Айтыс ақындары шығармаларындағы ұлттық құндылықтар көрінісі

Page 1

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ «ӨРЛЕУ» БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ ФИЛИАЛЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ ИНСТИТУТЫ

ЖАПАРОВА Ә.Ә.

АЙТЫС АҚЫНДАРЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР КӨРІНІСІ ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛ

Тараз, 2015


ӘОЖ 801.81 (574) КБЖ 82 (5 каз) Ж 30 ISBN 978-601-7825-16-4 Пікір берушілер: Тойганбекова Ш.М. – «Өрлеу» АҚ БАҰО Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ «Инновациялық технологиялар және жаратылыстану (гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к. қауым.проф. Пертаева Э.К. –Тараз инновациялық гуманитарлық университеті, ф.ғ.к. доцент «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыратын институтының Сараптау Кеңесі отырысының шешімімен баспаға ұсынылған (Хаттама №10, 20.11.2015ж.) Ж 30 Жапарова Ә.Ә. Айтыс ақындары шығармаларындағы құндылықтар көрінісі: әдістемелік құрал, Тараз, 2015 – 62 б.

ұлттық

Бұл әдістемелік құралда айтыстың негізгі сипатын, түйінін, өмір шындығын көрсете білу жолдары келтірілген. Қазақ халқының төл өнері айтысты насихаттау, өзіндік ерекшеліктерін көрсету мүмкіндіктері мен айтыс ақындарының ұлттық идеясын, сөз саптау өзгешеліктеріне ғылыми көзқарас қалыптастыруға бағытталған. Әдістемелік құрал білім беру жүйесінің қызметкерлеріне, біліктілікті арттыру иститутының оқытушыларына, жалпы педагогтерге, жоғарғы сынып оқушыларына арналады. ӘОЖ 801.81 (574) КБЖ 82 (5 каз) Ж 30 ISBN 978-601-7825-16-4

© Жапарова Ә.Ә., 2015ж.


КІРІСПЕ Айтыс — ауыз әдебиетінд е ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы. Айтыс — синкреттік жанр, ол тұрмыс-салт жырларынан бастау алып, келекеле ақындар айтысына ұласқан. Айтыста осыған орай лирикалық, эпикалық, драмалық сипаттар мол ұшырасады. Сол арқылы бұл жанр ауыз әдебиетінің өзге түрлерімен қанаттаса дамып, бір-біріне елеулі әсер-ықпал жасап отырған. Батыр және лиро-эпос жырларына да әсерін тигізіп, өзі де арнасы кең мол салаға айналған. Айтыс — әдебиет жанры болғанымен ертеден қалыптасқан халықтық дәстүрдің үлкен түрі. Ойын, той, ас, қыз ұзату, келін түсіру сияқты қазақ тойлары жүйрік ат, білекті палуандармен бірге айтыс ақындары да қатысып, олар айтыс арқылы той қызығы мен мәртебесін көтере түскен. Әрине мұндай жерде айтыстардың өз мақсаты, талабы, шарты бар. Көшпелі елдің қызыққуанышын бөлісіп келген айтыс халқымыздың сан алуан ойын-той, әр түрлі дәстүрлі думандарда қуана қызықтайтын театры іспеттес болған. Жұрт көпшілік алдында сөз сайысына түскен екі ақынның жеңіске жету жолындағы тапқырлықтары мен алғырлықтарына куә болып, солардың біреуінің намысын жыртып, тілеуін тілейтін жанкүйеріне айналады. Бұған айтыстың сауықшылдық, эстетикалық ләззат беретін сипаттары да айтарлықтай қызмет атқарады. «Аттың жалы, түйенің қомында» дегендей көп дайындықты керек етпейтін айтыс кез-келген жерде өте береді де, мұның тыңдаушысы да, бағасын беріп төрелік айтушысы да халық немесе қадірлі ел ақсақалдары болады. Айтыстың дәстүрлі өнерге айналуына көшпелі өмір салты тікелей әсер еткені байқалады. Көшпелі елде шілдехана, ойын-тойға ерекше мән беріліп, қонақ кәдеден бастап, кішігірім ауыл айтыстары да өтіп отырған. Бұлар ертеңгі көрнекті айтысқа бастайтын дайындық тәрізді бүкілхалықтық сипат алған. Арқалы айтыс ақындары бірін-бірі іздеп келіп айтысатын дәстүрге жалғасты. Бір де бір үлкен жиын, ас-той ақындар айтысынсыз өтпейтін болды. Бұл дәстүр айтыстың сан алуан мазмұнды, мол ауқымды жанрға ұласуына қолайлы жағдай жасады. Айтыс ақындары Қазақ қоғамында ақынның ақын болып танылуы да тек айтыс арқылы жүзеге асқан. Көбіне-көп айтыста жеңілген ақын өткен айтысты ел арасына таратуға міндетті саналған. Сөйтіп, бір-біріне логикалық ой-жүйемен терең жымдасқан екі ақынның өлеңдері біртұтас дүниеге, қисса, дастан секілді желілі шығармаға айналған. Айтыс ақындарының ұғымында өлең белгілі бір кісіге қонатын өнер саналған. Кемпірбай, Базар, Бұдабай, Бақтыбай, Сүйінбай, Жамбыл тәрізді ақындар өлеңнің «киесі бар, иесі бар» деп білген. Мысалы, 3


Бұдабай, Бақтыбай, Жанақ ақындар түсінде бір ақсақалды әулиенің «өлең аласың ба, көген аласың ба?» деген таңдатуынан соң, өздерінің өлеңді қалағандарын айтады. Бұл табиғатынан осы өнер түріне бейім жаратылған ақындардың ой-қиялының жемісі болуы да ғажап емес. Өнер жарысы Айтыс – ақынның талантын шыңдайтын үлкен өнер жарысы. Өткен ғасырда Жанақ, Сабырбай, Шөже, Сүйінбай сияқты ғажайып айтыс ақындары болған. Бұл үлкен дәстүрді қазір Әсия, Әселхан, Қонысбай, Баянғали, Әлфия, Абаш, Мұхамеджан сияқты айтыс ақындары жалғастырып келе жатыр. Әдістемелік құралда қазақ халқының айтыс өнері туралы айтылады. Екі бөлімнен және бөлімшелерден тұрады. Әр бөлімде айтыс өнерінің шығу және қалыптасу тарихы, салыстырмалы – аналитикалық деректер келтірілген.

4


I.ҚАЗАҚ АЙТЫСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ 1.1. Айтыс өлеңдері, формалары мен педагогикалық танымы Осы зерттеу жұмысымда қазақ халқының халықтық дәстүрінде сақталып келе жатқан ақындық сөз сайысы – айтыс өнерін мектеп оқушыларына қалай жеткізудің тиімді әдістерін түсіну мен түйсіну жолдарын қарастырдым. Сол арқылы оқушының асқақ сезімін оятып, халықтық дәстүр арқылы тәрбиеге баулимыз. Оқушыларға қазақтың ақындық, күйшілік тұрмыс-салт дәстүрлерін тереңірек оқытуды қамтамасыз ететін ғылыми-педагогикалық ізденістер жасау басты мақсатымыз болып табылады. Оқушылардың ақындық айтыс өнеріне деген түсінігін молайту. Өнерге деген қызығушылығын арттыру арқылы олардың ұлттық танымын арттырудың педагогикалық жолдары көрсетіледі. Айтыс өлеңдері – қазақ ауыз әдебиетіндегі ең мол жанрдың бірі. «Айтыс» деген атауы – айтысу, тартысу, дауласу немесе жарысу, сынасу мағынасында қолданылады. Бұрын үлкенді-кішілі кезінде шешендер айтысы болған. Ақындар айтысы өлеңмен айтыс. Анығында өлең жарысы, өнер жарысы есебінде қолданылады. Ақындар айтысы – көпшілік алдында, тыңдаушы, сыншы жұрттың көз алдында туып, орындалады. Әнменен немесе әр ақынның арнаулы сарынымен домбырамен немесе т.б. музыкалық аспаппен айтылады. Ақындардың осылай кезектесіп, жауаптасатын суырып салма өлеңдері, екі жақты айтыс болады. Мұнда тыңдаушы жұрт құр естіп қана қоюшы емес, ол бір жағынан айтысушылардың сөздерін сынаушы, қорытушы болып отырады. Ақындардың бірі жеңіп, бірінің жеңілгеніне төрелік айтушы да сол жиынның өзі болады. Жарысқа түсуші ақындар тапқырлықпен, өнерпаздықпен кезек шабуыл жасап қақтығысулары арқылы тыңдаушыларын әр алуан дәрежеде қызықтырып, еліктіріп, неше түрлі құбылыс күйлерге салып отырады. Қазақ ауыз әдебиетінде айтыс жанры есте жоқ ескі заманнан бері қарай созылып келген. Халық сүйген жанр болғандықтан, бұл жанр Қазақстанда кең өріс алып, мол жайылумен келді. Ең ескі айтыс түрлері қазақ фольклорында топ-топ болып, өзінше хормен айтылатын ескі салт өлеңдерінен басталып, содан бері келе жеке ақындар айтысына өрістеп, ауысқан тәрізді. Мезгілінде жазылып қалмағандықтан қазір біз XVI – XVII –XVIII ғасырлардың ақындар айтысын білмейміз, деректер жоқ. Бірақ сол ғасырларда да айтыстың мол болуы даусыз. Жалпы бұл жанр жөнінде келешекте болатын көлемді, арнаулы зерттеулерде сол ескі дәуірлердегі айтыс ақындарының болсын және бергі белгілі, азды-көпті дерек бар, аттары анықталған, сақталған айтыс жанрлары бар ақындар жөнінде болсын істелетін ғылымдық үлкен істер бар. Ол, сол ақындардың өмірбаяны және қолдан келгенде, барлық айтыстардың туған жылдарын, орындарын, жағдайларын түгел мәлім ететін материалдар жиналып, 5


жариялануы шарт. Содан айтыс жанрының көп қазынасы зерттеуші үшін мол материал толық құралған болады. XVIII ғасырдың соңғы жарымынан бастап, ХІХ-ХХ ғасырдағы айтыстар және кеңес дәуіріндегі айтыстар жазылып алынған түрлерінің, үлгілері өздеріне қарағанда да қазақ фольклорының мол саласының бірі осы жанр екендігін танытады. Шынында Жанақ, Сүйінбай, Көже, Түбек, Майкөт, Қабан, Құлмамбет, Жамбыл сияқты талай елдерге атақтары жайылған ақындарды алсақ, солардың өмір бойы қолданған негізгі ақындық жанр көбінесе айтыс екені білеміз. Бұлар ұзақ өмір жасаған ақындар болуымен қатар, барлығы да айтысқа ерте араласып, 15-16 жастарынан ақындық өнерлерін бастайды. Олардың ел жадында сақталып қалған ірі айтыстарынан басқа, әрбір қынаменде, ойын-сауық, айт пен тойда, ас мерекеде, тұстас ақынмен жас-желең, қыз-келіншектермен қақтығысып айтысқан үлкенді-кішілі, әзіл-күлкілі айтыстарында сан жоқ. Сол айтыстардың бәрінде шын ақындар бірінің айтқанын қайталаған емес. Айтысқа түскен суырып салма ақын тегінде өлең таба алмағандықтан немесе ұйқас таба алмағандықтан жеңілмейді. Жеңілгенде ұтысты дәлелден атсырап, жүйеге жығылып, дау сөзінің логикалық жағынан ұтылып барып жеңіледі. Жеңуші жақ өзінің қарсы ақынына, бет бұруға, жалтаруға ерік бермей, өмірлік логикалық бір шындықтар табады. Дәлелдермен тұсап, тұқыртып буып тастайды. Ондай өмір шындығы дауласуға келтірмейтін, айқын, мықты дәлелдер құр шешендікпен, құр ұйқас сөздермен айтқанмен әлсіремейді, мұқамайды. Сондықтан көлденең тыңдаушы-сыншы жұрт та, жол білетін ақын өзі де, бұл тартыста жеңілгендікті айқын ұғынып, еріксіз тоқтайтын болады. Айтыс жанрын өз ерекшеліктерімен талдауда бұл жай да айрықша ескеріп өтетін, негізгі мәселенің бірі. Айтыс – ғасырлар бойы еліміздің әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен, өмірімен біте қайнасып бірге жасап келе жатқан аса бай, төл жанр. Одан халқымыздың өмірге деген көзқарасы, танымы мен ойлау жүйесі, көркемдік талап-талғамы аңғарылады. Ол өзінің «Аттың жалы, атанның қомында» туған табиғи болмыс бітімімен ертеден-ақ ел тұрмысына етене араласып, сіңісті болып келген өнер. Айтысты қолма-қол тудырушы суырып салма ақындарды халық әр кез зор ілтипатпен қарсы алып, олардың әсерлі өлең, тартысты жырларының құдіретті де сиқырлы күшіне әулиедей сенетін болған. Айтысқа жиналған жұртшылық көптен күткен думанды мерекеге келгендей екі дай болып бөлініп, белгілі бір ұнатқан ақынның жеңіске жетуіне іштей тілеулес ниетте отырады. Сондағы әрбір тауып айтылған аталы сөз, ұтқыр жауаптарға олар ризашылық сезіммен қарап, өз ықылас, ынтасын білдіруге де ерікті. Мұндай ырықтан тыс әсер сезім көріністері айтыс тағдырын шешіп кететін кездері де бар. Осындай халық жүрегіне ертеден ұялаған айтыс өлеңдері өзінің өміршең және көпшілдік, 6


көркемдік сипаттарымен әдебиетіміздегі тартымды да аса бай салаға айналған. Сол себепті академик-жазушымыз М.Әуезов осы аталған жанрдың мән-маңызы жөнінде: «Ауызша әдебиет ішінде айтыстан көп кездесетін өлең жоқ... Бұл өлеңдер өте көп, көптігі жұрттың бәріне мәлім... Бұдан айтыс сөз қазақ ескілігінде өте жанды, өте қызулы, бағалы сөз болғанында дау жоқ» деп, оның халық өміріндегі орнын аса жоғары бағалағаны мәлім. Айтыс ең алғаш тұрмыс-салт жырлары – «Жар-жар» мен «Бәдік» өлеңдерінен бастау алып, өз дамуында сан қилы асу кезеңдерден өтіп кемелдене жетілді. Оның бастапқы үлгілері көпке ортақ, алғашқы жолдары екі жаққа бірдей жаттанды өлеңдерден тұрса, кейін өз жанынан шығарып айтатын суырып салмалық қасиетке ие болып отырды. Осы жырлар әуелде әртүрлі әдет-ғұрып, салт-дәстүрді орындау талаптарынан туған болса, келе-келе осы негізде таластартысы мол, қызуқанды жаңа түр – айтыс жанры туып қалыптасты. Ол ғасырлар бойғы өз дамуында қайымдасудың сан-алуан сатысынан өтіп, келелі де кесек ақындар айтысына келіп ұласты. Зерделей қарасақ, бұлардың айтыс табиғатына тән белгі-сипаттары мол. Мұның екеуінде де қырғи-қабақ, бітіспес бәсеке, аңдысу арқылы жеңуге деген құлшыныс пен дәлелге, аталы уәжге тоқталып, жеңілгенін ашып мойындаудың дәстүрлі кейбір көріністері бар. Осы жайттар айтыстың көшпелі түрік тектес елдерде ерте замандардан-ақ ірге теуіп, ел өмірінің әр саласын зерделеп, бейнелеп келгенін аңғартады. Қазақ халық әдебиетіндегі айтыс дәстүрінің туып, қалыптасу тәжірибесіне зер салсақ, біздегі осындай туындылардың айтыс жанрының әбден кемеліне келген тұста ерекше қарқынмен дамығанын көрсетеді. Бұған қарағанда, айтыс өнері осы шығармалар туған заманда да, одан бұрынғы кезеңдерде де ел өмірінен кең орын алғанға ұқсайды. Бұл пікірдің дұрыстығын Қытай елі деректері де құптап мақұлдайды. Шыңжандық қазақ тарихшысы Н. Мыңжани «Қазақтың көне тарихы» атты еңбегінде Қытайдың Тайпин Хиуаниуйжи» топтамасының «Түрік шежіресі» атты тарауындағы деректерге сүйеніп: «түріктер бие сүтінен жасалған қымызды ішіп қызып алған соң, ән шырғап бір-бірімен өлең айтысады... күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан біздегі ақындар айтысының мұнан мың жылдар бұрынғы Батыс түрік қағандығы дәуірінен бері келе жатқан дағдылы дәстүр екенін байқаймыз деп жазады. Айтыс жанрының табиғи белгі-сипаттарын ашып саралағанда, оның ел дәстүрі мен соның кәсіп тіршілігіне, таным түсінігіне тікелей байланысты көрініс табатынын академик-ғалым М.О. Әуезов тап басып танып, ғылыми байсалдылықпен дәлелдеп берген еді. Ол кісі осыған орай: «Халық әдебиетінің өркендеп дәуірлеген шағы – халықтың шаруасы күйлі, үдере көшіп ен жайлап, сауық-сайран, мереке-қызықпен күнелткен көшпелі тұрмыста болған 7


шақтарында болды. Егер халық көшпелі тұрмыстан қалып, отырықшы тұрмысқа айналса, отырықшы халықтың кәсібіне кіріп, еңбекпен күнелтіп, бос жүретін іссіздікті тастаса, бұрынғы ойын-той, сауық-сайран сиреп жоғала бастайды» - деп жазған еді. Мұндай басалқалы да ойлы пікірлерді кезінде ұлы ғалымымыз Шоқан да, күні кешегі ірі жазушымыз Сәкен де айтқан болатын. Ұлы Шоқанның: «Ашық аспан, кең сахарада туған қазақ ешқандай қосалқы оқу-білімсіз-ақ табиғат мәпелеуімен өсіп жетіледі. Осыған қарамастан қазақ халқының жазылмай буыннан буынға тек ауызекі тарайтын бірден бір тіл мұрасы: өз поэзиясы мен әдебиеттері бар... Қазақтың жалпы ауызекі жырлары тікелей дала көріністері мен жүйрік ат, сұлу қыз әсерінен туған, сондықтан қазақ үнемі осылардың төңірегінен айналшықтап кетпейді» - деп көрсетуі де жоғарыдағы ойымызды дәлелдейді. Айтыс өзінің мазмұны мен сипаты жағынан тұрмыс-салт жырларымен терең үндесіп астасып отырады. Ол біздегі эпикалық, лиро-эпикалық жырларға түр беріп көркейтумен қатар, өзі де олардағы эпикалық әуенді бойына сіңіре білген. Сөйтіп өзге жанрларға елеулі ықпал әсер етіп келген айтыс өнері өзінің сол синкреттік сипаттары арқылы олармен ғасырлар бойы иық тіресе қатар дамып келеді. Айтыс түйіні – шындық. Қандай жүйрік, тапқыр да алғыр ақын болса да, бетпе-бет бәсекеде айтылған шындықтан жалтарып кете алмаған. Айтыс өлеңдерін жинап бастыруда, ол туралы салиқалы пікір айтушылардың алғашқы сапында Шоқан, Радлов, Ыбырай секілді зерттеушілер тұрды. Шоқан айтыстың саяси-әлеуметтік мәніне, сын мен мадаққа құрылатынына мән берсе, Радлов айтысты «қайым өлең деп жіктеп, халқымыздың ақынжанды, тапқыралғырлығына, шешендігіне таң қала сипаттайды. Ыбырай айтыстың көркем үлгілерін өзі құрастырған хрестоматияға енгізіп, оның тәрбиелік мәніне зер салады. Айтыстың кең жиналып том-том күйінде жинақ болып басылуы Кеңес үкіметі кезінде іске асқаны мәлім. Осы игілікті істі ұйымдастырып насихаттауға М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мұрындық болды. 1960 жылдардың бел ортасында Институт айтыс өлеңдерінің үш томдық жинағын жариялап, жүйелеп жіктеді, ғылыми түсініктер берді. Осы томдардың екі кітабы дәстүрлі айтысқа арналса, соңғы томы 1920-1957 жылдар арасындағы айтыс өлеңдерін қамтыды. 1970 жылдардан бастап Институт бұл жанрды түбегейлі зерттеуді қолға алып, жоспарға енгізді. Соның нәтижесінде айтыс жанрының табиғатын ашатын «Айтыстың даму жолдары» атты 10 баспа табақтық монографиялық еңбек жарық көрді. Зерттеу, жариялау жұмысының жалғасуы арқасында 1988 жылы осы институт қызметкерлері айтыстың бұрын 8


