады. Көріп отырғанымыздай, ғалымдардың еңбектерінде қазіргі білім беру технологияларының барлығы да көрініс тапқан. Сондықтан сол ой-тұжырымдарды басшылыққа алу оқушылардың санасына ұлттық рух пен елжандылық қасиетті қалыптастыруға, ұлттық сананы оятуға, сабақ сапасын арттыруға, мұғалім шеберлігі мен оқушы білімін жетілдіруге ықпал етеді. Тақырып бойынша еңбектерге жасалған шолу синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан сапалы оқытудың негізі - білім беру технологияларын бірлестікте қолдануда екенін көрсетті. Қазақ тілін саналы және сапалы меңгертудің бір шарты - білім беру технологияларын ұтымды қолдану екені де анық. Осы тұста қазіргі білім жүйесінде кеңінен қолданылып та, айтылып та жүрген белгілі әдіскерлер Д.Б.Эльконин мен В.В.Давыдовтың дамыта оқыту жүйесі, В.К.Дьяченконың ұжымдық оқыту технологиясы, Ш.А.Амонашвилидің тұлғалық-ізгілендіру технологиясы және т.б. білім беру технологияларының басым бағыттарын еске алуға болады. Қазіргі білім беру үдерісінде ең жиі қолданыста жүрген технология Ф.Ш.Оразбаеваның қатысымдық тұрғыдан оқыту технологиясы. Әдіскер-ғалым тілдік қатынасқа байланысты іске асатын сөйлесім әрекетінің бес түрін ғылыми айналымға енгізді. Аталған технологияның мақсаты- тіке байланыс, адамның жеке қабілетін ескеру, сөйлеуге үйретуде жүргізілетін жұмыс түрлерін айқындау, сатылап даму, динамикалық өзгеру, өзектілік ұстанымдарын басшылыққа алып, қатысымдық әдіс арқылы тілді меңгерту. Қазақ тілін қатысымдық тұрғыдан сөйлесім әрекетінің түрлері арқылы меңгерту оқушыны ойын, пікірін, көзқарасын еркін, нақты жеткізуге жетелейді. Мектепте кеңінен қолданылып жүрген Н.А.Оразақынованың сатылай кешенді талдау технологиясы - қазіргі заман дамуының заңдылықтарын ескере отырып жасалған талдау жүйесі. Сатылай кешенді талдау технологиясы тілдік бірліктерді оқушыларға ғылыми негізде сатылай, жүйелі меңгертуге негізделген. Қазақ тілін оқыту ең алдымен, оқушыға қандай тілдік категорияларды үйрету керек, қандай әдіс-тәсілдер арқылы үйретуге болады, деген мәселелерді қарастырады. Сондай-ақ, қазақ тілін оқытуда оқушыларды қатысымдық-танымдық тұрғыдан қалыптастыру - қазақ әдеби тілінің маңызын, әдіс-тәсілдерін, амалдарын, оқушыға ана 8


тілінен білім берудің, оны меңгертудің жолдарын үйрететін. Мұғалім ана тілінен теориялық білім беру арқылы оқушының өзін қоршаған ортаға көзқарасын қалыптастырады. Отанына шын берілген, нағыз патриот азамат етіп тәрбиелейді. Ондай білім мен тәрбие беру қазақ тілін дұрыс оқыту арқылы іске аспақ. Сонымен мұғалімді педагогиканың қыр-сырымен жете таныстырып қана қоймайды, қазақ тілін тиімді оқыта отырып, өзінің мамандығын құрметтеуге тәрбиелейді. Яғни, ғылыми дәлелденген, мектеп тәжірибесінен сыналған ең тиімді оқытудың әдістері мен тәсілдерін қазақ тілін оқыту барысында пайдалануға мүмкіншілік жасайды. Сайып келгенде, мұғалімнің шығармашылық тұрғыдан жұмыс істеуіне бағыт беруімен бірге, сабақ берудің тиімді әдістәсілдерін меңгеруге көмектеседі. Танымдық (когнитивтік) лингвистикаға байланыстылығы, біріншіден, ол оқылатын пәннен жеке-дара қаралмайды. Атап айтқанда, тіл білімі жөніндегі материалдың мазмұнына орай әдіс-тәсілдерді таңдау, қолдану, олардың жолдарын көрсету, жаттығу мен дидактикалық материалдарды таңдап, іріктеумен тікелей байланысты. Мысалы: фонетиканы оқытумен байланысты түрлі фонетикалық талдау жасау, әріптерді, дыбыстарды дұрыс айта білу, ал сөз таптарын оқыту барысында морфологиялық талдау, түрлі салыстырулар, жалғау мен жұрнақтың ара-жігін ажыраттыру сияқты әдіс-тәсілдер қолданылады. Тіл ғылымының үздіксіз дамуы нәтижесінде әдіс-тәсілдер жетіліп, байып отырады. Мектепте оқылатын лингвистика ғылымына жаңадан енген теориялар және тілдік фактілер арқылы дамуда. Мысалы: соңғы кездерде қазақ тілі бағдарламаларына да, соған лайық оқулықтарға да елеулі жаңалықтар енді. Атап айтқанда, синтаксис бөліміне сөз тіркесі туралы мәліметті енгізу қарастырылады. Осы тақырыптарды ғылыми тұрғыда оқушыларға түсіндірудің тиімді әдіс-тәсілдерін іздестіру қажеттілігі қойылып отыр. Мысалы: тіліміздің фонетикалық, морфологиялық негіздерін жетік білмеуден емлелік қате жіберу, пунктуациялық және стильдік қателердің кездесуі қазақ тілін оқытуда басты назар аударуды талап етеді. Сондай-ақ, мектептегі оқыту жүйесінің деңгейін мұқият бақылай, зерттей отырып, әсіресе қазіргі сабаққа қойылатын талаптардан мұғалімнің үнемі хабардар болып, өсіп отыруын негізгі мәселелердің бірі деп санау керек. Яғни, қазақ тілі мұғалімдердің жан-жақты шығармашылық ізденістерін дамыту, ой туғызу, көмектесіп, бағыт беру қазіргі мектеп реформасы талаптарына сай негізгі мәселелердің бірі болып есептеледі. Мысалы, әдіскерлердің бірі- И. Ұйықбаев кезінде диктанттың мына сияқты түрлерін ұсынған болатын: түсіндірмелі, терме, сөздік, творчестволық, еркін, сөздік және бақылау диктанттарын, ал әдіскер Е.Көшербаев творчестволык диктант, ерікті диктант, сөздік, ескерту және бақылау диктанттарын ұсынса, әдіскер К.Жолымбетов көру диктантының психологиялық жағынан тиімділігін дәлелдейді. Бірсыпыра оқулық авторлары мен лингвист ғалымдар Ә.Хасенов, А. Әбілқаев «түсіндірмелі салалас», «бұйрықты сөйлем» деген тілдік терминдерді ұсынды. Сонымен, білім беру жүйесінде технологиялардың әрқайсысы тілді меңгеруде өзіндік орын ала келіп, бір-бірімен тығыз бірлікте, тұтас қолдану арқылы тиімді рөл атқарады. Оқушыға жүйелі білім беретін материалды тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып, оның жеке қабілетіне сай дұрыс меңгерте білу оқыту технологиясын жақсарта түседі. Технологияға, өзгертуге болмайтын нәрсе деп қарамай, әрбір технология тілді меңгертудің түпкі нәтижесіне қызмет ететін, соған қолайлы жағдай туғызатын оқытудың өзара сабақтас жүйесі деп қараған жөн. Білім беру технологияларын оқушының қабілеті мен уақыт сұранысына орай қолдану оқыту үдерісінде білім сапасын арттыруға және оны өз ойын жинақтап айтуға, білімін тілдік қатынаста дұрыс қолдануға үйретеді. Жалпы, педагогика ғылымында баланы оқыту мен тәрбиелеудің мақсаты жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылғандықтан, бұл жерде де, жаңа технология бойынша, жүйенің басты компоненті оқыту мақсаты болып қалады. 9


Бірақ ол мақсат - өздігімен дамуға ұмтылатын жеке тұлғаны қалыптастыру, сондықтан оның өзіндік танымдылық іс- әрекеті белгілі бір дәрежеде белсендірілуі қажет. Жаңа мақсат оқытудың әдістемелік жүйесінің қалған бөліктерінің (мазмұн, әдіс, оқыту түрі мен құралдарының) олардың өзара байланыстағы қалыптарымен өзгерулерін талап етеді. Қазақстан Республикасы білім беру мемлекеттік стандартының тұжырымдамасында айқын көрсетілгендей, қоғамымыздың жаңа әлеуметтік тапсырыстары, өз кезегінде оқу бағдарламаларын өзгертуді, оқытудың жаңа технологияларын енгізуді көздейді . Технология идеясы жаңа ұғым емес. Оқыту процесін технологияландыру туралы пікірді Я.А.Коменский айтқан, яғни оның пікірінше оқыту “технологиялық” болуы қажет. Оның мағынасы нені үйретсе де, нені оқытса да оқу процесі табыссыз болмауы керек. Мұндай оқыту механизмін Я.А.Коменский “дидактикалық машина” деп атады. Технологияға мақсат қою, осы мақсатқа жетудің құралдарын іздестіру, бұл құралдарды қолданудың ережелерін табу маңызды болды. Соған байланысты, мақсат - құрал оның қолдану ережелері нәтиже модулі шықты. Бұның өзі білім берудегі кез - келген технологияның өзегі. Оқыту технологиясы оқыту мазмұнын жүзеге асыру жолындағы алға қойған мақсатқа жетудің тиімділігін қамтамасыз ететін оқытудың әдіс, құрал және түрлерінің жүйесі болып табылады. Оқыту технологиясында мазмұн, әдіс және құралдардың өзара байланысы мен себептілігі жатыр, соған байланысты қажетті мазмұнды, тиімді әдістер мен құралдарды бағдарлама мен қойылған педагогикалық міндетке сәйкес іріктей білу мұғалімнің педагогикалық шеберлігіне байланысты. Берілген анықтамалардан “технология” technе өнер, шеберлік және logos - ғылым, заң, яғни технология дегеніміз шеберлік (өнер) туралы ғылым екенін білуге болады. Қазіргі заманғы оқыту технологиялары педагогикалық және психологиялық ілімдер негізінде құрылған дамытушы, тұлғалық бағдарлы, мақсаты технология болып табылады. Академик В.Л.Беспальконың анықтамасы бойынша педагогикалық технология тәжірибеде жүзеге асырылатын белгілі бір педагогикалық жүйенің жобасы. Ал педагогикалық жүйе дегеніміз- формалар мен құралдардың дидактикалық үдерістер жиынтығы. Педагогикалық жүйе педагогикалық технологияны жасаудың негізі болып табылады. Педагогикалық технологияның ерекшелігі- оқушының оқу танымдық қызметінің құрылымы мен мазмұнын анықтайды. Технологияны пайдалану оқушылардың барлығының табысқа жетуіне әкеледі. Педагогикалық технология- оқушылардың жеке басын дамыту мен білім беру мақсатына жету жолындағы педагогикалық қызметтің, іс - әрекеттің жүйелі дамып отыратын жобасы. Педагогикалық технология- педагогика ғылымының оқытудың мақсатын, мазмұнын және әдістерін зерттеп, айқындаушы және педагогикалық үдерісті жобалаушы бір бөлшегі. Олбілім стандартында көзделген оқыту нәтижелерін қол жеткізу жолындағы мақсат, мазмұн, әдістер мен құралдардың біртұтас қызметін бейнелейтін үдеріс. Қазіргі заманғы педагогикалық технология төмендегідей негізгі талаптарға сай болуы тиіс: 1. Технологиялық сызба (карта) технологиялық үдерістің оны жеке функционалды бөліктерге бөлу және олардың арасындағы логикалық байланыстарды белгілеу арқылы көрсететін шартты бейнесі болуы қажет. 2. Әр педагогикалық технология тәжірибеде игерудің белгілі бір ғылыми тұжырымдамасына негізделуі тиіс: білім беру мақсаттарына жету үдерісінің ғылыми негіздемесі болу керек. 3. Педагогикалық технологияның барлық жүйелік сипаттары: үдерістің логикасы, барлық бөлшектерінің өзара байланысы, тұтастығы болуы қажет. Қазақстан Республикасы жалпы білім беру ұйымдарының мемлекеттік стандартының тұжырымдамасында айқын көрсетілгендей, бүгінгі күн талабы мен қоғамымыздың жаңа әлеуметтік тапсырыстары, өз кезегінде оқу бағдарламаларын өзгертуді, оқытудың жаңа технологияларын енгізуді көздейді.

10


1.2 Қазақ тілін оқытудағы тілдік қатынас пен танымдық (когнитивтік) лингвистиканың арақатынасы Танымдық (когнитивтік) лингвистика адам санасында сақталған білімнің коммуникацияда тілдік таңбалар арқылы бейнеленуін қарастыратынын білеміз. Адамзат үшін ақиқат дүние біреу болғанымен, оны түсіну, тану, дүниенің біртұтас бейнесін санада қалыптастыру мәселесі әр адамда, әр ұлтта бір деңгейде емес, ол сан алуан интерпретацияда беріледі. Сол себепті тіл иесінің ой-өрісіне, дүниені тұтас таныған жан әлеміне байланысты дүниенің танымдық бөлшектері тілде өзінше көрініс табады . Оқушы санасында, ойында сақталған ақпаратты танып қана қоймайды, оны тілдік қатынаста қолданады. Тілдік қатынас екі түрлі қызмет атқарады. Біріншіден, ол қабылдаушы мен баяншы арасындағы қарымқатынасты жүзеге асырады. Бұл оның қатысымдық қызметін танытады. Екіншіден, ғаламның тілдік бейнесін таныту үшін өмірмен адамның байланысын білдіруге бағытталады. Тіл қатысымда тек белгілі бір ойды, пікірді, хабарды жеткізудің құралы ғана емес, ол адам санасында қалыптасқан, жинақталған, бейнеленген ұғымдар мен түсініктерді жеткізеді. Ол адамның жылдар бойы жинаған білімін сақтаушы, жеткізушінің қызметін атқарады. Бұл оның танымдық қызметі. Когнитивтік лингвистика тіл мен сол тілдің иесі адам санасын тұтастықта қарастырып, тілдік білімді адам миының жемісі, күрделі ассоциативті-вербальды құрылым, болмысты рух пен ой бірлестігінде танытушы жүйе ретінде кешенді сипаттауға негізделеді. Когнитивтік үрдістің негізгі айырым белгісі тілді жаңаша зерттеуде жаңа тәсілдер енгізуде ғана емес, таза танымдық бағдарының жаңалығында, тілді танымдық тұрғыдан қарауында болып табылады. Когнитивтік лингвистиканың негізгі мәселелерінің бірі – когнитивтік мағына. Тілдік бірліктердің мағынасы адамның ойлау жүйесімен қатар қарастырылады. Бұл бағыттың басты назар аударатын негізгі ұғымдары: «әлем бейнесі», «әлемнің тілдік бейнесі», «әлем моделі» немесе «когнитивтік модель». Когнитивтік мағына тіл арқылы құрылып берілетін танымдық ақпарат ретінде қарастырылады. Когнитивтік семантика – сол тіл арқылы құрылып берілетін адам санасындағы концептуалды білімді таным моделі арқылы зерттейтін ғылым. [9.32] Тіл білімінің қазіргі даму кезеңі құрылымы әртүрлі тілдерді салыстыра-жалғастыра зерттеуге деген қызығушылықтың артуымен сипатталады және функционалды, прагматикалық, когнитивтік, антропоцентристік, лингвомәдениеттану және басқа да парадигмалардың қатар өмір сүруімен ерекшеленеді. Осы парадигмалардың ортасында жеке тұлға мен адам қызметінің әлеуметтік жағына деген қызығушылықты арттыратын антропоцентрлік әдістеме тұр. Аталған бағыттардың зерттеу нысаны – тіл мен мәдениет. Мұны белгілі ғалым В.А.Маслова: «всю познавательную деятельность человека (когницию) можно рассматривать как развивающую умение ориентироваться в мире, а эта деятельность сопряжена с необходимостью отождествлять и различать объекты: концепты возникают для обеспечение операций этого рода» деп тұжырымдайды . Демек, тіл адамның дүниетанымын танытатын ақпараттық-танымдық күрделі құрылым болып табылады, ол оқушының ойлауы, санасы, пайымдауымен тығыз байланысты. Ақпарат, алдымен, оқушының миында сақталады, жинақталады, өңделеді. Санада бейнелеген ақпарат оқушы жадында сақталады да, оны ол қажет кезінде алып қолданады. Сөйтіп, адамзат санасының қызметі қоршаған әлемнің жалпы заңдылықтары, өзара байланыстары туралы мәліметтерді, білім негіздерін жүйелеуге мүмкіндік беретіндіктен, кез келген адам оның көмегімен алдына мақсат қоя білуге, жоспарлы әрекет етуге, табиғи және әлеуметтік орталарда өзін-өзі ұстауға дағдыланады. Осы арқылы оқушы қатысымға түскен кезде ақпаратты өз қалауынша пайдалана алады. Психологтер сөйлесім барысында баяншының (сөйлеуші) тілді қабылдаушының (тыңдаушының) әр түрлі ерекшеліктерін ескере отырып қолданатынын айтады. Оқушының тілдік жағдаятта қолданатын ақпараттары санасында сызба, модель, яғни фрейм түрінде сақталады. 11


