ЖЕЗДЕ "Өлінің үрейі риза болса, тірінің мерейі риза". Халық нақылы. — Темір-ay, мен туралы жазсайшы,-дейтін кейде Ерболат жездем менің журналистік жолға түсіп, мақала, өлеңдерім газетке шыға бастағанынан хабардар екенін байқатып. Мен де оны сөйлету үшін əдейі мəн бермегенсіп, тұмсықты көтеріп қойып: — Сізді не деп жазамыз? -деймін. — Менің өмірім, басымнан өткендердің өзі бір кітап боларлық,- дейді Ерекең. Балалық па, əлде шалалық па мен оның өз аузынан өткен өмірі жайында тыңдауға құлық танытпадым. Бəлкім, оны арамыздан мезгілсіз, ерте кетеді деп ойламаған шығармын. Шынында да ауру сырқаудан ада, тепсе темір үзетін отыз бестегі қайратты жігіт аяқ астынан бақиға аттанып жүре береді деп кім ойлаған. ...Менен бес жас үлкен Тұрсын апам тұрмысқа шыққанда мен он екі жасар бала едім. Білетінім иманды болғыр Бітеген құдамыз бен Илаш құдағи жөн-жоралғысын жасап, біздің үймен араласты. Бітекең жездеміздің əкесі Өтегеннің туған інісі екен. Миллиондаған адамға қайғы-қасірет əкеліп, талайды зар қақтырған сұм соғыс бұл əулетті де айналып өтпеген. Естуімізше, Отан қорғауға аттанған Өтеген сол кеткеннен оралмаған, "балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен" тар заманда адамды жағдай билейді дегендей, анасы басқа біреудің етегінен ұстайды да, жалғыз ұлдары Ерболат аға-жеңгесінің қолында тəрбиеленеді. Зіңгіттей жігіт болып, əскер қатарында азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін көңілдері жарасып, апамызға үйленеді. Сонымен біздің Ерекең жездеміз туралы оны білетіндерден сұрай