6
www.egemen.kz
21 тамыз 2013 жыл
Атамекен
Ўлылар мекеніне саяхат
Таң қылаң бере елордадан шығып, Астана-Семей-Жидебай бағытын бетке алған автобус Абай өмірге келген киелі өңірге жол тартып келеді. Алыптар еліне сапардың «Ұлылар мекеніне саяхат» аталуы да жүрегімізге жылылық ұялата түсті. Ерекше атап өтерлігі, еліміз бойынша Сарыарқаның, яғни, қазақтың бүгінгі Астанасының төрінен ғұлама Абайдың туған еліне жол тартқан саяхат сапардың негізгі ұйымдастырушысы – Қазақстан-Ресей университетінің «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы. Оның ішінде, осы орталықтың ашылуына мұрындық болып, оған көп еңбек сіңірген, аталмыш жобаның жүгін арқалап келе жатқан орталық директоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі – Алмахан Мұхаметқалиқызы. Шығыста күн ерте шығып, ерте бататыны баршаға аян. Ертеңіне ертелетіп Жидебайды бетке алып, жолға шықтық. Қатарымыз абайтанушы ғалым, көргені мен түйгені мол ақсақал Төкен Ибрагимов жəне ақын апамыз Дəмеш Омарбаевамен толықты. Ұлылар мекенінің əр тасын жатқа білетін Төкен ақсақал əріден əңгіме қозғап келеді. «Мынау Шағыл төбесінен Шоқан əйгілі сапарын бастаған… Осы дөңде ғой, Ақылбайдың «Сұрғылт тұман дым бүркіпті» шарықтататыны. Ал, бұл əнді біреулер Абайдікі, деп жар салып жүр. Шынтуайтында, бұл екі ауыз өлеңнің əнін де, мəтінін де Ақылбай шығарғанын Ахаттың жазбалары растайды», деп бір қайырды Төкен қарт. Міне, Жидебай бағытына бет алған жолда алғаш болып тоқтаған орнымыз, Төкен ақсақал тілге тиек еткен «Шағыл даласы» жолы болды. ...Қарт Семейдің көкірегін қақ жарып, сайын дала төсінен батысқа қарай таспадай созылған жол жатыр. Алмахан апайымыздың айтуынша, М. Əуезовтің «Абай жолы» романында қыстай қалада оқуда болған бала шəкірт ауылын аңсап, жанындағы серіктеріне маза бермей асығыс сапар шегетін жол осы. Эпопеяда айтылатындай, Семей қаласында араб, парсы, дін сабағын оқитын Абай үш жылдық оқудың жазғы демалысына шыққанда осы жолмен еліне сағына жетуші еді ғой. «Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне шəкірт бала барын салатын» кезең көзімізге жылыұшырай кетті. Алкүрең көде мен ақселеуі желмен толқыған салқар даланың бəрі көңілге ұнамды, бəрі жүрекке жылы тиіп барады. Туған жердің бел-белестері көзіне оттай басылып, жүрегін сағыныш кернеген жас Абайдың алдағы өмірге, күрес пен тартысқа, қуаныш пен қайғыға, ой мен толғанысқа толы тіршілік белестеріне сапар шегетін жолы бұл. Шəкəрім мен Мұхтар да білім іздеп Семейге, елін аңсап Шыңғысқа қарай осы жол арқылы сан рет жүріп өткен. Шағыл жолымен Арқалық тауына қарай біраз жүрген соң, алдымызда көлденең жатқан асу көрінді. Бұл – Күшікбай кезеңі. Күшікбай асуы – Семейден 51 шақырым қашықтықта орналасқан Арқалық тауынан асатын тұсы. Семей мен Шыңғыстау арасындағы Абай сан рет тоқтап, басында түнеген бекет. Осы Арқалық тауының биік төбе басында Күшікбай батыр жерленген. Ол Орта жүз, уақ руынан шыққан, Жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен белгілі батырлардың бірі. Батырлығымен қоса, нашарға қайырымды, əділдігімен аты шыққан адам. Академик жазушымыз Мұхтар Əуезов: «Күшікбай батыр 21 жасында дүние салған екен. Ерте күннен батыр атағын алған. Соңғы кездерде көздеген мақсаты қолбасылық болып, аяғында оған да жетіп, егескен елінен кегін алып, егес қылып жүргенде шешек шығыпты. Шешек ауыр