№77 (2777)

Page 8

8

Сейсенбі, 29 қыркүйек 2015 ж.

2015 - ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ЖЫЛЫ

БІЗДІҢ ҚОСТАНАЙ

Роза Кан:

«Қазақ жігітіне қосқан тағдырыма ризамын» Қазақ елі көп ұлтты мемлекет. Барлық ұлт өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Бүгін өзімен сұхбаттасып отырған, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін Роза Александровна Кан — кәріс қызы. Бірақ, Шығыс халқының перзенті болғандықтан ба, оның кескін-келбеті кәдімгі өзіміздің ұлтымыздың аруларынан аумайды. Салт-дәстүрімізге де өте жетік. Дидарынан инабаттылықтың, мейірімділіктің нышаны айқын сезіледі. Ұлтымыздың бір азаматымен тағдырын қосқан ардақты жанмен әңгімемізде өзгелерге тәлім-тағылым болатындай талай жайлар, жан-дүние сұлулығы, өзара сыйластық, ұрпақ жалғастығы баяндалады.

Талдықорған өңірінің тумасы

- Роза Александрқызы, өзіңізді біршама уақыттан бері жақсы білемін. Бір қазақтың шаңырағының ырысын арттырып, берекесін келтіріп отырсыз. Мақтағаным емес, әрбір ұлттың қызы өзіңіздей іскер, қайырымды әрі жібектей мінезді болса, ғанибет емес пе? Бүгінгі сыр-сұхбатымызды өзіңіздің туып өскен өңірден бастасақ? - «Жақсы сөз — жан семіртеді» дейді. Өзімді арнайы шақырып, сұхбат алып отырғаныңыз үшін алдын-ала алғысымды білдіремін. Өзім қазіргі Алматы облысына қарасты Үштөбе қаласында туып өстім. Кәдімгі еңбек сүйгіш кәрістің отбасында тәрбие алдым. М е н т у ы л ғ а н ө ң і рд е кәрістер жергілікті халықпен тонның ішкі бауындай араласып кеткен. Онда да ешкімді ұлт пен ұлысқа бөлмейді. Әкем Александр Кан ұзақ жылдар бойы қалалық статистика басқармасында бас экономист болып жұмыс істеді. Ол өте дарынды, жанұясының бақытын бәрінен де жоғары қоятын нағыз қарапайым отбасының иесі еді. Балажан болатын. Анамыз Анна Пак екеуінің сөзге келгенін көрген емеспін. Олардың барлық ықыласы бес перзентінің үстінде болды. Өзім үйдегі балалардың ең кенжесімін. Егіздің сыңарымын. Бауырым Рая бұл күндері менің кіндік қаным тамған киелі жер Үштөбеде тұрады. Әкем секілді есеп саласында жұмыс істейді. Үлкен ағам, екі әпкем және біз әке-шешеміздің қамқорлығының арқасында ештеңеден мұқтаждық көрмей өстік. -Иә, сіздің әрбір сөз саптасыңыздан жастай жақсы тәрбие алғандығыңыз көрініп тұр. Оқушы Роза кезінде қандай бойжеткен болды, мектепте қалай оқыды? Сол Үштөбедегі орта мектепті аяқтадым. Содан бері де арада жарты ғасырға жуық мерзім өте шығыпты. Қолыма өзге құрбыларым секілді кәмелеттік аттестат алған соң бір жыл жергілікті тігін фабрикасында тігінші болып жұмыс істедім. Бұл кезең менің өмірді тануыма, еңбектің наны қандай болатындығын сезінуіме игі әсерін тигізді. Содан кейін Сәкен Сейфуллин атындағы бұрынғы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтының математика факультетіне студент болып қабылдандым. Әрине, ондағы бес жылдың маған қай жағынан болсын бергені мол. Жалпы, мектепте де, институтта да алдынғы қатарлы студенттердің бірі болдым.