Мысалы, сөз таптары термині арқылы оқушы санасында сөз таптарына байланысты зат есім, сан есім, дара сөз, күрделі сөз, түбір т.б. фреймдар пайда болады. Сондықтан қазір оқытуды фреймдік тұрғыдан ұйымдастыру керек деген пікірлер кездеседі. Фреймдік тұрғыдан оқыту оқушы санасында алынған ақпаратты терең сақтауға ықпал етеді. Мысалы, қазақ тіліндегі сөз тіркесі бойынша оның фреймдерін құру кезінде сөз тіркесінің ережесін білмейтін оқушылар оның қатарына күрделі сөзді, атаулық тіркесті, шектеулі тіркесті т.б. жатқызуы мүмкін. Демек оқушы өзі таныған, білген, меңгерген дүниесін ғана қолданады, пайдаланады. Бұл оқушының ойында көп уақытқа дейін тілдік кодтар-сөз, сөйлеу немесе әр түрлі концептілер түрінде сақталады. Баяндаушы, белгілі бір қатысымдық міндеттерді шешуде немесе өзіне қажет кезінде ойда сақталған тілдік кодтарды таным елегінен өткізіп тілдік қатынасқа түседі. Оқушының «миында қандай ой пайда болмасын, ол тілдік материалдың негізінде ғана туындап, іске асады». Бұл білім беру саласында қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту тұжырымдамасын негіздеуге жетелейді. Ұлттың болашағы білім беру жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуына және пәнді меңгертудің ұтымды жолдарын қолдануға байланысты. Қазіргі таңда жан-жақты дамыған, шығармашылық қабілеті жоғары мұғалімдерге сұраныс күшейді. Қазақ тілін оқытуда оқушыларды қатысымдық-танымдық тұрғыдан қалыптастыру мақсатында жұмыс екі бағыты көздей отырып жүйеленді: 1) қатысымдық тұрғыдан оқыту синтаксисті басқа ғылым салаларымен байланыста меңгертуді, қатысымдық бірліктердің мәнін айқындауды, оның синтаксисті оқытуда алатын орнын зерделеуді, оны сөйлесім әрекеті арқылы іске асыруды көздейді, 2) танымдық тұрғыдан оқыту синтаксисті танымдық әрекет пен танымдық іскерлік арқылы меңгертуді мақсат етеді. Бұл мәселе зерттеуші - әдіскерлер еңбектерінде көтеріліп те жүргені белгілі . Жоғары динамикалы, жаһандану дәуірінде өмір сүру үрдісін, ойлау мен қарымқатынасты түбегейлі өзгертетін байланыс құралының қарқынды дамуы, сондай-ақ адамның интеллектісіне, әл - ауқаттылығына, оның икемділігіне, жасампаздық іс-әрекетіне қол жеткізетін тәсілдер қоғамның негізгі капиталы бола бастады. Қазақстан қоғамындағы мұндай жағдайда өзекті мәселелердің бірі - өзгермелі әлеуметтік және экономикалық жағдайда өмір сүруге дайын ғана емес, айналасындағы шынайы өмірге белсенді қатынасын байқатып, оны жақсартуға ықпал ете алатын, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Осыған байланысты жеке тұлғаға қойылатын мынадай талаптар алдыңғы орынға шығады: креативтілік, белсенділік, әлеуметтілік жауапкершілік, ой-өрісінің кендігі, жоғары кәсіби деңгейлі сауаттылық, танымдық әрекетке қызығушылығының басымдығы. Бұған мына төменде жасалатын қысқаша шолу дәлел болады. Э.Оразалиеваның еңбегінде, танымдық әрекет қабылдау, ойлау, пайымдау, түсіну, зейін қою, есте сақтау, сөйлеу т.б. тәрізді құрамды бөліктерге жіктелген. Ғалымның өз пайымдауы бойынша, танымдық әрекетті - «функционалды-прагматикалық, аккумулятивті және қатысымдық қызметтері ерекше, адамзат тіршілігіне аса қажет фактор» деп тұжырымдайды . Педагогика ғылымында танымдық іскерлік оқушының танымдық белсенділігімен сабақтастықта қарастырылады. Оқушының метатанымдық іскерлігі алға қойған мақсатын анықтауы, іс-әрекетін жүйелі түрде жоспарлауы, нәтижені бағалай білуінен т.б. байқалады, ақпараттық іскерлігі қажетті ақпаратты табуы, оны талдап, сұрыптап ала білуі, ақпаратпен жұмыс істеуді дұрыс ұйымдастыруынан танылады. Әлеуметтік-аффективтік іскерлігі ұжыммен жұмыс істей алу қабілеті, ұжымдық, топтық, жұптық тапсырмаларды орындай білуі мен проблемалық жағдаяттарды шеше алуы арқылы көрінеді. Осы екі мақсаттың бірлігі арқылы қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың білім мазмұнын анықтап, жүйелеуге болады. Білім мазмұнын меңгерту ұстанымдар мен әдістер және оқыту формалары арқылы іске асырылады. Түпкі мақсат оқушының құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталады. 12


Ақпараттардың алмасуы, яғни ойды жеткізу барысында қатысымдық мағынаны түйсіну, екінші адамды түсінуге тырысу үшін тілдік қатынасқа әсер ететін факторларды ескеру қажет. Мұндай факторлар негізінде сөйлеу коммуникациясының түрлі формалары мен типтері анықталады. Сөйлесім әрекетінің түрлері белгілі бір ережеге сүйеніп жүзеге асырылады. Оқушы өзі айтып тұрған ой, пікірдің мағынасын, танымдық мәнін түсініп, әлеуметтіктілдік, лингвомәдени, танымдық қабілетін жетілдіруге мүмкіндік алады. Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан меңгерту оқушының сөйлеу қабілеті мен дағдысын қалыптастыруда әрбір тілдік құбылыстың формасын, тілдік бірліктердің мағынасы мен айырмашылығын терең қарастыруға, сөйлесім әрекетіне әсер ететін тілдік құралдардың қызметін анықтауға, тілдік бірліктердің қолданылу дәрежесін айқындауға, оның тілдік қарым-қатынаста атқаратын рөлін дәйектеуге мүмкіндік береді. Оқушының синтаксистік категорияларды түсініп, оны дұрыс қолдануы қатысымдық, танымдық, лингвомәдени және әлеуметтік-тұлғалық және т.б. құзыреттіліктерін қалыптастыруға көмектеседі. Сонымен қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың жүйесі бойынша орта мектепте оқушыларға тілді оқытудың басты мақсаты мен міндеттері; ұстанымдары мен әдістері; білім беру технологиялары мен кешенді жұмыстар жүйесі білім мазмұнын қатысымдық және танымдық мақсатта игертуге, білім сапасын арттыруға, оқушының құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталады. Енді қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан меңгертуде жүзеге асырылатын құзыреттіліктер мәселесіне тоқталып көрейік. Қазіргі нарық заманы оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыруды, олардың дара тұлғалық сапасын дамытуды талап етіп отыр. Құзырет оқушының білуі қажет нәрсе болса, құзыреттілік осы нәрсені жақсы істеуі, өзінөзі танытуы, білімі, білігі, өзін-өзі бағалауы т.б. мәселелерді қамтиды. Қазіргі мектепте оқушының білімі мен білігін өз қажетіне қарай ұштастыруға, сөйлеу қабілетін жетілдіруге, танымдық көзқарасын қалыптастыруға, оқушының шығармашылық қабілетін дамытуға т.б. көмектесетін төмендегідей құзыреттіліктердің рөлі айқындалды. Білім берудің күтілетін нәтижелері белгіленген мақсатқа сәйкес мектеп оқушысының негізгі құзырлылығы төмендегіше анықталады: 1. Құндылықты-бағдарлы құзыреттілік-оқушының қоршаған ортаны бірдей қабылдайтын қабілеті, жоғары әдептілік, кұндылықтар негізіңде жасампаз қоғам өмірінде өзінің рөлін таба білу біліктілігі, азаматтылығы мен елжандылығы. Бұл құзыреттілік өмірдегі түрлі жағдайларда шешім қабылдай білу білігін қамтамасыз етеді. Ең бастысы, өзінің Отаны Қазақстан патриоты болу, азаматтык, белсенділігін көрсету, саяси жүйені түсіну, болып жатқан әлеуметтік жағдайларға баға бере білу. 2. Мәдениеттанымдық құзыреттілік- жалпы адамзаттық мәдениет жетістіктері негізіндегі іс-әрекет тәжірибесін және қоғамдағы дәстүрлер мен жеке, отбасылық және әлеуметтік өмірдік мәдениет негіздерін, этномәдениеттік құбылыстарды игеруге мүмкіндік беретін ұлттық ерекшеліктерін тани білу. Адам мен қоғамның дамуындағы ғылымның рөлін түсіну. Өзі халқының мәдениеті мен әлемнің мәдени көптүрлілігін түсінуге және бағалауға мүмкіндік беретін мәдени-демалыс кызметін тиімді ұйымдастыру тәсілдерін игеру; рухани келісім мен толеранттылық идеяларына бейім болу. 3. Оқу-танымдык құзыреттілік -оқушының зерттеу әрекеті мен езіндік оқутанымдық үдерісін қамтамасыз ететін кешенді құзырлылық. Бұл құзырет өзінің білімділік қызметін ұйымдастыра білуді, тиімді жоспарлай білуді, сәйкес функционалдық сауаттылық талаптары негізіндегі білімді игеруде әлемнің ғылыми бағытын түсінуге ізденушілік зерттеушілік әрекет дағдыларын игеруге мүмкіндік беретін өзінің әрекетіне талдау және қорытынды жасау тәсілдерін қарастырады. 4. Коммуникативті құзыреттілік-адамдармен өзара әрекет пен қарым-қатынас тәсілдерін білуді, түрлі әлеуметтік топтарда жұмыс істеу дағдыларын, қоғамдағы түрлі әлеуметтік рөлдерді орындауды, өмірдегі нақты жағдайларда шешім қабылдау үшін

13


байланыстың түрлі объектілерін қолдана алу білімділігін, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуын қарастырады. 5. Ақпараттық-технологиялық құзыреттілік- бағдарлай білу, өз бетінше іздей білу, талдай, тандай білу, өзгерте білу, сақтай білу, білім мен акпаратты акпараттық технологиялар мен техникалық объектілердің көмегімен жеткізуді жүзеге асыра білу және интерпретациялау білігі. 6. Әлеуметтік-еңбек құзыреттілік- отбасылық, еңбек, экономикалық, саяси, қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді азаматтық-қоғамдық тәжірибе мен білімге ие болуды білдіреді. Бұл құзырет әлеуметтік қоғамдық жағдайларға нақты талдау жасай білуді, шешім қабылдай білуді, түрлі өмірлік жағдайларда жеке басына және қоғам мүддесіне сәйкес ықпал ете білуді қарастырады. 7. Тұлғалық өзін-өзі дамыту құзыреттілік. Бұл құзырет отбасылық, еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді азаматтық-қоғамдық қызмет білімі мен тәжірибесінің болуын білдіреді. Құзырет нақты әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға талдау жасай білуді, түрлі өмірлік жағдайларда (өзінің мүмкіндігін нақты перспективалық жоспарлаумен салыстыра білу және қызметін өзіндік қадір-қасиет сезімімен ұйымдастыра білу, өзінің өмірі мен ісіне жауапты қарау) жеке және қоғам пайдасына сәйкес шешім қабылдауды және ықпал етуді қарастырады. «Қазақстан Республикасындағы жалпы орта білім беру тұжырымдамасында» жалпы білім берудің мақсаты мен күтілетін нәтижелері туралы анық жазылған болатын. Білім берудің басты мақсаты: Өзінің және қоғамның мүддесінде өзін-өзі белсенді етуге дайын, өзгермелі даму үстіндегі ортада өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті және құзыретті, шығармашыл, білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Қазақстандық жалпы орта білім мазмұны оқушының өмірдегі құзыреттілігі үшін жеткіліксіз болып отырған әрбір оқу пәні бойынша білімі, білігі және дағдысын алу тәртібімен ғана сипатталады. Білім мазмұнының артық ақпараттылығы оқушының оқуға ынтасының төмендеуіне және денсаулығының нашарлауына себепші болады.Мектеп бітірушінің әлеуметтік және қоғамдық өмірдегі тұрақты өзгерістерді ескере отырып, қоғам өміріне еркін енуіне дайындығын қамтамасыз ететін жалпы орта білімді дамытудың карқынын арттыру қажеттілігін әлемдік тәжірибе де көрсетіп отыр. Оқушыны тұлғалық дамыту міндеттерін іске асырудағы, оның психикалық және физиологиялық денсаулығын сақтаудағы, әлеуметтендірудегі мектеп білімінің рөлін күшейтудің маңызы зор. Педагогикалық технологияның басты принципі мұғалімнің шығармашыл жұмыс істеуі, білім алушының оқу- танымдық іс - әрекетінің психологиялық - физиологиялық нормаларға сай орындалуы және мазмұн, үрдіс, мотивация бірлігінің принциптері болып табылады. Мұғалімнің оқыту үрдісіне педагогикалық технологияны пайдалану іс-әрекеті сызбакестелер құру және оны жүзеге асыру кезеңдерінен тұрады. Оқытудың басты мақсаты өздігінен білім алып дами алатын жеке тұлға қалыптастыру болғандықтан, теориялық материалдардың мазмұны сызба- кестелерде беріліп, білім алушының өздігінен жаңа тақырыпты меңгеруіне қолайлы және нақты кестеленуі керек. Мұндай талаптарды орындау үшін түрлі тапсырмалар, жетекші сұрақтар беріледі, осы арқылы оқушының өздігінен танымдық іс-әрекетін дамытуға бағытталады. Бұл тапсырмалар негізінен жаңа тақырып бойынша ережелерді өздігінен шығаруға және анықтамаларды өздігінен құрастыруға жетелейді. Жаңа меңгерген тақырыптарды бекіту үшін, қарапайым мысалдар келтірсе жеткілікті. Сөйтіп, сызба- кестелер осылай білім алу құралына айналады. Технологияландыру процесі іс жүзінде модульдеп оқыту арқылы жүзеге асырылып келеді. Модульдеп, соңында бақылау жұмысын жүргізіп отыратын әр тараудың материалын айтамыз. Олардың айырмашылығы мынада: Біз бақылау жұмысын алмас бұрын, оған дайындық жұмыстың екі түрін өткізгенді жөн көреміз. Біріншісі тарау бойынша қорытынды деңгейлік өздік жұмыс (әр баланың осы тараудағы білімінің ақауын анықтау). 14


Екіншісі ол бойынша қатемен жұмыс (сол ақауды жою). Бұл жұмыстарға екі сабақ, немесе 20-25 минуттан бір сабақ арнауға болады. Осыдан кейінгі алынатын міндетті бақылау жұмысының соңында жүргізіліп отыратын қатемен жұмыс әр ұстазды құқылы, әдеттегідей 510 минуттық қатемен жұмыс жүргізу. Жобалау бүкіл оқу жылына шағын(микро) мақсаттар жүйесін жобалаудан, әрбір модульді жобалау оқушының өз бетімен дамуын қамтамасыз ететін тапсырмаларды құрастырудан тұрады.Өз бетімен жұмыс оқыту және оқушының дамуында табысқа қол жеткізетін оқу үдерісінің басты өлшемдерін көрсетеді. Бұлар: мақсат қоя білу, өз бетімен жұмыс, үй тапсырмаларын мөлшерлеу,оқу үдерісінің логикалық құрылымы, түзету. Педагогикалық технологияны құруға қажетті тұжырымдама, С.Л.Рубинштейннің еңбектерінде айтылған, "ойлау барысында ойлау объектісін жаңа байланыстарға қосуға педагогикалық, психологиялық берік негіз бар" - деген ойынан алынған. Ол бойынша өнертапқыштық пен жаңалықтар ашуға жетелейтін баланың жаңа қасиеттерін ашуға болады екен. Технологиямыздың тағы бір психологиялық негізі болып табылатын теорияЛ.С.Выготскийдің „оқыту процесінде оқушының ақыл-ойының дамуы актуальды даму аймағынан жақын арадағы даму аймағына ауысуы” туралы теориясы. Бұл ауысу тапсырмаларды қайталап орындауға ғана арналған 1-ші деңгейден өнімді іс-әрекетті қажет ететін жоғарғы деңгейлерге ауысу негізіндегі іс-әрекет арқылы жүзеге асады. Осындай іс-әрекет деңгейлері арқылы оқушылар оқу материалдарын әр түрлі деңгейде қабылдайды. В.П.Беспалько бұл деңгейлерді төртке бөледі бірінші деңгей- ”міндетті, оқушылық“, екінші-алгоритмдік, үшінші-эвристикалық және төртінші-шығармашылық деңгейлердегі қабылдау. Сондықтан да, оқушылардың білім, білік, дағдыларын жетілдіру үшін, оқытудың жаңа технологиясы бойынша, дифференциалды және дербес деңгейлік принциптерінің талаптарына сәйкес өткізілетін әртүрлі сабақ түрлеріне арналған жаңа оқулықтар мен оқу құралдары қажет. Бұлар: әңгімелесуші - оқулықтар және оларға қосымша төрт деңгейдегі тапсырмалар берілген жұмыс дәптерлері. Әңгімелесуші - оқулық бойынша оқушылар жаңа тақырыпты өз бетімен меңгеріп, анықтама, ережелерін өзі шығарады. Қарапайым жаттығу-мысалдармен оларды бекіткеннен кейін, жұмыс дәптерлеріндегі деңгейлік тапсырмаларды орындауға көшеді. Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан игерту - оқушының танымдық білімі мен қатысымдық құзыреттілігін өзара бірлікте қалыптастырудың алғышарты. Мұғалімдер қатысымдық-танымдық тұрғыдан тіл білімі салаларымен тоғыстыра оқытудың негізінде ұйымдастырылатын білім беру технологиясы оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған біртұтас жүйе түрінде жүзеге асырылуы тиіс. ІІ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДА ОҚУШЫЛАРДЫ ҚАТЫСЫМДЫҚ-ТАНЫМДЫҚ ТҰРҒЫДАН ҚАЛЫПТАСТЫРУ Білім беру ұйымдарында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытудың сапасын көтеру жолдары күн тәртібіне қойылып отыр. Ең бастысы-педагогикалық кадрлардың қызметіндегі ортақ қиыншылықтарды анықтау. Сондықтан жұмысымыздың басты мақсатықазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі деген кәсіби шеберлікті қалыптастыру жолдарын зерделеу. Қазір мектеп мұғалімдері - білім беруші ғана емес, ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастырушы, сонымен бірге, өзі де ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысушы болып табылады. Мұғалімдерге осы салаға қатысты жан- жақты әдістемелік көмек беріледі. Себебі ол үшін мектеп мұғалімдері оқыту үдерісі мен ғылыми-зерттеу жұмысын нәтижелі 15