шығып, көп уақыт қозғала алмай жатып қалған. Егесіп жүрген жаулары батырдың төсек тартып жатқанын пайдаланған деседі. Дұшпандары батырды қапыда алмақшы болыпты. Кек буған намыскер ер жара басқан жалаңаш етіне шекпенін желбегей жамыла салып, жауына атой беріпті. Жерін жаудан азат етіп, осы төбенің басына жеткенде, ат үстінде найзасына сүйенген қалпы жантəсілім етіпті. Сонда шешектің жарасы мен жау оғынан аққан қаны шекпенінің сыртына шығып кетіпті», деп суреттейді. Сол батырдың моласы тұрған биікте бүгінде ескерткіш тұрғызылып, көпшіліктің зиярат орнына айналыпты. Бауырынан боран мен ызғар айықпайтын Арқалық тауының осы
тұсында ғой Мұхтар Əуезовтің «Қорғансыздың күні» əңгімесінің желісі өрбитіні. Ал, ізі осы асуда əлі де сайрап жатыр. Саяхатшылар осы асумен танысу барысында ерекше жайдың да куəсі болды. Осыдан бір жыл бұрын М.Əуезовтің «Қорғансыздың күні» деген əңгімесінде Күшікбай асуында болған қайғылы оқиғаның кейіпкерлері Ғазиза мен оның əкесі Жақып жерленген зират, олар тұрған үй мен қораның орны табылғанын белгілі абайтанушы Асан Омаровтың мақаласынан оқыған болатынбыз. Асан ағамыздың айтуынша, зират пен тұрақты тапқан жергілікті өнер өкілі Амангелді Жүкенов деген азамат көрінеді. Əрі табылған орын əңгімедегі Мұхтар Əуезов суреттеген жайттармен тұспа-тұс келеді екен. Саяхатшылар осы орынның тұңғыш ізашарлары болып қана қоймай, алғашқы зиярат етушілері де болды. Бір таңғаларлығы, аталмыш тарихи орынның табылғанына бір жылдан асса да, шығармадағы қыстау əлі күнге дейін қараусыз жатыр. Абаймен 25 жыл жолдас болған ақын шəкірттерінің бірі – Көкбай Жанатаев осы Күшікбай кезеңінде дүниеден өткен. Денсаулығына байланысты Омбыға кетіп бара жатқан сапарында, жол үсті аял сəтінде 1925 жылы көз жұмған оның сүйегі Тақырдағы өзінің мешітінің жанына жерленіпті. Күні бүгінге дейін Шыңғыстауға бет алған жолаушылар осы асуға тоқтамай өткен емес. Жол үстінде асуға аялдап, алдымен жер астынан бұрқырап шығып жатқан Абай бұлағы суынан ауыз тиіп, шөлін қандырады. Қасиетті бұлақ көрінеді бұл. Суы қысы-жазы мұз болып қатпайды, не суымайды, не ысымайды. Бір замандарда бұлақ суынан Құнанбай, Абай, Шəкəрімдер шөлін басқаны даусыз. «Бұдан əрі Шыңғыстың ішіне енген сайын су тапшы бола береді. Абай қалаға барған-келген сайын осы арада арнайы тізгін тартып, балдай тəтті бұлақ суынан мейірі қанғанша ішкен», – дейді жол бастаушы Алмахан Мұхаметқалиқызы. Арқалықты артқа тастап, Шыңғыстауды бетке алған саяхатшылар Шілікті кезеңіне де табан тіреді. Алдымызда ақшаңқан кесене оқшау көрінді. Бұл – Ақшоқының басында арманда кеткен қос ғашық – Еңлік пен Кебек ескерткіші. «Абай жолы» романында «Ералы жазығындағы кішкене төбе» деп суреттелетін мұнда күллі ғашықтар символы болған, заманға сай мəрмəрдан кескінделген «ЕңлікКебек» ескерткіші – ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ жеріндегі ескіліктің кұрбаны болған матай елінің қызы Еңлік пен тобықты руынан шыққан Кебектей жастарға қойылған. Ақсақалдар шешімінің билігімен қатаң жазаланған, махаббаттың жолында бастарын бəйгеге тіккен бұл екі жастың ескерткіші бүгінгі ұрпаққа ерекше қастерлі. Осы ескерткіштегі құлпытасқа: «Көп жасамай, көк орған, Жарасы үлкен жас өлім», деген Абай сөзі қашалыпты. Жолында махаббаттың құрбан болған екі жасқа құран бағыштаған біз одан əрі Ералы жазығына ат байладық. Аталмыш жазық бүгінде – Абай ауданының шаруашылық қонысы. Көп ұзамай Ералы жазығын көктей өтіп, Ақшоқыға жол тарттық. Құнанбайдың қыстауы болған Ақшоқы биігі үшеу: шеткі Ақшоқы, үлкен Ақшоқы, кіші Ақшоқы. Жидебайдың бұл сайын даласында да талай тарихтың ізі сайрап жатыр. Алкүрең көдесі, ақселеу, бетегесі самалмен жайқала толқыған бұл беткейді Абай атқа мініп талай кезді-ау, осында «айналасы тептегіс, жұмыр» жырларын дүниеге əкеліп, «құлақтан кіріп, бойды алған əсем əндерін»