Сабақты да жақсы оқыдым, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатыстым. Жоғары білім жайлы диплом алған соң Қызылорда шаһарында балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істедім. Он жылдан кейін Кентау қаласындағы мүгедек балаларға арналған орталықта әдіскерлік қызмет атқардым. Уақыт өте Қызылорда қаласындағы орта мектепте психолог секілді жауапкершілігі мол салада да аянбай еңбек еттім. Осы аралықта негізгі жұмысымнан қол үзбей жүріп, Көкшетау мемлекеттік университетін сырттай бітірдім. 2009 жылы отағасының қызмет жағдайына байланысты ауасы кәусар, табиғаты көркем Қостанай шаһарына қоныс аудардық. Күйеуім Әбдімәулен Бәйешұлы облыс орталығындағы гуаманитарлық колледжде директор болса, мен осы білім ордасында кадрлар бөлімін басқарамын. Жоғары санатты оқытушы болғандықтан әлгі қызметіммен қатар студенттерге «Өзінөзі тану» пәнінен дәріс беремін. Бұл сабақ барысында дәрісханадағы жастарға ұлттық салт-дәстүріміз, әдет-ғұрып, жалпы, олардың ой-өрісін кеңейтуге байланысты танымдық жайларды олардың санасына сіңіруге тырысамын.

Біз студенттік шақта таныстық

- Сіз ғұмырлық серігіңіз Әбдімәулен ағамен қашан таныстыңыз? Жалпы, қазақ жігітіне тұрмысқа шыққаныңызға өкінбейсіз бе? - Адам баласына тек қана ізгілік тілейтін жазиралы жеріндей дархан мінезді қазақ шаңырағына келін болып түскеніме өз басым бақыттымын деп есептеймін. Шынымды айтсам, қазір отағасы Әбдімәуленсіз және ұрпақтарымсыз өмірімді көз алдыма елестете алмаймын. Бақытым да, барым да, байлығым да солар. Қазақ ұлты мен үшін қашан да өнеге. Күйеуіммен Целиноградтағы педагогикалық институтта оқып жүрген кезімде таныстым. Ол сол кезде осы жоғары оқу орнының жалпы техникалық пәндер факультетінде 2-ші курс студенті болатын. Мен дайындық курсында едім. Әбдімәулен өте зерек те ширақ, өз ортасының гүліне айналған бозбала еді. Айналасындағылардың бәрін де бірден үйіріп алатын. Институтта комсомол комитеті хатшысының орынбасары әрі жатақхананың коменданты секілді жұмыстарда да әбден шыңдалды. Сонымен қатар үздік оқығаны үшін Лениндік сти-

пендиант атанды. Осылайша ол іскерлігімен де, сабақты жоғары үлгірімімен де дараланды. Өз бетінше тірлік жасап, ата-анасына масыл болған жоқ. Оның үстіне ішке мәдениетінің байлығы да бірден сезіліп тұратын. Шынымды айтсам, осындай қасиеттері үшін оны қалай ұнатып қалғанымды білмей де қалдым. Ол менен алты жас үлкен-ді. Өткен жылдарда өзімді гүлдей аялады. Артық сөзге барған жоқ. Ештеңеден мұқтаждық та көрмедім. Туысқандарға қамқор, балаларына ардақты әке болды. Немерелері де өзін ерекше жақсы көреді. Жалпы, оны сыйламайтын кісі жоқ секілді. Біз 1974 жылы шаңырақ көтердік. Өтірік айтып не қыламын. Екеуміз отау көтерер алдында біздің отау құруымызға екі жақтағы туысқандар да ризашылықтарын білдіре қоймады. Бірақ, бізді қосқан мөлдір махаббат, бір-бірімізге деген ерекше сыйластық пен құрмет. Оның үстіне Әбдімәуленнің ағасы Абылақ аға өте зиялы, өмір көрген жан-ды. Екеуміздің арамыздағы жылы қарым-қатынасты, ыстық ықылас пен сезімді білген соң өзінің қамқор қолын созды. Өзі тұратын қалаға қызметке шақырды. Жылдар өте бәрі де өз орнына келді. Екі жақтағы құдалар да тіл табысты. Мен де мұсылман дінін қабылдап, күйеуімнің абыройын асқақтатуға тырыстым. Қазақтың ежелден келе жатқан салты бойынша атаенем және басқа да туысқандардың алдында иіліп сәлем салдым. Бұл кейбіреулер ойлайтындай, ескіліктің сарқын шағы емес, қайта сыйластықтың белгісі деп есептеймін. Шаңырағымның иесі, өзім пір тұтатын азаматым Әбдімәулен Қызылорда облысының Жаңақорған селосында туып өскен. Атам Бәйеш кезінде ұста болған, бесаспап кісі екен. Бірақ, маған осынау ерекше тұлғаны көру бақыты бұйырмады. Біз үйленбей жатып, бақилық болып кетіпті. Асыл енем Нұрсида үй шаруасындағы әйел-ді. Өте парасатты, жылы сөзімен кімнің болсын назарын өзіне аударатын адал жан-ды. Жалпы, бұл Бәйешевтер әулетінде жеті перзент тәрбиеленді. Енем марқұм қайтыс болар алдында маған ақ батасын берді. Қазақ тілін үйренуіме де септігін тигізді. Ол «Бес баламның әйелдерінің ішінде ең жақсы көретінім кәріс қызы, яғни сенсің, саған да қалқам, келешекте дәл өзіңдей келін бұйырсын» деген-ді. Ақ жаулықты анамыздың осы сөзі менің жүрегімде