ұйымдастырудың әдіс-тәсілдерін жақсы меңгеруі керек. Мұның негізі мұғалімде педагогикалық тәжірибе кезінде қалыптасады. Педагогикалық тәжірибе - оқушылардың алған теориялық білімдерін кешенді қолдануға мүмкіндік беретін оқу үдерісін ұйымдастырудың жалғыз ғана жинақтаушы формасы. Педагогикалық тәжірибе барысында барлық теориялық білімдер тереңдетіледі, мұғалімдерде кәсіби-педагогикалық іскерліктер мен дағдылар қалыптасады (ұйымдастырушылық, коммуникативті, аналитикалық, конструктивті, танымдық). Педагогикалық тәжірибе оқушылардың кәсіби және өзіндік қалыптасу үдерісін жандандыруға мүмкіндік жасайды. Тәжірибе – жүргізілу барысында педагогикалық құбылыстар танылатын, түрленетін және құрылатын, болашақ мамандарды даярлаудың нысанасы да, сонымен бірге педагогикалық үдерістің құралы да болып табылады. Педагогикалық тәжірибенің басты мақсаты – оқушыларда педагогикалық ойлауды қалыптастыру, оларды педагогикалық құбылыстарды, оқиғаларды, деректерді талдауға үйрету, олардың арасындағы себеп –салдарлы байланыстар мен тәуелділіктерді орнату, мұғалімдерді шығармашылыққа, саналы педагогикалық қызметке даярлау. Аталған мақсатқа сәйкес педагогикалық тәжірибенің негізгі міндеттері мыналар болып табылады: - оқушылар өз бетінше жоспарлауға және оқу-ғылыми-тәрбие жұмыстарын өткізуге, тұтас педагогикалық үдерістің негізгі міндеттерін шешудің тиімді жолдарын табуға оқыту; - педагогикалық жетекшілікті оқушылардың өз бетінше жұмыс атқара алуымен, белсенділігімен және талапкерлігімен үйлестіру іскерлігіне оқыту; - психологиялық-педагогикалық ғылымдар саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарына, озат педагогикалық тәжірибелерді жалпылауға және талдауға қызығушылықтарын дамыту; - мамандық бойынша сыныптан тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру және өткізу дағдыларын меңгеру, көпшіліктілік, үйірмелік және жеке-дара. Педагогикалық тәжірибенің бағдарламасы оқушылардың оқу мекемесінің ғылымизерттеу және әдістемелік жұмыстарына қатысуын, талдау жасауын есепке алуға тиісті. 2.1 Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ғылымиметодологиялық негіздері Методология (грек. metodos – таным жолы, logos – ілім) : белгілі бір ғылымда қолданылатын танымдық әдіс-тәсілдердің жиынтығы; танымның принципін, формасы мен әдіс-тәсілін құру жөніндегі ілім. Методология адамның теориялық және тәжірибелік қызметін ұйымдастыру мен түзудің түпкілікті принциптері мен тәсілдерін жүйелі түрде сұрыптап, жан-жақты талдап, олардың қолдану аясын, мүмкіндіктерін, өзара байланысын, шындықтың өз қасиеттері мен заңдылықтарына сәйкестігін анықтап, философиялық-логикалық, танымдық-теориялық тұрғыдан негіздеп, таным мен қоғамдық тәжірибенің әрі қарай дамуына жол ашады. Философия тарихында методологиялық мәселелер мәдениет дамуының деңгейіне сай шешіліп отырды. Ертедегі философиялық жүйелерде методологияның негізі салынды. Аристотель ашқан ойлаудың формалары мен заңдылықтары барлық ғылыми зерттеулер мен ғылыми жүйенің құрылысы үшін аса маңызды болды. Р.Декарттың “Әдіс туралы ойлауында” Бэконның эмпиризміне қарсы қойған рационалистік әдісі де белгілі бір филосфиялық принциптердің салдары болды. XX ғасырда ғылым мен техниканың зор жетістіктері, қоғам өміріндегі күрделі өзгерістер, жаһандық мәселелердің туындауы методологияның ілгері дамуына, білімнің ерекше саласы ретінде бөлініп шығуына әкелді. Методологияның 3 деңгейі бар: философилық, жалпығылыми және жеке-ғылыми милософиялық методология – жалпы әмбебап әдіс туралы ілім, таным мен тәжірибенің жалпылама принциптері мен әдіс-тәсілдерінің жүйесі. Жалпы16


ғылыми методология ғылыми танымға ортақ жүйелілік, модельдеу, құрылымдықфункционалдық талдау, ықтималдылық секілді әдістерді зерттейді. Жекеғылыми методология жекелеген ғылымдар саласында қолданылатын әдістерді, принциптерді ғыл. танымның деңгейлеріне қатынасында қарастырады. Методологияның деңгейлері бірбірімен тығыз байланысып, философиялық-методологиялық принциптер мен тұжырымдарды нақтылайды, сондай-ақ терең негізделіп, сұрыпталып, өзінің қолдану аясын, мүмкіндіктерін анықтайды. Мысалы: -педагогикалық қабілеттерді (аналитикалық, диагностикалық,ұйымдастырушылық, коммуникативтік, т.б.) қалыптастыру және дамыту; -кәсіптік-педагогикалық іскерлікті (сабақтың, пән бойынша сыныптан тыс сабақтың білім беру, дамыту, тәрбиелік мақсаттарын белгілеу және шешу, оқыту әдістерінің инновациялық және дәстүрлі технологияларды біріктіріп қолдану) меңгеру; -педагогикалық қызметке шығармашылық- ізденушілік қатынасты қалыптастыру. Осыны ескере отырып, қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың білім мазмұнын қазақ тілінің құрылымдық сипаты және қазақ тілінің функционалдық ерекшеліктері деп жүйелеуге болады. Жалпы, педагогика ғылымында баланы оқыту мен тәрбиелеудің мақсаты жан жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылғандықтан, бұл жерде де, жаңа технология бойынша оқыту мақсаты болып қалады. Бірақ ол мақсат - өздігімен дамуға ұмтылатын жеке тұлғаны қалыптастыру, сондықтан оның өзіндік танымдылық іс- әрекеті белгілі бір дәрежеде белсендірілуі қажет. Жаңа мақсат оқытудың жүйесінің қалған бөліктерінің (мазмұн, әдіс, оқыту түрі мен құралдарының) олардың өзара байланыстағы қалыптарымен өзгерулерін талап етеді. Жаңа технологияның жаңа мақсаты бойынша „оқытуды ізгілендіру” қажет деп отырмыз ғой. Ол оқыту құралдарына деген көзқарасты да өзгертуді талап етеді. Бұл өзгерістер бойынша оқу құралдары оқушылардың өздігімен танымдық іс-әрекетін жүргізе алатындай құралдар болуы керек. Бұрынғы дәстүрлі оқулықтар мұндай талапты қанағаттандыра алмайды, сондықтан оқушылардың өз бетімен білім алуына аса бейімделген жаңа типтегі оқулықтар қажет. Ол оқулықтардың қандай болу керек екендігі төменде айтылады. Осы жерде компьютерлік техниканың да функционалдық мүмкіндіктерінің мол екендігін ескере кету қажет, себебі компьютерлік техника оқушыға, ол ізденіс және зерттеу жұмыстарын жүргізе алатындай, оқытушы орта құруына мүмкіндік береді. Оқытудың басты мақсаты өздігімен білім алып дами алатын жеке тұлға қалыптастыру болғандықтан, теориялық материалдардың мазмұны әңгімелесуші оқулықтарда беріліп, оқушының өздігімен жаңа тақырыпты меңгеруіне қолайлы және қызықты мазмұндалуы керек. Мұндай талаптарды қанағаттандыру үшін оқулықта келтірілетін тапсырмалар сұрақжауап диалогы түрінде беріледі, оқушылардың өздігімен танымдық іс-әрекетін дамытуға бағытталады. Бұл тапсырмалар, негізінен, жаңа тақырып бойынша заңдар мен ережелерді өздігімен шығаруға және анықтамаларды өздігімен құрастыруға жетелейді. Жаңа меңгерген тақырыптарды бекіту үшін, қарапайым мысалдар келтірсе жеткілікті. Осындай әңгімелесуші оқулықтардың мазмұны, бұл жағдайда, білім алу құралына айналады. [10.27] Оқыту технологиясы, яғни кеңірек айтқанда педагогикалық технология ақпаратты өңдеу, сақтау, беру әдістері мен құралдарының табыстарына байланысты дамудың барлық мүмкіндіктеріне ие бола алатын әлеуметтік технологияның маңызды компоненті болып табылады. Педагогикалық технология ұғымының қалыптасуы мен дамуының барысында педагогикалық технология ұғымының мәні түрліше қарастырылады. Педагогикалық технология мәселесіне арналған П.Я.Гальперин, В.В.Давыдов, В.М.Кларин, Ж.А.Қараев, Т.Т.Галиев т.б. ғалымдардың еңбектерінде оқыту технологиясын техникалық құралдардың көмегімен оқыту деген ұғынудан бастап педагогикалық технологияны ғылыми тұрғыдан ұғынуға дейін түрліше пікірлер айтылған.

17


Оқыту технологиясы оқыту мазмұнын жүзеге асыру жолындағы алға қойған мақсатқа жетудің тиімділігін қамтамасыз ететін оқытудың әдіс, құрал және түрлерінің жүйесі болып табылады. Оқыту технологиясында мазмұн, әдіс және құралдардың өзара байланысы мен себептілігі жатыр, соған байланысты қажетті мазмұнды, тиімді әдістер мен құралдарды бағдарлама мен қойылған педагогикалық міндетке сәйкес іріктей білу мұғалімнің педагогикалық шеберлігіне байланысты. Алдыңғы тарауда атап көрсеткеніміздей берілген анықтамалардан “технология” technе - өнер, шеберлік және logos - ғылым, заң, яғни технология дегеніміз шеберлік (өнер) туралы ғылым екені еріксіз мойындатады. Қазіргі заманғы оқыту технологиялары педагогикалық және психологиялық ілімдер негізінде құрылған дамытушы, тұлғалық бағдарлы мақсатты технология болып табылады. Оқу үдерісін технологияландыру басқа ақыл-ой талабына ғана негізделген рационалистік немесе технократтық деп аталатын дидактикалық парадигмамен әдіснамалық байланыста. Педагогтің негізгі міндеті - оқу материалын меңгерудің неғұрлым тиімді тәсілдерін іздестіру. Нақ осы модель төңірегінде оқытудың техникалық құралдарын қолданудың мүмкін жолдары пайда болып, ол кейіннен оқыту технологиясы ұстанымдарына жалғасады. Педагогикалық технологияның ерекшелігін педагогикалық жүйені жобалау тұрғысынан анықтау үшін жобалаудың білім беру аймағында оқыту жүйесі мен оның жекелеген компоненттерін жасаумен шектелмейтінін ескеру қажет. Жобалау сонымен қатар оқушының интеллектуальдық даму заңдылықтарын, оқу іс - әрекетінің қалыптасу ерекшеліктерін және педагогикалық басқарудың тәсілдерін зерттейтін құрал ретіндегі әдіснамалық қызмет те атқарады. Оқыту технологиясының әдіснамалық қызметі жалпы стратегиялық үлгі оқытуды жобалау, ұйымдастыру және жобаны жүзеге асыру арқылы анықталады. Педагогикалық технология педагогика ғылымының оқытудың мақсатын, мазмұнын және әдістерін зерттеп, айқындаушы және педагогикалық процесті жобалаушы бір бөлшегі. Ол - білім стандартында көзделген оқыту нәтижелерін қол жеткізу жолындағы мақсат, мазмұн, әдістер мен құралдардың біртұтас қызметін бейнелейтін процесс. Қазіргі заманғы педагогикалық технологияның технологиялық сызба (карта) технологиялық процестің оны жеке функционалды бөліктерге бөлу және олардың арасындағы логикалық байланыстарды белгілеу арқылы көрсететін шартты бейнесі болуын; -әр педагогикалық технология тәжірибеде игерудің белгілі бір ғылыми тұжырымдамасына негізделуін: -білім беру мақсаттарына жету процесінің ғылыми негіздемесі болу керек; -педагогикалық технологияның барлық жүйелік сипаттары: процестің логикасы, барлық бөлшектерінің өзара байланысы, тұтастығы болуын қажет ететиін негізгі әдістемелік талаптарға сай болуы керек . Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың жағдайындағы педагогикалық жүйеге негізделген және оның шағын мақсаттары мен меңгеру нәтижелері анық көрінеді. Атап айтқанда: 1. Педагогикалық технологияның дәстүрлі әдістемеден айырмашылығы - соңғы нәтижеге жетуге кепілдік беруінде және оқу үдерісін сәйкесті алгоритм негізінде жобалануында. 2. Педагогикалық технология әрбір оқу пәні, әрбір мұғалім, әрбір сынып үшін әмбебап (универсалды) 3. Педагогикалық технологияның басты принциптері: мұғалімнің шығармашыл жұмыс істеуі, баланың оқу танымдық іс - әрекетінің психологиялық - физиологиялық нормаларын орындау принципі, мазмұн, үрдіс, мотивация бірлігінің принципі. 4. Мұғалімнің оқыту үрдісіне педагогикалық технологияны пайдалану іс-әрекеті жобалау және жобаны жүзеге асыру кезеңдерінен тұрады. 5. Жобалау бүкіл оқу жылына шағын(микро) мақсаттар жүйесін жобалаудан, әрбір модульді жобалау оқушының өз бетімен дамуын қамтамасыз ететін тапсырмаларды құрастырудан тұрады. 18


6. Өз бетімен жұмыс оқыту және оқушының дамуында табысқа қол жеткізетін оқу үдерісінің басты өлшемдерін көрсетеді. Бұлар: мақсат қоя білу, өз бетімен жұмыс, үй тапсырмаларын мөлшерлеу, оқу процесінің логикалық құрылымы, түзету. 7. Мұғалім оқу үдерісі жобасының авторы болады. Бір тақырыпта шағын мақсаттар саны 2-ден 5-ке дейін болуы мүмкін, олар “Білу,” “Қолдана білу,” “Түсіну” деген тұжырымдамалар түрінде беріледі. Шағын мақсаттарды анықтауда мұғалім стандартқа сүйенеді. Шағын мақсаттар тілі оқушыға түсінікті болуы тиіс. 8. Технологияда нәтижені бағалау оқушының шағын мақсатқа жетуін немесе жетпеуін мәлімдеу деп түсіндіріледі. Бағалау жазбаша түрінде жүргізіледі де, үш деңгейден тұрады: алғашқысы стандарт деңгейі (“есептелінді” немесе ”қанағаттанарлық” деп бағаланады). Екінші деңгейі “жақсы” деңгейі, үшінші деңгей - ”өте жақсы” деңгейі. 9. Үй тапсырмаларын мөлшерлеу оқушылардың шамадан тыс жүктеме алуынан сақтайды. Оқушының сыныптан тыс іс - әрекеті деңгейлік тапсырмаларды орындау деңгейінен көрінеді. Технология - мұғалімде оқу үдерісі жөнінде жаңа үлгіде түсініктер қалыптастырады. Болашақ оқу үдерісін жобалау осы түсініктерге негізделген. Әрбір шағын мақсат бұл мақсат орындалатын және оқушының “жақын арада даму аумағы” болып табылатын сабақтардың белгілі бір тобын көздейді. Жақын арада даму аумағы термині психологтер пайдаланатын терминнен ерекшелігі бар. Ол негізінен мұғалімнің жұмысын құрылымы мен мазмұны жағынан ашып, бағыттап отырады. Даму өрісі логикалық құрылымының екінші деңгейі. Үшінші деңгей түсініктер өрісі, ол сабақтар бойынша үлестірілген тақырыптың түсініктемелік аппараты. Бағалаудан оң баға ала-алмаған оқушылар, түзетімге (коррекцияға) қатысады да, одан кейін стандарт деңгейіне шығарылады. Технологиялық жобаны нақтылау сабақтың ұйымдастырылуы арқылы жүзеге асырылады. Яғни: сабақтың міндеті, оқу танымдық іс - әрекеті құрамы, оқыту мазмұны, мұғалімнің әдістемелік құралы оқушы мен мұғалімнің өзара әрекетінің нәтижелері. Оқу үрдісін осылай технологияландыру жобалау және жүзеге асыру кезеңдерінде оқу үдерісін мақсатқа лайықты, шынайы, нақты басқаруға жаңа мүмкіндіктер береді. Басқару технологиясында басқару іс - әрекетімен қатар жаңа басқарушылық ойлауды қалыптастыру да қарастырылады. Өзіндік жұмыстар мен тақырыптық, тоқсандық бақылау жұмыстарын деңгейлік тапсырмалар түрінде жүргізу мектептердегі қазіргі кезде пайдаланып жүрген ”5” балдық бағалау жүйесін, жалпы білімді бағалаудың тұжырымдамалық көзқарасын өзгертуді талап етеді. Мысалы, оқу материалын игеру деңгейлері мониторингі әрбір шағын мақсат бойынша құрылады. Инновациялық процестерді басқару жөнінде технологияны құру проблемасы аумақты және көкейкесті.Дидактикалық шарттардың әрбір тобы зерттеу нысаны бола алады. Жұмыста проблеманы кешенді түрде қамтып, аталған шарттарды әрқайсысының мүмкіндігі мен мәнін түбегейлі зерттелмеген. Сонымен қатар педагогикалық теория мен практика үшін өзекті міндеттер мынадай: -мұғалімдерде технологиялық ойлау мен педагогикалық жобалау дағдыларын қалыптастыру; -инновациялық ұйымдастыру формаларының тиімділігін зерттеу; -оқушылар білімі сапасының шынайы мониторингі жүйесін түзу. Бұл міндеттерді орындау басқа ғылыми зерттеулердің тақырыбы болуы мүмкін. 20-50-ші жылдардағы синтаксис саласына қатысты ғылыми нәтижелердің негізі А.Байтұрсынов, Т.Шонанов, Қ.Жұбанов т.б еңбектерінен бастау алады. А.Байтұрсынов сөйлемнің өзіне тән жүйесін сөйлем ішіндегі сөздердің басын түсінікті етіп құрастырудың жолдары негізінде анықтау керектігін назарға алады. Сөйлем ішіндегі сөздер сөйлем мүшелері деп аталып, олар тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелерге жіктеледі. Тұрлаулы 19