қалықтатты-ау деген ой келеді көкейге, елестейді көз алдыңа. Төтеден жол салған автобус Құнанбай зиратына келіп тоқтады. Əжептəуір үлкен қорымда осы əулеттің есімдері белгілі, белгісіз үрім-бұтағы жерленген. Мəселен, Халиолла Өскенбаев, Кəкітай Ысқақұлы, Əбіш, Мағауия жəне оның қыздары, Ысқақ, Тəңірберді… Осылай жалғасып кете барады. Абай мұражайын бақандай 35 жыл бойы басқарған, Абай, Шəкəрім, Мұхтар жəне басқа да алыптардың мұрасын түгендеп, данышпан хакімнің есімімен тығыз байланысты тарихи орындарда алақанының ізі сайрап жатқан қарт абайтанушы Төкен Ибрагимовтің атына сырттай қанық болатынбыз. Оның абайтануға қосқан үлесін Асан Омаров ағамыз бен Алмахан Мұхаметқалиқызы үнемі айтып жүретінді. Осы сапарда сол Төкен ақсақалдың ерлікке пара-пар еткен еңбектерінің куəсі болдық. Мəселен, Ақшоқыда жерленген Абайдың немерелері, Мағауияның ұл-қызы Жағыпар мен Кəмиланың жəне Мағауияның бəйбішесі Дəмегөй Мүсірəліқызының опырылып ортасына құлап түскен бейіттерін қайта қалпына келтіріп, ұрпақтары зиярат ететіндей көрнекі орынға айналдырыпты. Мұражай директоры болып тұрған кезінде қаржы көзін тауып, аталмыш зираттардың жан-жағын қоршап, келушілерге жүретін арнайы жол да жасатыпты. Бұл – Төкен атамыздың жасаған еңбегінің бір парасы ғана. «Мұның бəрін мен жеке басым үшін емес, ұлы Абай үшін жасадым ғой. Осыны халық түсінсе деймін», – деп көзіне жас та алды қарт абайтанушы Құнанбай əулетінің зираты басында... Саяхатшылар Ақшоқыдан кейінгі тəу еткен Сырт-Қасқабұлақ мекені – иісі қазаққа ғана емес, бүкіл адамзаттың ақыл-ой əлеміне Абайдай сөз алыбын сыйлаған қастерлі мекен, қасиетті топырақ. Бір кездері Құнанбайдың үлкен ауылы осы жерден ағып өтетін Қасқабұлақ бұлағының екі жағын бірдей жайлап отырған кезде Абай шыр етіп дүниеге келген. Жотаның екі жағында екі бұлақ екі жаққа қасқая тартылғандықтан бұл белді Қасқабұлақ жотасы» дейді екен. Семей қаласынан 103 шақырым қашықтықта жатқан бұл жерде бұрындары М.Əуезов атындағы совхоз орталығы орналасыпты. Қасқабұлақ жотасы «Үлкен Қасқабұлақ», «Кіші Қасқа бұлақ», «Сырт-Қасқабұлақ» болып бө лінеді. Ащысу өзеніне құятын Абай бұлағының, яғни Сырт-Қасқабұлақтың басында Абай ауылы жаз, күз мезгілдерінде қоныс теуіп отырған. Осы бұлақ басында ақынның «Күз», «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» сияқты өлеңдері жазыл ған», – дейді абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы. Қасқабұлақ жотасына шығып, солтүстік батыс жаққа көз салсаңыз, Шолпан биігі көрінеді. Бұл ұлы ақынның жырын кейінгі ұрпаққа жеткізген Мүрсейіт Бікеұлының туған мекені. Мүрсейіт көшірмесі арқылы Абай өлеңдері дүйім жұртқа тарағаны бəрімізге белгілі. Сонадайдан Шыңғыстау қол бұлғайды. Одан беріректе үлкен Орда, кіші Орда. Мұнда əйгілі Шыңғыс хан жорықтарында шатырын тіккен деседі қариялар. «Əне бір тұста Абай мен Əйгерім кездескен», дейді Төкен қарт. – Абай ауданының шетіне жақындаған сайын піл сауырлы қарт Шыңғыс қарсы алдымыздын шығады. Бұл таудың Шығысын – Шет, батысын – Шаған өзендері кесіп ағады. Шыңғыстаудың ұзындығы – 200, ені – 40-100 шақырым аралықты құрайды. Бауырынан мөлдір