баспа көрмеген үш томын дайындап баспаға берді. Аталған Институт бұл жұмысты әлі күнге дейін жалғастырып келеді. Аса көрнекті ғалым Ахмет Байтұрсыновтың осы бағыттағы зерттеулерінде бұл жанрдың жазба әдебиетке ұласу жолдарына, яғни «алаңдық айтыс-тартысқа» ауысуына мүмкіндігі ерекше мол екеніне ерекше мән берген. Ахаң осы мәселеде: «Сөз өнерінің бұл түрі Европа тілінде тек «айтыс» мағынада емес, «айтыс-тартыс, арпалыс» мағынада ұғылады. Біздің қазақ европа әдебиетінен үлгі алмай, әдебиетін өз бетімен жетілдіргенде, қазақтың айтыс өлеңдері алаңға түсе-түсе барып, алаң айнасына айналып, айтыс-тартыс түрге түсетіні даусыз еді. Үлгіні өзге жұрттан алғандықтан, алаң әдебиеті бізде төтеннен шығып қалды» - деп жазған. Автор айтыс өлеңдерінің өзіндік белгі ерекшеліктері мен қайталанбас жанрлық сипатын сөз еткенде де, оның қара сөздегі әзілді сөз, ерегіспен байланыс бірлігін араластыра отырып, қазақтағы айтыстың тек өлеңмен ғана айтылатынына зер салды. Айтыс өлеңдерінің шығу тегі мен оның жанрлық ерекшеліктерін ашып белгілеуде академик жазушыларымыз М.Әуезов пен С.Мұқановтың еңбектері аса зор. М.Әуезов айтыстың тұрмыс-салт жырларынан бастау алып жеке жанр болып қалыптасуына мән беріп, оның тартысты, қызуқанды драмалық белгілеріне зер салса, С.Мұқанов айтысты халық өміріндегі орны мен мәніне, көркемдік сипаттарына қарай талдап бағалайды. Бұл зерттеулерде біздегі айтыстың өзге елдердегі үлгілері мен ұқсастықтары да сараланып аталған жанрдың өзге де қайталанбас белгі сипаттарын талдау арқылы оның көшпелі өмірге байланысты суырып салма дәстүрі үлгісінде бізде биік белеске көтерілгенін ашуға зер салады. Негізінен айтыс туралы зерттеулерде айтыс жанрын жіктеп бөлуге де, жіктеп талдауға да елеулі орын берілген. Жіктеулері өзара үндес, ұқсас. Белгілі ғалым Қ.Жұмалиев те осыған ұқсас жіктеулер жасап, мысал іспеттес айтыстардың мәнін аша түсуге талаптанады. Ал, зерттеуші Б.Кенжебаев ірі де көркем айтыстарды өлеңмен жазылған роман деп бағаласа, Е.Ысмайылов кесек те келелі айтыстарды сюжетті роман деп бағалаған. Сондай-ақ М.Қаратаев, М.Дүйсенов, Р.Бердібай, Ә.Дербісалин, С.Қасқабасов, Н.Төреқұлов зерттеулерінде айтыс жанрының жаңа бір қырлары сөз болып байыпталады. Бұлардан өзгешелеу пікір айтқан зерттеуші Е.Тұрсынов айтыстың арғы шығу тегін көне дәуірдегі құдалық тұсында болатын әзіл-сықақ, жұмбақ айтысу рәсімдерімен байланыстырады: «Этнографиялық материалдарға қарағанда, ақындық айтыс өлең түріндегі айтыс болып бірден қалыптаспаған. Ақындық айтыстың өте қызықты, ұзақ тарихы бар. Құдалар айтысының қыз бен жігіт айтысымен түп-тамыры бір... Бұл екеуінің түп-тамыры қыз алысып, қыз берісу қатынастары бар рулардың адамдары арасындағы сөз жарыстыру салтында жатыр» - деп жазды. 9


Сонымен, айтыстың табиғи белгі-сипаттарын жинақтай келіп, оның мазмұндық жағынан төмендегіше жіктелетінін көреміз: 1. Әдет- ғұрып айтысы: а) «Жар-жар», б) «Бәдік» 2. Қыз бен жігіт айтыстары 3. Қақтығысулар 4. Ақындар айтысы: а) Ру айтысы, б) Дін айтысы, в) Жұмбақ айтысы, г) Жазба айтыстар. Айтыстарда талай жүйрік дүл-дүл ақындар өзінің білгір тапқырлығымен, шешендігімен суырылып шығып көзге түсті. Әрине, жаңа өмірдің талап-талғамы, міндет-мақсатына орай ақындарда бір сәт тосырқау да болмай қалған жоқ. Мұның ақыры алдын ала айтысушыларын біліп алып, онымен жазып айтысу әдеті пайда болды. Тіпті газетте жариялап, соны теледидардан оқып беру кең өріс алды. Бұл – айтысты дамытатын үрдіс емес, керісінше қалыпты дәстүрге жат бағыт берді. Осыған орай айтыстың қайта жандануына күдік білдірушілер саны көбейе түсті. Сол себепті М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Е.Ысмаилов секілді кісілер 1961 жылы Қазақстан академиясы Әдебиет және өнер Институтының ұйымдастыруымен өткен айтысқа дәстүрлі суырып салма сипатына оралуға кеңес берді. Айтыс алғаш рет туған өз арнасына түсіп жаңа бағыт алды. Осыдан бастап кейінгі айтыс ақындарының жаңа легі өмірге келді. Бұл тұста, Манап, Әсімхан, Әбікен, Қалихан, Шолпан, Әселхан, Қонысбай, Надежда секілді ақындар көзге түссе, кейіннен мұзаррап, Кенен, Болман, Есдәулет, Көшен, Ғайып, Ілияс, Қайып, Шашубай секілді жүйріктер халық құрметіне бөленді. Ал, тәуелсіздік жылдардағы айтыста Мэлс, Мұхаметжан, Бекарыс, Айнұр, Әбілхайыр, Ақмарал, Аманжол т.б. мәдениетті де білімді майталман ақындардың жұлдызы жанып, аты әйгіленді. Бүгінгі айтыс түрлі кезең, асулардан өтіп кемелденіп келеді. Мұның ұйымдастырушысы Жүрсін Ерманның еңбегі қай тұрғыдан алсақ та құптауға тұрарлық. Айтыс секілді халық бойындағы құдай берген телегей теңіз дарынды қадірлеп, оған арналып алқалы мәжілісті ұйымдастырулар өтіп жатыр. 1.2. Қазақ айтысының қалыптасу жолдары мен айтыс ақындары Қазақтың ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан айтыс жанрының туу негіздері мен өзіне тән ерекшеліктері, даму тарихы бар. Айтыс – халық ауыз әдебиетінің ерекше бір түрі. Айтыс қазақтан басқа арабтың бәдеуилер тайпасында және түрік тілдес елдердің бірқатарында, ірі ақындар айтысы 10


Үндістан халықтарында бар. Кейбір зерттеушілер айтыстың алғашқы шығу тегі өте ерте заманнан келе жатқанын айтады. Оның әуелгі элементі көркемөнердің түрлері сараланып, бір-бірінен әлі ажырамай, бәрі бірігіп бір бүтін өнер саналып, әні де, өлеңі де, оны шығару да, орындау да, қимыл, бет құбылысы, тағы басқалары да қосыла жүрген дәуірде туса керек деп топшылайды. Айтыстың алғашқы адымы осы кезеңде басталса керек. Айтыстың ескі түрі деп есептелетін бәдік айтысының негізінде адам баласының табиғатқа әсер ету мақсаты жатса, басқа айтыстардың ішінде қайсысы ерте, қайсысы кеш туды, оны айту қиын. Дегенмен, кейбір айтыстардың мазмұнына, лексикасына, сөйлем құрылыстарына қарап, қай заманда пайда болғанын топшылауға болады. Мысалы, жануарлар айтысына, өлі мен тірінің айтысына қарағаңда, жұмбақ айтысының анағұрлым кеш туғандығы анық. «Салт айтысының ескі түрі қыз бен жігіт айтысында негізгі тақырып – жастық көңіл күйі мен өнер сынасу болса, ақындар айтысында өнер салыстыру, сөз сынасудың үстіне әр ақын өз руын дәріптей жырлаушылық келіп қосылғанын көреміз. Әсіресе бұл XIX ғасырда кеңірек етек жайған. Осы дәуірде өмір сүрген атақты ақындар: Шөже, Балта, Орынбай, Кемпірбай, Тезекбай, Сүйінбай, Түбек, Омарқұл, Тәбия, Мұрат, Сүгір, Жаскілең, Бала Омар, Біржан, Сара, т.б. түрлі тақырыпта шығарған қысқа өлеңдерімен қатар, айтысқа түсіп, сан алуан сөз тартыстарын бастарынан кешірген және тарихта көпшілігінің аттары осы айтыс арқылы сақталған. Айтыс жанры қазақ ауыз әдебиетінде саны жағынан да, сапасы жағынан да айрықша орын алады. Тек қазақта ғана емес, бүкіл Шығыс елінде бар айтыс қазір өзінің жанрлық қасиетін, түрін қазақ әдебиетінде ғана сақтап қалып отыр. Айтыстың өзіне тән ерекшеліктері бар. Ақындар айтысында "жаттама (трафарет) өлеңдер аз болады" (С.Мұқанов)[1]. Олар өлеңді табан астында шығарады, тосыннан айтысады. Айтыс үстінде талай күтпеген жайлар кездеседі. Айтысар тақырыбы белгісіз, тосын сұрауларға тап болады. Екі ақын да бірін-бірі тығырыққа қамау үшін, бірін-бірі сүріндіру үшін, өмір құбылыстарын жұмбақ етіп те тартады. Соның бәріне ақындар жөпелдемеде жауап беруге, дәлел айтуға әзір болуы керек. Мұның бәрі ақындардан сөзге жүйріктікті, білгірлікті, тапқырлықты, ұсталықты қажетсінумен қатар, ел-елдің шежіресін, тарихын, жер жайын, этнографиялық ерекшеліктерін білуді керек етеді. Олай болмаған күнде құр ділмарлықпен ештеңе өндіре алмайды, сайыста дәрменсіз болып қала береді. Жаттанды сөз өрнегін қолдану ақынға абырой әпермейді. «Ақындар айтыстың бас кезінде асқақ әуенге басады, өздерінің мойны озық сөз жүйрігі екенін таныта, қарсылас ақынын тұқырта, кеміте, үркіте сөйлейді. 11


Әсет пен Ырысжан айтысында Ырысжан: Дау айтып күні бұрын көрсетпелік, Майданда озса жүйрікке есептелік. Орта жүз түгел білген Ырысжанмын Үш кессе қауқарым бар кесірткелік, – деп, Әсетті ықтыра сөз тастайды, ал Әсет оған: Айыр көмей, жез таңдай, қаусырма жақ, Алты арысқа білінген екен менмін, – деп, асқақ жауап қатады. Ақындардың бірден асқақ кетуі тек бірін-бірі ығыстырып үркіту, тұқырту ниетін көздемейді, олар сонымен қатар бір-бірінің аяқ алысына, сөз саптасына, өнерлілігіне барлау да жасау мақсатын көздеген. Сөз майданында тосын кездескен, бір-біріне танымал емес ақындардың мұндай барлау жасауы табиғи да» [2] . Ақындар айтысының тағы бір ерекшелігі "ойында өрелік жоқ" дегендей, айтысқа үлкен де, кіші де, еркек те, әйел де қатынаса береді. Тек талант-дарыны болса, бәйгеге түсер шамасы болса болғаны. Майталман ақынның жарыста таныла бастаған балаң ақынмен, ұлғайған ақынның жас қыз, келіншекпен айтысуы, сөзбен сілкілесуі шам емес. Сонымен қатар айтысып отырғанда, ақын өзінің жеңілгенін білу де айтыстың негізгі шартының бірі болып саналады. Сөзге сөз табу, орынды жерінде ұтымды сөз айту сияқты өзінің, жеңілгендігін білу де жоғары бағаланады. Жеңілгеніне қарамай, құр босқа төпей беруді көпшілік дарындылық, ақындық деп танымайды. Мұндай қылықты қазақ айтысқыштық, ұтымшылық деп санамайды. Оны қазақ "сиыршылау" деп атайды. Шынайы ақын өзінің ұтылғанын білсе, бірден жеңілгенін мойындап, әрі қарай сөз таластырмайды. Ауыз әдебиетінің басқа жанрларына қарағанда, айтыстың ерекшелігі – оған көптеген әйел ақындар қатынасқан. Қазақ ақындар айтысында талантымен танылып, бүкіл елге аты жайылған әйгілі ақындар аз емес. Сара мен Ырысжан, Ақбала мен Күнбала, Тоғжан мен Тәбия, Ұлбике сияқты ақындар – топтан озған жүйріктер. Осындай аяулы өнер иелерін халық қатты ардақтаған. «Ақындар айтысының ендігі бір ерекшелігі – онда " Халық театрының анық, дәл ұрығы бар" (М.Әуезов) [3] айтыс әсерлі болуы үшін ақындар домбыраның не сырнайдың, қобыздың сүйемелдеуімен, әнмен айтады. Театр актерлеріндей олар сан алуан құбылыс жасайды. Тарихта аты мәлім қазақ ақындарының көпшілігі осы айтыс өлеңдерінде тәрбиеленіп өсті. Айтыс – ақындық тәрбие мектебі. Сөз сайысы үстінде оның ақындық өнері шыңдала береді. Ақындар шаршы топ алдында сарапқа, сынға түскендіктен, сөзінің мазмұны мен көркемдік жақтарына зер салады. Айтыс жырларындағы үздік образ, шешен сөздер осы айтыс үстінде туған. Өлшеусіз талант әрі әнші екі 12


саңлақтың шешен сөздері – өзінің көркемдік жағынан күні бүгінге дейін үлгі. Бұл айтыстың сөздері анықтық, тазалық, дәлдік жағынан болсын, көркемдік, сұлулық жағынан болсын қазақ поэзиясының төрінен орын алады. Үздік теңеу, эпитет, жалпы троп пен фигураның бұл айтыстан небір шұрайлылары табылады. Ақиық, мұзбалақпын жерге түспес, Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес, – деген жолдардағы эпитеттік метафоралар, "қырандай желді күнгі аспандаймын" деген жолдағы теңеу үздік образдар екені сөзсіз. Біржан өзін де, біреуді де дәріптегенде, өте шебер және көбірек қолданатын әдісі – метафора, әсіресе оның ұлғайған түрі. Сол көркем сөз айшықтарын екі ақын да өз арман-мұраттарын, мұң-шерін айтып беру үшін шебер пайдалана білген. Біржан сөздеріндегі алуан түрлі эпитет, метафоралар, Сара сөзіндегі үздік теңеулер соны да көркем. Біржан мен Сара айтыстарында ақындық көркем тілдің және бір түрі — ирония мен сарказмды шебер де ұтымды қолданған. Филология ғылымдарының докторы Н.Төреқұлов «Алматы Ақшамы — 25жыл!» «Таңдаулы» кітабында: «Қазақ, қырғыз, қарақалпақ халықтарының айтыс жанрындағы ұқсастықтар туралы» еңбегінде: «Айтыс жанрын типология жолымен салыстыра зерттеудiң ғылымдық мәнi бар. Ол халықтар достығын нығайтуда, олардың әдеби, мәдени байланысын iлгерi дамыта беруде көмекшi қызмет атқарады. Ақындар айтысы – соңғы жылдары қайта қаулап өсiп келе жатқан өмiршең жанр. Ол бүгiнгi идеологиямыздың алғы шебiне шықты. Бұған өткiзiлiп жатқан облысаралық, республикалық айтыстар, телеэкранда көрсетiлiп жүрген хабарлар дәлел. Айтыс ақындарының құрамы да жаңарды. Механизатор, егiншi, шопан, мәдениет қызметкерлерi және студент-жастар арасынан домбыраға қосылып төге жырлайтын бiлiмдi жас талапкерлер қатары көбейiп келедi. Бұл – сүйсiнерлiк жай. Ақындар айтысы бүгiнгi бетбұрыс кезеңiнiң көкейкестi мәселелерiн насихаттауда жаршылық, жариялық қызмет атқаруда. Және атқара бермек те. Айтыс ақындары өздерiнiң тапқыр да, әдiл сөздерi, әуез-саздарымен тыңдаушы бұқараның көкейiндегiсiн таба сөйлеуде. Айтыс Қазақстан мен Орта Азияда тек қазақ, қырғыз, қарақалпақ халықтары арасында көбiрек өрiс алған дәстүрлi өнер. Әсiресе, қазақ халқы арасында жанжақты дамып биіктеді десек дау болмаса керек. Ендi осы айтылған, төскейде малы, төсекте басы қосылған бауырлас елдерде жырланып жүрген айтыс нұсқаларын типологиялық жолмен салыстырып көрейiк. Айтыс жанрын, оның iшiнде, совет дәуiрiндегi айтыстарды типологиялық тәсiлде зерттеудiң өзiндiк ерекшелiгi бар. Дастан, эпос ертегiлерге генетикалық салыстырмалы әдiс қолайлы. Бұл жанрларда қияли-ғажайып оқиға, сюжеттер көбiрек бейнеленедi. Типтiк образдар мен кең ауқымды эпикалық сарындар 13


басым жатады. Олар әртүрлi нұсқада (варианты) таралады. Демек, ежелден ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан дәстүрлi эпос, дастан, ертегi, аңыздар генетикалық салыстыруды қажет етедi. Методологиялық жағынан қарағанда, осы айтылған генетикалық салыстырмалы әдiстi бүгiнгi айтыс жанрына қолдануға болмайды. Өйткенi, кеңес дәуiрiндегi халық акындарының айтысында қияли-ғажайыпты (фантазия, миф) оқиға жырланбайды. Онда белгiлi сюжет пен эпикалық сарын, типтiк образ, бейнелер де көп кездесе бермейдi. Қазiргi айтыстар нақтылы фактіге құрылады. Кеңестік өмiр шындығынан туған жетiстiктер, ауыл, қаладағы өндiрiс, шаруашылық табыстар, еңбек озаттары шарықтата жырланады. Кемшiлiктер сыналады. Демек, айтыс кеңестiк идеологиямызда, оның iшiнде насихат жұмысына көмекшi құрал болып табылады. «Генетикалық – салыстырмалы әдiс сияқты тарихи – типологиялык тәсiлдi де айтыс жанрына қолдануға келмейдi. Өйткенi, қазiргi айтыста дастан, эпостағыдай өткен тарихи оқиғалар көп жырланбайды. Айтыс жанры белгiлi сюжетке де құрыла бермейдi. Онда тарихи оқиғадан гөрi дәстүр айқынырақ көрiнiс тапқан. Осы айтылған типологияның генетикалық, тарихи салыстырмалы жолдарды қолданып жүрген сол кезде одаққа белгiлi В.Я. Пропп, В.М. Жирмунский, Б.Н. Путилов зерттеулерi мен қазақ фольклоршыларының еңбектерiнде фольклорлық мұралардың өзiндiк ерекшелiктерiмен бiрге, ортақ заңдылықтарын, жалпылық қасиеттерiн де ашу ұсынылады» [4] . Бұл – методика талабы. Сол ұсыныстарды қолдай отырып, бiз де қазақ, қырғыз және қарақалпақ халықтары арасында өрiс алып отырған айтыс жанрының композициялық түзiлiсi мен iшкi жанрлық түрлерiн, олардың өзара ұқсастықтары мен өзiндiк ерекшелiктерiн салыстыра қарастымақпыз. Iшкi жанр жағынан алып қарағанда қазақ айтыс жанры «Қыз бен жiгiт айтысы», «Жар-жар» ақындар айтысы (оның өзi түре, сөре, жұмбақ, мысал) түрiне жiктелетiнi белгiлi. «Қыз бен жiгiт қайымдасуы», «Жар-жар» (кейде «Әужар») авторы белгiсiз фольклорлық сипаттағы дәстүрлi нұсқа, ал ақындар айтысы авторы бар поэтикалық туынды деп қаралады. Бүгiнде жастар арасында «Қыз бен жiгiт», «Әужар» айтыстарының тұрмысқа лайықты алуан түрлерi айтылады. Қазақтың тұрмыс-салт, неке тойларында: Текеметтiң шет бауын Оя тұрсын жар-жар-ау! Той басына ту бие, Соя тұрсын жар-жар-ау! Мен шешеме айтайын «Әкеме айт»,– деп, жар-жар-ау! 14


Менi десе биылша Қоя тұрсын жар-жар-ау! («Той кiтабы». 1978. 22-б.) деп шырқалатын «Әужар» әуенi бар. Осы жар-жар қарақалпақ жастары арасында: Текийметтиң шеп бауын Оя турсун яр-яр-ау! Той басына туу бийе Соя турсун яр-яр-ау! Мен шешеме айтайын «Әкеме айт» деп яр-яр-ау! Менi десе биылша Қоя турсын яр-яр-ау! (Айтыс: Нукус. 1982. XI т. 74-б.)., деп айтылады екен. Тек қана «Жар-жар-ау», «яр-яр-ау» деген тiлдiк өзгешелiк болмаса шумақ та, оның мазмұны да бiрдей. Қырғыз тұрмыс-салт жырында «жар-жардың» дәстүрлi нұсқаларымен бiрге: Желбестен жорго боз минип, Желбегей торко тон кийип. Ак жеке кийип алшактап... Алты қызды башпы алып, Жети қызды көшчу алып... Алдындан чыксам қайтесиң? – («Айтыштар». 1-т. 23–24-б.б.) [5] сияқты ерекше түрлерi де шырқалатын көрiнедi. Осылайша желмей шабатын жорға мiнiп, ақ қалпақ киiп алдыңнан әкең шықса, ағаң шықса, ақ жаулық киiп апаң шықса, жеңгең шықса қайтесiң деп, жiгiт пен қалыңдық жауаптасады. Айтыстың бұл түрi қазақ пен қарақалпақ фольклорында кездесе қоймайды. Әстi, мұндай айтыс қырғыз елiнiң өзiне тән ерекшелiгi болса керек. Халық поэзиясының эпос, толғау, терме жанрларында бола беретiн психологиялық параллелизмдер айтыс жанрында да аз емес. Ақын, жыршы, шайырлар айтайын деген ойын кейде табиғат құбылыстарына, жан-жануар мiнездерiне немесе ұқсас, затқа балама ретiнде бейнелейдi. Дарқандығы даланың, Жүрегiме дарыған. Асаулығы теңiздiң, Сүйегiме дарыған. Сабырлылық өзiме, Қыраттардан дарыған. Арындылық өзiме Бұлақтардан дарыған. 15


