n80

Page 7

БІЗДІҢ ҚОСТАНАЙ

Сейсенбі, 8 қазан 2013 ж.

БІЗДІҢ ДАҢҚТЫ ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ

7

Естен кетпес бір бейне Қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Назарбек Сәндібеков туралы әңгіме

Жақсының аты өшпейді

Қазақ үшін еліміздің қай түкпірі де туған жер. Сондықтан әрбір ұлтжанды азамат республикамыздың барлық өңірін де өзінің Отаны деп есептейді. Мен де қызмет бабымен облыстық «Қостанай таңы» газетінде тілші болып жүрген кезімде аймағымыздың біраз аудандары мен қалаларында болдым. Соның ішінде Қарасу ауданы да маған әрқашан да ыстық. Сондықтан облысымыздың бетке тұтар азаматтарын бір кісідей білемін десем қателеспеймін. Журналист тер қауымы кісіге жақын келетіндігі де белгілі. Іс сапармен жоғарыда аталып өткен ауданда орталығында болғанымда абыз қарттармен талай сырластым. «Жақсының аты өшпейді» демекші сол әңгіме дүкен құрған аға-буын өкілдері маған Назарбек Сәндібеков жайлы талай тағылымды жайларды айтып бергені әлі есімде. Шынында да осы Назарбек аға кейінгі ұрпақ айтып жүретіндей артына өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың бірегейі еді. Сондықтан да шығар, өзі қызмет атқарған жылдары халық үшін тындырған істері баршаға ғибрат боларлықтай. Ашығын айту керек, өз басым ол кісіні көрген жоқпын. Алайда осы қайталанбас тұлға жөнінде жазылған бірқатар еңбектерге көңіл бөліп, оның ғұмырын жалғастырып келе жатқан ұрпақтарымен де тілдесудің орайы келді. «Әке көрген оқ жанар» дейді қазақ. Перзенттері де әке өсиетіне сай, ел жүгін арқалаған, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан замандастарымыз. Назарбек аға 1928 жылы 14 сәуірде ұлтымыздың ұйытқысы болып отырған бұрынғы Торғай облысы Жангелдин ауданына қарасты Албарбөгет деп аталатын қазақы ауылда дүниеге келді. Албарбөгет десе елеңдемейтін қазақ жоқ. Өйткені, ондағы бауырларымыз ежелден ұлтымыздың барлық салт­-дәстүріне, әдет-ғұрпына, Ислам дініміз бен ділімізге аса құрметпен қарайды. Осы жерде туып-өскен талай қандас­

тарымыз қазір ел мақтанышы атанып жүргені баршаға мәлім. Бәлкім тағдырдың жазуы ма, к е й і п ­к е р і м і з д і ң жас­т ық шағы да қиындықпен өтті. Себебі өзгелердей әкенің махаббаты мен сүйіспеншілігіне бөлене алмады. Үйдегі барлық ауыртпалық пен мехнат асыл анасының мойнына түсті. Анасы жалғыз баласын ештеңеден тарлық көрсетпеу үшін аянған жоқ. Отағасы Сәндібектің жоқтығы жүрегі нәзік шешесіне де сезілмей қоймады. Бірақ қайран біздің аналарымыз десеңізші, олар қашанда баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма неге кірсін демей ме. Құдай берген перзенті Назарбекті жанындай жақсы көріп, әкесінің орнын жоқтатпады. Ол да бір кәдімгі ел айтып жүретіндей ауыр бір кезең еді ғой. «Көппен көрген ұлы той» демекші бұлар да айналасындағы жұртшылықтың жұпыны тұрмыс тіршілігін күнделікті көздерімен көріп, көңілдерімен ұғып отырғандықтан тіршілікке бейімделді. Назарбек те үйдің жалғызымын деп анасына еркелеп, шолжаңдыққа салынған жоқ. Еңбекке тым ерте араласты. Сондықтан олар балалықтың бақытты шақтарын бастан қызықты өткермеді. Осындай өмірдің ащы-тұщысын бастан өткергендіктен бе, кішкентайынан халыққа қамқор болып өсті. Кейін есейе келе жұрттың қамын ойлайтын, көпшіліктің мұң-мұқтажын терең сезінетін жігіт болып қалыптасты. Ел арасында үлкен кісілер: «Әкесі жақсы адам еді, баласы да саналы азамат болып қалыптасты. Оның болашағынан бәріміз де үлкен үміт күтеміз» десті.