мүшелер бас мүше және баяншы мүше деп аталып, сөйлемнің ішіндегі қазық сөз, сөйлем иесі бас мүше, оның сырын сипатын, жайын, амалын, болмысын айтып баяндайтын сөз баяншы мүше деген тұжырым жасайды. С.Аманжолов сөйлеу мен сөйлемнің арақатынасын, сөйлемдегі сөздердің логикалық байланысу жолдарын, дұрыс сөйлей, дұрыс жаза білудің шарттарын ұсынды. Сондай-ақ, сөйлемнен тыс, бірақ бірнеше сөздің тізбектеліп, бір ғана мағына білдіруін білдіретін тілдік құбылыстың өзіне тән ерекшелігін танып, оны сөз тізбегі деп атап, оларды өз ішінде екіге бөлді: лексикалық , синтаксистік тізбектер. Сонда, бүгінгі қазақ тілінің саласына қатысты берілетін білім мазмұнының І кезеңі 19201950 жылдардың үлесіне тиеді. ІІ кезең 1950-2000 жылдардағы зерттеулердің нәтижесімен өлшенеді. М.Балақаев, К.Аханов, Т.Сайрамбаев, М.Серғалиев, Ә.Аблақов, С.Исаев, Қ.Есенов т.б. тұжырымдары осы кезеңге жатады. Синтаксистің сөйлемдерді, олардың түрлерін, сөйлемдегі сөз тіркестерін, сөйлем мүшелерін адам ойын білдірудің грамматикалық бөлшектері ретінде қарастыратын ілім деп танылуы; сөйлемдердің құрылысына қарай жай, құрмалас болып үлкен екі топқа жіктелуі; жай сөйлемдердің жалаң, жайылма, жақты, жақсыз, толымды, толымсыз болып саралануы; олар жұмсалу мақсатына, айтылу сазына қарай хабарлы, сұраулы, лепті сөйлемдер түріне бөлінуі -осы кезеңнің үлесі. Сөз тіркесін сөйлем мүшелерінен бөліп, синтаксисінің жеке саласы ретінде қарастырылуы да осы кезеңге жататын ең ірі жаңалықтар қатарын құрайды. ІІІ кезеңге 2000 жылдардан бері қарайғы зерттеулер жатады. Бұл кезеңде зерттеу объектісіне айналған синтаксистік бірліктердің ашылмаған жаңа қырлары назарға ілікті. Тілдік бірліктер қатысымдық бірлік ретінде қатысымдық лингвистикамен ұштасса, сөйлеу тілінің прагматикалық негізі ретінде прагмалингвистикамен тығыз байланыста қарастырылуда. Сөз тіркесі синтаксисінің мәнін анықтайтын зерттеулер қатары семантика, сөзжасам, номинация теориясымен сабақтастықта зерттелуде. Құрылымдық синтаксисте тіл бірліктері жекелей алынып, ішкі байланысы құрылымдықмағыналық деңгейде қарастырылса, функционалды синтаксисте осы белгілердің қалыптасуы контекст, мәтін деңгейінде зерттеледі. Ал қатысымдық синтаксисте сөйлем мүшелері мен сөйлемнің актуальді мүшеленуінің арақатынасы анықталады. Енді қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың мазмұны мен құрылымын сипаттап көрейік. Оқу бағдарламалары белгілі бір пәннен берілетін нақты материалдарды қамтумен бірге, оқушының алға қойған мақсатына жетуге де көмектесетіндей болуы шарт. Бағдарлама пән бойынша белгілі бір нәтижеге жетуге, практикалық өмірде білім, білік, дағдыларын қолдана білуге жағдай туғызуға қызмет етуі тиіс. Бағдарламада қамтылатын білім мазмұны бірізділікпен, жүйелі түрде берілуі шарт . Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытуға арналған бағдарламаның жобасы типтік бағдарлама негізінде ұсынылды. Бағдарлама төмендегідей бөлімдерден тұрады: Бірінші бөлімде типтік бағдарламада бар тақырыптар қамтылды. Тіл білімі ғылымында шешімін тапқан, бірақ бағдарламаға енбеген материалдар мен қазақ тілінің тілдік қатынас және когнитивті лингвистикамен байланысын танытатын тақырыптар қосымша ретінде ұсынылады. Екінші бөлімде осы тақырыптарды меңгертудің амалдары мен тәсілдері беріледі. Үшінші бөлімде тақырып бойынша орындалатын оқушының өзіндік жұмысы, тапсырмалары қамтылады. Төртінші бөлімде тақырыпты меңгергендерін анықтау мақсатында қолданылатын бақылау тапсырмалары беріледі. Бесінші бөлімде оқушының тақырыпты игеруде қол жеткізетін нәтижесі көрсетіледі. Мысалы: 1. Білім мазмұны бойынша жүйеленген тақырыптар 20


1) Қазақ тілінің зерттелу тарихы: Қазақ тіліне қатысты ғылыми тұжырымдар; тілдің қатысымдық және танымдық қызметі туралы пайымдаулар; А.Байтұрсынов, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев т.б. ғалымдардың тілдік қатынас және таным туралы ойларының тілдің өзара салаларымен сабақтастығы және т.б. 2) Қазақ тілінің құрылымдық сипаты: Сөз және оның формасы синтаксисінің танымдық сипаты; сөз тіркесінің өзіне ұқсас тұлғалардан айырмашылығы: сөз тіркесі және атаулық тіркес, сөз тіркесі және шектеулі тіркес, сөз тіркесі және фразеологиялық тіркес; мүшеленбейтін сөйлемдер: сөз-сөйлем, сөз-сөйлемше және т.б. 3) Қазақ тілінің функционалдық ерекшелігі: Сөз, сөйлем және мәтін – қатысымдық бірлік; күрделенген жай сөйлемдерге байланысты проблемалық мәселелер; сөз таптарының функционалдық сипаты т.б. 2. Тақырыпты меңгертуде қолданылатын амал-тәсілдер. Интеграциялық, сыни-талдамалық, проблемалық, зерттеушілік т.б. әдістерді, білім беру технологиялары мен кешенді жұмыстар жүйесін өзара сабақтастықта қолдану арқылы білім мазмұнын игертуді көздейді. 3. Оқушының өзіндік жұмысы. Белгілі ғалымдардың қазақ тіл біліміне қатысты туралы тұжырымдарын тезис түрінде жазу; күрделі сөз, сөз тіркесі мен тұрақты тіркестің айырмашылығын кесте түрінде көрсету; фразелогиялық тіркестердің қатысымдық қызметіне байланысты пікірлерге талдау жасау және т.б. 4. Бақылау тапсырмалары. Балама, анықтау, ашық, жабық т.б. тестер мен тапсырмалар арқылы алған білімдері тексеріледі. 5.Күтілетін нәтиже. Тілдік бірліктерді пікір білдіруде т.б. қолдануы арқылы қатысымдық құзыреттілігі, тақырыпқа байланысты ақпараттарды жинап, сұрыптап, таразылап қолдануы нәтижесінде танымдық құзыреттілігі қалыптасады. Тілдік және мәдени бірліктерді тілдік қатынаста ұтымды пайдалануы линговомәдени құзыреттілігін жетілдіреді. Көпшілік алдында жүйелі сөйлеуі мен өзіндік көзқарасын дәлелдеуі әлеуметтік-тұлғалық құзыреттілігін дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен ұсынылған бағдарлама жобасы бірнеше қызмет атқарады. Атап айтқанда: -Алған білімді бекіту қызметі оқушының білім мазмұнын игеруіне, алған білімді ұқсас және жаңа жағдайда қолдануды үйретуге бағытталады. -Үйлестіру қызметі оқушының әр түрлі білім көздерінен алған ақпараттарын оқу үдерісінде ұштастыра білуін көздейді. -Жүйелеуші қызметі оқушыларды әр сала бойынша білім мазмұнындағы ұқсастық пен айырмашылықты тауып пайдалануға жетелейді. -Дамытушылық қызметі оқушының қабілеті мен білім, білік, дағдысын қалыптастыруға бағытталады. Қазақ тілін тіл білімі салаларымен тоғыстыра оқытудың қатысымдық-танымдық негізін анықтаудың да маңызы зор. Жаһандану үдерісі ғылым салаларының тоғысуы мен бірігуіне ғана ықпал етпей, сонымен қатар тың ғылыми салалардың қалыптасуы мен дамуына әкелді. Бүгінгі күн талабы антропоцентристік парадигманың нәтижесінде туындаған қағидаттарды бір арнаға тоғыстыруды және оны тілді оқытуда қолдануды қажет етіп отыр. Сол себепті қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытуды тіл біліміндегі жаңа бағыттармен байланыста ұйымдастыру мақсат етілді. Қазақ тілін коммуникативтік лингвистикамен байланыста оқытудың рөлі ерекше. Әдетте тілдік қатынас синтаксистік бірлік арқылы жүзеге асады. Оқушы сөйлесім әрекетін тілдік жағдаятта қолданады. Нәтижесінде қарым-қатынастың түрлерін игеру арқылы оны кез келген жағдаятта орынды қолдануға дағдыланады. Білім мазмұнын танымдық әрекеттер (қабылдау, ойлау, пайымдау, түсіну, зейін қою) арқылы меңгерту қазақ тілінің материалдары арқылы оқытудың когнитивтік лингвистикамен байланысын көрсетеді. Когнитивтік лингвистика тілдік бірліктердің танымдық аспектілерін әр қырынан айқындап, оқушының таным үрдісіне қатысты білімін тереңдетіп, тәжірибесін молайтады. 21


Мысалы, оқушы сөз тіркесінің танымдық табиғатын түсінумен қатар, оны қалай, қандай жағдайда қолдана білу керектігіне мән береді. Оқушы білімін тілдік бірліктерді пайымдау арқылы қолдануға жаттығады. Ол тілдік бірліктердің мағыналық ретін әр түрлі жағдаятқа сәйкес бейнелі жеткізуге дағдыланады. Сөз тіркесі мен сөйлемді және мәтінді меңгертуде ой салатын, өз пайымын дәл, нақты жеткізуді талап ететін тапсырмалар оқушылардың танымдық іскерліктерін дамытады. Функционалды грамматика тілдік бірліктердің қолданылуының мағыналық, мазмұндық жағын, тіл деңгейіндегі қарым-қатынастық қызметін сөйлеу жағдаятымен сабақтастықта қарастырады. Оқушы тілдік бірліктердің қарым-қатынас бірлігі ретіндегі жұмсалымдық қызметі мен өзіне тән белгілерін игереді. Тілдік бірліктердің прагматикалық тұрғыдан зерделенуі оқушының тіл арқылы қарымқатынас жасау жолдарын меңгеруіне көмектеседі. Тіл білімі тілдік бірліктердің бір-бірімен өзара қатынасын қарастырса, прагмалингвистика сөйлеу материалын баяншы мен қабылдаушының қалай қолданғанын айқындайды. Оқушы тілдік әрекеттердің субъектісі ретінде танылады. Прагмалингвистика баяншының белгілі бір міндетті шешу үшін тілдік бірліктерді қалай таңдайтынын қарастырады. Ол үшін сөйлемдегі тема мен реманы, синтагманы, автордың тілдік қолданысын айқындауды қажет ететін тапсырмалар беріледі. Оқушылар баяншы мен қабылдаушының назарын аударуға тірек болатын сөз тіркесі, сөйлем, мәтін және тыныс белгілердің прагматикалық мақсатта қолдануын біледі. Қазіргі таңда оқушының тұлғасын жан-жақты дамыту, ұлттық тәлім-тәрбиені сіңіру, рухани жан-дүниесін байыту мәселесіне басымдылық берілді. Ж.Манкеева «халқымыздың материалдық, өндірістік деңгейі мен рухани өрісін бейнелейтін ана тіліміздің ұшан-теңіз байлығын, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан асыл қазынасын барынша толық жиып көрсетіп, қыр-сырын анықтау – этнолингвистиканың міндеті» екенін айтады. Қазақ тілін оқытуда ұлттың дiни-наным сенiмi, әдет-ғұрпы, салт-санасы мен дәстүрiн тілдік бірліктерге назар аудара отырып меңгертуге мән берілді. [11.47] Паралингвистикалық амалдар баяншының әлеуметтік жағдайы, жас мөлшері, мінезқұлқы туралы қосымша мәліметтер береді. Оқушы синтаксистегі үнемдеу құбылысы т.б. арқылы мимика, ым, ишара кинемасының тілдік қолданыстағы рөлін таниды. Кинемалық амалдарды игереді. Сонымен қазақ тілін салааралық байланысты негізге ала отырып оқыту тілдік бірліктердің танымдық, прагматикалық, паралингвистикалық т.б. қызметімен оқушыны таныстыруға мүмкіндік береді. Олардың этнолингвистикалық білімін тереңдетуге көмектеседі. Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың лингвомәдениеттанымдық негізі де маңызды. Мәдениет – адамзат баласы қызметінің жемісі. Қарым-қатынас құралдарының адам санасына, іс-әрекетіне әсер етуі, адам болмысын, оның мәдениетінің көрінісін айшықтайды. Қазiргi таңда «тiл мен мәдениет, этнос» мәселесiне қатысты түрлі ғылым саласындағы зерттеу жұмыстары тiлдің ұлттық сипатын, ұлттық танымын, ұлттық рухын танытуға бағытталды. Антропоцентристік бағыт аясындағы зерттеулер «Тіл-АдамҚоғам-Табиғат» байланысы тұрғысынан қарастырылады. Осыған қатысты келелі тұжырымдар А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Қ.Кемеңгерұлы, С.Аманжолов, т.б. ғалымдардың еңбектерінен бастау алады. Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне енуі болашақ маманның лингвомәденитанымдық білімінің болуын талап етеді. Бұл оқушылардың тарихын, өз елінің мәдениетін жете біліп, ұлттық құндылықтарды игеруімен байланысты. Оқушының мәдени біліктілігінің болуы олардың мәдениетаралық коммуникацияға түсуіне ықпал етеді. Нәтижесінде оқушы дара тұлға ретінде қалыптасады. Тілдің халықтық дүниетанымды, салт-дәстүрді, ұлттық болмысты және т.б. танытатын этномәдени ақпарат құралы ретінде жұмсалуынан мәденитарихи және ұлттық болмыс туралы ақпараттарды мәдениетаралық қарым-қатынас

22


тұрғысында игереді. Оқушы саналы, адамгершілік, қоғамдық қарым-қатынастардың мәдени коммуникация арқылы орындалатынын біледі. Ә.Әлметова «адамның сөйлеу тілі арқылы көрінетін ұлттық мәдениет қана лингвомәдениеттанудың нысаны» бола алатынын, «тіл ұлттың негізгі белгілерінің бірі болғандықтан, сол халықтың мәдениетін» көрсететінін нақты фактілер арқылы дәлелдеді. «Шынайы тілдесу тілдік құзыреттілікпен» шектелмейтінін, «ол лингвоелтанушылық білімді қажет» ететінін дәйектеп, тілді үйретудегі лингвомәдениеттанудың рөлін айқындады. Ғалымның тұжырымы бойынша,қазақ халқы туралы мәдениеттану мәліметтері сөйлеу әрекетінің кез келген түріне оқытуда, өнімді түрі болсын, баяндау түріне оқыту болсын, маңызды рөл атқарады . Қазақ тілін меңгертуде дәріс, практикалық, оқушының өзіндік жұмысы, зертханалық сабақтарында халық өмірінің даналығы, мәдениеті және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің тілдегі көрінісінен оқушы тіл құдыретін сезініп, тарих, мәдениет, әдебиеттің қат-қабат қойнауында сақталған ұлттық құндылықтарды меңгереді. Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың психологиялық негізін тілдік ұғымдарды психология ғылымы тұрғысынан зерделеуге тырысқан М.Мұқанов, Ә.Алдамұратов, Т.Тәжібаев, Қ.Жарықбаев т.б. ғалымдардың еңбектерінен көруге болады. Б.Г.Ананьевтің зерттеуі бойынша, оқушылық шақта адамның негізгі функциялары (сенсорлық-перцептивтік), мимикалық (есте қалдыру), психомоторлық (қимыл-әрекеттері), әсіресе, сөйлеу-ойлау үдерістері айтарлықтай белсенді түрде дамиды екен. Оқушылардың дамуы олардың темпераментінің қалыптасуына әсер етеді. Оқушының темпераменті оның жеке тұлғалық қасиетін, қабілетін танытады. Ол оқушының танымдық қабілеті белгілі бір ортадағы қарым-қатынаста ақпаратты ұтымды қолдануынан байқалатынын айтады. Қ.Жарықбаев «қабілеттің ойдағыдай дамуы адамда тиісті білім жүйесінің, икемділік пен дағдының болуына байланысты» болатынын, «баланың білімі тереңдеп, икемділігі артып, дағдысы көбейе түссе, оның қабілеті де ойдағыдай дамып» отыратынын көрсеткен. Адамның ойы әр уақытта сөз, сөз тіркесі, сөйлем арқылы берілетіндіктен, ой сыртқы дүниені бейнелеудің формасы, ал сөз ойды жеткізудің құралы болып есептелетіні белгілі. Оқушының ойының дамуы оның атқаратын іс-әрекеттерімен тығыз байланысты болғандықтан, қазақ тілін меңгертуде логикалық тапсырмалар көптеп қолданылады. Мысалы, оқушыларға ақын-жазушылардың шығармалары беріліп, олардың ішінен кейбір сөздер мен сөз тіркестері алынып тасталып, шығарманы толықтыру тапсырылады. Топтық жұмыстар арқылы орындалатын логикалық тапсырмалар оқушыларды өзара пікір алмасуға жетелесе, тілдік бірліктердің ассоциациясы оларды есте сақтауға көмектесіп, берілген сөздер мен сөз тіркестерінен сөйлем құрау, сөйлемнен мәтін құрау, сөйлемдерді өзара салыстыру, айырмашылықтарын айқындауда оқушының тақырыпты қабылдауын жеңілдетеді. [12.33] Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытуда ой формаларының ішінде ең қажеттісі- пікір. Оқушыны пікір айта білуге үйретуде сөздің дара тұрған қалпында емес, сөйлем ішіндегі, сөз тіркесіндегі, контекстегі қолданысын меңгертуге мән беріледі. Нәтижесінде оқушы тілдік фактілерге сүйене отырып сұрақ қою және жауап беруге, өз пікірін еркін жеткізуге дағдыланады. Қатысымдық бағытқа сәйкес ұйымдастырылған проблемалық сабақтар және дебат сабақтары, т.б. дәстүрден тыс сабақтардың жүйелі қолданылуы оқушылардың интеллектуалдық әлеуетін көтеруге, практикалық дағдыларын дамытуға әсер етеді. Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың педагогикалық негізін А.Байтұрсынов, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, М.Дулатов, С.Көбеев, Ғ.Қарашев т.б. қазақ ағартушыларының педагогикалық ойлары құрайды. Мысалы, М.Жұмабаевтың «бала тәрбиясы бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбие қылу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек» деген пікірі қазақ тілін оқытуда басшылыққа алынатын ой-пікірлерді айқындауға тірек болды. Абайдың «ерінбей еңбек 23


қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?» немесе «ғылымсыз ақырет те жоқ, дүние де жоқ» деген қағидаттары оқушыны еңбекті бағалауға, ғылымды игеруге жетелейді. Ы.Алтынсарин материалдарды баланың жас және ұлттық ерекшелігін, ақыл-ойының өрісін және оларды игеру қабілеттерін ескере отырып ұсынған. Ол мұғалімнің оқу құралдарымен жан-жақты танысып, материалды алдын ала жоспарлап алуына мән берді. Оны қандай әдістер арқылы меңгертуге болатынына назар аударды. Ағартушы ғалымның пікірлері қазақ тілін оқытуда ғылыми фактілерді, аса маңызды ғылыми қағидаларды сұрыптап, алдын ала екшелеп алуға ықпал етті. М.Мұқановтың «Сабақта оқушылармен байланыс жасаудың негізгі тәсілінің бірі – оқытушының сөзінің нақты және оқушыларды сендіретіндей болып келуінде. Мұғалім сөзінің сенімділігі деп, айтылатын сөздердің айқын, бірінен соң бірі жүйемен келуін айтады» деген пікірі педагогикалық үдерістегі оқытушының қатысымдық мәдениетіне байланысты мәселелерді айқындауға көмектеседі. Педагогикалық қызметте мұғалімнің қатысымдық мәдениеті бірінші орында тұрады. Болашақ маманның қатысымдық мәдениеті адамдармен қарым-қатынас жасай білуінен байқалады. Адамдармен тез арада тіл табыса білуі оның қатысымдық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Оқушының қатысымдық мәдениеті оның өзін -өзі тәрбиелеу мен дамытуының дәрежесін, қатысымдық дағдысы мен қатысымдық қабілетін байқатады. Қатысымдық қабілеті коммуникацияның барлық түрін ұтымды қолдана білу, айтатын сөзін дұрыс жоспарлай білу, сөйлеу мәнері мен қажетті сөздерді ұтымды қолдана білуінен көрінеді. Ол оқушыдан жаңа білім мен дағдыны өңдей алатын қабілеті болуын, алатын білімін дұрыс ұйымдастыра білуді, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды, жұмысын бағалай білуді талап етеді. Білім беру жүйесінде болашақ ұрпаққа білім беру мен оларды дұрыс тәрбиелеу мұғалімнің қызметі және кәсіби біліктілігімен сабақтастықта қарастырылады. Сапалы білім беру мен оқушыны дара тұлға ретінде дұрыс тәрбиелеу оны болашақ мұғалімге қажетті кәсіби дағдыны, білімді, мәдениетті, балалармен қарым-қатынас орната білу қабілетін, оқу үрдісін дұрыс та ұтымды ұйымдастыру жолдарын меңгертуді талап етеді. Оқушының бойына осы қасиеттерді сіңіру үшін ғалымдардың педагогикалық тұжырымдары маңызды болып табылады. Жұмысты жазу барысында оқыту үдерісінде дәстүрлі ұстанымдар және қазақ тілін қатысымдық танымдық тұрғыдан оқытудың арнайы ұстанымдары басшылыққа алынды. Ғылымилық, жүйелілік, көрнекілік, теорияны практикамен байланыстыру, саналылық пен белсенділік ұстанымдары қазақ тілін оқытуда қолданылып келе жатқан, тиімділігін практикалық жақтан толық дәлелдеген ұстанымдар. Арнайы ұстанымдар ретінде кәсібиқатысымдылық, антропоөзектілік, креативтілік және нәтижеге бағдарлай оқыту ұстанымдарын атауға болады. Кәсіби-қатысымдық ұстаным бойынша оқушы ауызша және жазбаша тілдік қатынаста тілдік бірліктерді дұрыс қолдана білуге төселдірілді. Онда аталған ұстанымның тілдік қатынас туғызатын жағдайды таңдай білу; теориялық білім мен тіл дамытуды қатар жүргізу; тілдік қатысымға оқушылардың белсенді қатысуларын қамтамасыз ету және жаттығу, тапсырмаларды қатысымдық мақсатқа сай дұрыс таңдай білу секілді шарттары сақталады. Кәсіби-қатысымдық ұстаным оқушының кәсіби біліктілігі мен қатысымдағы әрекетін жетілдіруде басшылыққа алынады. Реферат жазу, проблемалық жағдаяттар мен сұрақтар, жоғарыда сөз болған білім беру технологиялары оқушыны жүйелі сөйлеуге үйрету үшін осы ұстанымға сүйенеді. Антропоөзектілік ұстаным оқушының әлемді қабылдауы мен тануы, түйсінуі мен түсінуі тіл арқылы жүзеге асатындықтан маңызды болып саналады. Танымдық әрекет арқылы оқушының қоршаған ортаға, әлемге деген көзқарасы, ұғым-түсініктері мен пайымдаулары, пікірлері мен өзіндік тұжырымдары қалыптасады. Оқушының қазақ тілін 24


игеруі практикалық тәжірибенің жинақталуы нәтижесінде және оның салаларын, сөз тіркесі мен сөйлемнің жасалу жолдары мен тәсілдерін, түрлерін, өзіне тән ерекшеліктерін барлапбақылаудың, сараптап-пайымдаудың негізінде жүзеге асады. Мысалы, мынандай тапсырмалар оқушыны санасында сақталған білімді ой елегінен өткізіп, пайдалануға дағдыландырады: Ереженің қайсы дұрыс, не себепті? Дәлелдеңіз: - кем дегенде толық мағыналы екі сөздің байланысын сөз тіркесі деп атаймыз. - кем дегенде толық мағыналы, сабақтаса байланысқан екі сөздің байланысын сөз тіркесі деп атаймыз. Жауаптар: - толық мағыналы салаласа байланысқан сөздердің байланысын сөз тіркесі дейміз. - толық лексикалық мағынасы бар екі сөздің байланысын сөз тіркесі дейміз. Қазақ тілі материалдарын тіл білімінің салаларымен тоғыстыра оқытуда аталған ұстанымның рөлі айрықша болды. Бұл ұстаным оқыту үрдісінде оқушының білімдер жүйесін тұтас қабылдауына, білімді шоғырландыру арқылы кәсіби ойлауды қалыптастыруға, интеллектуалды дамуына көмектеседі. Кретивтілік ұстанымы оқушының ойлау іс-әрекетінің нұсқалары мен оны шешудің жолдарын өз бетінше таңдауы, дұрыс шешу жолын анықтауы арқылы іске асырылады. Оқушыға әр түрлі формадағы тапсырмалар ұсынылады («Ахмет Байтұрсыновтың синтаксис туралы тұжырымдары» тақырыбында проблемалық сабақ;«Қ.Жұбановтың сөз құрамы жайлы ойлары» атты баяндама дайындау; Сөйлемге толық фонетикалық талдау жасау; Сөзжасам туралы еңбектердің картотекасын дайындау; коллоквиум сұрақтарына жауап беру т.б.). Оқушы өзінің қабілеті мен іскерлігіне қарай қажеттісін таңдап алып, орындайды. Мұғалім әр тақырыпқа байланысты қойылатын баға мен нәтижені нақтылап, кеңес беріп отырады. [13.47] Нәтижеге бағдарлай оқыту ұстанымы қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан меңгертуде оқушылардың нақты қандай нәтижеге қол жеткізетіндігін айқындауда тірек етіп алынады. Бұл ұстаным бойынша оқушыларда бақылау және рейтинг жүйесінің критерийлері беріліп, оны орындаудың жолдары көрсетіліп, түпкі нәтиже қандай болу керектігі талап етіледі. Нәтижесінде оқушы алдына мақсат қоюға және оны орындаудың жолдарын анықтауға дағдыланады. Аталған ұстанымдар білім сапасын арттыруда, оқушылардың білімін бағалауда, олардың шығармашылық белсенділігін оятуда, құзыреттілігін қалыптастыруда т.б. тиімді болады. 2.2 Оқушыларды қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытуды іске асыру және дамыту Қатысымдық-танымдық білікті жетілдіру жолдары қатысымдық-танымдық білім мен білікті қалыптастырудың алғышарты болып табылады. Олардың өзара сабақтастықтағы бірнеше бағыттар арқылы жүзеге асырылады. Кәсіби-танымдық бағыт оқушылардың кәсіби біліктілігі мен танымдық стилін дамытуды көздейді. Бұл бағытқа негізделген тапсырмалар оқушының тіл білімі және басқа салалар бойынша алған білімінің жеткілікті не жеткіліксіз екендігін сезінуге, ақпараттар ағымынан өзіне қажетті мәліметті сұрыптап, екшеп ала білуге, әр түрлі жағдаяттарда теориялық білімін қолдана білуге жетелейді. Қазақ тілінің теориялық негіздерін меңгерту оқушыларды білімге үйретіп, оның жан-жақты дамыған, әлеуметтік белсенді тұлғасын қалыптастыруға көмектеседі. Кәсіби-қатысымдық бағыт оқушылардың тілін дамытуды, адамдармен қарым-қатынас жасау қабілетін жетілдіруді, ойын жүйелі жеткізуді т.б. үйретуді мақсат етеді. Олардың түрлі өмірлік жағдаяттарда өз ойын, пікірін тұжырымдап жеткізуге дағдыландырады. Сұрақтарға жауап беру, жұмыс нәтижелері туралы баяндама дайындау және сабақ конспектісін, реферат жазу, оны қорғау, диалог, монологпен жұмыс істеу т.б. жұмыстар оқушының қатысымдық білігін дамытуға бағытталады. 25


Кәсіби-бағдарлы бағыт теориялық білім беру арқылы оқушының жазу, тыңдау, айту дағдыларын қалыптастыруды, өздік жұмыстарды ұйымдастыру білігін жетілдіруді, тұлғалық қасиетін, әр оқушының өзіне тән қабілетін арттыруды және ұжымда, топта, жеке дара жұмыс істеу қабілетін дамытуды көздейді. Кәсіби-бағдарлы бағыт арқылы оқытуда оқушының қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, олардың интеллектуалды ойлауын, өз бетінше шешім қабылдауын, шығармашылық қабілетін дамытуға мән беріледі. Сонымен бірге қатысымдық-танымдық білім мен білікті жетілдірудегі дәріс сабақтарының рөлі анықталады. Сабақта ақпараттық, проблемалық, көрнекілік,дәрісконференция, кеңес дәрісі т.б. сабақтардың түрлері пайдаланылады. Мысалы, проблемалық дəріс оқушылардың алдына әр түрлі шешім қабылдауды қажет ететін материалдар, сұрақтар, жағдаяттар арқылы іске асырылады. Оқушылар осы уақытқа дейін алған білімдерін ой елегінен өткізіп, ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге, ғылыми пайымдаулар, болжау жасауға үйренеді. Реферат, баяндама, зерттеу жұмыстың мақсаты мен міндетін айқындауға үйренеді. Қажетті ғылыми әдебиеттерді талдауға, одан өзіне қажеттісін іріктеп алуға, мәтіннен тілдік фактілерді сұрыптауға дағдыланады. Проблемалық сабақтар, рөлдік ойындар, прессконференция сабағы (синтаксис саласы бойынша оқушылардың «сөз тіркесін зерттеуші маман», «жай сөйлем синтаксисін зерттеуші маман» немесе белгілі бір нақты автордың ұсынған еңбегі негізінде сол ғалымның рөлін атқаруы т.б. ) кезінде өзінің тиімділігін байқатады. Қазақ тілін оқытуда оқушылардың кәсіби біліктілігін қатысымдық-танымдық тұрғыдан жетілдірудің амал-тәсілдерінің сан алуан екенін айқын. Жаңа талаптар өресінен шығу үшін мектепте оқушыларға теориялық білім берумен қатар, оның кәсібі мен білік, дағдыларын жетілдіруге жете мән беріледі. Өйткені қазіргі таңда қоғам мұғалімдерге ұйымдастырушылық қабілетті, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды, кез-келген жағдаятта шешім таба білуді, іскерлікті, кәсіби деңгейінің жоғары болуын, өзін-өзі дамытуға жітік көңіл бөлуін т.б. талап етіп отыр. Мұғалім де әрдайым өзінің шеберлігін жетілдіріп отыруы тиіс. Өз пәнін жетік меңгерген, түрлі әдістермен қаруланған, кәсіби біліктілігі жоғары т.б. мұғалім кез келген уақытта нәтижеге қол жеткізеді. [14.29] Қазіргі ғылымда адамды «тіл-мәдениет-ойлау» үштағанының айналасында қарастыру үрдісі пайда болды. Адамның іс-әрекетін, интеллектісін бұлай бағалау мұғалімнің кәсіби қабілетін дамыту мен жетілдіруге басқаша тұрғыдан қарауды қажет етеді. Сондықтан қазіргі бәсекелестік өріс ала бастаған қоғамда өмір сүретін бәсекеге қабілетті оқушы тәрбиелеу үшін алдымен мұғалімнің кәсіби әлеуеті маңызды болып саналады. Сол себепті қазіргі күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі мұғалімдердің кәсіби гуманитарлық білімі мен біліктілігін дамыта тәрбиелеу болып есептеледі. Мұғалімнің жалпы кәсіптік білімі, дағдысы, қабілеті мен дайындығы оның кәсіби біліктілігі арқылы анықталады. Кәсіби біліктілікке мұғалімнің ғылыми-зерттеушілік, басқарушыұйымдастырушылық қабілеттері мен кәсіби және педагогикалық қызметі жатады. Мұғалімнің әлеуметтік біліктілігі жауапкершілігінен, ұжыммен жұмыс істей білуінен байқалса, арнайы біліктілігі өзін-өзі дамытуы, жетілдіруі мен өздігінен білім алуынан көрінеді. Кәсіби біліктілікті көп деңгейлі білім жүйесімен салыстыруға болады. Ол үнемі жетілдіруді, дамытуды қажет етеді. Кәсіби біліктілікті жетілдіру. Мұғалімнің жеке шығармашылық қабілетін дамыту, білім беру технологияларын меңгеру және педагогикалық ортаға бейімделуімен тығыз байланысты. Мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен құзыреттілігін жетілдірілгендігін көрсететін – оның оқушының өз бетімен істейтін өздік жұмыстарын ұйымдастыруы. [15.42] Өздік жұмыс туралы пікірлерін сараптай келе, қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан меңгертуде қолданылатын өздік жұмыстар репродуктивті және реконструктивті жұмыстар деген топтарда беріледі.

26


Оқушының өзіндік жұмысының түрлері: 1. Репродуктивті: конспект жазу картотека түзу тезис реферат тезаурус құру глосарий жазу 2. Реконструктивті: аннотация түйіндеме сын пікір Репродуктивті өздік жұмыстың мақсаты – білімді бекіту, қабілеті мен дағдысын қалыптастыру болып табылады. Репродуктивті өздік жұмыс көбінесе дәрісханада жүзеге асырылады. Сөйлем беріледі. Үлгі көрсетіледі. Мысалы, оқушыларға төмендегідей тапсырма ұсынуға болады: Тапсырма. Берілген үлгіге сүйене отырып, сөйлемнің графикалық моделін құрастырыңыз. Үлгі: Осы үй биыл жайлауға жылдағыдан кеш көшті. үй көшті Осы биыл жайлауға жылдағыдан кеш Мақсаты – графикалық модель құра білуге үйрету. Нәтижесінде сөздерді байланыстыра отырып, сөйлем талдаудың ретін үйренеді. Әр сөзге сұрақты дұрыс қоя білуге дағдыланады. Өздік жұмыстың түрлері тақырыпқа байланысты түрлендіріліп беріліп отырылады: -мәтін, реферат тақырыбы бойынша жоспар жасау; -мәтінді мағыналық бөліктерге бөліп, жоспар құру; -еңбектерді жинақтап картотека жасау (сөз құрамы немесе сөйлем мүшелері бойынша т.б.); -қазақ тілі саласы бойынша тезаурус құру; -ғалымдардың еңбектері мен жарияланған мақалалар бойынша қысқа тезис дайындау; -лексиканың тіл білімі салаларымен байланысын көрсету т.б. жұмыстар іске асырылады. Мәтіндерді рефераттауды танымдық тұрғыдан үйрету оқушылардың репродуктивті-продуктивті дағдыларын қалыптастырумен қатар, тек мәтіндерді ғана емес, сонымен бірге кәсіби-танымдық, әлеуметтік (әлеуметтік-саяси, әлеуметті-мәдени) сипаттағы мәтіндерді түсінулерін жеңілдетеді. Реконструктивті өздік жұмыстарға аннотация, түйіндеме, сын-пікір жазу жатқызылады. Бұл жұмыстар оқушылардың қатысымдық және әлеуметтік-тұлғалық құзыреттіліктерін жетілдіруге септігін тигізеді. Проблемалық мәселелер оқушыға проблеманы ұсынуға, көрсетуге (ақпаратты көрсету, мысалы, мәтін материалын қысқаша немесе толық жазу ); проблеманы шешуге (балама жолдар іздеу, академиялық мәтінде берілген проблеманы шешу тәсілдері, қосымша ақпарат іздеу, нақтылау); проблеманың шешімін хабарлауға (реферат мәтінін жоспарлау, тірек сөйлемдерін пайдалана отырып баяндау) үйретіп, кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндік тудырады. Оқушылардың танымдық біліктілігін қатысымдық-танымдық тұрғыдан жетілдірудің амал-тәсілдерін анықтау жұмыстары үнемі назарда болады. Танымдық біліктілікті жетілдіру мұғалімнің көмегі арқылы іске асырылады. Зерттеу жұмысында оқушының мұғалімнің көмегі арқылы іске асырылатын өзіндік жұмыс түрлері баяндама, жоба жұмысы.Оқушының мұғалімнің көмегі арқылы іске асырылатын өзіндік жұмыс түрлері ұйымдастыруда мынадай талаптар ескерілді: -жұмыстың мазмұны бағдарламаға қойылатын талаптарға сай келуі; -оқушылардың ойлау қабілетін дамытатындай болуы; -мазмұны жағынан әр түрлі тақырыпты қамтуы; 27


