Ұрпаққа ұлағат (балаларға арналған кітап)

Page 1

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы

Ұрпаққа ұлағат

Астана, 2008 4


Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы

Пікір жазғандар: С.Негимов, филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Әскербекқызы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Жинақты құрастырғандар: Е.Тілешов, Г.Әріпбекова

«Ұрпаққа ұлағат». Балаларға арналған өлеңдер, жаңылтпаштар, жұмбақтар, әндер т.б. – Астана: «Зерде» инновациялық орталығы, 2008. – 130 бет.

Ұсынылып отырған жинаққа қазақ халқының болмысын көрсете алатын мағлұматтар және балаларды отансүйгіштікке баулитын әдеби, танымдық үлгілер енгізілді. Жинақтың мақсаты – жас ұрпаққа туған елі мен жерінің қадірқасиетін таныту. 5


МЕНІҢ ЕЛІМ Түркі Ерте ғасырларда қалыптасқан түркі тектес халықтардың ортақ атауы. Түркі халықтарына қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түркімен, ұйғыр, ноғай, татар, чуваш, башқұрт, алтай, тува, саха т.б. жатады. Дүние жүзі бойынша 180 миллиондай адам бар. Түркі халықтары Жерорта теңізінен бастап Солтүстік мұзды мұхитқа дейінгі аса үлкен аумақты алып жатыр. 40-қа жуық түркі халықтарының ішінде Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Азербайжан сияқты дербес мемлекеттер бар. Түркі халықтарының мәдени мұрасы өте бай. Алғашқы жазба үлгілері Орхон-Енисей ескерткіштерінен басталады. Түркі тілінде сөйлейтін халықтардың тарихын, этнографиясын, тілін, әдебиетін, мәдениетін зерттейтін «Түркітану» ғылымы қалыптасқан. Қазіргі кезде түркі халықтарының арасында тығыз саяси, әлеуметтік, мәдени байланыстар орын алған. Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен! (Н.Назарбаев) Алаш Алаш – қазақ халқының байырғы сөзі. Мағынасы – елдік, тұтастық, бірлік, айбарлық деген бірнеше ұғымдарды жинақтайды. Қазақ ішінде «алаш алаш болып, Алаша хан болғанда», «алты алаш», «алты сан алаш», «алаш мыңы» секілді тұрақты тіркестер ежелден айтылады. Сондай-ақ «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» деген нақыл-ұстаным да бар. Бұдан шығатын қорытынды, алаш – қазақ ұлтының өте бір аяулы сөзі. Мұны қазақ этнонимінің синонимі десек те болады. Жалпы тілдік негізі тұрғысынан келсек, алаштың түбіріндегі «ал» – от, қызыл, арай дегенді білдіретін ежелгі түркі сөзі. Мысалы, Алтай, алау, алқызыл, албырт, аластау, албар, аламан, алөкпе, алаң, алқап т.б. сөздердің арғы түбі «от» ұғымына (қуат, күш, жігер, шапшаңдық, қызбалық, тегеурін, зор деген мағынадағы) барып тіреледі. Отандық зерттеушілер ішінде Шоқан Уәлиханнан бастап Алаш ұғымын зерделегенін байқаймыз. Ол қазақ пен алаш ұғымдарын қатар қоя отырып («начало народа казахов или алач ...»), былай деп жазады: «У киргиз роды имеют свою тамгу и уран. Уран у всех киргиз есть алач». Бұдан Алаштың – елдік-мемлекеттік рәмізге айналған ұғым екені көрінеді. ХХ 6