Қабілет-қарымы ерте танылды

Ол уақыттың адамдары өте білімге құштар болатын. Жауапкершілікті де айрықша сезінетін. Өздеріне қандай міндет жүктелмесін оны мінсіз атқаруға тырысатын еді. Өмірді бір кісідей біліп өскен Назарбек Сәндібекұлы да қатарынан қалмай алға қарай ұмтылды. Оны әрине, шешесі көріп, қуанғаннан оңашада көз жасын да сығып алатын. Осы кешегі Албарбөгеттің тумасы Назекең сонау Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы Қапланбек зоотехникалық-ветеринарлық техникумды ойдағыдай аяқтаған кезі де оны білетіндердің әлі күнге дейін есінде. Бұл оқу орнын мысалға алып отырған себебім, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі басшылық қызметтегі кісілер Назарбек ағадай сол жерде білім алған еді. Сондай

азаматтардың қатарында осы кісінің замандасы, кезінде талай аудандарда абыроймен жұмыс істеген Ерғали Жәуіков те бар еді. Тағы бір айта кетер жай, ол кездегі білімнің сапасы да жоғары болатын. Оның үстіне биліктегі ағаларымыздың бәрі де өмір мектебінде әбден шыңдалған, даланың нағыз академиктері-тін. Осындай еңбекқорлық пен құлшыныстың арқасында Назарбек аға 1943-1947 жылдар аралығында қазіргі Сарыкөл селолық кеңесінде хатшы болып істеді. Ал мұндай лауазым елді-мекендерде тұратын азаматтардың бәріне де жақсы таныс. Жалпы хатшыдан сауаттылық, жан-жақтылық, адамдармен тіл табыса жұмыс істеу, сол ауылдың тыныс-тіршілігін бес саусақтай білу секілді қасиеттер талап етілетін. Міне, бұл аталған жайлардың бәрі де оның бір бойынан табылатын. Жылдар да жылжып өтіп жатты. Ол да кемелденіп, жұртшылықтың сүйікті адамына айналды. Алдына келген азаматтардың зәру мәселесін дер кезінде шешіп, ауылдағы барлық жерлестерінің қуанышына бір кісідей ортақтасты. Оның үстіне бүкіл тұрғындардың құжаттары өзінің қолынан өтетін. Содан арада үш жыл өткен соң мұның тәжірибесі, тапсырылған іске деген ерекше жауапкершілігі бағаланып, облысымыздағы Жамбыл астық өсіретін кеңшарына бөлімше басқарушысы болып тағайындалды. Оның алдында есепші ретінде де елге танылған еді. Бөлімше басқарушысы сынды қызметте де ол көпшілікке өте ұнады. Назекеңнің кейінгі өсіп келе жатқан ұрпаққа ғиб­ рат болар тұсы қандай шаруа болсын жеті рет өлшеп барып, бір-ақ кесетін. Қарамағындағы адамдарға сөзін де өткізетін, өзі де оларға қамқорлық туғызып отыруды басты мақсатым деп түсінетін. Ауылдағы мұндай басшылар мен білікті мамандар әдетте жұмыс кабинетінде көп отырмайды. Күн ұзаққа егіс алқаптарында, фермаларда және машина-трактор шеберханаларында жүреді. Өйткені, жылдың төрт мезгілінде де қауырт науқан жүріп жатады. Мәселен, ерте көктемде егіс алқаптарына дән себіледі. Содан кейін жаз айларында шабындықтарға шалғын түседі. Жиналған шөпті маяларға тасиды. Күзде нағыз егін орағы қызады. Міне, мұндай кездері олар үйді мүлдем ұмытады. Қыста қоралардағы шаруашылықтың малын күтімге алады. Осылайша күйбең тіршілік жалғаса береді. Оның үстіне Назарбек ағаның жүрген жері көңілді, атқарған жұмысы өнімді болатын. Сондай шақтары атқарған еңбектері де бағаланбай қалған жоқ. 1947 жылы Қарасу ауданындағы Құсмұрын кеңшарына бас агроном болып жоғарылатылды. Бас агрономдық қызметті