мәңгілік сақталып қалды. - Баяндауыңызға қарағанда Әбдімәулен ағаның үлкен бауыры Абылақ пен оның жары Ұлбосын сіздің тағдырыңызда ерекше орын алған секілді. Сонан соң отағасының бір ағасы есімін әлем мойындаған көрнекті ғалым емес пе? Қазақ «Жақсының аты өшпейді» дейді. Мен үшін сондай аяулы да ардақты жандар жоғарыда әңгімеме өзек еткен Абылақ аға мен ол кісінің үйіндегі сүйікті жеңгеміз Ұлбосын. Кентау қаласында жүргенде олардың шапағатына бөлендік. Олар біздің отбасымыз

Бақытты жұп

Жастық шақ аяққа нық тұрып, өз-өзімізге келгенше үнемі қолдаумен болды. Тек жанға бататыны, бұл өзіміз үшін аса қымбат жандар қазір арамызда жоқ. Алайда әрқашан сағынышпен еске алып отырамыз. Сіз әлгінде өте орынды айттыңыз. Менің қайынағам Әбдуәли Бәйешев Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол кісінің зайыбы Ажар апамыз да көрнекті ғалым. Отағасына келесі жылы 70 жыл толғалы отыр.

Қазақ пен кәрістің дәстүрлері ұқсас

- Сіздің әңгімеңізден көп жайға қанықтым. Өзіңіз келін болып түскен қазақ пен перзенті болып табылатын кәріс халқының арасында ұқсастықтар да бар секілді. Осыны таратыңқырап айтып берсеңіз? Біз жалпы Шығыс халқының өкілдері емеспіз бе? Асыра айтқаным емес, бұл қос ұлттардың түрлері де бір-біріне өте ұқсас. Сонан соң, әсіресе қонақжайлылық, үлкенді сыйлау секілді дәстүрлері де өзгелерден дараланып тұрады емес пе? Әу баста Әбдімәулен екеумізді рухани жақындастырған да осындай жайлар секілді. Қазір қарап отырсақ, бір шаңырақтың астында ғұмыр кешіп келе жатқандығымызға да қырық жылдан асыпты. Екеуміз де бір-бірімізді айтқызбай түсінеміз. Былтыр 61, яғни мүшел жасқа толдым. Міне, осы кезде күйеуім ғана емес, өзім тәрбиелеп өсірген үш ұлымның да тарапынан үлкен құрметке бөлендім. Сол кезде төбем көкке жеткендей болды.