ғасырдың басында Ә.Бөкейхан бастаған ұлт қайраткерлері Алаш атын партияға да, үкіметке (ұлт кеңесі) де бергенде осы ұстанымды басшылыққа алғаны анық. Азаматтық тарихымыз үшін аса маңызды Алаш қозғалысы кезеңінде Алаш идеясы – қазақтың ұлттық идеясының темірқазығы болды. Зиялылардың Алаш атауын таңдауы да жайдан-жай емес еді. «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш». Кереге – мемлекет құрылысы, Алаш – идеология. Тоқтам осындай болатын. Алаш – жаңа түрдегі елдігіміздің, байырғы айбарымыздың рәмізі еді. Д.Қамзабекұлы Қазақ «Қазақ» сөзінің шығуы жөнінде көптеген пікірлер бар. Ғалымдар бұл атауды көбінесе «еркін» сөзімен байланыстырады. «Қазақ» сөзі тарихи жазбаларда алғаш рет ХІІІ ғасырда қолданылған. Қазақ атауымен мемлекет ретінде белгілі болуы ХҮ ғасырға келеді. 1456 жылы Керей хан мен Жәнібек хан қазіргі Шу өңіріндегі Қозыбасы деген жерде Қазақ хандығын құрды. Қазақ халқының хандық жүйеде мемлекет ретінде өмір сүруі ХІХ ғасырдың І жартысына дейін жалғасты. Осы кезеңнен бастап тәуелсіздік алған 1991 жылға дейін Қазақстан Ресей мен Кеңес одағының құрамында болып келді. Қазіргі кезде қазақ халқы Қазақстан Республикасының 60 пайыздан астамын құрайды. Қазақтар, сонымен қатар, Қытайда, Өзбекстанда, Ресейде үлкен диаспора болса, Азия, Еуропа елдерінде де бар. Адам мақсатқа өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді. (Әбу Наср әл-Фараби) Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасы – Евразия деп аталатын құрлықтар кеңістігінің дәл ортаңғы бөлігінде орналасқан ел. Оның батыс аймақтары Европа құрлығының жерінде жатыр. Қазақтар Жайық деп атайтын Орал өзені – Европа мен Азияны бөліп тұратын шекара. Ал еліміздің солтүстігі, шығысы мен оңтүстігі Азия құрлығында орналасқан. Қазақстан Республикасының аумағы – 2 миллион 724 мың шаршы километрді құ райды. Жерінің аумағы жөнінен ол бүкіл дүниежүзінде 9-орында тұр. Мұндай жерге Франция сияқты 5 мемлекетті сыйғызып жіберуге болады. 1999 жылғы ресми санақ бойынша Қазақстанда 15 миллион шамасында халық тұрады. Жыл өткен сайын бұл цифр ұлғая түсуде. Елімізде халықтың 53,4 пайызын құрайтын байырғы халық қазақтардан басқа 7


ұлттардың да өкілдері тұрады. Шамамен алғанда, орыстар – 30, украиндар – 3,7, өзбектер – 2,5 пайызды құрайды. Сондай – ақ елімізде немістер, ұйғырлар, кәрістер, дұнғандар, түріктер және басқа халықтардың өкілдері бар. Елдің мемлекеттік тілі – қазақ тілі болып табылады. Қазақстан Республикасының астанасы 1998 жылы Алматы қаласынан Астана қаласына көшірілген. Ел басшысы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1999 жылы бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде сайланған Президент. Қазақстан Республикасында 14 облыс, 159 аудан, 85 қала, 195 кент, 2150 ауылдық және селолық округтер бар. Еліміздің Еділ өзенінің төменгі ағысынан Алтай тауына дейінгі ұзындығы 3000 километрдей болса, Батыс Сібір жазығынан Іле Алатауына дейінгі аралығы мың жарым километрден астам. Ал Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығы 15 мың километрге жетеді. Еліміз батысы мен солтүстігінде Ресей Федерациясымен, оңтүстігінде Түркіменстан, Өзбекстан және және Қырғызстан республикаларымен, ал шығысында Қытай Халық Республикасымен шекаралас. Азаттық үшін болған екі жарым ғасырдан астам уақыт күрестен кейін қазақ халқы тәуелсіздікке 1991 жылдың 16 желтоқсанында қол жеткізді. Сондықтан да жыл сайын 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының тәуелсіздік мерекесі ретінде ресми аталып өтеді. Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының тең құқықты мүшесі. Қазақстанның табиғаты мейлінше алуан түрлі. Оның байтақ жерінде тау да, төбелер мен жазықтар да бар. Қазақстан жерінің ең биік нүктесі – Хан Тәңірі шыңы теңіз деңгейінен 6995м жоғары, ал ең төменгі нүктесі – Қарақия ойпаты теңіз деңгейінен 132 м төмен жатыр. Қазақстандағы өсімдіктердің жалпы түрлері 6 мыңнан астам. Олардың ішінде емдік қасиеті барлары, сирек кездесетін түрлері де аз емес. Ал құстардың түрі 500-ден астам. Өзен-көлдерде балықтың 107 түрі өсіп-өніп жатса, далалар мен ормандардағы жабайы аңдардың түрі 178-ге жетеді екен. Атырау теңізінің ең терең жері 600 м-ге жетеді. Ел аумағының 10-нан бір бөлігін таулар алып жатыр. Қазақстан тілі XV ғасырдағы қазақ хандығы тұсында әбден қалыптасып болған еді. Ол 1989 жылдан бастап Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мәртебесіне ие болды. Қазақ тілі осы мемлекеттің түпкілікті тұрғындары қазақтардан басқа Қытай Халық Республикасы, Монғолия, Иран, Ауғанстан, Түркия мемлекеттері мен ТМД-ның Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан сияқты республикаларында тұратын қазақтардың да ана тілі. Қазақ тілі батыс түркі тілінің қыпшақ тармағына жатады. Бұл тармаққа кіретін тілдер – 8


қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қырғыз, Қырым татары, қарашай, балқар, құмық және т.б. тілдері. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейде көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік танытуда. Бірақ әлі шешілмей жатқан түйінді мәселелер де баршылық. Ең бастысы - өз ұлтымыздың ана тілінде, халықтық тамаша салт - дәстүрлеріне деген енжарлығынан әлі арыла алмай келе жатқандығында. Ал отбасында, атаана мен балалардың орыс тілінде сөйлей салуы жазылмаған әдетке айналып кеткен. Отаршылдық, империялық дәуірдегі орыс тіліне басымдықпен қарау көзқарасынан әлі құтыла алмай келе жатқанымыз жасырын емес. Сонымен бірге қазақ тілінің мүмкіндігі шектеулі, болашағы жоқ деген жалған түсінікпен үйренуге жалқауланып жүрген шектеулі жандар өз ұлтымыздың арасында да кездеседі. Олар бұл күнде күн сайын сөйлескілері келмейді. Бұның өзі басқа ұлттардың біздің тілімізге деген ықыласын төмендететіні сөзсіз. Бірақ бұндай кері кеткен көзқарасты, төзімділікпен өркениетті түрде жеңе білуге тура келеді. Ондаған жылдар бойы халық ағзасына еніп, дамып кеткен дертті бірнеше жылда емдеп тастау мүмкін де емес қой. Ауру «батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген мақалды ескере отырып, кәсіпқойлық пен төзімділікті ұмытпауға тиіспіз. Бәрінен бұрын әрқайсымыз ана тілімізді сүйіп, білуге ұмтылып, үйреніп, ол тілде оқып әрі жаза білуіміз қажет. Сәлем – сөздің анасы. (Бұқар Қалқаманұлы) Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті... Біздің жастарымыз ана тіліне жетік, білімді, мәдениетті болсын. (Ахмет Жұбанов) Тәуелсіз елім бар Көк айна көлім бар, Кең жайлау жерім бар. Еңбегі еленген Атақты ерім бар. Жемісті бауым бар, Шың-құзды тауым бар. Еңісті өр еткен, 9


Жеңісті қауым бар. Жайдарлы желім бар, Өрісті белім бар. Ерлікке баулитын Егемен елім бар! Тарих боп кешегім, Көп жұмбақ шешемін. Егемен еліме, Еге боп өсемін! Б.Исаев Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз. (Ғұмар Қараш) Мен неге қазақтықтан сақтанамын Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын, Ұранға Алаш деген атты аламын. Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын? Алтай, Ертіс, Сырдария, Есіл, Жайық, Арасан қоныс қылдым ірге жайып. Елім, жерім қорғайтын ерім болып, Ер жеттім ен далада лықа тойып. Ер Түрік ұрпағымын даңқы кеткен, Бір кезде Еуропаны тітіркенткен. Кіргені есік, шыққаны тесік болып, Күнбағыс, Күншығысқа әмірі жеткен. Кешегі хан Шыңғыстың ұрпағына, Талай царь, талай князь тәжім еткен. Мен қазақ, қазақпын деп мақтанмын, Ұранға Алаш деген атты аламын. 10