де ұршықша үйіріп алып кетті. Сол жылдары шаруашылықтағы жұмыс та барынша жанданып, егін шаруашылығы дамыды. Ондағы күллі мамандарға біліктілікпен өнеге көрсетіп, түпкі нәтиженің мол болуына көңіл бөлді. Құсмұрын да оның туған жеріндей болып кеткен еді. Ол 1965 жылы әлгі аудандағы «Май» кеңшарына директор болып тағайындалғанда оған әбден бауыр басып, үйреніп қалған жергілікті тұрғындар ол жаңа елді-мекенге қоныс аударар кезінде қимай қоштасты. Бұл да болса оның шын мәніндегі биік азаматтығын, іскерлігін, адамгершілігін көрсететін жай емес пе. Оның басшы ретіндегі нағыз іскерлік қырлары осы жерде директор болған кезінде жан-жақты көрінді. Шаруашылықты шеберлікпен жүргізген Назарбек Сәндібековтің қайраткерлігі, өз міндетіне деген ерекше ынта-ықыласы мемлекет тарапынан да қолдау тапты. 1967 жылы оған Социалистік Еңбек Ері жоғары атағы берілді. Әрине, Назекең жұртшылыққа: «Бұл атақ мені қанаттандырғанмен оған осындағы сенімді де арқа тұтар мамандар өзінің қомақты үлесін қосты» деп отыратын. Сол уақытта аталған шаруашылықта бас агроном болып Торсан Нұрмұхамбетов қызмет атқарды. Ол кісі де жұртшылықтың арасында ерекше құрметке бөленген-ді. Осындай іскерлігінен де шығар, ол білікті азамат кейін қазағы қалың Амангелді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды. Оның азаматтық қырлары жөнінде замандасы Назекең де үнемі айтып отыратын. Қазіргі уақытта Торсаң ағаның бір сүйікті ұлы Ғауез елге танымал іскер басшы. Әке сенімін ойдағыдай ақтап, егеменді еліміздің өркендеп дамуына өзінің лайықты үлесін қосып келеді. Назарбек Сәндібекұлы кезінде бір мақсат жолында қатарлас қызмет атқарған бауырларымыздың еңбегін әрқашан да жүрген жерінде айтып, олардың тағылым болар қасиеттерін үлгі етіп отырушы еді. Содан кейін кешегі білікті директор, яғни кейіпкеріміз Қарасу аудандық атқару комитетінің төрағасы болып жаңа қызметке кірісті. Осындағы екі жылдың ішінде аудан танымастай өзгерді. Өзінің білікті басшы екендігін мұнда да жұмыс барысында әбден дәлелдеді. Уақыт өте қазіргі Сарыкөл (бұрынғы Урицкий) ауданындағы «Тагильский комсомолец» кеңшарына басшы болып бекітілді. Көп жылдардан бері ауыл шаруашылығын өркендетуде әбден шыңдалған азамат жаңа ортада да халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Ол ғұмырының соңғы жылдарында Ақмола облысы Жаңадала аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының

басшысы қызметін атқарып жүрген шағында кенеттен қайтыс болды. Бұл кезде ол 61 жаста болатын. Марқұмның денесін кезінде өзі ұзақ жылдар бойы адал қызмет атқарған Қарасу ауданының орталығындағы мұсылмандар зиратына қойды. Басына үлкен бюст орнатылды. Бүкіл саналы өмірін республикамыздың әлемге танылуына арнаған даңқты жерлесіміз кезінде КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты да болып сайланды. Қос Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», Даңқ секілді орден және бірнеше медальдармен де марапатталды. 1973 жылы дүниежүзілік бейбітшілікке байланысты шет елдегі өткізілген конгреске делегат болып қатысып, қазақ елінің мәртебесін көтерді.