-жұмысты талапқа сай тексеру және бағалау; -жұмысты жүйелі түрде, ұтымды жүргізу; -оны әр түрлі формада ұйымдастыру т.б. Баяндама жазу оқушыны сыни қабылдау, салыстырмалы талдау, құнды да мәнді мәліметтер мен фактілерді қабылдау, қорыту және іскерлік этиканың ережелерін сақтау т.б. әрекеттерді орындауға төселдіреді. Жоба жұмысы оқушының қызығушылығы, жеке ерекшелігі, талабы мен алға қойған мақсатына байланысты болады. Оқушылар бір жобаның аясында ізденушілік те, шығармашылық та, ақпараттық та жұмыстар жүргізеді. Жоба жұмысын орындау барысында олар шығармашылықпен ойлауға, өз әрекетін жоспарлауға, жоба бойынша алдына қойған міндеттерді шешуге, алдын ала болжам жасай білуге және жұмыс істеу мәдениетіне үйренеді. Жоба жұмысы ең күрделі түрі болып табылады. Бұл жұмыстар оқушының құбылыстар мен фактілерді салыстырмалы және сыни талдау, қойылған міндетке сәйкес материалды сараптау, арнайы пәндерден алған білімдерін пайдалану, материалды сұрыптап, таңдай отырып, ақпаратты қорыту, шешуші сөздер мен тірек сөйлемдерін екшеу, логикалық реттілікпен баяндау т.б. дағдыларын қалыптастыруға жетелейді. Оқушылардың өз бетінше жұмыс істеу деңгейін көтеруге және ғылыми әдебиеттерді картотека жасап, тиімді пайдалануларына мүмкіндік береді. Жоба жұмысы тақырыбы бойынша материалды оқу, талдау және жүйелеу барысында мәтінде берілген мәселелерді сыни тұрғыдан ой елегінен өткізуге қабілеттілігі мен интеллектуалдық дағдылары қалыптастырады. Жоба жұмысын жазуға қалыптастыру ғылыми зерттеу жұмыстарының кезеңдерін дұрыс орындағанда ғана мүмкін бола алады. 1. Ғылыми жоба тақырыбын таңдау. Тақырып- мәселелердің өзіне тән сипатын көрсетеді, сонымен қатар тақырыпта қысқа формада құрылған, айқын бір мағыналы, дәл, жарнамалық мәселелерді шешу әдістері болады. Тақырыпты таңдау ережесі: Ғылыми жарысқа келесі жұмыстар ұсынылады: 1. Ғылымның осы саласындағы фактілерді, оқиғаларды, құбылыстарды және жеке бұрын мәлім болмаған жақтарын жариялайтын; 2. Практикалық тапсырмаларды шешуде жаңалық еңгізетін аппараттар, модельдер мен аспаптардың конструкциясын ұсынатын, мектептегі эксперименттерді , өндірістік үрдістердің ұтымды пайдалануын жетілдіруге қатысатын; 3. Әлеуметтік- экономикалық мәселелерді шешуге бағытталатын экономикалықзаңды негіздемесі бар компьютерлік модельдер мен жобалар; 4. Ғылыми жарыстарда бұрын қаралған және қорғалған жобаларды жарысқа қатыстыруға жол берілмейді. Ғылыми жоба тақырыптарын таңдау ережесі: 1.Тақырып оқушыларға қызықты, оларды тартатындай болу керек. 2.Тақырып орындалатын, шешімі зерттеуге қатысушыларға пайдасы тиетіндей болу керек. 3.Оқушылардың қызығушылығын ескере отырып, жетекші өзі жақсы білетін тақырып аясын таңдау керек. 4.Тақырып шынайы болу керек, онда жаңа дүниелер, күтпеген жаңалық, ерекшелік элементтері болу керек. 5.Тақырып жұмыс ұзақ жылдарға созылмай, тез орындалатындай болу керек. 6.Тақырыпты бәрі түсінетіндей болу керек, әрине тақырып оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес келу керек. 7.Тілегі мен мүмкіндігінің ұштасуы. Тақырып таңдар кезде жоғарыда аталғандардан басқа, келесі ұсынымдар ескерілу керек: 28


- алдыңғы жылдардағы ғылыми жұмыстардың тақырыптарымен танысу; - бұрын жазған жұмыс тақырыптарын қайталамау, тақырыптың шынайылығын ескере отырып зерттеу тақырыбын таңдау; - тақырып нақты бір объекті аясында шектелу керек. - таңдалған тақырып өз секциясының отырысында немесе жетекшімен жеке консультация барысында талқылану керек; - зерттеу тақырыбы мектепте ОҒҚ отырысында бекітілу керек. 2. Зерттеу тақырыбы бойынша әдебиеттерді зерделеу. Жұмыстың бұл кезеңінің мақсаты оқушылардың бойында тақырып бойынша әдебиеттерді таңдай білуді, библиографиялық тізімді сауатты құра білуді қалыптастыру. Осы жұмысты орындаған кезде келесі тақырыптар ескерілу керек: 1. Библиографиялық тізімде өзіне тән ең кем дегенде 15 түрлі жұмыс болу керек, олардың қатарында монографиялар, жинақ мақалалары және әртүрлі ғылыми журналдар, диссертациялық авторефераттар, арнайы зерттеулер мен басқа да жұмыстар болу керек. Мәселелердің жаңашыл мен көкейкесті қағидалары- соңғы 3-5 жыл ішіндегі әдебиеттермен жиі жұмыс жасауды, ал мәселелердің жан- жақты және кешенді қарастыру қағидалары қазақстандық, ресейлік, әлемдік әдебиеттермен жұмыс жасау болжайды. 2. Тізімге енген барлық жұмыстар алфавиттік тәртіппен орындалу керек. 3. Тақырыпты сипаттау кезінде автордың тегі, аты- жөні, жұмыстың аты, шығу мәліметтері: шыққан жері, баспасы, жылы, бет саны көрсетілуі керек. Журнал мақалалары сипатталса, онда осы мақала жарияланған журнал атауы, шыққан жылы, нөмірі көрсетілу керек. Жинақ мақалаларын сипаттау кезінде жинақ атауынан кейін оның редакторының тегі келтіріледі. Оқушының өзіндік жұмысы мен оқушының мұғалімнің көмегі арқылы іске асырылатын өзіндік жұмысын дұрыс ұйымдастыру оқушының танымдық біліктілігін жетілдіруге ықпал етті. Осындай жұмыстардың көмегімен танымдық біліктілікті қалыптастыру оқушының іскерлік қасиеті негізінде іске асты. Білім алушының танымдық біліктілігі бірнеше іскерлікті дамыту арқылы қалыптасты. Оқушының метатанымдық іскерлігі алға қойған мақсатын анықтау, іс-әрекетін жүйелі түрде жоспарлау, кездескен қиындықтардан шығу жолын іздестіру, нәтижені бағалай білу, жалпы оқу үрдісін дұрыс ұйымдастыра білуінен байқатады. Оқушының ақпараттық іскерлігі қажетті ақпаратты табу, оны талдау, екшеп, сұрыптап ала білу, ақпаратпен жұмыс істеуді дұрыс ұйымдастыра білу қабілетінен көрінеді. Оқушының бұл іскерлігі шығармашылық тапсырмаларды орындауда, тест тапсырмаларын шешуде т.б. анық байқатады. Ақпараттық іскерлік жұмыстың орындалу деңгейіне байланысты өз ішінен ресурстық, мәтіндік, презентациялық болып жіктелейді. Ресурстық іскерлік ақпаратты екшеп алуынан көрінеді. Мысалы, оқушыға «Сөз мағынасына» берілген анықтамаларды жинау тапсырылса, оны орындау мынандай жүйелілікпен іске асырылады: тапсырманы түсіну → қажетті сөзді анықтау → мақаланың бетін табу → тапқан мәліметтің тапсырмаға лайықтылығын тексеру. Мәтіндік іскерлік ауызша және жазбаша мәтіндерден қажетті ақпаратты табу, оны талдау, берілген тапсырма бойынша жүзеге асыру арқылы қалыптасады. Презентациялық іскерлігі баяндама, реферат жасауынан, конференцияларда, практикалық сабақтарда жүйелі сөйлеуінен байқалады. Компенсаторлық іскерлік қажетті тілдік құралдардың жетіспеушілігін толықтыруы арқылы көрінеді. Компенсаторлық іскерлік оқушының қатысымдық іскерлігімен байланысты. Оқушы жетпейтін білімін сұрақтар қою, оқытушыдан кеңес алу т.б. формада жетілдіруі мүмкін.

29


Әлеуметтік-аффективтік іскерлік ұжыммен жұмыс істеу қабілеті, ұжымдық, топтық, жұптық тапсырмаларды орындауы, проблемалық тапсырмаларды шеше алуы мен жоба жұмысын дайындауынан байқалады. Оқушылардың жұмыстарын бақылау және бағалау тексеру тапсырмалары (бақылау тестері, сұрақтар, жаттығулар т.б.) арқылы іске асады. Олар ғылыми негізге құрылып, жүйелі түрде өзара бірін-бірі толықтырып, тығыз байланыста ұсынылады. Бақылаудың кредиттік оқу жүйесінің талабына сай өзіміздің білім алу жүйемізге байланысты алдын-ала; ағымдағы; тақырыптық; аралық; қорытынды түрлері қолданылады. Әрбір оқушының рейтинг балы қойылып, тест тапсырмаларының ашық, анықтау, балама, толықтыру және жабық түрлері пайдаланылады. Қазақстандағы қатысымдық мәдениет пен мәдени біліктіліктің қазіргі жағдайында жалпы білім беретін мектептің филолог-мұғалімі балалардың тіл мәдениетін арттыруда және мәдени біліктілігін жетілдіруде ерекше рөл иемденеді. Бұл оқушылардың мәдени біліктілігін қатысымдық-танымдық тұрғыдан жетілдірудің амал-тәсілдерін саралауды қажет етеді. Өйткені білім берудің міндеті әлеуметтік қатынас жасаудың алуан түрлі жағдайларында тілді жетік меңгерген тұлғаны даярлау және оқу үрдісін оқушының танымы мен қабілетіне қарай ұйымдастыру болып табылады. Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту оқушыларға еліміздің бай тарихы мен рухани жетістіктерін меңгертуді және ана тілін тілдік қатынаста шебер қолдана білетін, жүйелі, мәнерлі сөйлей алатын мұғалімдерді даярлауды көздейді. М.Балақаев айтқандай, «Тілді жақсы білу оңай жұмыс емес. Өйткені оның шегі жоқ. Тіл адамдардың еңбек ету үдерісінде, қарым-қатынас жасау тәжірибесінде мыңдаған жылдар бойы жасаған. Оның орасан көп байлықтары сол тілде сөйлейтін халықтың бастан кешірген ұзақ өміріндегі ойлау жұмысының нәтижесі ретінде үнемі дамып отырады. Тілді сіресіп қатып қалған қалпында емес, сол даму, жетілу үдерісінде үйренеміз».Бұл қазақ тілі пәні арқылы педагогикалық қызметке даярлау барысында қатысымдық және мәдени құзыреттілікті қалыптастыру оның мәдени біліктілігін жетілдірумен байланысты. Оқушылардың мәдени біліктілігін жетілдіруде олардың сөйлеу қабілетін жетілдіретін, танымдық көзқарасын қалыптастыратын, еркін, түсінікті және мәнерлі сөйлей білуіне көмектесетін білім беру көзделеді. Білім меңгертуде қолданылған білім беру технологиялары оқушыны өз көзқарасын жүйелі жеткізуге, пікірін дәлелдеуге және білімін тереңдетуге ықпал етеді. Мысалы, «Сөзжасам жеке сала ма? Ол лексиканың зерттеу нысаны ма, әлде морфологияның аясында қаралуы қажет пе?» тақырыбындағы дебат сабағы өткізу. Әр топ өз көзқарастарын тілдік фактілерге сүйене отырып, дәлелдеуге тырысады. Байланыстың осы түрін зерттеген ғалымдардың еңбектерімен танысып, пікірлерінде негізге алады. Бұл жұмыстар оқушылардың шешендік дағдысын жетілдіруге, талқы үстіндегі мәселеге сын көзбен қарауға, талқыланып жатқан мәселені терең түсінуге, ғылыми әдебиеттегі мәліметтің қажеттісін сұрыптап алуға, кітапханаларда жұмыс істеуге және тұжырым жасауға дағдыландырады. Қазақ тілін меңгерту барысында қолданылған сынып және оқушының өзіндік жұмыстары оқушылардың қарым-қатынас жасай білу қабілетін дамытуға көмектеседі. Олар топ мүшелері, оқытушымен өзара пікірлесу және әр түрлі жағдаяттарды шешу арқылы қарым-қатынас жасау мәдениетін игеруге талпынады. Сөз мағыналары мен олардың ерекшеліктерін, әдеби тілдің қасиетін таниды. Оқушылар шығармашылық тапсырманы орындау арқылы мәселені шешу, ойды тұжырымдап айту, идеяны жеткізу, оның логикалық дамуын айқындау, аталған мәселені шешуде тиімді әдістерді қолдану мен оны тәжірибе жүзінде дәлелдеу тәрізді іс-әрекетті жүзеге асырады. [16.31] Кредиттік жүйе бойынша қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың әдістері оны оқытудың ұстанымдары оны жүзеге асыруға көмектесетін оқыту әдістерімен сабақтасады.

30


Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытуда интеграциялық, сыниталдамалық, ақпаратты-рецептивті, проблемалық, зерттеушілік, салыстыру және қатысымдық, танымдық әдістерді қолдану тиімді болатыны анықталады. Интеграциялық әдіс қазіргі ғылымдардың тоғысуы жағдайында оқушыны тілдік бірліктерді әр қырынан зерделеуге, оның басқалармен байланысын анықтауға, түрлі саладан алған білімдерін бір арнаға тоғыстырып пайдалануға жетелейді. Пәнаралық интеграциялық әдіс қазақ тілінің салаларын өзара сабақтастықта, бірлікте меңгертуде қолданылады. Салааралық интеграциялық әдіс синтаксисті фонетика, лексика, морфология, стилистика, т.б. пәндермен байланыста оқытуды көздеген тапсырмалар арқылы жүзеге асады. Мысалы, синтаксис пен фонетиканың; синтаксис пен лексиканың; синтаксис пен морфологияның байланысын Венн диаграммасы арқылы көрсету. Сонымен бірге тәжірибе кезінде синтаксисті тіл білімі салаларымен тоғыстыра игертуде (когнитивті лингвистика, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, психолингвистика т.б.) аталған әдіс тиімді болады. Сыни-талдамалық әдіс сөз тіркесі, сөйлем және мәтінді талдауда ұтымды. Бұл әдіс көбінесе оқушының өзіндік жұмысын орындау кезінде қолданылады. Мысалы, оқушылар бір-бірінің орындаған тапсырмаларын мұқият тыңдай отырып, жіберген қателерін өздері түзетіп отырады. Бұл тек қатені ғана анықтауға емес, сонымен бірге олардың сөйлеу мәдениетін де жетілдіруге жақсы әсер етеді. Ақпаратты-рецептивті әдіс оқу материалын түсіндіру мен жеткізуде пайдалы. Әдіс мұғалімнің әр түрлі құралдар арқылы дайын материалды түсіндіруіне негізделеді. Әдіске түсіндіру, әңгіме, дәріс, кітаппен жұмыс, демонстрация тәрізді тәсілдерді жатқызады. Бұл оқушыларға оқу материалын жеткізуде уақытты үнемдеуге көмектеседі. Тақырыпты меңгертуде қолданылған көрнекі құралдар, тірек сызбалар, кестелер оқушылардың материалды қабылдауын жеңілдетеді. Репродуктивті әдіс оқушылардың қабілеті мен дағдысын қалыптастыруға бағытталып, әр түрлі жаттығулар мен тапсырмалар арқылы іске асады. Мысалы, тапсырмадағы қарамен берілген сөздердің мағынасын түсіндіріп, сөйлем құраңыздар. Сөзді құрылымы мен мағынасына қарай айқындаңыздар. Сөз таптарының жасалу жолын айтыңыздар. Бақыт, қуаныш пен ләззат асқан сұлу, ең әсем, ең көрікті нәрсені барынша тиянақты және кемелді нәрсе түрінде аңғару арқылы ғана пайда болып, толық дәрежесіне жетеді ... (Әл-Фараби). Проблемалық әдіс негізгі түйінді мәселені оқушының өзі анықтап, оны шешудің жолдарын табуда және олардың танымдық дербестігі мен шығармашылық қабілеттерін дамытуда ұтымды болады. Проблемалық мәселелер оқушының сыни тұрғыдан ойлау қабілетін жетілдіреді, өздігінен ізденуіне жол ашады, тілдік заңдылықтарды игеруге жетелейді. Проблемалық мәселелерді шешу материалды талдауға, ғылыми зерттеу арқылы білім алуға дағдыландырады. Оқушы пікірін тілдік фактілерге сүйене отырып жеткізуге үйренеді. Зерттеушілік әдіс өздік жұмыстарды орындауда ұтымды болып табылады. Ғалымдардың тұжырымдарын өзара салыстыру, реферат, конспект, баяндама, жоба жұмыстарын т.б. дайындау және оны қорғау тәрізді тапсырмалар оқушының ізденушілік қабілетін дамытады. Оны өз бетімен жұмыс істеуге, өзіне -өзі сын көзбен қарауға дағдыландырады. Қазақ тіл білімінде жарық көрген жаңа жұмыстармен танысып, олардың ішінен өздеріне қажетті ақпаратты сұрыптап ала білуге үйретеді. Салыстыру әдісі – сабақ үрдісінде ең жиі қолданылатын тиімді әдістердің бірі. Тілдегі ұқсас құбылыстары салыстыру, олардың айырмашылығын тіл фактілеріне сүйене отырып дәлелдеу (күрделі сөзді сөз тіркесімен, атаулық тіркеспен, тұрақты тіркеспен, сөздердің салалас қатарларымен салыстыру немесе толымды және толымсыз сөйлемді салыстыру т.б.) оқушының білім қорын іс жүзінде қолдана білуіне, білімінің тиянақты болуына, өз бетімен шығармашылық ізденіс жасауына көмектеседі. 31