сулы – Құндызды, Мұқыр, Тақыр, Қарауыл, Бөкенші, Қаражартас сияқты өзендер ағады. Шыңғыстың ішінде қырықтан аса емдік қасиеті бар, сирек кездесетін өсімдіктер өседі. Адам аяғы сирек басатын жерлерінде арқар, киік, елік, сілеусін, құлан мекендейді. Биік шыңдарында бүркіт, қаршыға ұя салса, өзендерінде аққұтан, сарыала қаз, үйрек жүзеді». Жоғарыда атап өткеніміздей, əр тасында тарихтың ізі жатқан Шыңғыстың Орда тауының іргесінде Шыңғысханның ақ ордасы тігілген. Адольф Янушкеевичтің айтуы бойынша, Бұхараға кетіп бара жатқанда ұлы хан осы жерде екі рет қыстапты. Расында да, суықта қалқан болуы үшін тігілген орда керегелерінің іргетасын тас тақталармен қоршаған орын əлі күнге дейін сақталыпты. Осы Орда тауларын бөліп өтсеңіз, көп ұзамай Қарауыл шақырады. Абай ауданының орталығы бүгінде. Қарауылда саяхатшыларды жергілікті билік өкілдері мен аудан тұрғындары қарсы алды. «Данышпан Абайдың табанының ізі қалған жүрген жерлермен жүріп, алақанының табы қалған жəдігерлерді көрсем, білсем, ұлы хакімнің мұрасының тереңіне құлаш ұрсам», деп елорда төрінен жеткен топты жергілікті жұртшылық төріне шығарды. Аудан тұрғындарымен еменжарқын əңгімелескен саяхатшылар əнжырдан шашу шашып, қос пернеден күй күмбірлетті. Данышпан ақынның табаны тиген топырақты басуды, қолының ізі қалған жəдігерлерді көзбен көруді армандамайтын қазақ жоқ шығар, сірə. Астанадан шыққалы мың шақырымдай жолды артқа тастап асыға-алабұрта, шаршап-шалдыға жеткен едік Жидебайға. Жер кіндігі аталған Жидебай – ұлы абыз мəңгілік дамылдап жатқан киелі мекен. Абайдың есімімен тығыз байланысты бұл киелі орын Семейден 180 шақырым қашықтықты қамтиды. Абайдың атақонысы болған өлке – тобықты руының Жігітек атасы мекен еткен, Қарауыл өзенінің жайылмасында жатқан қалың қорық, шұрайлы жер. ХІХ ғасырдың орта тұсында аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы иемденіп, қыстау салдырған. 1850 жылы Құнанбай Жидебайдан 15 шақырым жердегі Ескітам деген жерден медресе салдырып, өзінің жəне туыстарының балаларын оқытқан. Абай сегіз жасынан бастап осы медреседе оқып, сауат ашқан. 1880 жылы Абай Жидебайда өз қаражатымен жаңадан медресе салдырыпты. Төкен ақсақалдың айтуынша, Құнанбай қажы дүние салған соң, 1885-1891 жылдары Жидебай қонысы Құнанбайдың Ұлжаннан туған баласы Оспанның еншісіне тиген. 1891 жылы інісі қайтыс болғаннан кейін қыстау Абайдың иелігіне көшеді. Бұл мекен Құнанбайдың екінші ауылы атанып, оның шешесі Зере мен Ұлжан да көп жылдар бойы осында тұрады. Ақын шығармаларының екі томдық жинағындағы деректерге сүйенсек, онда жарияланған өлеңдердің 160-тан артық туындысы осы қыстауды мекендеген шабытты жылдарында дүниеге келген. Абайдың Семейдегі əдеби-мемориалдық мұражайының бөлімшесі саналатын Жидебайдағы бұл отау 1945 жылы ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылыпты. 