№21 (2721)

Page 3

БІЗДІҢ ҚОСТАНАЙ

Сейсенбі, 17 наурыз 2015 ж.

ДЕНСАУЛЫҚ

3

Жұрт сыйлаған Жұмакүл Қостанай қаласындағы № 2 емханасының білікті учаскелік балалар дәрігері Жұмакүл Жұмабекова туралы сөз Шіркін, думанды жастық, жалынды шақ-ай десеңізші. Сонау 70-інші жылдары екі жылдық әскери, азаматтық борышымды өтеп, жаңадан отау тіккен Торғай облысына жолым түсіп, радио редакциясына редакторлық қызметке орналасып, магнитафонды жиі көтеріп,қаланы, елді- мекенді еркін аралап, журналистік жұмысым өзіндік жүйесін тауып, өрім өлеңдерім баспасөз беттерінде ұдайы жарық көріп, жалпақ жұртқа ептеп танылып үлгерген кезім. Киелі сөзді көркем кестелеп, қазақы әндерді қос ішекті домбырамен асқақтата шырқап, қазіргідей қалтаны теңгеге толтырмай теп-тегін асаба болып жүрген қызықты, сәулелі сәт еді. Орайы келіп сол кездегі көңіл қосқалы жүрген аруым, қазіргі жұбайым Рәзия Ағытайқызының сыныптасы Жұмакүлмен таныстым. Жаратылысынан салмақты, ибалы, инабатты жан екен. Әп дегеннен емін-еркін сөйлесіп, сырласуға мүлде зауқы жоқ. Бірте-бірте шешілетініне көзім жетті. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын 1974 жылы бітіріпті. Балалар дәрігері. Қызмет орны Арқалықтағы балалар ауруханасы екенін тәптіштей айтты да, сәл үнсіз қалды. Қызықты қараңызшы. Әйгілі композитор, даңқты жерлесіміз Бақытжан Байқадамов жақын нағашысы болып шықты. Тоғызыншы, оныншы сыныпты Алматы қаласы мектебінде оқып, әлгі әйгілі тұлғанын пәтерінде жатыпты. Соған қарағанда қазақтың ұлттық музыкасында өзіндік өрнегі, қолтаңбасы бар жанның тіршіліктегі түрлі әрекетіне, жүріс-тұрысына, шығармашылық жетістігіне шын мәнінде куәгер болса керек. Жұмакүл атақты адам хақында табан астында тақылдап ештене айта қоймады. Өз ара әңгіме арасында: - Мен Разиямен де мектепте бірге оқығанмын демесі бар ма? Мұнан кейін тыныштық сақтап үнсіз отырудың ретін таппадым. Ол қалай сонда дедім сауалды төтенінен тас-

тап. - Ол былай. Жетінші, сегізінші сыныптарды Қазақстанның қырық жылдығы атындағы кеңшардағы Байғабыл орта мектебінде оқыдым. Рәзия сыныбымызға Қостанай жақтан ауысты. Оның жетіншіге қабылдануының өзі қызық. Сыныптасымыз Молдатай шағын дене бітіміне қарап Рәзияны сынып есігінен енгізбей, төменгі сыныпқа бар деп жібермей қойғанын қалай ұмытармыз. Жұмакүл осы сөздерді ерекше бір сағынышты, ризалық сезімімен айтты да, рахаттана күлді. Кейін кешегі балғын қыз Жұмабекова әулеті және өзінің өмірбаяндық деректеріне әбден қанықтым. Әкесі Қасымсейт аталған кеңшардағы іскер есеп қызметкері ретінде көзге түсті. Аяулы анасы Айғанша сегіз перзентті дүниеге әкелген әйел. Жалпы оқып, тоқымаса да ертедегі қазақ әйелдері үй шаруашылығын үйірілте, дөңгеленте жүріп, ұл-қыздың тағлымды тәрбиесіне байланысты қыруар қызмет тындырған ғой. Олар шынында да омырауларында күміс, алтын алқа күнмен шағылыса жарқыраған нағыз ауыз толтырып айтарлықтай батыр аналар. Құдайға шүкір, ауылға танымал қарапайым ерлі-зайыптылардың балалары ешкімнен кейін қалмады. Өмірдің өзі ұлы бәйге дейтін болсақ, Қасекеңнің ұрпақтары қатарластарынан озық жүргенінен хабардармыз. Сегіз перзент те сенім биігінен табылды. Жұмакүл жас шағынан өзгелерінен үлкен болғандықтан өзінен кейінгі іні, сіңілілері ешуақытта алдын кеспей, әрқашан ардақтады. Адамның құбылмалы қоғамдағы рөлі, бедел- абыройы өзінің көп жылғы жинақталған тәжірибесімен, қабілет, еңбекқорлығымен есептеледі. Жұмакүл тек қана Арқалық қалалық балалар ауруханасында 26 жылдан астам уақыт бойы жемісті жұмыс істеді. Сонау 2001 жылдың қаңтар айынан бергі аралықта облыс орталығы Қостанайда. Әуелгі кезде қала-