Қатысымдық әдіс сөйлесім әрекетінің барлық түрін жүзеге асыруға мүмкіндік тудырады. Қатысымдық әдіске негізделген тапсырмалар жұптық, топтық, ұжымдық формада іске асырылады. Қатысымдық жаттығулар мен тілдік жағдаяттар оқушыларды тілдік қатынаста өз ойын нақты, дәлелді, жүйелі, еркін түрде жеткізуді үйретуге және ой-өрісі мен тілдік қабілетін дамытуға бағытталады. Тілдік бірліктерді табу, анықтау, жасалу жолын түсіндіру, мәтінге прагматикалық талдау жасау, дисскурс т.б. тапсырмалар аясында танымдық әдіс іске асырылады. Тапсырма№1 Сүйікті ақындарыңыздың өмір жайындағы өлеңдеріндегі «өмір» концептісінің мәнін айқындаңыз. «Өмір» сөзі қандай сөйлем мүшесінің қызметін атқарып тұр? Сүйікті жазушыңыздың шығармасымен салыстырып, өз ойыңызды айтыңыз. Мұндай тапсырмалар оқушының рухани дүниесін байытып, жеке тұлға ретінде қалыптастыруға септігін тигізді. Оқушының бұрынғы алған білімін есіне түсіріп, жаңа ақпаратты өңдеуден, сұрыптаудан өткізіп, тиісті жағдаятта қолдануға итермелейді. Сонымен әдістер қазақ тілін оқытуда түпкі нәтижеге жетуге көмектесіп, оқушы құзыреттілігін қалыптастыруда тиімді болатыны дәлелдейді. Қатысымдық бірліктердің мәні және оларды оқыту, тілді меңгертуде оның қатысымдық, эстетикалық және кумулятивтік қызметін айқындау аса маңызды. Өйткені адамдардың бірбірімен түсінісуі белгілі тіл бірліктерінің ақпараттық қызметі негізінде жүзеге асады. Оқушының тілді меңгеру дәрежесі, игерген білік, білімі тілдік қарым-қатынас үстінде көрінеді. Сол себепті қарым-қатынастың қандай бірліктер арқылы жүзеге асатынын, қалай пайда болатындығын, қолданысын оқыту өте маңызды. Қазақ тіл білімінде қатысымдық бірліктер туралы мәселені айқындап берген – Ф.Ш.Оразбаева. Ғалым «жалпы фонема да, морфема да, сөз де, тіркес те, сөйлем де тілдің құрылымдық бөлшектері болып» табылатынын, «осы аталған тұлғалардың біреуі өз орнында тұрмаса немесе мүлде болмай қалса, тіл өз мақсатына жете» алмайтынын, «адамзат тілі өз қызметін атқару үшін әр бірліктің өзіндік маңызы» барлығын дәлелдеп, «қатысымдық бірлік тілдік бірліктерге қатысты болғанымен, онымен бірдей емес», – деп, тұжырымдайды . Қ.Жұбанов «сөз белгілі тәртіппен тізіліп барып, хабар болады, сөздер жеке-жеке жүреді, бірақ олар жекелік үшін жасалған емес, басқаға жанасым тауып, үйлесерлік болып жасалған. Өз басы атау болуға жаралған сөзді бүтін дейміз. Бүтін, әрине бөлшек емес. Сөйте тұра олар құрамды бөлшек болып барып, материал болып, тұтас ой туғызатындықтан, жеке сөздерді үйлесім табушылар тобының бір бөлшегі» деген болатын. Демек сөз дербес тұрғанда атауыштық қызмет атқарса, бір нәрсе жайлы хабар беру, қарым-қатынас құралы болу арқылы қатысымдық бірлікке айналады. Тапсырма №2 Шәкірт бала соңғы үш күнге барын салды (М.Ә.) сөйлеміңдегі әрбір сөздің қатысымдық қызметі берілетін хабардың тұтас мазмұнын ашуға ықпал етеді. Оған сөздердің лексикаграмматикалық жақтан үйлесім табуы, айтылатын ойға қатысты семантикалық жақтан іріктелуі ықпал етеді. Осыған орай, сөздерді қатысымдық бірлік ретінде тануға қызмет атқаратын деңгейлік тапсырмалар жүйеленді. Сөйлемнің прагматикалық әлеуеті сөзге қарағанда жоғары. К.Аханов: «Сөйлем ойды жеткізіп айтудың құралы болып саналады да, коммуникативті қызмет атқарады. ... сөз бен сөз тіркесі коммуникативті қызметті өздігінен, жеке дара күйінде емес, сөйлем арқылы, сөйлем құрамында қолданылуы арқылы атқара алады», – деп, сөйлемнің қатысымдық қызметін айқындап берді . Демек сөз де, сөз тіркесі де сөйлемдегі ойды жеткізудің құралы болып табылады. Ф.Ш.Оразбаеваның тұжырымы бойынша, сөйлем «тілдік қатынастың орындалуына тікелей себепкер болатын ең қажетті бірлік», ол «баяншының айтайын, жеткізейін деген ойын, хабарын қабылдаушыға түсінікті етіп қана қоймай, сонымен бірге оның /қабылдаушының/ қайыра жауап беруінің көзі, көрсеткіші».

32


Сөйлем мәтіндегі ойдың мазмұнын айқындайды. Себебі сөйлем мәтіннің мазмұнын құрайтын компонент болып табылады. Сөйлемнің құрылымы, мақсаты, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі т.б. мәтіндегі ойды жеткізуде ерекше рөлге ие болады. Қатысымдық бірліктер сөйлесім әрекетінің түрлері арқылы меңгертіледі. Сабақта Ф.Ш.Оразбаева, Г.Бейсенбекова, С.Нұрғали, Ф.Абдразақова, М.Жорақбаева, Р.Әбдісүлейменова т.б. әдіскерлердің сөйлесімнің түрлеріне байланысты жіктеулері қолданылады. Оқушыларға түрлі тапсырмалар беріледі: Ізденімдік оқылым. Жаттығудағы әр түрлі қатысымдық қызмет атқарып тұрған сөзді табыңыз. Тыңдалым. Сөйлемдегі тыныс белгілерінің ойды түсіну мен қабылдауда және дауыс ырғағында қандай рөл атқарып тұрғанын айтыңыз. Ақпараттық оқылым. Әрбір сөйлемнің қандай қатысымдық ақпарат беріп тұрғанын дәлелдеңіз. Жазылым. «Тәуелсіздік» тақырыбында қысқаша ойтолғау жазып, синтаксистік талдау жасаңыз. Кәсіби тілдесім. Сөйлемдегі етістіктің жасалу жолы туралы көршіңізбен ой бөлісіп, пікіріңізді дәлелдеңіз. Осылайша оқушыларға қатысымдық бірліктердің қызметін сөйлесім әрекетінің түрлері арқылы меңгерту тілдік заңдылықтарды терең игерулеріне септігін тигізеді. Қазақ тілін кредиттік жүйе бойынша қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытуды іске асырудың жүйесін мектепте оқушының білім, білік дағдыларын жетілдіру, шығармашылықпен ойлай білуге үйрету, ауызша және жазбаша сөйлеу тілін дамыту және құзыреттілігін қалыптастыру білім беру технологиялары арқылы іске асады. Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытуда іріктеліп алынған білім беру технологиялары қатысымдық тұрғыдан оқыту технологиялары, танымдық тұрғыдан оқыту технологиялары, қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту технологиялары болып шартты түрде сараланады. Тәжірибе барысында әр сабақта бір технология элементін пайдалану арқылы оқушы қызығушылығын тудырып, пәнді терең игертуге болады. Қатысымдық тұрғыдан оқыту технологиялары пәнді, тақырыпты, материалды меңгертуде оқушылардың сөйлеу тілін, оның қатысымға түсу қабілеті мен дағдыларын және қатысымдық құзыреттілікті т.б. жетілдіруді көздейді. Бұл топтарға: Ы.Алтынсариннің тілдік дағдыны жетілдіру технологиясы; М.Балақаевтың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру технологиясы; Ф.Ш.Оразбаеваның қатысымдық әдіс технологиясы; Н.Оразақынованың сатылай кешенді талдау технологиясы; Дебат технологиясы; Белл-Ланкастерлік жүйе жатқызылады. Мәселен, М.Балақаевтың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру технологиясы бойынша оқушылардың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру көзделеді. Аталған технология оқушылардың өзіндік пікірін, ойлы көзқарасын, ауызша және жазбаша түйіндеулер жасауын жетілдіруді және стилдің түрлерін ажырата білуді, әдеби тіл нормасын сақтап сөйлеуді үйретуді мақсат етеді. [17.58] Танымдық (когнитивтік) тұрғыдан оқыту технологияларына: А.Байтұрсыновтың танымдық-тағылымдық технологиясы; Қ.Жұбановтың дамыта оқыту технологиясы; В.Ф. Шаталовтың оқу материалдарының белгі және сызба үлгілері негізінде оқыту технологиялары кіреді. Бұл технологиялар оқушының танымдық деңгейін көтеруге, танымдық қабілеті мен танымдық құзыреттілігін дамытуға бағытталған. Мысалы, А.Байтұрсыновтың танымдық-тағылымдық технологиясы бойынша тілші ғалымдардың еңбектері бойынша пікір алмасу мен ой бөлісу, талдау сабақтары жүргізіледі. 33


Көрнекті тілші ғалымдардың синтаксис туралы еңбектері бойынша картотекалар жасалған. Олардың көтерген мәселелері жөнінде қысқаша аннотациялар жазылған. Оқушылар белгілі бір тақырып төңірегінде айтылған ғалымдардың пікірлерін салыстырып, олардың тіл білімін дамытуға қосқан үлестерін анықтауда. Қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту технологиялары тобына: М.Жұмабаевтың дара тұлғаны қалыптастыру технологиясын; Ж.Аймауытовтың пәнаралық байланыс арқылы ынталандыра оқыту технологиясы; М.Махмутовтың проблемалық оқыту технологияларын енгізген. Мысалы, М.Жұмабаевтың дара тұлғаны қалыптастыру технологиясында оқушының тұлғалық сапаларын қалыптастыруға, ойлау қабілетін дамытуға, шығармашылық деңгейі жоғары, белсенді тұлға қалыптастыруға, оқушылардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыруға, ой қабілетін және өз бетінше білім алуын жетілдіруге бағытталып, топтық, жұптық, ұжымдық жұмыстар түрінде іске асырылады. Бір-бірімен толықтырып, бір-бірінің жетпейтін тұстарын дамытып, жетілдіріп отыратын білім беру технологиялары оқушыны терең бiлiм алуға жетелеп, шығармашылық қабілетін дамытады. Әлем, табиғат, адам, топ, ұжым мен жолдастарына құндылық ретінде қарауға үйретіп, қарым-қатынас мәдениетіне бейімдейді. Өмiрдiң әр түрлi жағдайларында білімі мен білік, дағдысын, іскерлігін қолдана білуге көмектеседі. Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытуда қолданылған кешенді жұмыс түрлері оқушылардың тұлғалық және кәсіби мүмкіндіктерін жетілдіру, ақиқат дүниедегі құбылыстар мен үрдістердің арасындағы қатынастарды айқындау, диалектикалық ойлау қабілеттерін дамыту, ғылыми дүниетанымдық көзқарастары мен сенімдерін қалыптастыру, теориялық білімдерін практика жүзінде ұтымды қолдану мен сөйлеу дағдыларын жетілдіруге бағытталады. Қазақ тілінің салаларын меңгертуде жаттығулардың алатын орны айрықша. Қазіргі мектептерде қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытуда жаттығулар қатысымдық дағдыны қалыптастыру жаттығулары, танымдық дағдыны қалыптастыру жаттығулары және шығармашылық қабілетті жетілдіру жаттығулары түрінде беріліп келеді. Жұмыс барысында қатысымдық дағдыны қалыптастыру жаттығулары сөйлесім әрекетінің барлық түрлерін (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым, тілдесім) қамти отырып жүргізіледі. Жаттығудың бұл түрі оқушының кез келген тілдік ортада еркін пікір алмасуда қойылған сұрақтарға дұрыс жауап беру мен түрлі мазмұндағы тілдік жағдаяттарда білім, білік, дағдыларын қолдануды мақсат етеді. Сонымен бірге ойын жүйелі жеткізу, пікірін дәлелдеу мен тілдік жағдаятта оңтайлы шешім қабылдауды үйретуді міндеттейді. Тапсырмаларды сөйлесім әрекетінің түрлері арқылы ұсынуға болады. Тапсырма№3 Сөйлем беріліп, онда: Тыңдалым. Көршіңіздің оқуы бойынша мәтінді тыңдап, сөз тіркесінің синтагмасын анықтаңыз. Оқылым. Жаттығуды оқып, неологизм сөздерді табыңыз. Олардың жасалу жолын түсіндіріңіз. Айтылым. Сөз тіркесі арқылы беріліп тұрған шығыс әйелдеріне тән стереотипті тауып, пікіріңізді айтыңыз. Жазылым. Асты сызылған сөздер мен сөз тіркестерін басқа сөздермен ауыстырып, сөйлем құрастырып жазыңыз. Тілдесім. Сияқты еді, қызы еді, керек дейтін сөздер сөз табы бола ала ма? Ойыңызды дәлелдеп айтыңыз. Жаттығудың міндеті- түбір туралы алған білімдерін практикада қолдануға дағдыландыру. Жаттығудың нәтижесінде мәтінді тыңдау кезінде синтагмаға дұрыс бөлудің маңызын түсінеді. Ізденімдік оқылым арқылы қажетті ақпаратты дәл табуға жаттықтырады. Сөйлем 34


құрау арқылы басқа сөздерді қолдану кезінде сөйлемдегі айтылатын ойдың мағыналық жақтан өзгеріске ұшырайды. Сөздердің синонимдік қатарын ұтымды қолдануға жаттығады. Кәсіби бағдарлы тілдесім арқылы сөз тіркесінің анықтамасына сүйене отырып, өз пікірін дәлелдеуге дағдыланады. Қатысымдық дағдыны қалыптастыру жаттығулары өз ішінен диалогтік сөйлеу және монологтік сөйлеуге үйрететін жаттығулар болып бөлінеді. Тәжірибеде диалогтің уәжділік, когнитивтік және диалог-сұхбат түрлері пайдаланылады. Уәжділік диалогы оқушыны мотивация тудыру арқылы қатысымға түсуге жетелесе, когнитивтік диалогы қатысымға түсушінің белгілі бір көңіл-күйін тудыруға құрылады. Диалог-сұхбат қатысымға түсушіні сұхбат құруға жетелейді. Тапсырма№4 Оқушыларға дайын диалог беріліп, бірнеше тапсырма ұсынылады: 1. Диалогтағы ұлттық ерекшелікті түсіндіріңіз. 2. Сөйлемдердің жасалу жолына талдау жасаңыз. 3. Диалогтағы ойды негізге ала отырып, көршіңізбен диалог- сұхбат құрыңыз. 4. Тыныс белгілерінің қойылу себебін түсіндіріңіз. Мұндай пікір алысуды қазақ халқының өзіндік ерекшелігі, салт-дәстүрі, ұлттық болмысы жөнінде аялық білімі бар оқушы ғана құра алады. Сұхбат оқушылардың этнолингвистикалық білімін толықтырады, дүниетанымын кеңейтеді. Диалог арқылы оқушы сөйлеу мәдениетін игеріп, ойын жалғастыра алуға, әр түрлі тақырыптар төңірегінде пікір алмасуға төселеді. Монолог-баяндауда тілдің зерттелуі, ол туралы ғалымдардың пікірлері мен еңбектері т.б. баяндау түрінде іске асырылып, оны диалогтік талдауға жалғастыруға болады. Монолог-суреттеу белгілі бір ақпарат, дерек, тілдік фактілерді қарастыра отырып, баяндау арқылы қабылдаушының назарын нақты бір мәліметке аудару арқылы іске асыруға болады. Танымдық дағдыны қалыптастыру жаттығулары арқылы бүгінгі оқушыны ертеңгі білімді мұғалім, азамат ретінде қалыптастыра отырып, оның дүниетанымын кеңейту мақсаты қойылады. Тапсырма№5 Мәтін беріліп, сөз тіркестеріне жан-жақты талдау жасау тапсырылады. Танымдық қызметі. Ұлт зиялылары туралы танымдық білімдерін кеңейту. Әлеуметтік қызметі.Қазақ халқының өмірінде болған жағдайларға талдау жасай отырып, өзіндік пікірін қалыптастыру. Қатысымдық қызметі. Пән бойынша игерген білімі мен дағдысын қажет кезде қолдана білу. Дамытушылық қызметі. Мамандықтарына сай білімді игертіп, қызығушылықтарын оята отырып, өз халқының тарихын бағалауға тәрбиелеу. Оқушының ізденімпаздық, зерттеушілік, шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге, алған білімін өмірмен байланыстыруға және сөздер мен сөйлемдерді қисынды жұмсай алу шеберлігін дамытуға шығармашылық қабілетті жетілдіру жаттығулары ұсынылады. Шығармашылық жаттығуда мақсат жалпылама түрде беріледі. Оқушы оны өзі анықтайды, жаңа нәрсені табады, өз бетінше жаңа дүние әкеледі. Жаттығудың бұл түрі оқушы ізденімпаздыққа, жағдаятты өз беттерімен шешуге, мақсаттан шыға білуге дағдыландырады. Дүниетанымын кеңейтіп, жеке тұлғалық қасиетін дамытады. Тапсырма№6 Туынды сөздерді теріп жазып, сөйлем құрастырыңыз. Қарамен жазылған сөйлемдерді сөз құрамына қарай талдап, олардың байланысын сызба арқылы көрсетеңіз (ананың тілі Зат. 2 + зат. тәу.жал.ІІІ жағы ). Сызбаны пайдаланып, сөз тіркесін құрап, талдаңыз. Жаттығудың мазмұны бойынша әңгіме жазыңыз. Бір сөзді автор не үшін бірнеше рет қолданған? Шығармашылық қабілетті жетілдіру жаттығулары оқушының логикалық қабілетін дамытып, тілдік бірліктердің прагматикалық қызметін айқындауға жетелейді. Қазақ тілін мәтін арқылы қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту өзара логикалық байланысқа түскен тілдік бірліктердің мәні мен маңызын, қызметін айқындай отырып, 35