Шымырлатып сөйлер сөз, Шуақтардан дарыған. Психологиялық параллель терме маңғышлақтық Тiлеумұрат Қожабековтың, гурьевтiк (атыраулық) Қалидолла Iзекеновпен айтысынан келтiрiлiп отыр («Жыр шашу». Алматы. 47-б). Айтыстың алғашқы бұлақ көзі тұрмыс-салт жырларындағы «Жар-жар» мен «Бәдік» жырларынан басталған. Кейін қыз бен жігіт айтысына да (қайым өлең) ұласқан. Келелі ақындар айтысы — екі дай жұрттың ортасында бетпе-бет отырып, қолма-қол шығарылып айтылады. Қазақ айтыстары жанрлық сипаты жағынан түре айтыс, сүре айтыс болып екіге бөлінеді. Алғашқысына бір-бір ауыз өлеңмен қайырылатын айтыстар жатса («Жар-жар», «Бәдік»), кейінгісіне келелі, кесек ақындар айтысы енеді (“Ақсұлу мен Кеншімбай”, «Әсет пен Ырысжан», «Сүйінбай мен Қатаған», «Жамбыл мен Құлмамбет», “Молда Мұса мен Манат қыз», «Кемпірбай мен Шөже», «Орынбай мен Тоғжан», «Біржан мен Сара» т.б.). Айтыс мазмұндық сипатына қарай, әдет-ғұрып айтысы және ақындар айтысына жүйеленеді. Соңғысы тақырып аясына қарай жұмбақ айтыс, мадақ айтыс, тағы басқа болып жіктеледі. Маңызы Айтыстың негізгі салмағы да, түйіні де өмір шындығы. Бетпе-бет келген екі ақын да сол орайда жеңудің сан алуан жолдарын, амал-тәсілдерін қарастырады. Ә дегеннен амандасу, ел жағдайын сұраудың өзінде айтыс боларлық түйін, сын тағарлық мәселелер іздестіріледі. Қарсыластардың қайқайсысы да негізгі уәж, аталы ойларын бірден жайып салмай, аңысын аңдап, құрылған тор, айлалы қақпанға түсіруді көздейді. Оның алдын орап, матап, шырмап, қисынды да уәжді сөзбен тоспақ болады. Машығы мол, айла-тәсілі көп, аталы сөзді орнымен қолдана білген ақын ғана мәрелі жеңіске жетеді. Суырып салма өлеңге ысылған, ағыл-тегіл жыр иесі айтыста сөз таппағаннан жеңілмейді, аталы сөзден, жүйелі ойдан, бұлтартпас шындықтан тосылады. Мұны қанша өкінішті болса да жұрт алдында ашық мойындауға, кейінгі жырлау кезінде жасырмай айтуға мәжбүр болған. Бұл шыншылдық ойды «Аталы сөзге арсыз жауап қайырады» деген мәтелімен айтыстың әділ қазысы болған халық өзі түйіндеп отырған. Көне деректер Айтыс түркі елдерінде көне дәуірден белгілі. Махмұд Қашқаридің «Диуани-лұғат-ат түрк» атты еңбегіндегі «Жаз бен Қыстың айтысы», Қожа Ахмет Иасауидің «Диуани хикметіндегі», «Жұмақ пен Дозақтың айтысы» бұл жанрдың ғасырлар қойнауына жол тартатынын аңғартады. 16


Айтыс – қазақтың ауызекі әдеби – музыкалық өнерінің көлемді және аса құнды салаларының бірі. Ол – суырып салма ақындық өнерінің жемісі боп табылады. Айтыста халықтың әдет – ғұрпы, тұрмыс – салты, дүниетанымы, эстетикалық, рухани, философиялық және әлеуметтік көзқарасы, қалыптасу тарихтары байқалады. « Ең алғаш тұрмыс – салт жырлары «Жар – жар» мен «Бәдіктен» бастау алып, сан алуан асу – кезеңдерден өтіп кемелдене жетілген айтыстың алғашқы үлгілері көпке ортақ жаттанды өлеңдерден тұрса, кейінірек өз жанынан шығарып айтылатын суырыпсалмалылық сипаты басым болып отырады…[6]. Айтыстың көтерілетін тақырыптары сан алуан. Егер де айтыстың ең ежелгі түрі – «Бәдік» айтыстың негізінде адам баласының табиғатқа әсер ету мақсаты жатса, кейіннен айтыстың кемеліне толған ең күрделі түрі – ақындар айтысының тақырыптары әлденеше тарау болып, бұтақталып кетеді және сол бұтақтардың бәрі халықтың өмір – тұрмысын жан – жақты көрсетіп, барынша толық бейнелейді. Бәдік айтысынан басқа қайымдасу, жануарлар мен адамның айтысы, ақ айтыс, сүре айтыс, жұмбақ айтыс сияқты айтыс түрлері қалыптасты. Айтыс қазақ даласында негізінен XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап айрықша кең өріс алып, мол серпінімен дамыды. Бұған сол тұстағы қазақтың көшпелі өмірі мен әдет – ғұрып, салт – дәстүрі басты себеп болды…» Оны тудырған да, дамытқан да ақындар болған. Бұл өнер түрі қазаққа ағайындас, тұрмыс – тіршілігі, шаруашылығы, қоғамдық өмірі ұқсас келетін қырғыз, түркімен, қарақалпақ халықтарында да кездеседі. Айтыстың басты ерекшелігі – оның суырып салмалы түрде орындалуы. Айтыс өлеңдерін сан ғасыр өтсе де ұмытпай жадында сақтап, біздің дәуірімізге жекізуі, біріншіден, ақындардың талантын қадір тұтуы болса, екіншіден, сол ел, ру мәртебесін қорғаған ақындардың өлең – жырларын кейінгі ұрпақтың көкейіне ұялатып, олардың патриоттық сезімін оятудың құралы деп санаған. Айтыс ақындардың тапқырлықты, білімдарлықты, өмір тануда сергек сезімталдықты және өзгеге ұқсамас өзіндік ерекшелігін талап еткен. Басқа жанрлармен салыстырғанда айтыстың поэтикалық табиғатына тән ерекше бір құрылым – оның ішкі өзегінде жатқан бітіспес қарама-қайшылық, сол құбылыстың сыртқы көрінісі – айтыстағы шендестіру, қарсыластыру әдістері дер едік. Бұл тұрғыдан оның бойында драмалық сипат бар. Көне айтыстың үлгілері «Қыс пен Жаздың айтысы», «Өлі мен тірінің айтысы», «Қыз бен жігіттің айтысы» болып қарама-қайшы мәнде келуі де содан. Бір сөзбен айтқанда, айтыс есте жоқ ескі заманда байырғы адамның санасындағы мифтік, жұптық тайталас (бинарная оппозиция) құбылысына арқа сүйеп, әу баста пайда болған, сол әуенінен бүгінде жаңыла қойған жоқ дей аламыз. Әсіресе рулықтайпалық қоғам тұсында оның өзегінде жатқан қарама-қайшылық әлеуметтік жіктердің өзара қызу тартысының айнасына айналды, айтыс сол кезеңде буыны 17


бекіп, бұғанасы қатып, жеке жанр ретінде қалыптасты деуге болады. Бұл туралы М.Әуезов былай деп жазады: «Ру жігіне бөлінген ел кей кезде ұранмен бас құрасып, ұран атымен тіршілік еткенде рудың бәйгеге қосқан атын қызықтаса, күреске түскен палуанын қызықтап намыспен сүйсе, мынау өлеңдердің тұсында сол сияқты ру таласы, ру намысы, ру бәйгесіне сөз жүйрігін қосқандай болып, жік-жікке бөлініп, солардың тілеуін тілесіп, қызығын қызықтасады» дейді[7]. Сонымен бірге белгілі маман Е.Ысмайыловтың айтқан мына түйінді пікірін де есте ұстаған абзал: «Шынтуайттап келгенде революциядан бұрынғы айтыстың көбі әсіресе жеке рулардың, ата ұлдарының өмірлік мәселелерін қозғаушы еді. Патриархалдықфеодалдық заманның тұсында жеке рулар, ата ұлдары өзара жауласып, атысыпшабысып жататын, сондықтан, сарбаз жігіттер сияқты, суырыпсалма ақындар да өзіндік шешендік өнерімен, ақындық шеберлігімен өз руының ар-намысын, мүдде-мақсатын қорғайтын, қызу айтыс-тартыстың үстінде қарсы жақты мінепсынап, өмірдегі шындықтың бетін ашатын» (Е.Ысмайылов. Ақындар айтысы // Қазақ әдебиеті. 14 тамыз 1964 жыл). Бұл мағынадағы пікірді Е.Тұрсынов пен С.Қасқабасов та білдіреді. Айтыстанушы ғалым М.Жармұхамедұлы былай деп қорытынды жасайды: «Әсіресе, рушылдық бәсеке, талас басым болып келген тұстарда айтыс өзінің шырқау шыңына көтерілді» [8]. Айтыс жанрының өмір сүруіне дем беретін негізгі тірек – топқа, жікке бөліну жүйесі қазіргі айтыс өнерінен де белгілі дәрежеде байқалып отырады. Рас, қазіргі айтыскерлер рудың емес, негізінен облысының атынан сайысады, ал көрермендер екі ақынды қолдап, екі жікке жарылады. Айтыстың ежелгі заманнан бергі қос қанаты – фольклор мен ауыз әдебиетінің көркемдік құралдары десек, қазіргі қазақ айтысы да осы екі негізден қара үзіп, алшақтап кете қоймағанын байқаймыз. Демек, қазіргі айтыс елдің құлағына әбден сіңісті, көзіне үйреншікті болған машықты үлгі, қалыпты бейне, дағдылы сарындарға иек артып отыр деген байлам жасаймыз. Оның көркемдік кестесінен халық поэзиясының «қошқар мүйіз оюы» андағайлап көрініп тұр. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі айтыс дәстүрлі канондық поэтиканы тірек етеді, себебі осы жанрдың жаратылыс табиғаты әрі тыңдарманның машықты үлгіні шапшаң да автоматты қабылдауға лайықталған зердесі дәл соны талап етеді. Біздің ойымызша, қазіргі айтысты ежелгі дәстүрмен етене сабақтастырып тұрған – типтік сарын, типтік ситуация, типтік теңеулер қоры. Бұл орайда М.Әуезовтың «Әрбір жеке ақындар айтысының бас-басына өзіндік өзгешеліктері болғанмен, солардың көбіне ортақ бірнеше жалпылық мазмұн, мотивтері де бар…көпшілік айтыстарында қолданылып жүретін мерзімді, үйреншікті тақырыптар да болады» деген пікірін есте ұстаған абзал. 18


Қазіргі ақындар да дәстүрге сайып, өздерін соғысқалы келген батырға, күрескелі тұрған палуанға, құралайды көзге ататын аңшы-мергенге теңейді. Сонымен бірге айтыстың өзегінде жатқан жұптық тайталас танымы айтыскерлерді қозғаушы ерен күшке айналады, әрі айтыскерлер өздерінің және бір-бірінің лирикалық бейнесін осы мүдде тұрғысынан сомдағанын көреміз. 1.3. Біржан – Сара айтысын оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері Қазақ фольклорында даңқты болған, мол таралған айтыстың бірі Біржан мен Сараның айтысы өзге көп айтыстардан ауыздан-ауызға көшіп жүруден басқа, бұл айтыс бірнеше рет кітап болып та басылды. Ақындық көркемдік, көлемділік жағынан қарағанда Біржан мен Сараның айтысы – қазақтың ауыз өнерінің үлкен мұрасы. Біржан мен Сараның айтысы болған жоқ, болса сақталмай қалып қойған бұл айтысты шығарушы Әріп ақын деген де пікірлер бар. Бұл – қате пікір. Анығында Біржан мен Сараның айтысы болған. Бірақ дәл қалпында, толық күйінде, алғашқы айтысқан жердегі қалпымен түгел сақталған жоқ. Кейін көпшілікке өз реакциясымен айтып беруші Сара болады. Олай болса, ең әуелі бұл айтыстың көп көлемінде, мол еңбек етуші Сара болады. Ал, кейін сол Сараның айтқаны да көпке дейін ауызда жүреді. Көп айтушы ақындардың аузынан өтеді. Осылайша, хатқа түскенше бұл айтыс көп өзгерістер көреді. Осындай айтушының және ең алғаш хатқа түсірушінің бірі Әріп болады. Әріп өзі ақын және қазақша-орысша оқыған адам. Ақындығы, шешендігі, тапқыр тілділігі бар ірі ақынның бірі. Рефолюциядан бұрын баспаға беруші сол Әріп хатқа түсірген Біржан Сара айтысын бұлжытпастан, өзгертпестен береді. Біржан мен Сара айтысының басқа айтыстардан өзгеше болатыны – мұнда белгілі бір тартыстар жеріне жете талданумен қатар талай ірі мәселенің іргесі қозғалады. Айтыстың бас тақырыбы – әйел теңдігі, әйел бостандығы, ал соған жанасып, жарасып жатқан әлденеше салмақты, тың тақырыптар да бар. Бұл жағынан алғанда, айтыс толғамы кең, адамгершілік, жеке адамның тағдыры, бақ, ақындық әдет, салт, шаруа, кәсіптер, жер, қоныс сияқты мәселелердің бәрін де Біржан мен Сара сарапқа салады. Айтыс – майдан, айтысқан ақындар майданның батырлары. Жеңу үшін қатты шабуылдар жасаса да мін емес. Сондықтан Біржан Сараға найзасын қатты сермейді. Әйтседе Біржан Сараның қара басын қорламайды. Біржанның балауынша Сара – осы тұстағы адамдардың артығы. Оны ел ұлға балап сөйлетіп отыр, сол бір ортанығ бұлбұлы – сөйлер сөзге жаннан артық «тыста тыңдап тұрған жан оның даусын фортепиян күйі деп ойларлық», «айбаты ғаламға айқын ай бедерлі», «Сара асыл, оны дүниеге сатуға болмайды». Осы қасиеттердің барлығы бір Сараның 19


басында болған соң, Біржанның үш жыл бойы ұдайы құмартуына таңырқауға болмайды. Алдына жан салмаған Біржанға Сараны да жеңу мұрат. Бірақ ол Сараны көруді, тілдесуді, сырласуды арман етіп келеді. Сараны жеңетін жағын ол ерте болжайды. Он бір кісі жолдасып ертең түсте, Біржанның қарық боларсың олжасына, – деп алдын ала Сараны ықтырмақ болып, сескендіре сөйлеуге тырысады. [9] «Ұлға балап сөйлеткенмен, Біржан өзіне сөзі теңдес, барабар деп айтқалы келе жатқанмен, Сара басы есекке қосақтаулы. Ол Жиенқұлдай өзінен кем адамға сатылып қойған. Жалпы қазақ әйелінің ауыр халі Сараның басында дерттей төніп тұр. Бұл күңдік, еріксіздіктен ол құтылмақ емес. Ендеше дәл осы жерден оның жеңілетіні даусыз. Бірақ Біржан салған жерден Жиенқұлға жабыспайды. Әуелі Сарамен өнер жарыстырады. Өлер жерің осы ғой деп Біржан талай түйіліп келгенде, Сара тойтарып тастап, аспанға шарықтай береді. Он ақынды ескермеген Біржанның асқақ көңіліне Сара қадалған оқтай тиеді. Салмақтасып келгенде екі ақынның күш қарқыны қарайлас сияқты. Амал не, Жиенқұлға келгенде үні шықпаған Сара жеңіліп, Біржанға жолын ұсынады. Тартыс майданы бітіп, жай жапсарды сөз қылған Біржан Сараның мүшкіл халіне налиды: Шырағым, Сара, сендей тумас бала, Шежіре туамысың мұндай дана. Обалың Есімбек пен Тұрасбекке, Жігітің жөндеу екен, ой, бишара! Ел-жұртың қорықпайды екен көз жасыңнан, Қиып кеткім келмейді мен қасыңнан, Кемітер қай жеріңді дұшпан шіркін. Адамзат озар емес өз басыңнан, – деп Біржан өз ойларын түйе келіп бергені зор баға болады. Теңдік есесіне ұзақ айтыстың бұл тұсынан Біржан надандықтың қара күш, қатал зорлығына сыншы би болып төрелік айтады. ...Законде зорлық болмас жақсы адамға, Жақсыны қор қып болмас бір жаманға. Және де аят пенен хадисте бар, Жылатып берме деген еш наданға. ...Байлаулы бала құстай Сара сорлы, Жоқ екен осы күні бұдан жаман, – дейді. [10] Әйел теңдігін, жастардың бас бостандығын Біржан жиын алдына үлкен әлеуметтік талап етіп тартады. Бұл айтыстың түйіні осы болғанмен көп жерінде ру таласы да бар. Ол тұстарда екі ақын да рушылдық феодалдық санадан аса алмайды. Екеуі де руларын мақтау үстінде, сол заманғы үстеп тап өкілдері болған, зор әкімшілік, байлық иесі болған және халыққа көптен көп қанаушылық қысымшылық қиянат жасаған шонжар ру басыларды, әкім төрелерді көп мақтасып кетеді. Айтыстың 20


бұл бұл бөлімдерінде Біржан – Сара айтысы ескі рушылдық-феодалдық санадан ұзап шыға алмайды. Айтыстың егес, тартысы үстінде оқта-текте әкім жуандарға айтқан сын сөздерінен шығып Сара: Ей, Біржан, шыдамаймын қылығыңа, Мақтанба Құсбек, Сартай ұлығыңа. Үстіне Жамантайды сомдап қоссаң, Барақтың пар келмейді сынығына. Ұстаған Тобықтыны дүре соғып. Аққан қан ат суарған тұнығына, – десе де, өзге көп жырларында екі ақын, өз руларының бай шонжарларын көпіртіп, көтеріп, сынсыз түрде тарихи шындыққа қарсы дәріптей береді. Ру таласының тұсында Біржан қақпақылап отырып Сараның Найманға арналған мақтан сөзін түгел сарықтырады. Сөйтіп жүйеге жығатын жерін мықтап ұстайды. Найманның жақсы жайсаңдары Сара мақтағандай-ақ болсын. Бірақ солар бетке ұстаған Сараны теңіне бермей, есекке қосақтаса, олардың асқандығында не игілік бар. Найманның бар ұлығын қорғап, мақтап отырған Сараны осы тұста тұйыққа әкеліп қамағанда, қыз жүйден ұтылып тұрып қалады. Ақындық өнер, өлең жарысында тең түсіріп отырған Сара Біржанның жетелеуімен торға түсіп қалғанын байқамай да қалады. Біржан оны ақындық өнері асқандықпен жеңбейді, шебер, тәсіл асырумен жеңеді. Біржан – Сара айтысындағы ерекше зор бір қасиет мұнда ақындық, көркемдік теңеулер күшті. Сол бейнесі мол көрікті шебер өрнектер Біржан мен Сараның өздерін бейнелеп сипаттауға, ақындық қуатты суреттеуге арналады. Сондай теңеу, бейнелеуді тізсек мынадай болып шығады. Біржан – «орта жүздің сайраған бұлбұлы», «жер шаршысын болжаған майталман», «сөз бедері алтын менен күмістің нақысындай», жерге түспейтін мұзбалақ, ақиық», «алқымы ісіп, тынысы тарылмайтын арғымақ», «өлең жаттап ғаламға мәшһүр болған», «орта жүзді сандалтып әнмен қырған», «тоты құстай құбылады», «тұмарлаған жібек жалды арғымақ», «нөсерге өшпес жалын», «алмас кеспес болат», «аспандағы аққумен ән қосады», «қасқырдай таймас қанды көз», «Алтайдың мергені», «ақмарал құтылмайды», «әні он екі звот», «өлгенше есіңнен кетпейді», «Қырымға қарайтын қыран құс», «тұяғы тиген қасқыр оңбайтын ақиық», «алдына жүйрік түспес тұлпар», «Рүстем дастандай өнерпаз адам», «меңгеріп ала алмайды, қашан өлгенше, жүрген жері күнде той, күнде жиын болатын ел думаны». ... Сен дағы жас күніңнен ардагерсің, Құрбың мен жеткізбеген құрдасыңа. Бейне гормон даусындай көмейің бар, 21


Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына. Сара – «бәйгеден күнде келген жалғыз қара», «адамның жүйрігі», «жел сөзге одан епті адам жоқ», «он үште домбыра алған екен, содан бері сүрінбеген», «шаршы топта Біржан әнді дуылдатып тұрғанда, жасқанбай далаға шыға келгенде, жиналған жүр таң қалып қарайды», «қыз болса да елі Біржанға балайды», «екі жүзді наркескен», «қамысты терең көлдің қаңғыған қаршығаға ілдірмес сұқсыры», «өлеңді Самарқан жібегіндей ағытады», «үйрек боп тереңге шошумен қатар, ақиық болып түлеп ұшқан, қарсыласқанның топшысын қанатымен сындырады», «сөз жезін алтындай қылып келістіреді», «шеберден мін алатын мініскер», «желді күні дуға салса,ақын түгіл ұшқан құс та ілескісіз». Өз бейнесін Сара былай сипаттайды: Өз басым ұрғашының қызыл тілі, Иранбақ бет бітісім піскен гүлі, Біржан сал ажал айдап өзің келдің, Іздеуге ойланып ем өткен жылы. Майысып нәзік белім бұраң қаққан, Қырық түрлі дана кеудем өнер тапқан, Сөйлесем май тамызған бұлбұл тілім, Секілді гауһар сағат нақыс жапқан. Ажымсыз он саусағым бәрі аппақ, Болғанда аузым сағат, ернім қақпақ. Кірі жоқ отыз тісім меруерттей, Ерінбей тіздіргендей адамзатқа-ақ. Мойыным сұңғағындай жүзген қудың, Лебізім шырынындай шәрбат судың. Қаққанда төңкерілген қас бітімім, Ашылған айбатындай жібек тудың. Тамағым жас баланың білегіндей, Иығым тік сандалдың тірегіндей. Бет алдым қоңыр қаздың кеудесіндей, Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей. Басында жамандасып, сөйлесіп-шекісіп барып, бірінің бірі затын тани келе ұғысқан, тоқтасқан Біржан мен Сара әр заманның сап алтындай асылы бар дейді. [11] Олар айтысының түп мазмұны бойынша ақын әділдік, адамгершілік қорғаны, қамқоры болуы керек. Соның белгісі айтыстың басынан аяғына дейін ұзақ желідей болып созылған әйел теңдігі, бас бостандығы деген мүдде, арманға саяды. Бұл айтыстың, жоғарыда айтқандай салт саналық жағындағы ескішілдік, кемшілік, қайшылықтарымен «адамшылдық арың мынаған не үн қосады» дегендей әркімнің жанына батар осындай қоғамдық, тарихтық маңызы да бар. 22


II. ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ АЙТЫСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ КӨРІНІСІ 2.1. Қазақ айтысының шығармашылық өсуі мен рухани тұрғыдан саралануы Қоғамдық жүйенің өзгеруі, халықтың өмір сүру қағидаларына түбегейлі өзгерістер әкелді. 1991 жылдың желтоқсанына дейін елдегі саясиэканомикалық, әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени-рухани дүниедегі жаңаружаңғыру үрдістері түрлі қайшылықтарға толы болды. Соның ішінде руханимәдени салада біраз қиыншылықтарды бастан өткеруге тура келді. Ұлтты белгілі бір мақсатқа, мүддеге біріктіру жайлы мүлдем айтылған, жазылған жоқ десек жаңсақ болар еді. Жазушы-ғалымдарымыз, қоғам қайраткерлері бұл тұрғыда өз ойларын БАҚ арқылы білдіріп жатты. Бірақ көпшілікті ұйытып, соңдарынан ерте алмады. Қалыпты жағдайды уақыттың өзі жасады. Экономика түзеліп, саяси жағдай тұрақтала бастады. Ұлттық идеология төңірегіндегі пікірталас та осы кезеңдерде белең алды.Бір өкініштісі, ұлттық идеологияның негізгі тетігі ретінде дөп басып көрсетер, сырт көзге қалқан қылар рухани құндылығымызды әлі айқындай алмай келеміз. ...Қазақстан Республикасы өз атын өзгерткенімен, өзінің саяси құрылымының ішкі мазмұнын әлі толық жаңарта алған жоқ еді. Халықтың көпшілік бөлігінің сана-сезімінде кеңестік дәуір дүниетанымының сарқыншағы басым еді...». [12] Тарихшыларымыз осылай деп баға берген Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан халқы үшін сындарлы кезең болатын. Кеңестік идеология сарқыншағын санадан тазартып, елді ұлттық мүдде бағытына топтастыруға үндеген халық шығармашылығы өкілдерінің алдыңғы легінде ақберен жырдың иелері айтыс ақындарының болғандығын тағы да тілге тиек етеміз. Бүгінгі күні айтыс өнері туралы қоғамдық көзқарас екіұдай пікір білдірсе де, біз анық бір ақиқатты мойындауымыз керек. Ол ақиқат – тәуелсіздік таңы атқан 1991 жылдан 2006 жылға дейінгі он бес жыл бойы айтыс өнері ұлттық идеологияның жалынды жаршысы, насихатшысы болғандығы. Айтыстағы болмашы кемшіліктер мен олқылықтарды жіпке тізе бергенше, оның ұтымды, қазақ қоғамына қажетті орасан зор мүмкіншіліктерін тілге тиек еткеніміз абзал. Бұл жерде 1991-2006 жылдар шартты түрде алынып отыр. Өйткені Тәуелсіздіктің алғашқы он бес жылы елдің ел болуын, қазақтың ұлт болып ұйысуының сипатын айқындаған жылдар болды. [13] Ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздіктің тұрақтылығын сақтап қалуда бұл он бес жыл, ұлт тарихына алтын әріппен жазылары сөзсіз. Айтыс өнерінің бұқаралық сипат алып, ұлттық идеологияның ұйтқысына айналуына телевизияның септігі мол болды. Қоғамда болып жатқан түрлі өзгерістер, саяси-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар сол кезде өткізілген 23


ақындар айтысында жан-жақты насихатталып, халық назарына ұсынылып жатты. Әсіресе, дін, діл, тіл мәселелері өткір көтеріліп, бұқара халық көзқарасын осы бағытқа бұруда ақындар айтысы ерекше рол атқарды. Ақындар айтысын ұйымдастырушы әрі оның теледидар арқылы Қазақстан аумағына таралуына көп еңбек сіңірген ақын, тележурналист Жүрсін Ерманның осы жылдар еншісінде атқарған қызметін ұлт өнері тарихында қалар ерен іс деп бағалаған жөн. «Екі тізгін, бір шылбыр» атты кітабында айтыс өнері төңірегінде болған текетірес пен талас-тартыстың барлығын бастан өткерген Ж. Ерман былай деп жазады: «...Оның алдындағы жылдары «Айтысқа» жасалған қысым-қиянат ойға түссе, әлі күнге аза бойым қаза болады. Тоқырау тұманының арасынан шырылдап шыққан ақындар айтысының ащы шындық дауысы әркімдердің-ақ шамына тисе керек. Әр айтыстан кейін телерадикомитеттің төрағасы К. Смайлов үлкен үйге шақырылатын. Ол «ана жерін қиып таста, мына жерін өшіріп таста» деген нақты нұсқаулармен оралатын...» [14]. Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы айтыс ақындары кәсіби тұрғыдан сауатты, оқыған-тоқығаны көп білімді жырларын, нақты дерек, айғаққа, шындыққа, негіздеп айтатын. «Бүгінгі айтыс пен кешегі айтыстың деңгейі де бөлек. Қазіргі айтыскерлеріміздің бәрі де жазба ақындар. Олардың жазба ақындардан айырмашылығы – көп оқиды, көп ізденеді...». Айтыс ақындарының осы деңгейі олардың шығармашылық тұрғыдағы шеберліктеріне өлшем болса керек. Жоғарыда келтірілген ұлттық идеология ұйытқысы бола білгендері де, айтыскер ақындардың осы қасиеттерімен айқындалады. Ұлттық руханиятымыздың алтын діңгегі – тілді жырласа да, ар ожданның өзегі – дінді насихаттаса да, ақындар жалаң сөз, жадағай ойға барған жоқ. Тәуелсіздіктің негізгі тірегі бірлік, ынтымақта екендігін айтыс ақындары шын жүректерімен сезініп, соны халыққа насихаттай білді. Саяси-экономикалық ахуалдың да, сайып келгенде, ұлт мүддесі үшін жұмыс істеу керектігін де айтыс ақындары баса айтып отырды. Мэлс Қосымбаевпен айтысында ақын Мұхамеджан Тазабеков осы мәселелер жөнінде ойын былайша түйіндейді: «...Жалқаулық Жаратқанға ұнамайды, Қамсыз қазақ қартайтқан ұлы Абайды. Балақ түріп, қарекет қылғандардың, Бақ келіп есігінен сығалайды. Еріншектің етігі көлеңкеде, Соқасы күн астында тұралайды. Көршіңіз байып жатса қуаныңыз, Қуанғаннан намысың құламайды. Өйткені, сізге бөліп бермесе де, 24


Қол жайып, ештеңеңді сұрамайды...»[15]. Халықтың зердесіне жетер насихат жыр, ұлттық ұғымға сай өрілуі, айтыс өлеңдерінің өзіндік еркешелігін тағы бір мәрте дәлелдеп тұр. Қоғамдағы нарықтық қатынастар қағидасын халыққа дәл осылай жеткізу, ұғындыру айтыс жырларында өте мол ұшырасады. Мұның өзі біріншіден айтыстың қоғамдықәлеуметтік маңызын көрсетсе, екіншіден халыққа тығырықтан шығудың жолын нұсқаған насихатшылдық, үгітшілдік рөлін айқындайды. Ал, үгіт, насихат принциптерінің қоғам идеологиясына қызмет ететіндігі өзінен өзі белгілі. Кейінгі жылдардағы айтыстардың көпшілігінде бірсыпыра әлеуметтік мәселелер қозғалып, кейбір келеңсіз жайлардың сыналып ашық айтылуы, бұл өнер түрінің халыққа берер тәлім-тәрбиелік мәні орасан зор екенін айқын сипаттайды. Ғалымдарымыздың осы пікіріне сүйене отырып «халыққа берер тәлім-тәрбие» бағытының қандай дәрежеде өрбігендігін төмендегі айтыс нұсқаларынан жақсы бағамдауға болады. Айтыс үнемі ой қақтығысы, пікір қайшылығы арқылы проблема ретінде қарастырылып отырған объектінің бірнеше қырын ашып көрсетеді. Айтыс ақындары Бекарыс Шойбеков пен Оразалы Досбосынов арасында өткен жыр сайысында осы тақырып прогрессивті және регрессивті тұрғыдан сипатталады. Мәселен, Оразалы ақын 2030 жылға дейінгі саяси-экономикалық даму стратегиясын, халықтың сол уақыттағы әлеуметтік жағдайымен сабақтастыра отырып былай деп жырлайды: «...2030-ды ойға жиі алады, Көңілі көншігендей сұңғыла елдің. Сары бидайын сапырған сары қымыздай, Сұлыға зар болып тұр қырманы елдің. Мемлекеттің бар малы жоқ боп жатыр, Тоз тоз боп тоқымындай сынған ердің...». Оразалының бұл ойына Бекарыс Шойбеков басқа қырынан келіп, әріптесіне басалқы сөз айтып, халықты сабырға шақырады: «...Бүгін біз егеменді ел дейміз де, Сол елдің жағдайына келмейміз бе? Бұйырса келер ғасыр ширегінде, Көркейген қазақ елін көрмейміз бе? Нострадамус болжаса сенеміз де, Назарбаев болжаса сенбейміз бе?...». Белгілі бір проблема төңірегінде ой бөлісіп, таразыға салу, оның күнгейі мен көлеңкелі тұстарын ашып көрсету, Тәуелсіздік жылдарында өткізілген айтыс жырларының көбіне тән қасиет. Оразалы ақынның жырларында уақыттың шынайы болмысы еш боямасыз көрініс тапса, Бекарыс ақын осы 25


қиындықтардың бәрі уақытша екендігін, ел болып келер күннен үміт үзбеу керектігін айтады [16]. Ұлттық идеология дегеніміздің өзі халықты белгілі бір мақсат-мүддеге біріктіру болып табылса, жоғарыдағы айтыскер жырлары осының жарқын үлгісі. Қай қоғамда, қай заманда болмасын ұлт идеологиясы сол елдің мақсатмүддесіне жұмыс жасаған. Ұлттық идеология мен мемлекеттік мүдде көп жағдайда қарама-қайшылық сипатта дамитындығы тағы бар. Тіл мен діл, дәстүр мен мәдениет, өнер мен әдебиет тамыры қаншалықты терең болса, ұлттық идеология қайнарлары да әріден, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихынан бастау алатыны белгілі. Ұлттық рухтың, тамыры терең болуы, оның өткені мен бүгіні, келешегіне көп байланысты. Ұранды сөз, жалаң патриотизм тез жанып, өшетін от сияқты. Оның мәңгілік маздап, өз қызуын халыққа үзбей беріп отыруы үшін өшпес өзегі, яғни, қоламтасы болуы шарт. Ол қоламта халықтың ғасырлар бойғы рухани құндылығы болып табылады. Ел тәуелсіздігінің келуін КСРО-ның құлауымен ғана қарастыратын, жеңіл, үстірт пікірлердің арагідік бой көрсетіп қалуы, өскелең ұрпаққа өнеге болмасы анық.Ұлттық идеологияны қалыптастыруда айтыс өнерінің атқарған қызметін көп жағдайда бағамдай бермейміз. Аманғазы Кәріпжановпен айтысқан ақын Ринат Зайытов бүгінгі Тәуелсіз қазақ елінің Азат арманын Абылай хан заманымен астастыра қарайды. «Ардақты айбын асқан Алашымнан, Ақылды азаматтар жаратылған. Ақ тулы Абылайлар дара тұлғаң, Бұқар жырау байламды бағыт беріп, Бірлігімен қазақтың бағы ашылған. Төле би, Әйтеке мен Қазыбектер, Ой түйінін қопарған нақ асылдан. Қабанбай, Бөгенбай мен Наурызбайлар, Қазақты алып шыққан нақ асылдар. Кеңгірбай, Алшынбай мен Құнанбайлар, Ақ сұңқардай аспанда аласұрған. Ұлы Абай, Мұхтар менен Шәкәрімдей, Семейдің даласында дара туған...». Елдің рухын көтеру – ұлттық руханиятпен қауышудың, оның қасиет қадірін сезінудің бірден-бір кепілі. Жоғарыда келтірілілген Ринат жыры осы пікіріміздің айқын көрінісі. Айтыс өнері туралы өткір пікір айтып, баспасөзде жиі жазып жүрген ақын Биғайша Медеудің мына пікірін орынды айтылған ой деп бағалаймыз: «...Айтысты қайтсек өз тұғырына қондырамыз? Мемлекеттік идеологияны насихаттау құралына айналдыру арқылы ғана. Ол жауынгер жанр 26


дәрежесіне қайта көтерілуі тиіс. Неге айтысқа «жауынгер жанр» деген ұғымды теліп отырмын? Себебі, айтыс күй талғамай, кез келген жерде, кез келген уақытта кемшілікті сынады. Өзекті ойды көтерді. Бұлтты күні жарқ еткен найзағайдай рух пен намысты оятты. Елдік үшін күресті. Қай заманда да қоғамның көлеңкелі жағымен майдандасты» [17]. «Айтыс: даңқ пен дақпырт» атты мақаласында журналист Ерлан Әбдірұлы аталмыш өнердің қоғамдық маңызын саралай келіп, айтыс ақындары көтерген әлеуметтік саяси мәселелер сипатын былайша саралайды. «...Ақындар кейінгі айтыстарда көбіне елдің шынайы бейнесін ашуға (қазақ байлығының жекелеген адамдардың дорбасында кетуі, билік бөлген ақша өздері отырған кеңседен ұзамайтыны, қазақтың өз жерінде құлдың кейпін кешуі, жергілікті атқамінерлердің ойына келгенін істеуі, ауылдардағы әлеуметтік ахуалдың төмендігі, тағы басқалары) талпынып, мызғымайтын билікті шын сынмен атқылап жатыр. Сөз реті келгенде Жүрсін ағамыз ақындарды көлеңкелі жақтарды ғана айта бермей, күнгейді де жырлауға шақырған. Бірақ өзгерген ештеңе болмады. Кейбіреулері болмаса, ақындар өз міндеттерін, яғни, халықтың мұңын ел назарына шығарып бақты. Бұдан шынында да, мемлекет ахуалының (ақындардың елдің әр қиырынан келетінін ескерсеңіз) шын бейнесін көрсек керек». Осы жерде ойға алып, екшеп айтар бір мәселе – Қазақстанды тұтас қамтыған ұлт тағдыры проблемасының айтыста көрініс табуы, мемлекет ахуалының шынайы сипатын танытатын құбылыс. Ұлттық идеологияның негізгі тамыры халықтық дәстүрден, сол халық туғызған рухани құндылықтардан бастау алары сөзсіз. Мақсат пен мұрат жолындағы қандай да бір атқарылар ізгілікті іс шаралардың негізгі тетігіне саналық қозғалыстың әсер ететіндігі ақиқат. Саналық қозғалыс дегеніміз – рухани сілкініс. Рухани сілкініс қашан, қандай жағдайда пайда болады? Әрине, саналық және материалдық тепе теңдік салтанат құрған кездерде рухани қозғалыстар аса көп бола бермейді. Бұған кешегі кеңестер дәуірі (тамақ тоқ, киім көк, жұмыс көп) куә. 2001 жылы Семей қаласында өткен республикалық айтыста Серік Құсанбаев пен сөз қағыстырған Серік Қалиев нарықтық экономика тұсындағы халық ахуалын былайша жырлайды: «...Болмайды десектағы күйінуге, Алланың бұйыра ма сыйы күнде. Әйтіп бүйтіп нарыққа тал қармадық, Тартып кете жаздады иірімге. Өзің айтқан қоғамның бір кеселі, Соқыр ішек секілді түйілуде... ».Тәуелсіздік жылдарында өткізілген ақындар айтысының телевизиялық һәм кейіннен кітаптар мен газетжурналдарда жарияланған мәтіндік нұсқаларын зерделей отырып, ғылыми 27


пайымдау тұрғысында мынадай мәселелерді екшеп көрсетеміз. Біріншіден, айтыста қоғам проблемасының шынайы көрініс табуы болса, екіншіден сол көтерілген көкейкесті мәселелер қашан да елдік мүдде сипатында жырланады. Үшіншіден, елдік-халықтық мақсат-мұрат бағытындағы ақын ойлары, ұлттық идеологияның негізін қалыптастыруға әсер етеді. Қарап отырсақ, бір-бірімен сабақтасып жатқан ақын жырларының мазмұндық, логикалық, идеялық ішкі тұтастығы айтыстың өміршеңдігімен қатар, өрелі, қоғамдық мәні зор өнер түрі екендігін танытады. Бұл тұрғыда халқымыздың көрнекті ғалымы Қансейіт Әбдезұлы «Ұлбике ақын және қазіргі айтыс өнері» атты мақаласында былай деп орынды пікір білдіреді: «...Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, ұлттық құндылықтарымыз алдыңғы қатарға шыққан қазіргі тұста да, ақындар айтысының ұлт өміріндегі рухани қызметінің өлшеусіз өскендігін, бүгінгі күннің шындығы тайға таңба басқандай көрсетіп отыр [18]. Соңғы жылдары жаңа белеске көтерілген, жаңаша түр тауып, ел алдындағы өтімділігі, өткірлігі арта бастаған ақындар айтысында алдымен қоғамдық-әлеуметтік өміріміздің кемшін мәселелерінің көтеріле бастағанын қуана құптауымыз керек. Бұл жақсы нышан». Ғалым Қ.Әбдезұлы келтірген бұл пікір, айтыс өнерінің әлеуметтік мәнін көрсетумен қатар, оның «ұлт өміріндегі рухани қызметінің өлшеусіз екендігін», яғни, идеология насихатшысы екендігіне орынды меңзеу жасайды. Айтыстың идеологиялық сипатын айқындайтын мұндай пікірлерді көптеп келтіруге болады. Дегенмен де, ұлттық мүдде тұрғысындағы айшықты ойларды айтыс жырларының өзі-ақ айқындап берді. Мәселен, жоғарыда келтірілген жыр мазмұнын айтыскер Серік Қалиев әрі қарай былай деп өрбітеді: «...Өмірде қиянатқа жол болып жүр, Қашанда жалғандығы мол болып жүр. Қазақтай жуас елге асау нарық, Тізгіні бас бермей, қолды ойып жүр. Желтоқсанда соттауға қол қойғандар, Бүгін жерді сатуға қол қойып жүр...».1985-1991 жылдар аралығы мен ел тәуелсіздігін алған 1991 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі әлеуметтік-саяси өзгерістерді бастан кешіруі, қоғамдық формациялардың алмасуы, ғасырлар тоғысындағы тосын, тың құбылыстардың баршасы, осы уақыт еншісінде өткізілген, әлі өткізіліп келе жатқан ақындар айтысында бар болмыс, келбетімен сайрап жатыр. 1985 жылдың сәуір жылымығынан басталған қазақ халқының бастан кешкен тағдыр-талайлы жолы мен саяси-әлеуметтік жағдайы, экономикалық, тарихи тұрпаты, тілі мен мәдениеті, дәстүрі мен әдебиеті, тағы басқа толып жатқан өзекті мәселелердің бірде-бірі айтыс ақындарының 28


назарынан тыс қалған жоқ. Ақындар айтысы ұлттық идеологияның көшін бастады [19]. Көрнекті ғалым, айтыс өнерінің жанашыры М.Жолдасбековтің: «Халықтың рухани өміріндегі ауытқулар мен серпілістер де айтыскерлердің назарынан қалмайтын негізгі тақырыптардың бірі. Мұхамеджан Тазабеков Бекарыс Шойбековпен айтысында: «Мәсінің қонышыдай тар заманда, Кебежедей көңілін кең сақтаған» – депті. Бұл жерде Мұхамеджан өтпелі дәуірдің қиыншылығын көріп, экономикалық қыспақта отырса да, халықтың рухани байлықтан айырылмаған дегдар тектілігін айнытпай әрі өте әсерлі жеткізген», – деп айтқан пікірін айтыстың идеялық мәнін танытатын орынды пайымдау деп бағалаймыз. Ақындар айтысында ел мен жер тақырыбы, ақтаңдақ жылдар мен оның зәрлі зардабы назардан тыс қалмай ұлттық идеология тұрғысында халық жүрегіне жол таба білді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ақындар айтысында бұл мәселе барынша өткір айтылды. Мәселен, Балғынбек Имашевпен айтысында оралман ақын Иманғазы Нұрахметұлы өз тағдырын Тәуелсіз елдің тарихымен сабақтастыра жырлайды: «...Бір кезде бірлігі мол халық едік, Білгідей билік құрған ханы болып. Кешегі тар заманның толқынында, Тоз-тоз боп әрбір жерде қалып едік. Халқыма теңдік тиіп ел болған соң, Алласы мұсылманның жары болып, Тәуелсіздік қойныңа қосты мені, Әлемнің жатыр оны бәрі көріп...». «Публицистика – дәуір үні» атты зерттеу кітабында ғалым Т. Амандосов, кәсіби журналистің шеберлігі тұрғысында төмендегідей пікір келтіреді: «Фактісіз публицистика жоқ, сондай-ақ фактісіз ойды да байыптауға болмайды. Оқырмандарды тек декларациялар мен пікірлер айтумен, жалпылама, жалаң сөздермен сендіру мүмкін емес. Фактілерді жиыстырулардан, оларды көрсете білуден, салыстырудан, дәлелдей және байыптай білуден журналистің шеберлігі байқалады»[19]. Айтыс ақынын азаматтық журналистика функцияларын атқарушы тұлға деп танитын болсақ, ғалым Т. Амандосов пікірлерінің мәніне тереңдей түскен абзал. Жалпы, шығармашылық дүние көп жағдайда нақты және абстрактылы түрде сараланатыны белгілі. Айтыс жырларында осы екі жағдайдың да сипаты бар. Бірақ көркем шығармада кездесетін абстрактылы ұғымдар мен айтыс жырларында кездесетін (цифрсыз, цитатасыз) ой-толғамдардың жөні мүлдем бөлек. Айтыстарда айтылатын ой-толғамның өзегі нақты өмірде, қоғамда 29


болған оқиғалар мен тарихи жағдайлардың әсерінен туындайды. Оны тыңдап немесе оқып отырған адам, ақиқаттың нағыз шынайылығына көз жеткізеді. Публицистика сипатын үнемі факті мен дерекке байланыстырып айқындайтын ғалым Т.Амандосовтың өзі бір пікірінде, публицистиканы біз келтірген уәж төңірегінде қарастырып өтеді. «Ғылым мен көркемөнер сияқты публицистиканың да объектісі өмір шындығы болып табылады». Ұлттық идеологияның айқын да, ашық жаршысына айналған ақындар айтысындағы сан-алуан тақырып өзегінің тоғысар түйіні, халықтық мүдде мен елдік арманмен үнемі астасып жататынын жоғарыда айтып өттік. «Публицистика – өмір шындығы» екендігін ескерсек, ел тарихының тағдырлы болмысын өз жырына арқау еткен Дәулеткерей Кәпұлы айтысындағы мына бір толғамды ойлар халық санасына үлкен әсер етіп, сергектікке, бірлікке, Тәуелсіздіктің баяндылығы қаншалықты қымбат екендігіне үндейді: Дәулеткерей: «...Шыбын да жаным шырылдай, Қай жаққа бетті бұрмақпын. Асылдарымды атқызып, Абақтыға жатқызып, Ұлардай жұртты шулаттың. Босқанда халық шет елге, Аузыңнан дәмі кетер ме, Аштықта жеген тулақтың». Уақытқа сын көзбен қарап, болашақты бағамдау, қашанда өткенге ой жіберіп саралаудан тұратыны белгілі. Айтыстың басты ерекшеліктері де осындай қасиеттерімен көрінуінде. Ұлттық сананы қалыптастырып, халықты белгілі бір бағытқа, ұлттық мүддеге ұйыстыруда жалаң сөз, жадағай сөздің ықпалы жүрмесі белгілі. «Қазіргі айтыстың идеялық-көркемдік ерекшеліктері» туралы зерттеу жұмысында ізденуші ғалым Шырынбек Қойлыбаев мынадай пікірлер келтіреді: «Қазіргі кезде айтыстың идеялық мәнінің негізгі алтын қазығы болатын тағы бір саласы, ол ақындардың қоғамдық мәселелерді көтеруі болып саналады. Айтыс ақындары бұл ретте ел мен жердің жағдайын халықтың мұңын айтыс мінберінен айту арқылы шындықтың бетін айқара ашады». Қазақстан қоғамында орын алып отырған түрлі кемшіліктер мен ұлт болашағына көлеңке түсірер келеңсіздіктер, ақындар айтысында барынша ашық айтылып отырды [20]. Кез келген саяси-экономикалық қадамдардың тиімділігімен қоса, проблемасы да болатыны белгілі. Шетел инвестициясы Қазақстан экономикасына қаншалықты пайдалы болғанымен, ұлт мүддесі үшін оның 30