лық ауруханада мамандығына сәйкес педиатор қызметін атқарды. Ал, 2013 жылдан №2 емханада учаскелік бала дәрігері. Институттағы білім өз алдына, заман, уақыт талабына сай әр 5 жыл сайын кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында арнайы білім жетілдіру курстарынан өтіп тұрады. Соңғы жылдары Астана қаласындағы мемлекеттік медицина институтына барып, 1 ай болып, біраз жайларға қанықты. Және сезіп, көріп, білгендерін жұмыс барысында тұрақты кәдеге жаратуда. Қазіргі таңда Жұмакүл Қасымсейтқызының учаскесінде 9050 балалар тізімде тұрады. Бұлар негізінен перзентханадан жуырда шыққан сәбилер және он бес жасқа дейінгі балалар. Іңгәләп, жарық дүние есігін ашып, туғандарына бір ай ғана болған сәбилердің өзі сексенге жуық. Бір жасқа дейінгі бөбектердің аналарымен жүздесіп, тиісті ақыл кеңесті беріп отыру бала дәрігерлерінің ежелден бергі дағдылары. Кейде ата-аналармен жеке, оңаша әңгіме өткізуге де тура келеді. Жоспар бойынша белгіленген екпеге түбірінен қарсы әке, шешелер де ұшырасады. Бала дәрігері бәрін де медицина күш қуаты,ортақ тәртіп тұрғысынан түсіндірген соң іс ілгері жылжиды. Баяғыда бір ғана қызылша сырқатынан қаншама балалар тектен-текке шетінеп кетті. Қатерлі ауру ара-тұра бой көрсетіп қояды. Жуырда республикалық Қазақ теледидарынан осы тақырыптағы бейне көріністі көре отырып қатты қынжылдық. Шымкенттік ана Шайра Ырысметова толқып сөйлеп, еріксіз екі көзден жасын төкті. Тоғызыншы сыныпта оқып жүрген қызы қызылша дертіне шалдыққан. Мектепте медициналық пункт қызметкері жәрдемімен ине қабылдағаннан кейін баланың халі одан сайын нашарлаған. Ақыры бас-аяғы бір апта ішінде тосыннан көз жұмған. Медицина мамандарының айтуынша, бала қызылшаға қоса ми ауруымен де ауырған көрінеді. Қазір осы

мәселе бойынша қылмыстық іс қозғалып жатыр. Ақты-қарасы жақын маңда шешілмек. Неге екені беймәлім, соңғы жылдары ақ халатты мамандардың үстерінен арыз көбейді. Соған қарағанда Кеңес дәуірі тұсында диплом иеленген мамандардың орны бөлек. Мәселен, республиканың біраз аймақтарында зейнеткерлікке шықса да жұмыс жасап жүрген жомарт жандарды көресіз. Олардың әрбіреуі жас маман үшін тағлымы мол мектеп сияқты. Жұмакүл Қасымсейтқызы 2008 жылы зейнеткерлікке шықса да емхана басшылары өтінген соң әлі қатардан қалмай жұмыс істеп жүр. Шамамен күніне 7-8 сағат емханада болады. Өз учаскесінің балаларын қабылдайды. Сырқаттарына жедел көмектеседі. Дәрі-дәрмек жазып береді. Ата-аналармен тілдесуге де уақыт табады. Оның сыртында айына бір мәрте емханада кезекші бала дәрігері ретінде қызмет атқарады. Және бір айта кетер жай, маусымдық мезгілдерде, яғни күзде, қыста, көктемде, жазда вирустық жұқпалы ауруларға байланысты екпе жүргізудің маңызы айрықша. Кім баласына, немесе немересіне суық, салқын тигенін қалайды. Әрине, жоқ. Жалпы бауырындағы өз баласын ғана емес, өзгелердің перзенттеріне мейірім төгіп жүрген осы бір мамандық иелерінің жан дүниелері кең әрі ғажап. Қашанда мектепте, сондай-ақ жоғары оқу орнында бірге оқыған құрбы- қыздар ыстық әрі жаныңа жақын. Институтты бітіргеніне пәленбай жылдар болса да Қасымсейтқызы қызығы да, шыжығы да мол студенттік жылдарды жиі еске алады. Фотосуреттерді көре отырып, ерекше күндерді есіне түсіреді. Курстастардың бәрімен хабарласу мүмкін емес. Бірақ етене сыйлас, пікірлес кейбірімен телефон арқылы ара-тұра тілдесіп тұратынын жасырмайды. Әсіресе, балалар дәрігерлері Павлодардағы Ұлзия Ербаева, Саран қаласындағы Евгения Амурсейтова, Қостанайдағы