1970 жылы Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында күрделі жөндеуден өткізілгенімен, Абай заманындағы ішкі-сыртқы көрініс-келбетін сақтаған. Өзін қазақпын деп білген адам реті келсе осында соғуды мақсат тұтатыны анық. Бұл – Абай өмірінің көп бөлігі өткен жер. Міне, Абай тұтынған заттар, Абай ұстаған мүліктер, Абай көңіл қойған, бағалаған, оның иісі сіңген дүниелер. Барша қазақты тебірентетін, барша адамды толқытатын, «Абай қаны менің де тамырымда бар, ол өйткені, қазақтың қаны» дейтін ұлы рух осы жерде, əсіресе, атой салады. Бұл жерде: «Абай тірі. Абай барда қазақ та бар, ол – тірі!» деген ой жүрегіңді толқытады. Міне, Ұлжан ана заттары, əне, Ділдə ананың артынан келген мол жасауының бір белгісі – асыл тастармен апталған сүйек төсек. Абайдың Əйгерімге сүйіспеншілігінің белгісіндей күміспен күптелген ер. Ділдə, Əйгерім, Еркежанның төсек-жабдықтары, сандықтары үш бөлек бөлмеде жиылып тұр. Абай оқыған араб, парсы, түрік, орыс тілдеріндегі кітаптарға, ақынның үш ішекті домбырасына, ол қымыз ішкен шараға, Абайдың 1903 жылы əйелi Еркежан, ұлы Мағауия, немере келiнi Кəмəлия (Ақылбайдың баласы Əубəкiрдiң əйелi), Ақылбайдан туған Пəкизатпен бiрге түскен суретіне үңіле қараумен болдық. Бұл сурет – ұлы ақынның өмірінде түскен екі суретінің біреуі. Мұражай ауласынан Абай-Шəкəрім кесенесі анық көрінеді. Ал, шыға берiсте гранит тастан үшбұрышты белгі қойылып, онда «Еуразия кеңістігінің кіндігі» деген белгі бедерленген. Мұны ғалымдар да дəлелдеген көрінеді бір кездері. Дəл осы кіндікте ұлы Абай ғұмыр кешті. Абай сөздері өмірге келді. Мұнда бір ғажап байланыс бардай! Құрлықтың тура ортасында ғұмыр кешкен Абайдың ойы ақыл-ой кіндігі болуы заңдылық шығар, бəлкім… Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ, журналист.
Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы.
ШАРАЙНА
Əлем жаѕалыќтары
Тґѕкеріске ќатысы бар екенін мойындады АҚШ-тың орталық барлау басқармасы өздерінің 1953 жылғы Иранда болған төңкеріске тікелей қатысы барлығын нақтылайтын материалдарды жария етті. Бұл құжат Ұлттық қауіпсіздік қызметі мұрағатының сайтында жарияланған.
Қазіргі кезде 21 құжатпен ғана танысуға болады. Оларда орталық барлау басқармасының «Аякс» операциясын дайындағаны жəне жүзеге асыруға қатысқаны айтылған. Аталған операция Иранның премьер-министрі Мохаммед Моссадыкты биліктен тайдырып, билікке Реза Пехлевиді қайта əкелуге бағытталған. Иранда 1953 жылы болған төңкерістің мақсаты – М.Моссадыктың АҚШ-пен жəне Ұлыбританиямен қатынасты үзіп, елдегі мұнай компанияларын мемлекетке қайтару туралы заң қабылдауына тікелей байланысты.
Экс-президентке ресми тїрде айып таќты «Франс-пресс» агенттігінің хабарлауынша, Пəкстанның бұрынғы президенті Первез Мушаррафқа 2007 жылы оппозиция лидері Беназир Бхуттоның өліміне қатысы бар деген ресми айып тағылған. Мұны кеше прокуратура да растады.
Дерек көздеріне қарағанда, П.Мушарраф өлтіру мақсатында соған ықпал етті, деп айыпталып отыр. Егер сот экс-президенттің кінəлі екендігін толық дəлелдейтін болса, ол өлім жазасына немесе өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілуі мүмкін. Елдің бұрынғы премьер-министрі 2007 жылы Равалпиндидегі сайлауалды жиын кезінде жасалған террорлық əрекеттен қаза тапқан еді. Оппозиция сол күні-ақ Б.Бхуттоның өліміне П.Мушаррафтың қатысы бар екенін мəлімдеген болатын.
Ґзен суыныѕ деѕгейі 6,7 метрден асты Хабаровск ауданындағы Амур өзенінің су деңгейі кеше 6,7 метрден асқан. Жергілікті төтенше жағдайлар басқармасының мəліметтері бойынша, Амур өзеніндегі су деңгейі 673 сантиметрге жеткен.