қолайсыз тұстары да баршылық еді. Көршілес елдерден ағылған босқындар мен пайда қуған жымысқы топтардың қазақ халқына жаны ашымайтындығын айтыс ақындары дер кезінде аңғарып, осы жайтты проблема ретінде көтере білді. Салауат Исақаевпен айтысында ақын Серікзат Дүйсенғазин етек-жеңі кең, қазақ қоғамының бейқамдығын былайша сипаттады: «...Ағайын, арманыңа аштым құшақ, Болсын деп, үлкен-кіші, дос-құрбы шат. Ол рас қара қытай қаптап жатыр, Кәдімгі таудан аққан тасқын құсап. Базардың барлығын кеп жаулап жатыр, Ауғаннан ауып келген босқын құсап. Оларды тыю ертең қиын болар, Тоспасақ алдарынан тосқын құсап. Қазақы көңілменен көне бермей, Күдікпен қараған жөн қашқынға ұсақ. Тобаға келтірмесек бәле салар, Қорада қойға тиген қасқыр құсап...». Айтыс ақынының кәсіби журналистерге тән, ұқсас қасиетін айқындайтын басты ерекшелігінің өзі – уақыт ағымында болып жатқан өзгерістерді дер кезінде көріп, оны орынды көтере білуі дер едік. Айтысқа қатысушы ақындардың ұлттық мүддені, идеологияны жырлауы табиғи заңдылық. Өйткені сөз сайысына түсуші ақын – мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқының өкілдері, яғни, перзенттері. Қандай жағдайда, қандай ортада болмасын, олар ұлт мүддесі тұрғысында сөз айтып, жыр жырлайды. Сондықтан да ұлттық идеология мұраттарын насихаттау айтыс ақындарының қастерлі, азаматтық парызы. Осы жерде басын ашып алатын мәселе – айтыс ақындарының шовинистік, ұлтшылдық пиғылдан адалығы. Олар (айтыс ақындары) қазақ халқына, оның мүддесіне қатысты қандай мәселені жырламасын, адамгершілік, азаматтық принциптерден аттап кеткен жоқ. Олар көтерген проблемалар, тарих талқысынан өткен шынайы шындық болып табылады. Қазақ ұлтының мүддесін көтерсе, ол моральдық этика нормалар тұрғысында болды. Айтыс ақындары өз халқының жоғын жоқтап, мұңын жырлады. Өз ұлтын ұлықтай білген ақындар көрші халықтардың да көңілін қалдырған жоқ. Аманжол Әлтаев пен Карима Оралова арасында өткен айтыста ақындардың азаматтық ұстанымдары былайша көрініс табады: Аманжол: «...Қазақ – Ресей ежелден көрші елміз, Жүрейік құдалардай араласып. Інің емес тең тұрған құрдасың бұл, 31


Мәскеу саған кеп тұрмыз дара басып...». Кәрима: «...Сүйінбай менен Құлмамбет, Сөз қалдырған саралап. Москваны жырлаған, Жамбылдан қалған дара бақ...». Ұлттық идеологияның негізгі өзегі рухани құндылықтардан бастау алатыны белгілі. Тіл мен дін, дәстүр-салт, өнер мен мәдениет, тарих пен әдебиет, ұлт баспасөзі мен ағарту саласы – осының барлығы айтыс жырларының негізгі тақырыбы болды. Мұның сыртында ұлттың ұлы тұлғалары, қоршаған орта, экология мәселелерінің де түп қазығы елдік мүдде тұрғысында өрбіп, ұлттық идеологияның сипаттарын айқындады. Осы келтірілген өзекті мәселелердің барлығы абстрактылы тұрғыда емес, нақты дерек-мәліметтер негізінде сөз болып, ел назарына ұсынылды. Айтыс ақындары көтерген осы мәселелер халықтың күнделікті көріп, сезіп отырған жағдайлары болғандықтан, оны бірден қабылдап, қолдап, қолпаштап отырады. Бұл көрініс айтыс ақынының халық мұңын жоқтаушы, ел аманатын жарыққа шығарушы өкілі екендігін танытатын құбылыс[21]. Әдетте айтыс күтпеген жерден, тұтқиылдан басталады. Айтысты бастаушының, ұрынушының сөзі оқыстан айтылады да, қарсыласы оған қолмақол жауап қайтарады. Екеуінде де күні бұрын әзірлік болмайды. Кей-кейде іштей бір қағысудың ретін ойлап жүретіндердің де болуы ықтимал. Бірақ ойлаған қағысудың өзі қашан, қай уақытта, қандай жағдайда болып, қай бағытта өрбитіні белгісіз. Мұндай тосындық, кездейсоқтық айтыстағы басты ерекшеліктердің бірі болып табылады. Оған тапқырлық, қиыннан қисынын табатын шешендік қосылғанда айтыстың жанрлық табиғаты ашыла түседі. Осы ерекшеліктеріне орай, күтпеген жерден айтар сөзін әзілмен әдіптелген тапқыр ой арқылы түйіндеп, қарсыласын өткір тілмен бұлтартпай күлкі объектісі ете алатын айтыс өнерін халық даналығы тудырған көркемсөз үлгілері деп санауға болады. Қазіргі айтыс өлеңдерінің идеялық бағыты біркелкі болмауы сияқты, оның көркемдік дәрежесі де әртүрлі. Айтыс өлеңдерінің ішінде олпы-солпы құрала салғандары да кездесетінін сөз еттік. Әрине, бұған карап оларды «өлең емес» деуге болмайды, олар да өлең, тікелей эфирден туындап жатқандықтан олқы қүбылыстардың болып тұруы да заңдылық. Сонымен қатар айтыс өлеңдерінің ішінде нағыз шабыттан туған асылдары бар. М.Тазабековтың, А.Әлтаевтың, О.Досбосыновтың, М.Қосымбаевтың,А.Бұлғақовтың, Д.Кәпүлының, Ж.Болтанованың, Б.Шойбековтың, А.Леубаеваның, А.Қалиевтің, А.Өзбековтың, С.Дүйсенғазиннің, Е.Жұматаевтың, Б.Әшірбаевтың, Р.Зайытовтың, 32


Ш.Қойлыбаевтың айтыстарының мәтіндерін оқып отырып біз осындай ойға келеміз[21]. Қалай десек те, қазақ ауыз әдебиетінің орасан зор әулетін танытатын айтыс өнері өз орнын жоғалтпайды. Ол — халық рухының жоғары болуына, сенімнің екі аяқтан нық тұруына өз үлесін қоса бермек. Тапқырлыққа, шынайы шындыққа негізделген күлдіргі әзіл өлеңдерде философиялық, дидактикалық түйіндер де жиі кездесіп отырады. Ондай түйіндер даналық пен ойшылдықтан туындайтыны белгілі. Бір шумаққа осынша философиялық мол мазмұн беріп тұрған әзіл сөздің тапқырлығына, логикалық ой-түйінінің ұтымдылығына көңіл тояттайды. Мұндай айтыстардың әлеуметтік, тәрбиелік мәні де зор. Айтыс үстінде айтылған әзіл-сықақ пен сатира өсіп келе жатқан ұрпақты жаман қылықтан сақтандырып, адал еңбек етуге, тапқырлыққа, шешендікке, ұтқырлыққа баулиды. Айтыс өнерi сан ғасырлардан берi бiрде дамып, бiрде тоқырап, халқымен бiте қайнасып талай өткелектерден өтсе де, жойылмай келе жатқан поэзиялық жанр екенi белгiлi. Айтыс үстiнде әр ақын өз елiнiң (жерiнiң) намысын қорғайды, табыстарын мақтан ететіндігін оқушыларға түсіндіріп, өздері де «болмаса да ұқсап бағуға» тырысуға тәрбиелеу керек. Көбiне ақындар ел атынан сөйлеп отырған. Айтыс арқылы біз балаларды «адамның баласы» болуға тәрбиелей аламыз. Халықтың атынан сөйлеуге үйретеміз. Айтыс – дүние жүзiндегi басқа ешбiр халықта жоқ, өнердi тамашалауға жиналған жұртшылықтың делебесiн қоздыратын, ұлттың намысын қайраққа салатын, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленген, қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Айтысқа қатысатын екi ақынның да артында арқа сүйер iргелi елi бар, сондықтан айтыскер ақындар ешкiмнен қорғаламай (жасқанбай), халықтың айтар сөзiн айшықты өлең жолдарымен өрнектеп, ел жақсыларының даңқын ақсақтатып, қалың бұқараның аузында жүрген шырқыраған шындықты дүйiм жұрттың алдында ашық жайып салып отырған. “Хан” демей, “Қара” демей, елге тiзесiн батырған озбырлардың қылықтарын әшкерелеп, өткiр сынның тезiне салған. Қанша жерден жек көргенмен, ешбiр билеушi айтыскер ақындардың ауызына қақпақ қоя алмаған. Айтыс өнерiнiң өмiршеңдiгi де осында жатса керек. Әр заманның айтыскер ақынға қоятын басты талабы — бұрынғы өрнектерді қайталай беру, өмірдегіні қабылдап, көшіріп беру емес, жаңа дүние, тың кестелер тудыру. Сонымен қатар, айтыскердің жасаған көркемдік әлемі көрерменін иландырып қана қоймай, қарсылас әріптесін де ырқына баурап әкетуі қажет. Айтыскер ақынның ойынан көрермен немесе қарсылас ақын озып кетіп, айтысқа арқау болатын жағдайларды алдын-ала болжап, өзінше өрбітуге дайын болып отырса, онда ол ақынның шынайы өнердің ақтабаны дәрежесіне жетпегені. 33


2.2. «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» Қазақ поэзиясында өлең өнерімен даңқ тұғырына көтерілген Ж.Жабаевтың өнегелі өмірі мен өнерпаздық мұра-мирастары кеңес дәуіріне дейінгі және кейінгі кезеңдерде жан-жақты зерттеліп, жеке жинақ, ұжымдық еңбектер түрінде жарық көрді (“Жамбыл Жабаев творчествосы”, “Ж. Жабаев. Шығармаларының толық жинағы”, “Жыр алыбы” (естеліктер), “Жамбыл және қазіргі қазақ поэзиясы ”, “Дастан ата” т.б). Жыр жұлдызы Жамбылдың дара дарынға тән талант қуаты мен даналық мәйегі туралы ұстаздары мен тұстастары, көрнекті қаламгерлер мен әдебиеттанушы ғалымдар әр кез-ақ айтып, жазған-ды. Ақын-қайраткер С. Сейфуллин: “Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз” десе, академик-жазушы Ғ. Мүсірепов: “Жамбыл дүниеге екі туып келген адам: тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келгенде заман құрсағынан тағы туды. Қазақтың Гомерін туғызу үшін заман тоқсан жыл толғатты. Бірінші туғанда – ана бесігінде өсті, екінші туғанда – Отан бесігінде өсті” дей келіп, жыр-дарияның бастау арнасы мен мың сан иіріміне де енеді, өлең-өнердің көркемдік құпиясына да ден қояды. Мағыналы өмірінің ширек ғасырдан астам бөлігін Ж.Жабаев шығармашылығына, оның ақындық мұрасын зерттеп, зерделеуге арнаған қоғам қайраткері, әдебиеттанушы ғалым М.Жолдасбеков: “Жамбылдың ақындық жолға түсуінің ең әдепкі адымы өзінің алдындағы белгілі ақындардың өлеңдерін, ел аузындағы өлең-жырларды жаттап айтудан басталады. Жас ақын Жетісу елінің ертедегі салтымен бәдік, жарапазанды көп айтады, бірақ ол ешқашан дін, шариғат жолын үгіттемей, күлдіргі, әзіл-қалжың өлеңдерді көбірек шығарған. Жарапазанды сылтауратып жас ақын бірде әйгілі Сүйінбайдың ауылына келіп, Сүйекемнің үйінің сыртынан ат үстінде өлеңді ағытып қоя береді. Жамбыл ұзақ жырлайды. Сүйекең жалықпай тыңдайды. Аттан түсіріп, Сүйінбай талапкерге оң батасын беріп, үстіне шапанын жабады. Асқар Алатаудай ұстазының сынынан сүрінбей өткен бақытты күнінен Жамбыл өзін шын ақын санап, жолы да, өрісі де ашылып, тайсалмай топқа түсе бастайды. ” – деп жазады “Асыл мұралар” атты еңбегінде. [22] Иә, ұстаз-ғалым М.Жолдасбеков ұзақ жылдарғы ізденістері арқылы ел ардағына айналған, өлең жырдың биік белесіне көтерілген Ж.Жабаевтың ғажайып ғұмырын, айрықша дарыны мен даналығын, ой мен сөздегі шебер де шешен, сергек те серпінді сипаттарын терең танып-талдап, тамыршыдай тап басып көрсетеді. Ж.Жабаевтың он бес жаста жазған “Шағым” атты алғашқы өлеңінен өмір, уақыт шындықтары терең танылады. Діни оқу сипаты, молдалар әрекеті жас шәкірттің қарсылығын туғызады. Оқу барысындағы молданың іс-әрекетін: 34


Шып-шып етіп молданың Қолындағы тобылғы, Қозғалтпайды жонымды, Талай дүре соғылды. Торсылдатып танадай, Жыртар болды тонымды. Тілің ащы бала деп, Қайнатты әбден сорымды, – деп бейнелесе келесі кезекте әлгі молданың ойын, теріс мінез-қылығын былай білдірген: Оқымаймын молладан Не оқытпақшы ол маған? Бала келсе сабаққа, Жем дәметкен дорбадан. Ақ сәлдесін төңкеріп, Көзін жұмып теңселіп, Күн ұзынға боздаған. Бұдан кейінгі жерде Жамбылдың әкесіне қаратып: Оқығанша мен одан, Домбыраны қолға алам, Өлең кірген түсіне, Жөргегінде мен болам, – деп үн қатуынан сөз өнеріне біржола бет бұруы танылады. Ал, көркемдік-рухани әсері нәрлі де нанымды. Сол себепті де қалың көпке кедергісіз жетеді. “Сараң бай мен жомарт кедей” атты өлеңінде өмір, кезең көріністері, адамның асыл да жағымсыз қасиет, белгілері бедерлі берілген: Малы көп бай жылайды қар жауғанда, Бәрін тастар ниеті малға ауғанда. Жерден алтын тапқандай кедейлер жүр, Әйелі толы шелек сүт сауғанға. Өлең мұраты айқын. Ол – бай мен кедей ара қатынасын ашу. Мал, дүниенің бай үшін “қымбат” екендігін көрсету. Керісінше, кедейдің жомарт жүрегін, барға қанағат көңілін көрсету нақты, көркем берілген. [23] Осы тақырып “Әділдік керек халыққа” деген шығарма арқылы табиғи жалғасын табады. Ұзынағаш базарында халыққа сес көрсете келген Қисыбай болыс төңірегіндегі би-төрелерге Жамбыл халық атынан сөз арнайды. …Болыс елді аралап, Жарлыны шауып жаралап. Сөзін сөйлер молданың, Көзін жойып жарлының, 35


Ас берсе бай саралап. Немесе: … Айтқандары өтірік – Ұлыққа кім бар сенетін. Сыздауық жара секілді, Денені сыздап саралап… [24] Өлеңде өмір шындығы, адам орны, іс-әрекеттері бар. Ақын сонымен қатар тиісті тұста қоғамдағы “жоғарғы басқыш өкілдері” – хан-төрелердің алдайтынын, би-болыстар арбайтынын, тамақ-параға сатылатынын да сенімді, серпінді суреттейді. Жамбыл өлеңдеріндегі ой-түйіндердің жыраулар поэзиясы үлгісімен кең өріс алуы – әдеби-тарихи тұрғыдан негізді, ұлттық-тәлімдік тұрғыдан мәнді. Мысалы: … Асқар тау ғаріп емес пе? Айдынды көлі болмаса. Ер жігіт ғаріп емес пе? Белгілі елі болмаса. Ел де ғаріп емес пе? Белгілі белге қонбаса. Ағаш ғаріп емес пе? Мәуесі өсіп тұрмаса. Су да ғаріп емес пе? Арнасы тасып толмаса, – деп ақын одан әрі көктемгі судай тасқындатып әкетеді. [25] Мұнда ақын адам мұраты мен еңбек сипаттарын, өмір-дүние сырларын, ел-жер қадірін, өзара салыстырып, нәтижесінде әлеуметтік танымды, қоғамдық көзқарасты, өзіндік ой-пікірлерді, өмір өнегесін алға шығарады. Өмір шындығын алға тартады. Абайға арналған жұбату өлеңі “Жалғызбын деп жүрмесін” деп аталады. Әбдірахман өлімінің Абайға аса ауыр екенін сезінген Жамбыл осы өлеңін арнаған. Көлемі 12 жолдан тұратын туындыдан – қазаға қайраттылық керектігі танылады. Өлең өрнектерінде өмір тәлімі, жан-жүректен шынайы жолданған мейірім шуағы, сезім сәулесі, қысқасы көңіл толқыны жан-жақты көрініс береді. Өлең-өнердің қос жүйрігінің қатар соққан жүрек лүпілі, көңіл толқыны да айқын аңғарылады: Сәлем айт барсаң Абайға, Кеңесі кеткен талайға. Ауруды жеңген қара жер, Сабырлы болсын қалай да! 36


Бір жұтқан судай дүниесін, Ащысын тастап күймесін. Жапанға біткен бәйтерек, Жалғызбын деп жүрмесін. Кемелге келген асыл-ай! Нар көтерген ауырға, Арқасын тоссын жасымай. Бұдан басқа “Тоқтағұлға”, “Жаныс ақынға”, “Сырттанға” сынды арнау өлеңдерде ақиқат жолы, өмір өрімі өрнекті өріс алса, керісінше “Абышқа”, “Есенәлі мешкейге”, “Мәңке туралы”, “Тілеміске”, “Шалтабайға”, “Сәт сайланарда”, т.т. ел үстінен күн көріп, айла-амалмен ар-намысты таптағандарға халық қарсылығын, уақыттың талап-міндеттерін нақты, жүйелі жеткізеді. Жамбыл шығармашылығының салмақты бөлігін айтыс-дастандары құрайды. Адам мұраты, ел-жер тағдыры, ұлт пен ұрпақ қамы, өнердің арқауына айналады. Ұлттық-тәлімдік мәселелер де айтыс-дастандарынан көрініс береді. Мәселен, “Жамбыл мен Айкүмістің айтысы” – қыз бен жігіт айтысының үздік үлгісі. Айтысты Жамбыл бастап, Айкүміске былай деп үн қатады: Әдейі ат терлетіп келдім тойға, Айкүміс, әуелден-ақ болдың ойда. Әуірі басылмаған албырт едім, Асығыс айтқаныма кінә қойма?! Кезекті тұста Айкүміс ақыл мен парасатты тең ұстап, сыр мен сезімді, төмендегіше жеткізеді: Аптығып, ә дегеннен амандаспай, Әдепті үйренбепсің, Жамбыл жастай. Асылға аспандағы қол жетпей ме, Ақылмен қимылдасаң асып – саспай. Қыз жауабы ойлы. Астарлы мән де бар. Алғашқыда Жамбылды сынап, мінеп алады. Кейіннен ақылды өлшем етіп, сабырға шақырады. Сонда Жамбыл: Айкүміс, асықпауға шама бар ма, Жасшылық ұрындырды талай жарға. Сен үшін, жатсам-тұрсам арманым көп, Жем болып кете ме деп жамандарға, – деп түпкі көзқарасын бүкпесіз баяндайды. [26] Жамбыл бұл тұста, әрине, жастықты, сыр-сезімді алдыңғы кезекке шығарғанмен, “қыз – жолы жіңішке” қағидасын да, әлімжеттілердің “төте жолын” да негізгі назарда ұстайды. 37