Олар менің қарсылығыма қарамастан мейрамханада қуанышымды атап өтті. Балаларым мен келіндерім маған жеңіл көлік сыйлады. Немерелерім өздерінің шынайы да, жүрек жарды тілектерін білдірді. Сол кезде өзімді жер бетіндегі ең бақытты ана сезіндім. Отағам осы басқосуда: «Егер жастық шағымыз қайта оралатын болса, өз басым тағы да Розаға ойланбастан үйленер едім» - деген сөзі мені қатты тебірендірді. - Отағасы Әбдімәулен Бәйешевтің ұйымдастырушылық қабілеті, араласатын адамдарға жанашырлық қырлары баршаға белгілі. Дегенмен де оны сізден артық ешкім де жақсы білмейді. Сондықтан кейбір көпшілікке беймағлұм тұстарына да тоқтала кетсеңі? - Өзім сүйіп, тағдырымды қосқан күйеуім жайлы айтарым өте көп. Оның бәрін осындай бір сыр-сұхбатта жан-жақты айтып беру де мүмкін емес. Дегенмен де өзіңіз сұрап отырған соң азды-көпті тоқталғаным да жөн шығар. Ол да Целиноград педагогикалық институтытын ойдағыдай тәмамдаған соң физика және еңбек пәнінің мұғалімі атанды. Өзінің талпынысының арқасында қазіргідей деңгейге жетті. Оның бәрі де әрине, ең алдымен өзінің еңбекқорлығы және жұртпен тіл табыса жұмыс істеуінің нақты нәтижесі дегенім дұрыс болар. Әбекең жоғары оқу орнынан кейін киелі Қызылорда қаласындағы нан өнімдері комбинаты партия ұйымының хатшысы болды. Содан кейін жастарға кәсіби маман беретін білім ордаларында басшылық қызмет атқарды. Оңтүстік Қазақстан облысы Кеңтау қалалық білім бөлімінің басшысы

ретінде де жергілікті халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Өз ісіне қашан да тыңдырымды, адам баласына қиянат жасау дегенді жаны сүймейтін бір сөзді, жауапкершілікті терең сезінетін ол осыдан алты жыл бұрын Қостанай гуманитарлық колледжіне директор болып тағайындалды. Содан бері де бұл білім ордасында талай игі өзгерістер орын алды. Өмірдегі тірегім де, ақылшым да болып келе жатқан күйеуім Әбекең спорт десе ішкен асын жерге қояды. Ол ауыр атлетикамен шұғылданды. Қазір де таңертең қалыптасқан әдеті бойынша жүгірумен айналысады. Осылайша перзенттеріне өнеге көрсетті. - Өзіңіз бір сөзіңізде бақытым да байлығым да ұрпақтарым деп қалдыңыз. Сол себепті олар жайлы да қысқаша айтудың орайы келген сияқты? - Иә, жұбайым Әбдімәулен екеуміз бұл дүниедегі ең басты құндылығымыз әрі асыл қазынамыз ұрпақтарымыз деп есептейміз. Отағасы жастайынан өзінің бойындағы еңбекқорлық секілді ең ізгі қасиеттерін балаларының бойына сіңіруге тырысты. Әрине, мен де оларды анасы ретінде ізгілікке, мейірімділікке, қайырымдылыққа баулыдым. Соның арқасы да болар, бәрі өмірден өз орындарын тапты. Тұңғышымыз Рүстем бұл күндері Қызылорда облыстық ауруханасында бөлімше меңгерушісі, білікті дәрігер. Оның құдай қосқан қосағы, яғни келініміз Гүлназ емханада медбике болып қызмет атқарады. Олардың Шерхан және Ралина есімді балалары көз қуанышымыз. Ортаншы ұлымыз Арман бүгінгі уақыт талабына сай кәсіпкерлікпен айналысады. Осы баламыз жастайынан қайырымды болып өсті. Ата-әжесінің басына көктас орнатты. Оның келіншегі Гүлшат облыстық экологиялық департаментте белді маман. Бұлардың жанұясындағы Айдос, Даниял, Айдындар отбасының бақытын шалқытып отыр. Кенжеміз Дастан осы әкесі басшылық ететін колледжде директордың орынбасары. Оның жары Әсем де осы білім ордасын тәмамдаған беделді маман. Олар бізбен бір шаңырақта тұрады. Дидар есімді немереміз әулиетіміздің берекесі мен бақыты. Әңгімелескен Оразалы ОТЫНБАЙҰЛЫ.


Issuu converts static files into: digital portfolios, online yearbooks, online catalogs, digital photo albums and more. Sign up and create your flipbook.