Бір тəулік ішінде су 16 сантиметрге көтеріліпті. 1897 жылы аталған өзен суының деңгейі 642 сантиметрге жетіпті. Қиыр Шығыс гидрометеорология жəне мониторинг орталығы 24-28 тамыз аралығында Хабаровск өлкесінің астанасында су басудың қаупі нағыз «шыңына» жетеді, деген болжам жасап отыр. Бұл күндері Амур өзенінің су деңгейі 730-780 сантиметрлік көрсеткішке жететін сияқты.
Қысқа қайырып айтқанда:
Тəжікстанның Қырғызстан шекарасына жақын Исфарин ауданының аумағында белгісіз біреулер бес адамнан тұратын отбасын атып кеткен. Қылмыс дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні жасалса керек. Ақ үйдің ресми сайтының хабарлауынша, АҚШ президенті Барак Обаманың отбасы тағы бір ит асырап алған. Бір жасар шамасындағы Санни 19 тамызда Мичиганнан Вашингтондағы АҚШ президентінің резиденциясына əкелініпті. Сербия үкіметі Ресей бас прокуратурасының талап етуі бойынша кəсіпкер Борис Березовскийге тиесілі активтердің бірқатарын тұтқындады. АҚШ билігі Египетке əскери көмек беру мəселесін уақытша тоқтатты. Оның себеп-салдары қазірге құпия қалып отыр.
Ќозєалыс жетекшісі тўтќынєа алынды «Мұсылман бауырлар» қозғалысының рухани көсемі Мохаммед Бади дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні Каирде қамауға алынған. Бұл жөнінде «Рейтер» агенттігі Египеттің мемлекеттік телеарнасына сілтеме жасау арқылы хабарлады.
Египет билігі М.Бадиді жəне оның серіктестерін тұтқындау туралы ордерді 24 шілдеде берген екен. Осы уақыт ішінде ол бостандықта жүрген. «Мұсылман бауырлар» қозғалысы 3 шілдеде əскерилер биліктен кетірген экс-президент Мохаммед Мурсиге қолдау білдіреді. М.Мурси президенттік сайлауда «Мұсылман бауырлар» қозғалысының қолдау көрсетуімен жеңіске жеткен еді. Президент биліктен тайдырылған соң, «Мұсылман бауырлар» елдің уақытша үкіметімен ынтымақтастық жасаудан бас тартты.
Ірі кґлемде ќару-жараќ партиясын тəркіледі Нью-Йорк полициясы қала тарихында бұған дейін кездеспеген ірі көлемдегі қару-жарақ партиясын тəркіледі. Қала мэрі Майкл Блумбергтің мəлімдеуінше, Нью-Йоркке заңсыз жəне жасырын түрде əкелінген қару – 254 бірлікті құрайды.
Осыған қатысы бар деген күдікпен 19 адам қамауға алынған. Қылмыстық топтардың əрекетін ашу операциясы тамыз айында басталған сияқты. Полицияның мəліметтері бойынша, қалаға қару түрлерін жеткізуді негізгі ұйымдастырушылар Солтүстік жəне Оңтүстік Королина штаттарының тұрғыны У.Уолкер мен Э.Кэмпбелл болса керек. Олар қаруды Нью-Йорктің Бруклиндегі дыбыс жазу студиясында сақтап, қымбат бағаға сатып келіпті.
Есірткі бароны 15 жылєа сотталды Калифорния соты «Тихуана» аталатын есірткі картелі жетекшілерінің бірі, мексикалық Эдуардо Фэликсті 15 жылға соттады. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, сот оны есірткі сатты, заңсыз жолмен пайда тапты деп таныған.
Эдуардо Фэликс, сондай-ақ, «Доктор» деген лақап атымен де белгілі. Ол 2008 жылы Мексикада тұтқындалып, өткен жылы АҚШқа берілген екен. АҚШ-тың құқық қорғау органдары Фэликске шығарылған үкімге қатысты «бұл оның дəуірінің ақыры» деген түсінік беріпті. 56 жастағы есірткі бароны «Тихуана» есірткі картеліне жетекшілік еткен ағайынды төртеудің соңғысы болып табылады. Олардың біреуі полициямен атыс кезінде оққа ұшса, екеуі АҚШ түрмесінде отыр. Ал «Тихуана» есірткі картелі Мексикада есірткі саудасымен айналысатын ірі ұйымның бірі саналады. Интернет материалдары негізінде əзірленді.