“Жамбыл мен Айкүмістің” той үстінде кездесуі жарасты жастықтың символын аңғартып, сөз сайысының келісті, үйлесімді үлгісін көрсетеді. Әдемі әдепдағды, зілсіз әзіл-қалжыңға көңіл сүйсінеді. Айтыс мазмұнынан қазақ халқының досқа – адал, дәстүрге – берік мінез-құлқына жан-тәнімен бейіл танытасың. “Жамбылдың Бақтыбай ақынмен танысуы” қос жүйріктің де ата тегінен, өлең-өнердегі дарын-қабілеттерінен мол сыр аңғартады. Алғаш сөз алған Бақтыбай ақын “күй мен сөзді ағытқан” өткен кезеңдерінен сыр толғаса, өз кезегінде Жамбыл “Сәлем – сөздің анасына” тоқтап, кішілік әдеп көрсетеді. Кейінгі жерде өлең-сөзбен өмір өткелдерін ойға алады. Қырғыз-қазақ еліне таныстығы, Майкөт, Құлманбеттің қатар тұрғаны, Майлықожа, Құлыншақты үлгі ететіндігі өлең құдіретімен табиғи жеткізіледі. Жамбылдың ақындық қуатын, талант табиғатын танытқан айтыстары – Құлманбет, Сарбас, Досмағанбет, Шашубаймен кездесіп, өлең-сөзбен жарысқа түсуі. Бұл айтыстар бейнелік-көркемдік тұрғысынан да ден қойғызады. “Жамбыл мен Құлманбет айтысы” туралы алғашқы дерек көздері – “Терме”атты әдеби жинақта кездеседі (Ташкент, 1925 ж.). Бұдан кейінгі жерде С.Сейфуллиннің “Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары” деген еңбегіне енді (1931 ж.). Ақынның әр жылдары жарық көрген (1940, 1946, 1957, 1971 т.с.) жинақтарында айтыс мұрасына да кең орын беріледі. Жамбыл айтыстарының айшықты да даңқтысы – Құлманбетпен арада өтеді. Жамбылға дейін бірнеше ақынмен кездесіп, шабыты шалқып, еңсесі биіктей түскен Құлманбет алғашқыда Жамбылды көптің бірі санап, көзге ілмей, тұқырта түседі. Мылтыққа түтеп тұрған қарсы, Асықсаң ажалыңа келші бермен, – деп Жамбылға жау көргендей шүйіледі. Өзінің бай-шонжарларын алға тартып, жөн-жосықсыз марапат, дақпыртқа жол береді. Орайлы тұста Жамбыл: Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт. Қарынбайдай сараңдар толып жатыр, Оны мақтап әуре болмай жөніңе қайт, – деп айбыны асқақ, екпіні өктем, Құлманбеттің бетін қайтарады. Жамбыл осы айтыста ел жайына, ер қамына байланысты маңызды, кәделі ойлар қозғайды. Айталық, Саурық батыр туралы: … Қозғайын оның затынан, Саурық барып жауды алса. Қиюлы шешіп дауды алса, Ілесуші ең артынан. 38


Мойны озған ерлер ғой Қатардағы халқынан, – деген жолдардан батырдың биік тұлғасы танылады. Жамбыл Досмағанбетпен айтысқанда оған қарата: Сөз білмейтін абасың, Ақындыққа шаласың… Сен – күйкентай, мен – тұйғын, – десе, Шашубаймен болған сөз сайысында: … Ұлы жүздің ішінде, Ұраным менің Қарасай. Қарасайдың ұлымын, Айтулының бірімін, Нар кілемнің түрімін, Қызыл тілін безеген, Найзасын тасқа егеген, Алды-артыңды буамын, Сені асырмай кезеңнен, – деп басымдылық байқатып, сес көрсетеді. Ақын сөздері мен ой жүйесінен өлең-өнер сиқырымен қатар ұлт мүддесіне, ата тегіне, адамның асыл қасиеттеріне, ісін ардақтауға, тәлім-тәрбие сабақтастығына беріктігі байқалады. [27] Жамбылдың ақындық өнері табиғи өріс алумен бірге қарсыласын сөз сынымен, ой өзегімен, тіл мүмкіндіктерімен баурап алады. Мұндай белгі-бедерлер дастан-хикаяларынан, (“Өтеген”, “Сұраншы”, “Көрұғлы”, “Замана ағымы”, “Туған елім”, “Менің өмірім” т.б., ерлік тақырыбындағы туындыларынан “Балама хат”, “Қамал бұзған каһарман”, “Ленинградтық өренім”, “Төлеген ер”, және т.б.) да айқын аңғарылады. Жыр алыбының “Абайдың суретіне”, “Амангелді”, “Балаларға”, “Күләшқа”, “Кененге”, “Тоқтағұлға” сияқты арнау өлеңдерінде өмір-өнер жарастығы көрінсе, “Алатау”, “Бақыт туралы жыр”, “Бесік жыры”, “Жаз”, “Жеңіс жыры”, “Еңбек көктемі”, “Қымыз” сияқты жырларынан ел өмірі, тұрмыс-кәсібі, салт- дәстүрлері кеңінен танылады. Алыс-жақын елдердің ақын-жазушылары ұлт руханиятын, қазақ өнерін, импровизациялық дәстүрді өзгеше құбылыс ретінде айрықша атады (Н.Тихонов, М.Шолохов, К.Симонов, С.Маршак, П.Кузнецов, Л.Пенковский, Я.Купала, А.Геворк, И.Тренчени, В.Вынту, Қ.Ақиев, Г.Лахути, Б.Пашкова т.б.).Мұны, сөз жоқ, Ж.Жабаевтың аса бай шығармашылық мұра-мирастарына қатысты да айтуға әбден болады. Асылы, Ж. Жабаевтың өмірде өнегесі, өнерде өрісі кең. Ұлт руханиятын ақындық өнердің көркем көкжиегімен байытты. Өмір өнегесін өлең-жырларымен биік белестерге көтерді. Нәтижесінде, дара дарынның өмірі өрнекті өлкеге, өнері өрісті арнаға айналды. 39


Жамбыл Жабаевты М.Әуезов «ақындардың ақыны айдын көлдей ақылы» деп атаған. Ол жастайынан сөз өнерін пір тұтып, бала кезінде-ақ, Сүйінбай Аронұлынан бата алады. Сондықтан да осыдан кейінгі өлеңдерінде «Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сиынбай» деп ұстазының алдына түспейтіндігін үнемі айтып отырады. Осылайша жастайынан өлең-жырға жақын өскен ол он бес жасынан-ақ «жас ақын», «жап-жақсы ақын», «Жамбыл ақын» болып, елге таныла бастаған екен. Өзін шалқарда шалқыған аққуға теңеген ақын «келмеді сасық, шалшық жерде қалғым» деп жыр маржанын тере білді. Бір жағында қалың бұқара, бір жағында бай мен датқа тұрған ақынның алдында "кімнің сөзін сөйлеу керек?" деген замана сауалы тұрды. Қалың бұқараның жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған ақын бай, манаптарды шеней білді. Ақын шығармаларының шоқтығы биігі – айтыстары деп айтамыз. Жамбылдың Құлманбет, Досмағанбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Сары, Бөлтірік, Жүнісбай, Айкүміс, Бөлектің қызы, Шашубаймен айтыстары суырыпсалмалық өнерінің биікке шарықтағандының айғағы. Осылардың ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының жақсы бір көрінісі болса, Құлманбетпен айтысы қазақ әдебиетіндегі айтыстың жақсы бір үлгісі. Құлманбет ақын Албанның би, болыстарының байлығымен, дәулетімен мақтанғанда Жамбыл «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт!» деп жеңіп кетеді.Төменде жыр алыбы Жамбылдың Айкүміспен айтысынан үзінді келтіріп отырмын: Жамбыл: Әдейі ат терлетіп келдім тойға, Айкүміс, әуелден-ақ болдың ойда. Әуірі басылмаған албырт едім, Асығыс айтқаныма кінә қойма! Айкүміс: Аптығып ә, дегеннен амандаспай, Әдепті үйренбепсің, Жамбыл, жастай. Асылға арсыдағы қол жетпей ме, Ақылмен қыймылдасаң аспай-саспай?. Жамбыл: Айкүміс, асықпауға шамам бар ма? Жасшылық ұрындырды талай жарға... Сен үшін жатсам, тұрсам арманым көп, Жем болып кете ме деп жамандарға. Айкүміс: Біле ме пенде шіркін өз кемісін, 40


Ел кезіп есер мінез сен де жүрсің... Жаралған жат жұрттыққа ұрғашымыз, Жарқыным, өкінбеші сен мен үшін! Жамбыл: Барарсың бір жаманға өзің қор боп Отырсың қарқарадай әзір зор боп. Көзіңе көк шыбынды үймелетер, Көргенің өле-өлгенше ылғи сор боп. Айкүміс: Жамбыл-ау, күбінесің неге сонша? Құтқарып қыз біткенді қалған жанша... Қолдағы қаршығаңнан неге айрылдың Тұтқасы дүниенің сенде болса?! Жамбыл: Жалғанның сорлысы екен қыз бен жігіт, Жүрмеген бірге ойнап, бірге күліп! Арыны басылмаған арсыз көңіл, Тағы да етіп отыр сізден үміт. Айкүміс: Жігітке көрінеді үміт жеңсік, Жарымас ол мінезге көңіл көншіп? Жарқыным, одан қайта қолқаңды айтшы, Әр нені тере бермей, құр білгенсіп!.. Жамбыл: Түйме емес, тоғыз емес тілегенім, Жұбатпас көңіліңді құр өлеңім. Болмасаң сөзге қашақ, ішке тосаң, Сырымды айттырмай-ақ білер едің... Айкүміс: Жамбыл-ау, жан екенсің сөзге сараң Жақпады қай мінезім бүгін саған? Дітіңді білтелемей, білдіре айтшы, Саласың қандай қолқа тегі маған? Жамбыл: Ауылым жайлап отыр Көксеңгірді, Көз сүзіп сіздің жаққа еңсем құрды. Қолыма бір ұстатсаң түсінерсің, Томпайған төсіңдегі өртенгірді. 41


Айкүміс: Жамбыл-ау, ұстатпаймын, кінә қойма, Кетейін қайтып ардан мына тойда. Жақсы сөз жан семіртер деген бар ғой, Әдепті мінездерің жүрсін ойда... Жамбыл: Айкүміс, амалым жоқ, қош ендеше, Кетелік сыр білдірмей жат пендеше... Атыңды, ақ жүзіңді ұмытпаспын, Кеудемнен қашан менің от сөнгенше...- дейді. [28] Халық поэзиясы көбіне ауызша айтылады, кейін назарға түсіріліп оқылады. Оның көркемдеу құралдары да басқаша, көбіне байырғы тіл әдісімен баяндалады. Оның талантты өкілдері нағыз көркем сөз шебері болып, айтулы ақын дәрежесіне көтеріледі. Кеңес заманында халық поэзиясының ірі өкілдерінің бірі – Жамбыл Жапаұлы болды. Жамбыл қазіргі Жамбыл облысында Шу өзенінің бойындағы Жамбыл тауының етегінде 1946 жылы ақпан айында туған. Жамбыл жоқшылық тұрмыста өседі. Ес білген соң әкесі оны ауыл молдасына оқуға береді. Бірақ молдалардың қорлығына шыдай алмай Жамбыл оқуды тастап кетеді. Жаратылысында пысық, зерек бала оқып білім алмаса да, жастайынан ән мен өлеңге құмар болады, ауызекі естіген өлеңдерін жаттап алып жүреді. Ес білгеннен өр мінезді, тентектеу болып өскен бала Жамбылдың қызықты қылықтары көп болған. Жамбыл жасынан – ақ домбыра үйреніп, ақын болуды армандайды. Ол осы өнерінің шетжағасын көрсете бастаған кезінен-ақ өзі құрбылас жас ақындардан әлдеқайда озат көрініп, жұрт көзіне түсе бастайды. Әкесінің домбыраны жақтырмайтынын білсе де, ән мен жырдың айрылмас адал серігі болған. Бұған Жамбылдың 13-14-ке келген кезінде әкесінің ұстіне домбырамен келіп: Батаңды маған бер,әке, Тіліме менің ер,әке, Жапаның ұлы ақын боп, Жақсы істепті ... дер әке! –деп, батыл тұрып бата сұрағаны дәлел. Әкенсі ризашылығын бермегеніне қарамастан, қайсар бала алған бетінен қайтпай Жетісу бойына атағы шыққан Сүйенбай ақынға барып сөзін сынатып, оның батасын алған. Елдің ежелгі дәстүрі бойынша шәкірт ақын ұстаз тұтқан белгілі ақынға барып, өз өнерін сынатып, одан бата алатын болған. Сүйінбай жас ақынның талантын көріп: «Балам, өз өлеңіңді шығар, бірақ оның жұрт жаттап алатын, ешкім ұмытпайтын өлең болсын, сенің өлеңің жеке адамдардың көңілін көтеріп, солардың сүйініп отыратын өлеңі болмасын, бүкіл 42


халықтың сүйіп тыңдайтын өлеңі болсын. Көмекейің емес, жүрегің сөйлейтін болсын. Шыныңды айт, әділдікті жырла, көне, тозығы жеткен жолға түспе, жаңа жол, тың жолға, даңғыл жолға түс, төңірегіңде не болып жатыр, соны аңғар, соны біл» - депті. Жамбыл Сүйінбайдан ең алдымен импровизаторлық өнерді – ойлаған жерден сөз тауып, өлеңді жылдам шығарғыштықты, шешендік пен тапқырлықты үйренеді. Кейін Жамбылдың: Менің пірім Сүйінбай, Сөз сөйлеген сыйынбай Сырлы сұлу сөздері Маған тартқан сыйындай. Сүйінбай деп сөйлесем Жыр келеді бұрқырапҚара дауыл құйындай – деп бастайтыны да сондықтан екен. ХІХ ғасырдың 70-80 жылдарында белгілі ақын болады. Жамбылдың ақындық қызметінде айтыс елеулі орын алады. Жамбыл өзінің ақындық өнерін көбінесе осы айтыстар үстінде көрсете білді. Жамбылдың айтыстаға бір ерекшелігі өзінің ақындық өнерін тиісті идеялық бағытта пайдалана білгендігі. Ақын айтыста қалың көпшіліктің көңіліне қонымды ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік сияқты мәселелерді қозғайды. Айтыс үстінде халық атынан сөйлеп, халыққа арқа сүйеп отыратын Жамбылдың бұрынғы айтыстарының ішінде, әсіресе оның Құлмамбет ақынмен айтысы ерекше көзге түседі: жалпы сол кездердегі айтыстар сияқты, бұл айтыста да Жамбыл мен Құлмамбеттің әрқайсысы өз руларының атынан сөйлейді. Құлмамбет албан, дулат руларының атынан сөйлеп, сол руларының байлары мен билерін мақтайды. Жамбыл да өз руы атынан айтады, бірақ ол сөзін байлық, мол мүлікке қарай емес, адамгаршілікке, ерлік, әділдікке қарай бұрады. Сөйтіп, Жамбылдың айтысында ру мүдделерінен гөрі халық мүдделері тереңірек көтеріледі. Бұл айтыста Құлмамбет Шапырашты - кедей, Сұраншы, Саурық дегендердің ажалынан өлмей, жаудан өлгенін, өзің де кескінсіз екенсің деп сөгеді. Жамбыл оған Шапырашты елінің байлығын, Алматының салтанатын мақтай келіп, Сұраншы мен Саурықтың өлімі ерлік өлім екенін, ерлердің жорық тарихын зор мақтап, байлыққа батырлықты қарсы қояды. Батырлар елді жаудан қорғап өлетін болса, Құлмамбеттің ағасы Мақсұтты ағайындарымен ұрсысып, аяқ-асты даудан өлгендігін бетіне басады. Мені қара күңнің баласы деп кемсітесің, сен өзің қашып келген ақтабан ұрысың, басыңда бір тал қыл жоқ деп кемітіп жырлайды. Құлмамбетке Жамбыл орынды, өтімді пікірмен шығады. Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулыты айт Қарынбайдай сараңдар толып жатыр. Оны мақтап әуре болмай, жөніңе қайт. Жамбыл сөзі әрі дәлелді, әрі басым шығады да айтыста Жамбыл жеңеді. 43


ХІХ ғасырда белгілі айтыс дәстүрін, айтыс мектебін жасаған Орынбай, Шөже, Кеншінбай, Түбек, Жанақ, Ақан сері, Біржан, Сара, Ақсұлу, Әсет, Ырысжан, Сүйінбай, Майкөт, Майлықожа, Құлыншақ тағы басқа көтпеген ақындар болды. Ақындардың ел аузына таралған ХІХ ғасырдың орта кезінен бастап орыс, қазақ ғалымдары тұңғыш рет жазып алған қағазға түсіре бастаған әрбір айтыстарын – аяқталған жеке-жеке шығарма деуге болады. Айтыс дәстүрінен үлгі алған Жамбылдың өз айтыстарында енді бір жаңа ақынның өнер жолына ұмтылудың беті бар еді. Жамбыл айтыстарының ішінде аяқталған шығарма Құлмамбетпенен, Сарыбаспенен, Досмағамбетпенен айтыстары. Бұл айтыстарда көрінетін жаңа бет алыс, алдымен, ақынның өмір шындығымен суреттеуге салып отыруы, екіншіден жеке айтысты желелі шығарма дәрежесіне жеткізуі. Ал Сарыбаспен, Досмағанбетпен айтыстары да сюжеттік мотиві кең. Ол сүре айтыс. Мұнда жеке батырлардың жорығы да, ел тарихының шежіресі де, тарихы аңыз, оқиғалар да, қоғамдық өмірдің шындық бейнесі де, әралуан адамдардың образы да таратылып, айқын жырланған. Себебі Жамбыл айтыстарын әрі айтыс ретінде, әрі сюжетті дастан ретінде тану қажет. Үлкен бір жиында тоғыз ақынды бірдей жеңіп, өзіне тең келетін ақын жоқтығын айтып, тасып отырады. Осы елде Жамбыл деген ақын бар дейді, маған соны шақырып келтір деп тілек білдіреді. Сол сияқты Жамбыл да, Сүйімбай, Шөжедей бергі ақындық дәстүрді, өзі сол жолды қуған алып екендігін айтып, Досмағамбетті айтысқа шақырады. Сол айтыста Досмағамбет Жамбылға қарап өзін таудан аққан бұлақтай сөзі мол, тұлпар аттай жүйрік ақынмын, байлығым, салтанатым сенің аймағыңды он орап алады, Қолдай, Маман, Желдібайлар байларым бар, маған теңі келер жерің жоқ, елің де, өзің де қу кедей, киер киімің жоқ, келер жерің жоқ, ішер асқа жарымай, өлеңмен қайыр тілеп, күн көріп жүрген қойдың кәпірі азбанындай ақынсың – деп соқтығады. Сонда Жамбыл: оған қарсы шығады. Өлеңнің асау теңіздей нажағайдай оқ боп атылатын сөзім бар ақынмын, апшыңды қуырып, алды-артыңды орап алайын, елді қорғаған батырың қайда? Еліме шапқан жауға қара түнек орнатып, қару жарағын асынып, Алатауға қарай асынған Қарасайдай ерлерің жоқ, немен мақтанасың? Өзіңе бір тиындық пайдасы жоқ, тайын мінуге бермейтін байды несіне мақтадың. Сенің молдалығың да байға сатулы – деп айқасады. Тарихи елдерді жырлау идеясы Сарыбаспен айтысуда тереңдей түседі. Бұл айтыстағы тарихи ерлерді жырлау идеясы Сарыбаспен айтысында тереңдей түседі. Көп айтыстың ішінен сынаулылары ғана Совет жылдарында ақынның өз айтуынан хатқа түскен. Ақын жастау кезінде Айкүміспен, Бөлектің қызымен қысқа қайым айтысқа түскен. Кейініректегі көлемді де сөз сайыстары: «Жамбыл мен Құлмамбет» (1897 ж.) «Жамбыл мен Сарыбас ақын» (1885 ж.), 44


«Жамбыл мен Досмағамбет» (1907 ж.), «Жамбыл мен Шашубай» (1909 ж.) жұртшылыққа кеңінен мәлім. Сара ақынмен қағысу (1875 ж.), Майкөтпен дидарласу (1891 ж.), Жамбылдың Шыбыл шалға айтқаны (1890 ж.), Жамбыл мен Бөлтірік (1890 ж.) – бұлардың бәрі де төкпе ақындықтың тамаша үлгілері қатарына қосылады. Сонымен Жамбылдың айтыстарында ерлікті жырлау, мотиві белгілі бір даму жолдарымен келіп, зор батырлық дастан жасауға негіз болады. Басқа ақындар айтысындай Жамбыл айтысында лирикалық эпос элементі аз, ақын мен ақын арасындағы жеке сынасу. Жүз жыл өмір кешкен ақында неше жүз жылдар өнері мен шеберлігі түйіскен. Жамбыл ақындығын түсіну үшін, оның ауызша айтқыш, айтысқыштығын талдап ұғыну қажет. "А" десе, "мә" дейтін шапшаң айтқыш, "суырып салма" ақын болған жаратылысын зерттеп, бойлап ұғыну керек. Халық бұл алуандас ақындарға "суырыпсалма" ақын деп атақ берген. Қынаптан қылыш суырғандай жалт еткіш, отты, өткір өнерді айтқаны. Біз бұны ақпа ақын, төкпе ақын десек жарайды. Айтысқа шеберлік жалпы ақындық өнерінің, тіпті барлық әдебиет өнерінің өзгеше бір биік сатысы. Ал, ақындық өзі не? Егер ол өзгеше көрегендік, сезімталдық және сол көрген мен сезгенді сырлап, күйлеп айта білгіштік болса, жаңағы ақпа ақын сол көрегендік, сезгіштікті шымыраған шарқына жеткізеді. Шабыты келген ақпа ақын бабындағы аш қыранға меңзес. Тұрпыдан томағасын тартқанда алғыр қыран бар өңірді сәтте көріп, шолып өтіп, қимыл еткен шөп басын, қыбыр еткен тышқан жүрісін, қылт етіп бұққан түлкі түгін лезде шалып қалғандай, айтыс ағымындағы ақпа ақын да сондайлық көмескіні көргіш, бұлдырды білгіш болмақ шарт. Бұл қасиет ақынға оңай орнамайды. Аса бір ерен шыққан, жалын атқан дарынды жас болмаса, көпшілік шын ақпа ақын өнеріне бейім болған күнде де, ұзақ сонар сын кешіп, сан айтыста сілкісе жүріп, сан рет жаға жыртып, тон тоздырып барып жетеді. Бірақ жеткен өнер сатысынан ақын шегінбейді, зымырай береді. Дерт жеңбесе, жыл-жылдар жеңбейді. Ол әсерді де кемітпейді. Тегінде, дене қартаяды, ақындық қартаймайды. Осы айтылған сыпаттар Жамбыл басында түгел бар еді. Алып ақынның жүз жыл өмірі, жүз жыл бойында суарылған сайын шыныға түскен шар болаттың бабындай шымырлап толысып, түрлене түскен ақпа ақын өнерінің өзгеше бір өсу өмірі болатын. Біздің баяндамамыздың тақырыбы Жамбылдың айтыс шебері, ақпа ақын болған өнері жөнінде. Бәрімізге де мәлім, Жамбыл айтысқа жас бала күнінен кірісіп, мөлшері 70 жасына шейін белсене түсіп жүрген. Ал, бірақ соңғы отыз жыл ішінде, ескі мерзім бойынша, кей замандастарымен оқта-текте әзіл ретінде аз қағысып өтіскен болмаса, шынайы үлкен айтысқа, ақындардың өздерінше айтсақ, "сүре" 45