Қайраткердің отбасы жайлы сөз

Егер өзінің шаңырағының бақыты мен ұрпағының келешегін ойлаған бір азамат болса, ол осы Назарбек аға еді. Өйткені, ол сүйген жары Жәлел Оспанқызы екеуі көп жылдар бойы өзге ағайындар қызығатындай жарасымды ғұмыр кешті. Бір ғажабы, Назарбек аға Еңбек Ері болса, Жәлел апамыз он құрсақ көтерген батыр ана еді. Бұл күндері сол ұрпақтарынан 6 ұл мен 2 қыздары елімізде жұрт қатарлы қызмет атқарып жатыр. Солардан 15 немере, 7 шөберелері бар. Мәңгілік кім бар дейсіз, асыл ағамыз 1990 жылы бақилық болса, Жәлел апамыз да содан көп өтпей көз жұмды. Әрине, олардың қазаларына ортақтасқан қауым аз болған жоқ. Соңғы сапарға аттандырар кезіндегі жаназаларына халық өте көп жиналды. Назарбек аға отбасына өте жайлы жар, ардақты әке бола білді. Өзі жастайынан қиыншылықты көп көрген соң ба, өзі жетпеген биікке осы ұрпақтарым жетсе екен деп армандады. Оларды жастайынан мектеп пен жоғары оқу орындарында терең білім алуға баулыды. Себебі, білімді, парасатты адам ғана елі мен халқына көп пайдасын тигізетіндігін олардың санасына сіңірді. Ол сонымен қатар бір сөздің адамы болды. Өтірік сөйлеуді, даңғазалықты, босқа мақтанушылықты ұнатпады. Осыны көкіректеріне тоқып өскен ұл мен қыздарыда жаман болған жоқ. Назекең байлыққа да қызықпады. Тіршіліктің мәні де сәні де осы перзенттері деп есептеді. Сүйген жары Жәлел апамыз екеуі өте тату-тәтті ғұмыр кешті. Олардың бірбіріне деген сыйластықтарына, жарасымды тіршіліктеріне барша қауым ерекше бір қызығушылықпен қарайтын. Оның тағы бір кейінгілерге өнеге болар айрықша қыры, өнерге яғни руханиятқа жақындығы еді. Жұмыстан қолы бо-

саған сәттері отбасында қолына кәдімгі қазақтың қара домбырасын алып, күмбірлете күй шертетін. Ұлтымыздың ежелден мирас болып қалған туындыларын жатқа білетін. Сонымен қатар өте көпшіл еді. Жұртшылықтың көңілін қалдырмауға тырысатын. Ақжарқын, ақниетті азаматты той-думандарда мұның өнерге деген жақындығын білетін құрбы-құрдастары қаумалап, әнді де шырқатып, күйді де тартқызатын. Даңқты жерлесіміз еліміздің өркендеуіне тікелей ықпалын тигізген біртуар көрнекті мемлекет қайраткерлері Дінмұхамед Қонаев, Бәйкен Әшімов секілді тұлғалармен дәмдес, сырлас болды. Айтулы азаматтар Қостанай өңіріне іс-сапармен келген кездерінде бұл басқарып отырған шаруа­ шылықтарда болып, жайқалып тұрған егіннің барысымен танысатын. Олардың талай ыстық лебіздерін де естіді. Өзі жаны жайсаң, парасатты да зиялы адам болған соң ба, сонау Алматыдан келген ақын-жазушылар да мұнымен кездесіп, шаңырақтың бақытын шалқытып отырған Жәлел апамыздың дастарханынан дәм татпай кетпейтін. Солардың қатарында Қазақстанның халық жазушылары, ұлтымыздың аса талантты ақындары Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбековтер де бар еді. Олар мұның үйінде аса бір шабытпен өлең оқығанда ерекше ләззатқа бөленетін. Жалпы, оның қолына қалам ұстағандарға деген құрметі ерекше болды. Сөз өнерін қадір тұтты. Осы мағлұматтар мен деректерді маған баяндап берген Назарбек ағаның өзі айрықша жақсы көрген перзенті Бақытбек Сәндібеков бұл күндері «Нұр Отан» халықтық демок­ ратиялық партиясы Қостанай қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. Ол кезінде Қостанай ауыл шаруашылығы институтын бітірді. Осы таңдаған мамандығы бойынша алдымен агроном болып қызмет атқарды, содан кейін Сарыкөл ауданындағы «Тагильский комсомолец» кеңшарына басшылық етті. Басқа да бірқатар жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Осы замандасымыз Бақытбектің өзі де бұл күндері татулығы жарасқан шаңырақтың иесі. Оның құдай қосқан қосағы Сәуле Қостанай политехникалық колледжінде оқытушы. Екеуі үш балаларына жастайынан ұлағатты тәрбие берді. Тұңғыштары Марлен қалалық әкімдікте жауапты қызметте. Қыздары Ақмарал мен Әсель де ата-анасының қуанышы. Қарасулық азамат тар ауданның өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан Назарбек Сәндібекұлының есімін мәңгілік қалдыру мақсатында ауданның орталығынан бір көшені берді. Бұл да болса оған деген ерекше құрмет емес пе.

Бетті дайындаған Оразалы ЖАҚСАНОВ.


Issuu converts static files into: digital portfolios, online yearbooks, online catalogs, digital photo albums and more. Sign up and create your flipbook.