Галина Бородиналар мен хабарласып, хал-жағдайларын біледі. Жұмакүл елу жылға жуық тәжірибесі бар, талай мақтау қағаздары мен алғыс хаттарды иеленген бала дәрігері болуымен қатар, сүйікті жар, немере сүйген әже. Ері Ақмола облысының азаматы Ақтай екеуі студенттік жылдарда көңіл қосқан. Онда Жұмакүл Қарағанды медициналық институтында, ал Ақтай бұрынғы Целиноград, қазіргі Астана қаласындағы инженерлік құрылыс колледжінде оқитын. Екі қаланың арасы 200 шақырымдай. Студент тік өмір, жалынды жастық, пәк махаббат қос жүректі тез табыстырды. Оқуды тәмәмдаған соң екеуі қол ұстасып, арқа төсіндегі Арқалық қайдасың деп тартып отырды. Жұмакүлді қалалық емхана қуана қарсы алды. Ақтай болса Бүкілодақтық екпінді құрылыс алаңына айналған қалада ірі құрылыс кәсіпорнында білдей бір прораб. Майталман маман есебінде танылды. Ең бастысы жарына және айналасында жүрген ағайын, туыс, жолдас жораға кісілігі кішіреймеген, адамгершілігі асқақ жан ретінде сый, құрметке бөленді. Балалы, шағалы отбасылары қатарына қосылды. Әттең. . . Әттең. . . Қостанайда қаржы басқармасында жауапты қызмет атқарған сүйікті, сүйкімді, елгезек ұлдары Ерлан 30 жасқа толмай кенеттен дүние салды. Жұма сайын шелпек нан пісіріп, құран бағыштаудан басқа қолдан келер ештене жоқ. Үлкен қыздары Гүлдана, ері Данияр сыйлы шаңырақ иелері. Біреуі жеке фирмада бас есепші, ал екіншісі күзет мекемесі бастығының орынбасары. Тойлары дүрілдеп өткен жеке кәсіпкер Руслан мен кезінде статистикалық басқармада жұмыс істеген, қазір баламен үйде отырған Динара үлгілі отбасылары сапында. Бұлардың бәрінің де өз перзенттері бар. Немерелерін мейірлене сүйген Ақтай мен Жұмакүл күн сайын тәтті балдан дәм татқандай ғажайып күй кешеді.