айтысқа араласпайды. Аға ақын Жамбылды кейінгі буын ақындары ол сайысқа салмай, сыйлай, сақтай жүреді. Бірақ ақынның ақпа-төкпе көрікті, кемел жыры соңғы отыз жыл ішінде бұрынғысынан дами түседі. Социалистік Отанның асқар жыршысы болған дәуірінде тіпті құлаш ұрып, шарықтап дамиды. Жә, олай болғанда, кейін Жамбылдың әлемге даңқын шығарған ұлы жырларына бұрынғы айтыс ақыны болған өнерінің жалғасы, қатысы бар ма? деген сұрақ туады. «Өнердің өзін бағалағаның шын болса, төркінін, тегін алдымен таны" десе болады. Сөйтіп, бұрын айтысқа түсіп, ақпа-төкпе жыр туғызып жүрген Жамбыл, бертін келіп советтік дәуірді әсем жырлаған Жамбылдың алдыңғы сатысын, әзірлік дәуірін танытады дейміз. Рас, бұл әзірлік дәуір, ұзақ дәуір болған. Бірақ сол ұзақ дәуірде ақын неше саты мектептен, неше дүркін дайындықтан шынығып өтеді. Сонда айтыстың кейінгі жырларына ақындық тұр, нәр беретін екі жағы бар еді. Бір жағы - жақсылықты (яғни ақынның өзі жақсы деп сүйген, сүйсінгенін) шаттана шалқып, көріктеп, айшықтай жырлайтын жағы. Екінші жағы - ақынның жек көргенін, жиренгенін құнарсыз біліп, аластағанын жерлей, кінәлай ажуалап, масқаралай жырлайтын жағы болатын. 2.3. Айтыс өнерінің қазақ әдебиетіндегі алатын орны Осы зерттеу жұмысымда қазақ халқының халықтық дәстүрінде сақталып келе жатқан ақындық сөз сайысы – айтыс өнерін мектеп оқушыларына қалай жеткізудің тиімді әдістерін түсіну мен түйсіну жолдарын қарастырдым. Сол арқылы оқушының асқақ сезімін оятып, халықтық дәстүр арқылы тәрбиеге баулимыз. Оқушыларға қазақтың ақындық, күйшілік тұрмыс-салт дәстүрлерін тереңірек оқытуды қамтамасыз ететін ғылыми-педагогикалық ізденістер жасау басты мақсатымыз болып табылады. Оқушылардың ақындық айтыс өнеріне деген түсінігін молайту. Өнерге деген қызығушылығын арттыру арқылы олардың ұлттық танымын арттырудың педагогикалық жолдары көрсетіледі. Айтыс өлеңдері – қазақ ауыз әдебиетіндегі ең мол жанрдың бірі. «Айтыс» деген атауы – айтысу, тартысу, дауласу немесе жарысу, сынасу мағынасында қолданылады. Бұрын үлкенді-кішілі кезінде шешендер айтысы болған. Ақындар айтысы өлеңмен айтыс. Анығында өлең жарысы, өнер жарысы есебінде қолданылады. Ақындар айтысы – көпшілік алдында, тыңдаушы, сыншы жұрттың көз алдында туып, орындалады. Әнменен немесе әр ақынның арнаулы сарынымен домбырамен немесе т.б. музыкалық аспаппен айтылады. Ақындардың осылай кезектесіп, жауаптасатын суырып салма өлеңдері, екі жақты айтыс болады. Мұнда тыңдаушы жұрт құр естіп қана қоюшы емес, ол бір жағынан айтысушылардың сөздерін сынаушы, қорытушы болып отырады. 46


Ақындардың бірі жеңіп, бірінің жеңілгеніне төрелік айтушы да сол жиынның өзі болады. Жарысқа түсуші ақындар тапқырлықпен, өнерпаздықпен кезек шабуыл жасап қақтығысулары арқылы тыңдаушыларын әр алуан дәрежеде қызықтырып, еліктіріп, неше түрлі құбылыс күйлерге салып отырады. Қазақ ауыз әдебиетінде айтыс жанры есте жоқ ескі заманнан бері қарай созылып келген. Халық сүйген жанр болғандықтан, бұл жанр Қазақстанда кең өріс алып, мол жайылумен келді. Ең ескі айтыс түрлері қазақ фольклорында топ-топ болып, өзінше хормен айтылатын ескі салт өлеңдерінен басталып, содан бері келе жеке ақындар айтысына өрістеп, ауысқан тәрізді. Мезгілінде жазылып қалмағандықтан қазір біз XVI – XVII –XVIII ғасырлардың ақындар айтысын білмейміз, деректер жоқ. Бірақ сол ғасырларда да айтыстың мол болуы даусыз. Жалпы бұл жанр жөнінде келешекте болатын көлемді, арнаулы зерттеулерде сол ескі дәуірлердегі айтыс ақындарының болсын және бергі белгілі, азды-көпті дерек бар, аттары анықталған, сақталған айтыс жанрлары бар ақындар жөнінде болсын істелетін ғылымдық үлкен істер бар. Содан айтыс жанрының көп қазынасы зерттеуші үшін мол материал толық құралған болады. XVIII ғасырдың соңғы жарымынан бастап, ХІХ-ХХ ғасырдағы айтыстар және кеңес дәуіріндегі айтыстар жазылып алынған түрлерінің, үлгілері өздеріне қарағанда да қазақ фольклорының мол саласының бірі осы жанр екендігін танытады. Шынында Жанақ, Сүйінбай, Көже, Түбек, Майкөт, Қабан, Құлмамбет, Жамбыл сияқты талай елдерге атақтары жайылған ақындарды алсақ, солардың өмір бойы қолданған негізгі ақындық жанр көбінесе айтыс екені білеміз. Бұлар ұзақ өмір жасаған ақындар болуымен қатар, барлығы да айтысқа ерте араласып, 15-16 жастарынан ақындық өнерлерін бастайды. Олардың ел жадында сақталып қалған ірі айтыстарынан басқа, әрбір қынаменде, ойын-сауық, айт пен тойда, ас мерекеде, тұстас ақынмен жас-желең, қыз-келіншектермен қақтығысып айтысқан үлкенді-кішілі, әзіл-күлкілі айтыстарында сан жоқ. Сол айтыстардың бәрінде шын ақындар бірінің айтқанын қайталаған емес. Айтысқа түскен суырып салма ақын тегінде өлең таба алмағандықтан немесе ұйқас таба алмағандықтан жеңілмейді. Жеңілгенде ұтысты дәлелден атсырап, жүйеге жығылып, дау сөзінің логикалық жағынан ұтылып барып жеңіледі. Жеңуші жақ өзінің қарсы ақынына, бет бұруға, жалтаруға ерік бермей, өмірлік логикалық бір шындықтар табады. Дәлелдермен тұсап, тұқыртып буып тастайды. Ондай өмір шындығы дауласуға келтірмейтін, айқын, мықты дәлелдер құр шешендікпен, құр ұйқас сөздермен айтқанмен әлсіремейді, мұқамайды. Сондықтан көлденең тыңдаушы-сыншы жұрт та, жол білетін ақын өзі де, бұл тартыста жеңілгендікті айқын ұғынып, еріксіз тоқтайтын болады. 47


Айтыс жанрын өз ерекшеліктерімен талдауда бұл жай да айрықша ескеріп өтетін, негізгі мәселенің бірі. Айтыс – ғасырлар бойы еліміздің әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен, өмірімен біте қайнасып бірге жасап келе жатқан аса бай, төл жанр. Одан халқымыздың өмірге деген көзқарасы, танымы мен ойлау жүйесі, көркемдік талап-талғамы аңғарылады. Ол өзінің «Аттың жалы, атанның қомында» туған табиғи болмыс бітімімен ертеден-ақ ел тұрмысына етене араласып, сіңісті болып келген өнер. Айтысты қолма-қол тудырушы суырып салма ақындарды халық әр кез зор ілтипатпен қарсы алып, олардың әсерлі өлең, тартысты жырларының құдіретті де сиқырлы күшіне әулиедей сенетін болған. Айтысқа жиналған жұртшылық көптен күткен думанды мерекеге келгендей екі дай болып бөлініп, белгілі бір ұнатқан ақынның жеңіске жетуіне іштей тілеулес ниетте отырады. Сондағы әрбір тауып айтылған аталы сөз, ұтқыр жауаптарға олар ризашылық сезіммен қарап, өз ықылас, ынтасын білдіруге де ерікті. Мұндай ырықтан тыс әсер сезім көріністері айтыс тағдырын шешіп кететін кездері де бар. Осындай халық жүрегіне ертеден ұялаған айтыс өлеңдері өзінің өміршең және көпшілдік, көркемдік сипаттарымен әдебиетіміздегі тартымды да аса бай салаға айналған. Сол себепті академик-жазушымыз М.Әуезов осы аталған жанрдың мән-маңызы жөнінде: «Ауызша әдебиет ішінде айтыстан көп кездесетін өлең жоқ... Бұл өлеңдер өте көп, көптігі жұрттың бәріне мәлім... Бұдан айтыс сөз қазақ ескілігінде өте жанды, өте қызулы, бағалы сөз болғанында дау жоқ» деп, оның халық өміріндегі орнын аса жоғары бағалағаны мәлім.[29] Айтыс ең алғаш тұрмыс-салт жырлары – «Жар-жар» мен «Бәдік» өлеңдерінен бастау алып, өз дамуында сан қилы асу кезеңдерден өтіп кемелдене жетілді. Оның бастапқы үлгілері көпке ортақ, алғашқы жолдары екі жаққа бірдей жаттанды өлеңдерден тұрса, кейін өз жанынан шығарып айтатын суырып салмалық қасиетке ие болып отырды. Осы жырлар әуелде әртүрлі әдет-ғұрып, салт-дәстүрді орындау талаптарынан туған болса, келе-келе осы негізде таластартысы мол, қызуқанды жаңа түр – айтыс жанры туып қалыптасты. Ол ғасырлар бойғы өз дамуында қайымдасудың сан-алуан сатысынан өтіп, келелі де кесек ақындар айтысына келіп ұласты[30]. Зерделей қарасақ, бұлардың айтыс табиғатына тән белгі-сипаттары мол. Мұның екеуінде де қырғи-қабақ, бітіспес бәсеке, аңдысу арқылы жеңуге деген құлшыныс пен дәлелге, аталы уәжге тоқталып, жеңілгенін ашып мойындаудың дәстүрлі кейбір көріністері бар. Осы жайттар айтыстың көшпелі түрік тектес елдерде ерте замандардан-ақ ірге теуіп, ел өмірінің әр саласын зерделеп, бейнелеп келгенін аңғартады. Қазақ халық әдебиетіндегі айтыс дәстүрінің туып, қалыптасу тәжірибесіне зер салсақ, біздегі осындай туындылардың айтыс жанрының әбден кемеліне келген тұста ерекше қарқынмен дамығанын 48


көрсетеді. Бұған қарағанда, айтыс өнері осы шығармалар туған заманда да, одан бұрынғы кезеңдерде де ел өмірінен кең орын алғанға ұқсайды. Бұл пікірдің дұрыстығын Қытай елі деректері де құптап мақұлдайды. Шыңжандық қазақ тарихшысы Н. Мыңжани «Қазақтың көне тарихы» атты еңбегінде Қытайдың Тайпин Хиуаниуйжи» топтамасының «Түрік шежіресі» атты тарауындағы деректерге сүйеніп: «түріктер бие сүтінен жасалған қымызды ішіп қызып алған соң, ән шырғап бір-бірімен өлең айтысады... күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан біздегі ақындар айтысының мұнан мың жылдар бұрынғы Батыс түрік қағандығы дәуірінен бері келе жатқан дағдылы дәстүр екенін байқаймыз деп жазады [31]. Айтыс жанрының табиғи белгі-сипаттарын ашып саралағанда, оның ел дәстүрі мен соның кәсіп тіршілігіне, таным түсінігіне тікелей байланысты көрініс табатынын академик-ғалым М.О. Әуезов тап басып танып, ғылыми байсалдылықпен дәлелдеп берген еді. Ол кісі осыған орай: «Халық әдебиетінің өркендеп дәуірлеген шағы – халықтың шаруасы күйлі, үдере көшіп ен жайлап, сауық-сайран, мереке-қызықпен күнелткен көшпелі тұрмыста болған шақтарында болды. Егер халық көшпелі тұрмыстан қалып, отырықшы тұрмысқа айналса, отырықшы халықтың кәсібіне кіріп, еңбекпен күнелтіп, бос жүретін іссіздікті тастаса, бұрынғы ойын-той, сауық-сайран сиреп жоғала бастайды» - деп жазған еді. [32].Мұндай басалқалы да ойлы пікірлерді кезінде ұлы ғалымымыз Шоқан да, күні кешегі ірі жазушымыз Сәкен де айтқан болатын. Ұлы Шоқанның: «Ашық аспан, кең сахарада туған қазақ ешқандай қосалқы оқу-білімсіз-ақ табиғат мәпелеуімен өсіп жетіледі. Осыған қарамастан қазақ халқының жазылмай буыннан буынға тек ауызекі тарайтын бірден бір тіл мұрасы: өз поэзиясы мен әдебиеттері бар... Қазақтың жалпы ауызекі жырлары тікелей дала көріністері мен жүйрік ат, сұлу қыз әсерінен туған, сондықтан қазақ үнемі осылардың төңірегінен айналшықтап кетпейді» - деп көрсетуі де жоғарыдағы ойымызды дәлелдейді. Айтыс өзінің мазмұны мен сипаты жағынан тұрмыс-салт жырларымен терең үндесіп астасып отырады. Ол біздегі эпикалық, лиро-эпикалық жырларға түр беріп көркейтумен қатар, өзі де олардағы эпикалық әуенді бойына сіңіре білген. Сөйтіп өзге жанрларға елеулі ықпал әсер етіп келген айтыс өнері өзінің сол синкреттік сипаттары арқылы олармен ғасырлар бойы иық тіресе қатар дамып келеді. Айтыс түйіні – шындық. Қандай жүйрік, тапқыр да алғыр ақын болса да, бетпе-бет бәсекеде айтылған шындықтан жалтарып кете алмаған. Айтыс өлеңдерін жинап бастыруда, ол туралы салиқалы пікір айтушылардың алғашқы сапында Шоқан, Радлов, Ыбырай секілді зерттеушілер тұрды. Шоқан айтыстың саяси-әлеуметтік мәніне, сын мен мадаққа құрылатынына мән берсе, 49


Радлов айтысты «қайым өлең деп жіктеп, халқымыздың ақынжанды, тапқыралғырлығына, шешендігіне таң қала сипаттайды. Ыбырай айтыстың көркем үлгілерін өзі құрастырған Хрестоматияға енгізіп, оның тәрбиелік мәніне зер салады. Айтыстың кең жиналып том-том күйінде жинақ болып басылуы Кеңес үкіметі кезінде іске асқаны мәлім. Осы игілікті істі ұйымдастырып насихаттауға М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мұрындық болды. 1960 жылдардың бел ортасында Институт айтыс өлеңдерінің үш томдық жинағын жариялап, жүйелеп жіктеді, ғылыми түсініктер берді. Осы томдардың екі кітабы дәстүрлі айтысқа арналса, соңғы томы 1920-1957 жылдар арасындағы айтыс өлеңдерін қамтыды. 1970 жылдардан бастап Институт бұл жанрды түбегейлі зерттеуді қолға алып, жоспарға енгізді. Соның нәтижесінде айтыс жанрының табиғатын ашатын «Айтыстың даму жолдары» атты 10 баспа табақтық монографиялық еңбек жарық көрді. Зерттеу, жариялау жұмысының жалғасуы арқасында 1988 жылы осы институт қызметкерлері айтыстың бұрын баспа көрмеген үш томын дайындап баспаға берді. Аталған Институт бұл жұмысты әлі күнге дейін жалғастырып келеді. Аса көрнекті ғалым Ахмет Байтұрсыновтың осы бағыттағы зерттеулерінде бұл жанрдың жазба әдебиетке ұласу жолдарына, яғни «алаңдық айтыс-тартысқа» ауысуына мүмкіндігі ерекше мол екеніне ерекше мән берген. Ахаң осы мәселеде: «Сөз өнерінің бұл түрі Европа тілінде тек «айтыс» мағынада емес, «айтыс-тартыс, арпалыс» мағынада ұғылады. Біздің қазақ европа әдебиетінен үлгі алмай, әдебиетін өз бетімен жетілдіргенде, қазақтың айтыс өлеңдері алаңға түсе-түсе барып, алаң айнасына айналып, айтыс-тартыс түрге түсетіні даусыз еді. Үлгіні өзге жұрттан алғандықтан, алаң әдебиеті бізде төтеннен шығып қалды» - деп жазған. Автор айтыс өлеңдерінің өзіндік белгі ерекшеліктері мен қайталанбас жанрлық сипатын сөз еткенде де, оның қара сөздегі әзілді сөз, ерегіспен байланыс бірлігін араластыра отырып, қазақтағы айтыстың тек өлеңмен ғана айтылатынына зер салды. Айтыс өлеңдерінің шығу тегі мен оның жанрлық ерекшеліктерін ашып белгілеуде академик жазушыларымыз М.Әуезов пен С.Мұқановтың еңбектері аса зор. М.Әуезов айтыстың тұрмыс-салт жырларынан бастау алып жеке жанр болып қалыптасуына мән беріп, оның тартысты, қызуқанды драмалық белгілеріне зер салса, С.Мұқанов айтысты халық өміріндегі орны мен мәніне, көркемдік сипаттарына қарай талдап бағалайды. Бұл зерттеулерде біздегі айтыстың өзге елдердегі үлгілері мен ұқсастықтары да сараланып аталған жанрдың өзге де қайталанбас белгі сипаттарын талдау арқылы оның көшпелі өмірге байланысты суырып салма дәстүрі үлгісінде бізде биік белеске көтерілгенін ашуға зер салады. Негізінен айтыс туралы зерттеулерде айтыс жанрын жіктеп бөлуге де, жіктеп талдауға да елеулі орын 50


берілген. Жіктеулері өзара үндес, ұқсас. Белгілі ғалым Қ.Жұмалиев те осыған ұқсас жіктеулер жасап, мысал іспеттес айтыстардың мәнін аша түсуге талаптанады. Ал, зерттеуші Б.Кенжебаев ірі де көркем айтыстарды өлеңмен жазылған роман деп бағаласа, Е.Ысмайылов кесек те келелі айтыстарды сюжетті роман деп бағалаған. Сондай-ақ М.Қаратаев, М.Дүйсенов, Р.Бердібай, Ә.Дербісалин, С.Қасқабасов, Н.Төреқұлов зерттеулерінде айтыс жанрының жаңа бір қырлары сөз болып байыпталады. Бұлардан өзгешелеу пікір айтқан зерттеуші Е.Тұрсынов айтыстың арғы шығу тегін көне дәуірдегі құдалық тұсында болатын әзіл-сықақ, жұмбақ айтысу рәсімдерімен байланыстырады: «Этнографиялық материалдарға қарағанда, ақындық айтыс өлең түріндегі айтыс болып бірден қалыптаспаған. Ақындық айтыстың өте қызықты, ұзақ тарихы бар. Құдалар айтысының қыз бен жігіт айтысымен түп-тамыры бір... Бұл екеуінің түп-тамыры қыз алысып, қыз берісу қатынастары бар рулардың адамдары арасындағы сөз жарыстыру салтында жатыр» - деп жазды. Сонымен, айтыстың табиғи белгі-сипаттарын жинақтай келіп, оның мазмұндық жағынан төмендегіше жіктелетінін көреміз: 1. Әдет- ғұрып айтысы: а) «Жар-жар», б) «Бәдік» 2. Қыз бен жігіт айтыстары 3. Қақтығысулар з 4. Ақындар айтысы: а) Ру айтысы, б) Дін айтысы, в) Жұмбақ айтысы, г) Жазба айтыстар. Айтыстарда талай жүйрік дүл-дүл ақындар өзінің білгір тапқырлығымен, шешендігімен суырылып шығып көзге түсті. Әрине, жаңа өмірдің талап-талғамы, міндет-мақсатына орай ақындарда бір сәт тосырқау да болмай қалған жоқ. Мұның ақыры алдын ала айтысушыларын біліп алып, онымен жазып айтысу әдеті пайда болды. Тіпті газетте жариялап, соны теледидардан оқып беру кең өріс алды. Бұл – айтысты дамытатын үрдіс емес, керісінше қалыпты дәстүрге жат бағыт берді. Осыған орай айтыстың қайта жандануына күдік білдірушілер саны көбейе түсті. Сол себепті М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Е.Ысмаилов секілді кісілер 1961 жылы Қазақстан академиясы Әдебиет және өнер Институтының ұйымдастыруымен өткен айтысқа дәстүрлі суырып салма сипатына оралуға кеңес берді. Айтыс алғаш рет туған өз арнасына түсіп жаңа бағыт алды. Осыдан бастап кейінгі айтыс ақындарының жаңа легі өмірге келді. Бұл тұста, Манап, Әсімхан, Әбікен, Қалихан, Шолпан, Әселхан, Қонысбай, Надежда секілді ақындар көзге түссе, кейіннен мұзаррап, 51