синтаксистік ұғымдарды меңгертуге бағытталады.Оқушыларға кәсіби-танымдық, академиялық және әлеуметтік мәтіндермен істелетін жұмыс түрлері беріледі. Мақсат: Кәсіби-танымдық мәтіндер арқылы оқушыларды педагогикалық біліммен қаруландыруды көздейді. Академиялық мәтіндер көмегімен қазақ тілінің салалары бойынша нақты, басты ақпаратты сұрыптап алу, оқығанын, түсінгенін ғылыми тілде баяндау, ғылыми пікірлерді салыстыру, талдау, ғалымдардың пікірлерін тұжырымдау т.б. жұмыстар атқарылады. Әлеуметтік мәтін бойынша атқарылған жұмыстар бірнеше тапсырманың аясында орындалады. Онда тақырып бойынша өтілген материалдармен жұмыс істеу көзделеді. Нәтижесінде оқушылар мәтінді талдау арқылы дәлелді сөйлеуге үйренеді. Мәтінмен жұмыс істеу арқылы керекті дәйектемелерді ала білуге, бейнелі оралымдарды анықтауға дағдыланады. Сонымен бірге білім беру жүйесінде айрықша рөлге ие оқушының өзіндік жұмысы жүйелі түрде ұйымдастырылуы. Оқушының өзіндік жұмысы (реферат, тезис жазу, конспектілеу, анықтама жазу, картотека жинау, сызбалар дайындау, кластер құру т.б.) әр түрлі формада берілуі тақырыпты терең және сапалы меңгеруге ықпал етіп, жоғары нәтиже көрсетеді. Қорыта келгенде, кешенді жұмыстар жүйесі оқушының қазақ тілі бойынша алған білімдерін нақты жағдайда қолдана білуге, олардың практикалық дағдыларын дамытуға көмектеседі. Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың тәжірибе (эксперимент) нәтижелеріне тоқталайық. Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту тәжірибесі (эксперименті) үш кезеңге бөлініп жүргізілді. Әр кезеңдегі істелетін жұмыстардың мақсатына мен іске асырылуына қарай ол қалыптастырушы, диагностикалық және қорытынды эксперимент болып аталды. 1.Қалыптастыру экспериментінің бастапқы кезеңінде қазақ тілін қатысымдықтанымдық тұрғыдан оқытуға мүмкіндік беретін бағыттар айқындалды. Жұмыс барысында білім беру технологиялары талданды. Қазақ тілінің типтік оқу бағдарламалары мен жұмыс бағдарламалары, негізгі оқулықтар мен оқу құралдары айқындалды. Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытуда жоғары нәтижеге жетуге көмектесетін ұстанымдар мен әдістер іріктеліп, тақырыпты меңгертудің әдістемелік жүйесін дайындауға әрекет жасалды. Қалыптастыру эксперименті кезінде қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытуда оқушылардың білімі мен білік, дағдыларын, құзыреттіліктерін жетілдірудің тиімді жолдарын сынақтан өткізіп, оларды ғылыми-әдістемелік тұрғыда дәйектеу мақсат етілді. Алдымен эксперимент топтары таңдалды, эксперименттің басталу және аяқталу мерзімдері белгіленді. Бұл кезеңде зерттеу жұмысының негізіне алынатын тұжырымдар, жетекші идеялар, бағыттар мен заңдылықтар белгіленді. Эксперимент барысында оқушылардың лингвистикалық, қатысымдық, танымдық, лингвомәдени және кәсіби қабілеттері мен құзыреттіліктерін дамыту бағытындағы әр түрлі жұмыстар жасалып, сынақтан өткізілді. 2.Диагностикалық эксперименттің бірінші кезеңінде ғылыми еңбектерді талдау негізінде зерттеудің басты бағыттары айқындалды. Оқушылардың қазақ тілі жөніндегі білім, білік, дағдыларын анықтау мақсатында тапсырмалар іріктелді. Қазақ тілін қатысымдықтанымдық тұрғыдан оқытуға арналған оқушының өзіндік жұмыс түрлері дайындалды. Екінші кезеңде оқушылардың қазақ тілі пәні бойынша алған білімдері тексерілді. Оқушылардан сауалнама және оқушы білімінің экспериментке дейінгі жайын анықтау мақсатында тапсырмалар алынып, тест арқылы білімдері анықталды. Диагностикалық эксперимент ағымдағы педагогикалық бақылауды қамтамасыз етіп, оқыту нәтижесін бақылауға септігін тигізді. Диагностикалық кезең оқушылардың қазіргі қазақ тілі салалары бойынша осы кезге дейін алған білім деңгейін анықтауға көмектесті. 36


Сараптау қорытындылары оқушылардың кейбір тақырыптарды жетік меңгермегендерін көрсетті. Теориялық білімдерін таразылау олардың үндестіктің түрлерін ажырата алмау, сөзжасамдық заңдылықтарды түсінбеу, сөз тіркесін өзіне ұқсас тұлғалардан ажырата білмеу, күрделенген жай сөйлемдерді құрмалас сөйлеммен шатастыру, мәтінге тілдік талдауды жүргізе алмау, тыныс белгілерінің қойылу себептерін жеткілікті меңгермеу т.б. мәселелерді терең игермегендерін байқатты. Практикалық тапсырмалар сөйлемнің ішінен сатылай кешенді талдауды мағыналық байланыс негізінде бөліп ала алмайтынын, байланысу тәсілдері мен формаларын шатастыратындарын, сөйлемді талдаудың жүйесін көпшілігінің дұрыс сақтамайтынын (өзі білетін талдау түрінен бастап, үзіп-үзіп талдау) көрсетті. Көп мағыналылықты омонимнен ажырата алмау, салалас пен сабақтастың түрлерін шатастыру тәрізді қателер байқалды. Ауызша тапсырмаларда оқушылардың өз ойын жүйелі жеткізе алмайтындары, қыстырма сөздерді көп қолданатыны анықталды. 3.Қорытынды экспериментте нәтижелер бір жүйеге түсіріліп, жинақталды, қорытындыланды. Мұнда бақылау және эксперимент топ оқушыларының қазіргі қазақ тілі бойынша алған білімдері мен білігіне сандық және сапалық талдау жасалды. Білім алушылардың лингвистикалық, қатысымдық және танымдық білімдері мен біліктіліктерін таразылау эксперимент нәтижесінің тиімділігін тексеретін тапсырмалар, ойбөліс, ойталқы және білім жетістіктерін тексеру тестері арқылы жүзеге асырылды. Оқушы білімінің деңгейін қорытындылау эксперимент нәтижесінің тиімділігін тексеретін тапсырмалар арқылы мүмкін болды. Сараптаудың нәтижесі бақылау тобындағы оқушылардың кейбір теориялық материалдарды толық меңгермегендігін байқатты. Қазақ тілінің жалпы сұрақтары бойынша түсініктері болғанмен, оның ғылыми жағын көпшілігінің терең игермегені аңғарылды, қазақ тілінің салалары бойынша терминдерді шатастыру кездесті. Эксперимент тобының білім алушылары тапсырмаларды сапалы орындауы арқылы теориялық білімдерінің тереңдігін байқатты. Тіл білімінің салаларын қамтып берілген тапсырмаларды жақсы орындап шықты. Тілдік талдаудың жүйесін еркін меңгергендерін көрсетті. Ойталқы, ойбөліс арқылы нәтижені айқындау оқушылардың қатысымдық дағдысы мен қабілетін, біліктілігін мен құзыреттілігін анықтау мақсатында қолданылды. Мысалы: Анықтамаларда ғалымдар мәселенің қандай белгісін негізге алған, дәлелдеңіздер. Сіз қандай анықтама берер едіңіз? Білім беру технологияларын қолданудың ұтымдылығы эксперимент топтағы оқушылардың өздерін еркін ұстауы, пікір алмасуы, пікір айтуы, тұжырым жасауынан көрінді. Ойталқы, ойбөліс тапсырмалары олардың теориялық білімді практикада қолдана білу дағдылары мен сөйлеу мәдениетін игеріп, ойларын дәлелді, жүйелі жеткізуге төселгенін, қатысымдық құзыреттіліктерінің қалыптасқанын көрсетті. Білім жетістіктерін тест тапсырмалары арқылы тексеруде таңдамалы, толықтыру, ашық, анықтау, балама, жабық тест түрлері пайдаланылды. Тест тапсырмаларының түрлендіріп берілуі оқушылардың белсенділігі мен қызығушылығын тудырды. Тест білім алушының білімі мен дағдысын тез, дәл шешуге мүмкіндік беретін әдіс болғандықтан, олардың білімін нақты бағалауға мүмкіндік берді. Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан игертудің білім алушылардың білімі мен дағдысын, қабілеті мен іскерлігін, біліктілігі мен құзыреттілігін жетілдірудегі рөлін айқындап берді. Оқушылардың психолингвистикалық ерекшеліктерін ескере отырып, тілді меңгертудің ұтымдылығын танытты. Қазақ тілінің салаларын қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту бойынша жүргізілген қорытынды эксперимент нәтижелері тілді қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ұтымдылығын жоғары нәтижеге жетуге мүмкіндік беретінін дәлелдеді. Бұл оқушының ойлауын, сөйлеу қабілетін т.б. дамытты. Оқыту ұстанымдары мен әдістер, білім беру технологиялары мен кешенді жұмыстардың сабақтастықта іске асырылуы қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың тиімділігін дәйектеп берді. 37


Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту оқушыларды жан-жақты дамытуға, білімнің сапасын арттыруға, оқушының танымы мен біліктілігін қатар жетілдіруге мүмкіндік беретіні дәлелденді. Тілдік бірліктерді танымдық тұрғыдан меңгерту оқушыны ұлттық құндылықтарды бағалауға үйретіп, сол арқылы олардың интеллектуалдық әлеуетін дамытатыны байқалды. Оқушының игерілген білім сапасын тексеру білім берудің нәтижесін қамтамасыз ететін оқушының қатысымдық, танымдық, лингвомәдени және әлеуметтік-тұлғалық құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту барысында оқушының танымдық және қатысымдық іс-әрекеттері өзара сабақтастықта, бірін-бірі толықтыра, логикалық жүйемен үздіксіз дамытылып отырылса; оқушының танымдық білімі мен сөйлеу мәдениетін жетілдіру ұтымды әдістер мен ұстанымдар негізінде жүргізілгені дұрыс. Сонда білім беру технологиялары мен кешенді жұмыс түрлерін бір-бірімен үйлестіре, сабақтастыра қолдану арқылы қазақ тілі қатысымдық-танымдық тұрғыдан меңгертіледі. Мектепте білім беру нәтижесі оқушының құзыреттілігін қылыптастыруға бағытталса, болашақ азамат ретіндегі оқушының кәсіби-танымдық білімі мен кәсіби-қатысымдық дағдыларын дамытудың мүмкіндігі кеңейіп, оқытудың нәтижелілігі мен тиімділігі арта түседі. Сол себепті қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту рухани өрісі кең, танымдық деңгейі мен кәсіби біліктілігі жоғары, тілдік қатынасты әлеуметтік-тұлғалық деңгейде еркін меңгерген білімді де білікті, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға жол ашады.

38


ҚОРЫТЫНДЫ Әлемдік білім кеңістігіндегі егемен елдің болашағы білімі жоғары, кейін еңбек нарығының қатаң талаптары жағдайында еңбек етуге қабiлеттi мамандарды даярлауды талап ететіндіктен, қазақ тілін оқыту оқушылардың тұлғалық қасиеттерін шыңдаумен байланысты. Қазақ тілінің салаларын оқытудың маңызы: біріншіден, тілдік бірліктердің қолданылу дәрежесін айқындайды; екіншіден, оқушылардың сөйлеу қабілеті мен дағдысын жетілдіреді; үшіншіден, тілдік бірліктерді қарым-қатынас құралы ретінде танытады. Сондықтан оқушыларды қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту екі бағыттың тұстастықта іске асырылуын қажет етеді. Нәтижелері қазақ тілін қатысымдық тұрғыдан оқыту оны басқа ғылым салаларымен байланыста игеруге, қатысымдық бірліктердің мәнін айқындауға, оның қазақ тілін оқытуда алатын орнын зерделеуге, алған білімдерін сөйлесім әрекеті арқылы іске асыруға көмектесетінін дәлелдеді. Ал қазақ тілін танымдық тұрғыдан оқыту оқушының танымдық әрекетін жетілдіреді және танымдық іскерлігін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін анықтады. Қазақ тіліндегі өзекті мәселелерді қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту барысында қатысымдық, антропоөзектілік, креативтілік, нәтижеге бағдарлай оқыту ұстанымдарын басшылыққа алу білім мазмұнын анықтауға мен оқушылардың тұлғалық ерекшелігін айқындауға мүмкіндік береді. Қорыта айтқанда, Ы.Алтынсариннің тілдік дағдыны жетілдіру технологиясы және М.Балақаевтың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру технологиясы, А. Байтұрсыновтың танымдық-тағылымдық технологиясы, Қ.Жұбановтың дамыта оқыту технологиясы, Ж.Аймауытовтың пәнаралық байланыс арқылы ынталандыра оқыту технологиясы және М.Жұмабаевтың дара тұлғаны қалыптастыру технологиясы сияқты технологиялар білім беру үрдісін жаңғыртуға, жаңа бағыттарын айқындауға жол ашады және білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастырады. Қазақ тілін білім беру технологиялары арқылы меңгерту білім алушының келешек мамандығына қажетті ақпараттарды ғылыми негізде дәйектеп, ізденуіне, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына, іскерліктері мен дағдыларын жетілдіруге бағытталғандықтан, жоғары көрсеткішке жеткізеді. Қазақ тілін қатысымдық тұрғыдан оқыту білім алушының пікір айту, ойлау, пайымдау қабілеттері мен эстетикалық сезімін жетілдіріп, тілдік қатынасты танымдық, қатысымдықақпараттық, эмотивтік, когнитивтік тұрғыдан меңгеруге жағдай тудырады. Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан меңгерту оқушының ойлау мен сөйлеу қабілеттерін арттырып, оқу үдерісінің белсенді субъектісі ретінде өздігінен әрекет етуге жетелейді. Жүргізілген кешенді жұмыстар жүйесі оқушының ой-өрісін кеңейтуге, қатысымдық білігін жетілдіруге, қазақ тілін терең игеруге мүмкіндік жасайды. Сөйтіп, оқушының коммуникацияның барлық түрін ұтымды қолдана білуіне, қатысымға қажетті сөйлесім мәдениетін жетілдіруге, т.б. дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Оқушының кәсіби-қатысымдық, кәсіби-танымдық және кәсіби-бағдарлық қабілеттерін дамытуға бағытталған әдістемелік жүйе қазақ тілін оқытудың арнайы ұстанымдары негізінде жүзеге асырылғанда оң нәтиже беретіні көрінді. Білімнің нәтижеге айналуы – оқытудың түпкі межесі. Қазақ тілін танымдық-қатысымдық тұрғыдан оқытудың үлгісі күтілетін білім нәтижелерін айқындайтын құзыреттіліктер деңгейінде көрінеді. Оқушы қатысымдық, танымдық, лингвомәдени, әлеуметтік-тұлғалық құзыреттіліктерді игеру нәтижесінде бәсекелестікке қабілетті азамат бола алады.

39


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 1. Қазақстан Республикасындағы жалпы орта білім беру тұжырымдамасы. Астана, 2006. 2. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Астана, 2010. 3. Ахмет Байтұрсынов. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 21-142 бб. 4. Балақаев М. Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту. – Алматы: Мектеп, 1989. – 4 -68 75 б. 5. Оразақынова О. Сатылай комплексті талдау (сөзжасам, морфология). – Алматы, 2001. 6. Қазақстан Республикасында 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы. – Алматы, 2004. – 5 б. 7. Қазақстан Республикасы білім беру мемлекеттік стандартының тұжырымдамасы. – Алматы, 2004. 8. Манкееева Ж.А. Қ.Жұбановтың ғылыми мұраларының академиялық танымы хақында //«Жұбанов тағылымы»: VI халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Ақтөбе, 2005. – 90-93 бб. 9. Оразалиева Э. Когнитивтік лингвистика: қалыптасуы мен дамуы. – Алматы: Ан Арыс, 2006. – 201-264 бб. 10. Г.Қасымова. Шешендік өнердің негіздері. – Алматы: Баянжүрек, 2007.– 201 б. 11. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы:Print-S, 2005.– 170 б. (Ф.Ш.Оразбаевамен бірге). 12. Қазақ грамматикасы. - Астана, - 2003. 13. Манкеева М. Ұлт тұғыры – тілде // «Этнос және тіл»: Академик Ә.Қайдардың 85 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы, 2009. –15-19 бб. 14. Ә. Әлметова. Сұхбаттасу мәдениеті. – Алматы: Толағай, 2007. – 131-178-191 бб. 15. Сөз тіркесі синтаксисі және оны оқыту әдістемесі. – Алматы: Абай атындағы АМУ, 2003. – 131 б. 16. Құрманова Н., Мухлис К. Текст теориясы және тексті талдау әдістемесі.-Алматы, Абай атындағы АлМУ, 2000. 17. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. -Алматы, 2000.

40


МАЗМҰНЫ КІРІСПЕ ............................................................................................................................................3 І ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАТЫСЫМДЫҚ-ТАНЫМДЫҚ ТҰРҒЫДАН ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ............................................................................4 1.1 Қазақ тілін қатысымдық-танымдық(когнитивтік) тұрғыдан оқытудың теориялық мәселесінің зерттелуіне қысқаша шолу ................................................. 5 1.2 Қазақ тілін оқытудағы тілдік қатынас пен танымдық (когнитивтік) лингвистиканың арақатынасы............................................... ........................................................11 ІІ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДА ОҚУШЫЛАРДЫ ҚАТЫСЫМДЫҚ-ТАНЫМДЫҚ ТҰРҒЫДАН ҚАЛЫПТАСТЫРУ .................................15 2.1 Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ғылыми-методологиялық негіздері ...............................................................................................16 2.2 Оқушыларды қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытуды іске асыру және дамыту ................................................................................................26 ҚОРЫТЫНДЫ ..............................................................................................................................39 ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ .........................................................................40

41


ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДА ОҚУШЫЛАРДЫ ҚАТЫСЫМДЫҚ-ТАНЫМДЫҚ (КОГНИТИВТІК) ТҰРҒЫДАН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛ

Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты баспаханасында шығарылған ____________________________________________ Басуға 23.10.2015 жылы қол қойылған Пішімі 60х90 1/16; Есепті беті 2,6


Issuu converts static files into: digital portfolios, online yearbooks, online catalogs, digital photo albums and more. Sign up and create your flipbook.