Қазір заман да, адам да елеулі өзгеріске ұшырағаны жасырын емес. Қандастардың арасында бір әке, бір шешеден туса да сыйласа алмай жүргендер қаншама. Замандасымыз Ақтай мен Жұмакүлдің далаға ұқсас дархан дастархандары ешқашан жиылмай келеді. Ертерек өмірден озған Сұлтанбек құдасы қандай қадірлі еді. Жұбайы, еңбек ардагері, байырғы ұстаз Күләш, жеке кәсіпкерлер Құрман мен Ғалия құда, құдағи қалыптарын сақтай біледі. Бұлардың дәм-тұздары, ниет, көңілдері үнемі бірге. Бір-бірін апта көрмесе жалма жан телефон тұтқасына жармасады. Әйтеуір сылтау тауып, кездесіп, мәресәре болып, туысқандықтың туын желбірете көкке көтереді. Бала дәрігері Жұмакүл әдетінше күнде ерте оянады. Әрбіреуі жеке шаңырақ болып кеткен балаларын, құлын-тайдай шауып жүрген немерелерін, сонымен бірге өз учаскесіндегі бүлдіршіндерді ойлайды. Егеменді елдің ертеңдері ешқашан ауырмаса екен, олардың балғын жүздерінен мұң көрмесем екен деп ойлайды. Ал балалардың білікті дәрігерге деген ақ алғыстары шексіз. Сол бөбектердің жымиған күлкілері, отты жанарлары, дәмді сөздері, қызық қылықтары маманды мәртебелі биікке көтере түсетіндей. Еріксіз ойға өлең жолдары оралады Ана саған ақ тілекті үйейін, Ақ шашыңнан иіскейін, сүйейін, Көргенсіз деп сөз естімей ешкімнен Көргенді боп көз алдыңда жүрейін Әне, жар, ана, әже, бала дәрігері Жұмакүл Қасымсейтқызы Жұмабекова аула маңында алаңсыз жүгірген немерелеріне бар ықыласын аудара, сүйсіне қарайды. Бұл оның баянды бақытқа бөленген, шаттық айдынында шалқыған ең ерек сәті. Жұрт сыйлаған Жұмакүлді біз де төменнен емес, әр кез жоғарыдан іздейміз. Ылғи солай болғай. Нағашыбай Мұқатов.

Тағылымы мол кеш Білім ұяларында заман талабына сәйкес дәріс берумен қатар, сыныптан тыс сағаттарды, түрлі бұқаралық сипаттағы шараларды өткізудің маңызы айрықша. Жуырда Қостанай қаласындағы №10 қазақ орта мектебінде «Адал ұл ер боп туса, ел тірегі!» деген тақырыпта кеш өтті. 8-ші «В» сыныбының жетекшісі Гүлбаршын Боранбаева ұйымдастырған бұл кешке негізінен сол сыныптың балалары түгелдей қатынасты. Әп дегеннен байқағанымыз Гүлбаршын өзінің қазақы қоңыр дауысымен, терең мазмұнға құрылған деректерімен жиналғандарды аса риза етті. Кешті киелі өлең жолдарымен және қара

сөзбен шебер ажарландырды. Жайдары, палуан, көсем, шешен,батыр, сері жігіттердің қадір-қасеттеріне тоқталды. Ежелгі эпостық жырлардың кейіпкерлері Алпамыс, Қобыланды, ХIХ ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілері Исатай, Махамбет, Ұлы отан соғысының хас батырлары Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев,Қасым Қайсеновтердің бейнелерін көркем сөз құдіретімен сомдады. Белгілі режиссер Ермек Тұрсынов түсірген «Шал» көркем суретті фильмінің идеясын нанымды насихаттады. Үн таспадан «Ақсақал мен жігіт» әңгімесін тыңдатты. Залда отырған шәкірттеріне сауал қойып, жеті атасын толық білетін балаларды анықтады. Елін, жерін

шексіз сүюге, әділетті болуға, бабалар өсиетін ардақтап, өмірге деген құштарлықтарын жоғалтпауға, ой- өрістерін кеңейтуге негізделген шарада арнайы шақырылған меймандар Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,белгілі ақын Нағашыбай Мұқатов, ардагер ұстаз Бәтеш Мұхамеджанова, қоғамдық тәртіп мекемесінің өкілі Өмірбек Ерғалиевтар сөз сөйлеп, аталған шараның басты маңызын айта келіп, өздерінің жүрек жарды лебіздерін білдірді. Мектеп директоры Рамазан Райысов, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дина Алатаева да осы кешке қатыса отырып, сынып жетекшісінің адамдық,ұлттық тәрбиеге арналған кешті бағалады.

Нағыз жігіт - қорған болар халқына Нағыз жігіт - берік болар антына Нағыз жігіт жағастырып дәстүрді Адал болар ата-баба салтына Кештің осы үлгідегі жыр жолдарымен әрі 8-ші «В» сыныбы оқушылары қосыла шырқаған Ақылбек Жеменейдің «Алға, қазақ жігіттері» әнімен аяқталуы әдемі әсер қалдырды. Тағылымы мол тартымды шараның оған белсенді түрде қатысқан оқушылардың естерінде ұзақ сақталатынына еш күмән жоқ. Асыл Жақыпбекова, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің 1 курс студенті


Issuu converts static files into: digital portfolios, online yearbooks, online catalogs, digital photo albums and more. Sign up and create your flipbook.