Кенен, Болман, Есдәулет, Көшен, Ғайып, Ілияс, Қайып, Шашубай секілді жүйріктер халық құрметіне бөленді. Ал, тәуелсіздік жылдардағы айтыста Мэлс, Мұхаметжан, Бекарыс, Айнұр, Әбілхайыр, Ақмарал, Аманжол т.б. мәдениетті де білімді майталман ақындардың жұлдызы жанып, аты әйгіленді. Бүгінгі айтыс түрлі кезең, асулардан өтіп кемелденіп келеді. Мұның ұйымдастырушысы Жүрсін Ерманның еңбегі қай тұрғыдан алсақ та құптауға тұрарлық. Айтыс секілді халық бойындағы құдай берген телегей теңіз дарынды қадірлеп, оған арналып алқалы мәжілісті ұйымдастырулар өтіп жатыр. Айтыс ‫ ــ‬сонау ықылым замандардан жалғасып келе жатқан халықтық өнеріміз, қаймағы бұзылмаған қалпы өз даралығын өзге жұртқа танытып келе жатқан төл мәдениетіміз. Ол халықымыздың өркениетті өмірінен, рухани жан дүниесінен туындап, дамып бүгінге жеткен, қанымен қайнасып, сүиегіне сіңген, өлең, ән, музыка, көрініс, сахналық тартыс, актерлік өнер қатарлылар өзара сәйкестік тапқан, бөгенайы бөлекше, өзімізге ғана тән бесаспап өнер түріміз. Тұтас ғұмырын әнмен алдилеп, күимен көмкеріп, жірмен өретін қасиетті халқымыз ғасырлар бойы осы бір асыл өнерімізді ардақтап, оның қадырқасиетін айнытпай сақтап, босағасын босатпай, шаңырағын шәйқалтпай бүгінге жеткізді. Осы өнер түрі арқылы қарапайым халықымыз бүкіл ел-жұрты мен туған халықының тыныс-тіршілігінен, тарихы мен тағылымынан, арғы-бергі жақсыжаманынан хабар тауып, білімдерін молайтып, көз айаларын кеңейтіп, жүрек қылын шертер ‫ ــ‬тапқыр сөз, тамаша ұиқас, әсем әуен, нақышты ырғақтардан мол эстетикалық ләззәт қабылдап, көңілдерін көтеріп, рухтарын серпілтіп, жақсылықтан өнеге тауып, жамандықтан ғибырат алып, сәлиқалы өмір салтын онан ары әрлендіріп, көңіл түкпірлерінен өшпестей орын алдырып, өркениетті өмірге, дамыған қоғамдық ортаға сай кісілік қасиеттерін қалыптастырып, өз болашақтарына тамаша жол салып аттанып жатады. Ал, осы мәдени қимылымыздың ту ұстаушылары саналатын айтыс ақындары ежелден бері ұлтымыз өмірінің сыншысы, сарапшысы, үгітшісі болып келген. Сондықтан айтыс ақындарында мол қоғамдық білім болумен бірге өскелең мұралдық қасиет болуға тиіс. Айтыс ақындары айтыс барысында жастарға бағытталған тәрбиелік мәні зор тақырыптарға көбірек тоқталуы керек. Айтыс майданында қалайда бір ой түиіп, адамдардың шымбайына шық етіп әсер ететін, адамдар ескеріп есте сақтайтын, елеулі, қоғамдық, әлеуметтік мәні бар тақырыптарға, халықтың мұңмұхтажын бейнелей алатын қоламталы мәселелерге көбірек тоқталуы, халқым бай, жерім көркем деген сяқты жаттанды, көпірме сөздер мен ойсыз, қалжың бос сөздерді айтуға көп бой ұрмауы қажет. 52


Ұлтымыздың негізгі тұлғасы кең байтақ егін, мал шаруашылығы өңірлерінде, сондықтан айтыс мазмұны да көбінесе кең байтақ егін, мал шаруашылығы өңірлеріндегі қарапайым халқымызға бағытталуы қажет. Айтыс барысында ақындарымыз ұлтымыз бұқарасына партиямыздың саясатын үгіттеуде, кезекте жүргізіліп отырған саясаттың дұрыстығы, сол дұрыс саясаттан қайткенде ұтымды пайдаланып, икемді игіліктенуге болатын жақтары аңғартылуға тиіс. Әр ұлттың өзіндік ерекшелігін танытатын ұлттық тілі, тұрмыс-тіршілігі, таным-түсінігі, әдет-ғұрпы, тарихи жәдігерлері, салт-дәстүрі болады. Айтыс ақындарымыз міне осы тақырыптарда ұлтымыз өміріне көбірек үңілуі қажет. Ұлтжандылық, отан сүигіштік ‫ ــ‬барлық адамда болуға тиісті ортақ қасиет. Адам бойында бұл қасиеттер болмаса, ол адамды өз елінің азаматы, өз халқының ұлы мен қызы деп айту қиын. Өз елі, өз ұлты үшін соқпаған жүрек азаматқа мүлде лайық емес. Тіпті өз отанын, өз ұлтын сүимеген адамнан ешқандай жақсылық күтуге де болмайды. Айтыс ақындарымыз міне осындай ұлтжандылық, отан сүигіштік тұрғыда тұрып өз ұлтын барынша айанбай жырлауы қажет. Айтыс ақындары ұлтымызды жырлағанда, ұлтымыз өмірінде жүз беріп отырған кейбір ішінара келеңсіз, кесірлі, кереғар қылықтарымызды сын тезіне алып сараптама жасағанда, сөйлеу әдісіне көбірек көңіл бөлгендері жөн. Қит етсе болды ұлтымыздың анасы да оңып тұрған жоқ, мынасы да оңып тұрған жоқ дейтіндей пиғыл байқатып өз ұлтымызды өзіміз қарадай жебірлеп, жерге тығып, тұқырта беретін нысайлардан аулақ болуымыз қажет. Мұнда әрқашан ұлтымыздың өзге емес өзіне ғана тән ұлттық обыразы, ұлттық намысы, ұлттық рухы ескерілетін болуы тиіс. Үйткені қазіргі сын сараптамаларымызда кей кездері орнымен айтылмай «арық атқа қамшы ауыр» болып жүрген жағдайлар да, «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей бірдің алапаты мыңға тиіп «Қазақ», «Қазақ» деп ұлтымыздың ардақты есімі көбірек ауызға алынып, оған «жалқау», «арақкеш», «надан»т.б толып жатқан анықтауыштар талғаусыз тіркеліп айтылатын жағдайлар да жиілеп бара жатқан сяқтанады. Әне сондықтан айтыс барысында ұлтымыз өмірінде жүз беріп отырған кейбір ішінара кесірлі, кереғар, келеңсіз жат қылықтарымызды сын тезіне алып сараптама жасағанда тым асыра сілтеп, қазымырлыққа салынбай, желкелеп жерге тыға бермей, қайта оны жетелеп, жебеп, шабыттандыру жолымен оңауға барынша назар аударғанымыз абзал. Туған жерді, ата жұртты жырлау да орынды тақырып, тарих қатпарларына көз жүгіртер болсақ ұлтымыздың Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейінгі ұланқайыр атырапты ат түяғымен дүбірлетіп, не бір қиын кешулерді басынан кешіріп өмір өткізгені шындық. Сондықтан бұл мазмұнды 53


да жыр өрісінен қағыс қалтыруға болмайды. Бұлай істеу ‫ ــ‬келешек ұрпаққа, ұлтымыздың өткенін түсінуі үшін пайдалы болмақ. Өткен бірнеше жылдың алдында еліміздің архелогия, тарих ғалымдары Алтайды адамзаттың ең байырғы қар шаңғы мекені деп тұрақтандырды. Олар жартас суреттеріне негізделіп жаңа ерадан 8 мың жыл бұрын Алтай өңірінде қар шаңғы болғандығын дәлелдеп шықты. Айтыс ақындарымыз ата мекеніміздегі дәл осындай ғажайып хикіметтерді тауып айтып, қасиетті жеріміздің даңқын онан ары арттыра түсуге де шебер болуы қажет. Ұлтжандылық идея шын мәнінде ‫ ــ‬ұлтты ұлағаттылыққа бастайтын, ұлтты түрлі керанаулықтан арылтатын идея болуға тиіс. Қазір біздің ұлтымызға ең керегі ‫ ــ‬ұлттық рух пен ұлттық сананы өсіру арқылы ұлттық сапаны жоғарлату болып отыр. Сүитіп барлық рухани құндылықтарымызды дәуір талабына сай әрлендіріп жаңаша түс алдыру қажет болуда. Айтыс ақындарымыз дәл осы тақырыптарда көбірек ой түюі, көбірек үгітші болуы қажет. Заман жаңарды, өмір өзгерді, ұрпақ жаңаланды, соған сәйкес ақындарымыздың да халыққа айтатын ойы жаңаланып, түрленіп отыруы керек. Бұрынғыдай кілең көшпенді тұрмысымыз бен «әриайдайымызды» ғана бір сарынды жырлай беретін тар шеңбер, көне қалыппаздықтан арылып, ұлтымыз өмірінде барлыққа келген дүниелік дамуға сай жаңалықтарымызды, бүгінгі өзгерген өркениетті өмірімізді көбірек жырлауымыз қажет. Егер ақындар айтысы заманға сай жаңа форма, жаңа мазмүнмен дамытылмаса, онда ол біртіндеп қожырап, қатардан шығып қалады. Сондықтан ақындарымыздың ақындық өресі әрқашан дәуірдің дамуымен тең алға ілгерлеуі, сүитіп олардың ақындық талғамы осы замандық санаға сай жаңаланып, түрленіп отыруы тиіс. Құрманбек, Жамалқандар өз дәуірінің жарық жұлдыздары. Бұған ешкімнің таласы жоқ. Ол аға буын ақындарымыздың абыройы дәуір озған сайын жаңғырып, жаңаланып жарқырай бермек. Алайда қазіргі айтыс ақындарымыз өздерін кезіндегі Қүрманбек, Жамалқандардың деңгейімен өлшемеуі тиіс. Егер айтыс ақындарымыз осы дәуірдің талабы бойынша халқымызға дәл кезіндегі Қүрманбек, Жамалқандардай таныла алса ‫ ــ‬сонда ғана олар бүгінгі дәуіріміздің жарық жұлдыздары бола алады. Ол үшін қазіргі айтыс ақындарымыз реал өмірге көп араласуы, көп бақылауы, көп ой қортуы, көп матерял көруі қажет. Айтыс ақындарымыз кішпейіл, сыпайы, сылық болуға көбірек көңіл бөлгені жөн. Мұнда әсіресе әйел ақындарымыз ұлтымыздың әйелдерге тән нәзік, биязы, ибалы қасиеттерін таныта білгені оң. Қазір осы жағында, өте аз сандағы ер ақындарымыз халықтың қошеметін, қүрметін көтермей, мен керемет екенмін деп өзін сәл өр ұстайтын, тіпті ішімдікке бой ұрып, ақындық мұралды қайырып қойатын, ал өте аз сандағы әйел ақындарымыз ұлтымыздың 54


әйелдерге тән нәзік, бязы, ибалы қасиеттерін таныта білмейтін, сүитіп өзінің халықтан қалай айрылып қалғанын аңғармай қалатын жағдайлар да жоқ емес. Сондықтан айтыс ақындарымыз мол білімді, шалқар шабыт иесі болумен бірге әрқашан кішпейіл, сыпайы болуы тиіс. Сонда ғана олардың халық ортасындағы абыройы арта түсетін болады. Қазіргі ақындар айтысында әр жұп ақынға берілген он неше минут уақыттың жартысынан көбі амандасуға, айтыс өткізіп жатқан жердің арғысы мен бергісін қозғауға, түрлі мақтау мен мадақтауларға кететін, тек содан кейін ғана әріптесін ұмытып кеткендей «е, сен бар екенсің ғой» деп сөз қозғайтын жағдай, сүитіп уақыт жағынан шуалшаңдық, мазмұн жағынан бір сарындылық жүз беретін кемістіктер де үнемі байқалуда. Сондықтан айтыс ақындары мүмкіндік бар уақытты ұту үшін сахнаға шыға сала шартпа-шұрт айтыса жөнелуге дағдыланулары қажет. Әсілі сөзге сөз қайтарып, ұстасып айтысу айтысты айтыс ететін алтын арқау есептеледі. Себебі айтыс әріптес жақтардың жеңіс-жеңілісіне сол уақыт, сол майданның өзінде дұиым жұрттың алдында кесім айтылатын өнер сайысы. Тұтас айтыс барысында біріншіден, мазмұн, яғни өлең сапасы кемелді болуы керек. Бұл әдебиет теуориясына тән түиіндерді, айталық, өзекті идея, тіл көркемдігі, ұиқас т.б. Екіншіден, сахналық обыраз, яғни көрінісі көркем болу тиіс. Айталық, ақынның киім киінісі, отырысы, домбыра ұстауы, бет әлпетіндегі психологялық жағымдылығы, қимыл сұлулығы т.б. Үшіншіден, ән әуені мен домбыра дыбысы, яғни орындау шеберлігі тәбиғи жарасымды болуы тиіс. Айталық, ақынның талдаған ән ырғағы мен домбырасының үні өзара сәйкесуі қажет. Ақындар айтысында бір уақыттың өзінде өлең, ән, музыка, көрініс, сахналық тартыс қатарлылар өзара кірігіп ұштасып жатады. Осы қасиетіне сай айтыс ақыны болған адамның әрі ақын, әрі артист, әрі әнші, әрі актер, әрі музыкант ролын бір өзі атқаруына тура келеді. Өткенде Күитүнде оздырылған ақындар айтысына жоғарыдағы талаптар өлшем етілді. Әсілі бұл талаптардың ортаға қойылуын біз бір жағынан партия мен үкіметтің ұлтымыздың ақындар айтысына мән беруінің жаңа бір бейнесі деп қарауымыз, енді бір жағынан жаңа дәуірдің ақындар айтысы қимылына қойып отырған тың талабы деп түсінуіміз қажет.

55


56


57


Қорытынды Қазақ әдебиетін оқытуда мектеп оқушыларына халық ауыз әдебиетінің «Айтыс» жанрын оқыту арқылы оқушыны шешендікке, тапқырлыққа баулимыз. Жастардың айтысты талғампаздықпен түйсіну, эстетикалық тұрғыдан қабылдау қабілетін дамыта аламыз. «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жасалып, онда білім беру жүйесін ақпараттандыра отырып, білім берудің сапасын анықтаудың ұлттық жүйесі тәрізді мәселелер қарастырылды. Осыған орай біз айтысты оқытуда ақпараттандыра отырып оқушы санасына айтыс туралы көптеген мәліметтер беруге болады. Айтысты ақпараттандыра отырып оқыту – оқушылардың сөз мәдениетінің, тіл талғамының орнығуына әсерін тигізеді. Қазіргі таңда білім беретін мектептің алдында әдебиеттің, көркем өнердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, оқушылар бойында әсемдікті сезе білетін, өнер шығармаларын дұрыс қабылдап түсіне, түйсіне білетін, бойында ұлттық Отаншылдық рухы мықты жаңа ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Тәрбие – адамзат баласымен бірге жасасып келе жатқан процесс. Әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәрбиесі болады десек, біздің, қазақ халқына тән өзіндік ұлттық нақыштарды көптеп кездестіре аламыз. Ол музыка тұрмыс-салт әндерінен, айтыс өнерімен халықтың салт-дәстүрінен, кәсібінен, қолөнерінен, ұлттық тағамынан, киімінен т.б. көрініс табады. Жас ұрпақты тәрбиелеудегі өнердің алатын орны ерекше. Қазақ халқы ертеден ойын сауық пен ән-күйді, әзіл-күлкіні, өлең-жырды сүйген халық. «Әу» деп бір ауыз ән салмайтын, бір шумақ өлең шығармайтын қазақ жоқ десе де болғандай. Халық аудиториясы іспетті әр түрлі жиын-тойда, жастардың бас қосқан көңілді кештерінде екі адам кездесе кетсе, бірі бастап, бірі қостай жөнелетін кәдулігі әзіл-қалжың, күлдіргі әңгімелер өмірмен етене аралас туындап жатады. Сондықтан, да біз одан халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, дүние танымын, эстетеикалық талғам-тілегін айқын сезінеміз. Әдістемелік құралда айтыс өнерін жан жақты зерттеп, өзіндік анализ жасадым. Әр бөлімде жеке-жеке зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, халық философиясымен ұштастырып отыруға тырыстым. Шығармашылық жұмысты пайдаланушыларға киелі өнерді мүмкіндігінше жіктеп бердім деп ойлаймын. Ұлтымыз сахара мәдениетін жаратуға, көшпенділер өркениетін дамытуға орасан зор үлес қосқан ұлттардың бірі. Әне сол сахара мәдениетінің тек ұлтымызға ғана тән, бөгенайы бөлек үлкен бір саласы осы ақындар айтысы. Ақындар айтысы қай қырынан қарасақ та дүние жүзілік мәдени мұра қатарына 58


қосылуға тиісті ауыз толтырып айтарлықтай толымды мәдени қимылымыз есептеледі. Айтыс ақындары осы мәдени қимылымыз арқылы ұлтымызды өзге ұлт халықтарына таныстырушылар әрі өзімізді өзімізге әр қырынан қайталай танытушылар. Әне сондықтан айтыс ақындарымыз, айтыс сынды ұлтымыздың осы бір асыл мұрасын қай-қашанда ойнап-күліп, көңіл көтеріп қалудың бір реткі орайы деп оған жеңіл-желпі қарамаулары, қайта оны бүгінгі дәуіріміз өздеріне жүктеп отырған, ұлттың келешек мүддесімен тікелей қатысты, тарихилығы төтенше күшті мәдени қимыл, өскелең саяси міндет деп түсінулері, Қазақ ұлтының дәстүрлі ұлттық мәдениетін, салт-санасын, Қазақы қасиеттерін, ана тілімен айшықталған әдеби тілін заман талабына сай сақтап, әрлендіріп, оны онан ары дамытуға тиісті ұлт алдындағы ұлағатты борышымыз деп қараулары қажет.

59


Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Жұмажанова Т.Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі. – Алматы: Білім, 2009. 2. Байтанасова Қ.М., Айтуғанова С.Ш. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі. Оқу құралы. – Астана: Фолиант, 2008. 3. Ақшолақов Т., Жұмажанова Т., Қалиев С., Дүйсебаев С. Қазақ әдебиеті: жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 2005. 4. Ақшолақов Т., Жұмажанова Т., Қалиев С., Дүйсебаев С. Қазақ әдебиетi. Әдiстемелiк нұсқау. – Алматы: «Мектеп», 2005. 5. Асыл Ұ, Жұмажанова Т., Бейсенбаев Ғ. Қазақ әдебиетi. Хрестоматия. – Алматы: «Мектеп», 2005. 6. Ғабдуллин М., Ысқақов Б. Халық ауыз әдебиеті. Оқу құралы. – Алматы, «Мектеп» баспасы, 1974. 7. Әуезов М. Әдебиет туралы. О литературе. Оқу құралы. – Алматы, «Санат», 1997. 8. Көкейтесті әдебиеттану.3 кітап. / Құрастырып, баспаға әзірлеген ҚР ҰҒА қорреспондент мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, профессор Р.Н. Нұрғали. Астана, Күлтегін, 2003. 9. Құсманова К. «Біржан-Сара айтысының» тілдік ерекшеліктері: Канд. дис. автореф. – Алматы, 1999. 10. Қирабаев С. Айтыс – асыл қазына // Егемен Қазақстан. – 2003. 18 наурыз. 11. Мұқанов С., Ысмаилов Е., Ғабдуллин М., Қаратаев М., Нұрмағамбетова О., Айтыс. І том, Алматы, «Жазушы», 1965ж. 12. Мұқанов С., Ысмаилов Е., Ғабдуллин М., Қаратаев М., Нұрмағамбетова О., Айтыс. ІІІ том, Алматы, «Жазушы», 1965ж. 13. Жүрсін Ерман, Екі тізгін бір шылбыр. – Алматы: Атамұра, 2008. 14. Сейдеханов Қ., Қаһарлы сөз қамал бұзады. Алматы: Ғылым, 1995. 15. Айтыс. Екі томдық. І-т. — Алматы: Жазушы, 1988. — 352 б. 16.Сыдиықұлы Қ. Біртума жыр саңлақтары (ХҮІІІ-ХХ ғғ.). — Алматы: Ғылым, 2001.-268 6. 17. Ысқақүлы Д. Сын өнері. — Алматы: ҚАЗақпарат, 2001. — 304 б. 18. Әбдіхалықова Л. Сыр сүлейлерінің жазба айтысы. — Алматы: Үшқиян, 2003.-136 6. 19. Көпеев М. Таңдамалы. — Алматы, 1990. 20. Борев Ю.Б. О комическом. — Москва: Искуство, 1957. — 427 с. 21. Жолдасбеков М. Жүз жыл жырлаған жүрек. — Алматы: Жалын, 1972. 22. Дәдебаев Ж. ¥лбике// Қүраст.: К.Ахметова, М.Төлепберген. Алматы: Өнер, 2002. -216 6. 60


23. Жамбыл және қазіргі халық творчествосы. — Алматы: Ғылым, 1975. — 270 б. 24. Тәжібаев Ә. Жамбыл — ұлы заманның ұлы ақыны//Жамбыл және қазіргі халық творчествосы. — Алматы: Ғылым, 1975. — 270 б. 25. Негимов С. Ақын-жыраулар поэзиясы. Генезис. Стилистика. Поэтика. — Алматы: Ғылым, 2001. — 280 б. 26. Құланаян Құлмамбет. Сөзімнің қыл сыймайды арасына. — Алматы: Ана тілі, 1998.-224 6 . 27. Жекпе-жек. — Баян-өлгей. 1999. — 346 б. 28. Жолдасбеков М. Наурыз айтыс//Алматы ақшамы. 1990 ж. 9 сәуір. 29. Ерман.Ж. Жыл келгендей жаңалық. Қазақ әдебиеті. 1998. 30. Қазіргі айтыс. – Астана: Күлтегін, 2004. 1-кітап. – 312 б 31. Қазіргі айтыс. – Астана: Күлтегін, 2004. 2-кітап. – 312 б 32. Ысмайылов.Е. Ақындар. – Алматы: Қаз.мем.көр.әдебиет, 1956.-340

61


МАЗМҰНЫ КІРІСПЕ............................................................................................................3 І. ҚАЗАҚ АЙТЫСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ...................................5 1.1. Айтыс өлеңдері, формалары мен педагогикалық танымы....................5 1.2. Қазақ айтысының қалыптасу жолдары мен айтыс ақындары.............10 1.3. Біржан – Сара айтысын оқытудың тиімді әдіс - тәсілдері...................19 ІІ. ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ АЙТЫСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ КӨРІНІСІ ............................................................................23 2.1.Қазақ айтысының шығармашылық өсуі мен рухани тұрғыдан саралануы.........................................................................................................23 2.2. «Жамбыл – менің жай атым, Халық менің шын атым».......................34 2.3. Айтыс өнерінің қазақ әдебиетіндегі алатын орны ..............................46 Қорытынды......................................................................................................58 Пайдаланылған әдебиеттер тізімі..................................................................60

62


Issuu converts static files into: digital portfolios, online yearbooks, online catalogs, digital photo albums and more. Sign up and create your flipbook.