Сүйдіріп жүрегімді тартқан менің, Сарыарқа, Сарыдала туған жерім. Көк күмбездің астында көк масаты, Сәулемен алтындаған сары белім. Кең дала, шаңсыз ауа, таза қоныс, Иісі аңқып бетім сүйген самал желім. Кіндік болып малменен жанды өсірген, Жаз жайлау, күзгі күзек қысқы тебін. Даламның мен сағынам бек пен ханын, Ел үшін аямайтын шыбын жанын. «Қайғысыз ұйқы ұйықтатып» Қайғырусыз жылқы бақтырып, Қалыңсыз қатын құштырып, Алашты «алаш» қылған сабаздарым. «Топтан торай шалдырмасқа, Қазақтың бір тайын кәпірге алдырмасқа. Бір түнде тоқсан ойланып, Тоғыз төңкерілетін....» Ел қорғаны ерімнің сүйем бәрін. Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын, Ұранға Алаш деген атты аламын. Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын? С.Торайғыров Мен қазақ боп туғаныма мақтанамын Қарсы тұрып қас жауына қаптаған, Ешбіріне ар-ожданын сатпаған. Бағы тайып бодандықтан жүрсе де, Дархан пейіл, жомарттығын сақтаған. Мен қазақ боп туғаныма мақтанам. Бір ғасырда мың жығылып, мың тұрған, Желтоқсанда қанатынан қырқылған. 11


Бірақ талмай азаттыққа ұмтылған, Абай, Мұхтар Қаныштардай ұл туған. Мен қазақпын деп әлемге мақтанам. Желбіреген аспан түсті байрағы, Батыр елмін барыс сынды айбары. Мен қазақпын деп айтуға мақтанам, Ынтымақты бұзылмаған қаймағы. М.Жақсылықұлы Түрлі-түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені тіл байлығы – бәрінен де сенімді байлық ( Ғабиден Мұстафин) Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы! ( Ахмет Байтұрсынұлы) Отан Көп аузынан түспейтін Отан деген немене? Оның тұлға түс кейпін, Достым, білгің келе ме? Отан – сенің ата-анаң, Отан – досың, бауырың, Отан – өлкең, астанаң Отан – аудан ауылың. Отан – тарих, Отан – тіл, Жазған елің, ер халқың, Отан – өлең, Отан – жыр, Көтерген көкке ел даңқын. Туған өлкем Елінде күн нұрын төккен, Жерінде гүл жұпар сепкен, Неткен сұлу, неткен көркем Осы менің туған өлкем? 12


Алтын дәнді даласы бар, Ақ күмістей қаласы бар, Неткен сұлу, неткен көркем Осы менің туған өлкем? Көңіл – терең теңіз, білім – тереңінде жасқан інжу-маржан. (Жүсіп Баласағұн) Отан Отанды біз атамекен Деп аялап атаймыз, Өйткені оны мекен еткен, Бабамыз бен атамыз. Отанды Жас, кәріміз де, Туған жер деп сүйеміз. Өйткені, онда бәріміз де Туып, өмір сүреміз. Отанды әркім анасындай Қастерлейді, бағалап. Өйткені Отан баласындай Бізді өсірер аялап. Отан деген – атамекен. Отан деген туған жер. Отан – ана, Отан – үлкен Қазақстан – туған ел. Е.Өтетілеуов Қазақстан Жақсы аттанды демессің сүйем десең, Табынатын тәңірім, ием де –сен. Адам болып күн кешу қиын маған, Арқа тұтып өзіңе сүйенбесем. Сен менің сүйегім мен қанымдасың, 13


Жанымдасың, ұятым, арымдасың. Саған деген махаббат дамылдасын, Тек сенің топырағыңды жамылғасын. Өзіңше түсің де ерек, ісің де ерек, (Сырым бар саған айтар ішімде көп). Қомағай көзімді бір тойдыра алмай, Қорқамын бәрі осының түсім бе деп. Қазақстан! Пай, пай, пай! Ардағым-ай! Сен менің Шолпанымсың, жанған ұдай, Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт, Өлмейтін махаббатым, арманым-ай! М.Мақатаев Тіл – халықтың мәдениеті мен қуатының көрінісі. (Мұхтар Мағауин) Ұстазыңа бар ықылас-ниетіңмен қызмет қыл. (Қожа Ахмет Иассауи) Қазақстан Арыстандай айбаттым, Жолбарыстай қайраттым. Аспандаған байрақтым, Қанша жұлдыз жайнаттың, Қанша бұлбұл сайраттың. Қазақстан, ардақтым! Тұлпарыңның шабысын, Домбыраңның қағысын. Күңіренткен тау ішін, Дарияңның ағысын «Сүйем!» десем –бәрі шын, Қазақстан - намысым! Әрбір тасы – киелім, Әр уығы – жүйелім. 14


Ән кернеген жүрегін Күй кернеген тиегін, Сары алтыннан сүйегің, Қазақстан – жыр елім! Шаңырағым – шырағым, Топырағың – тұмарым, Ғаламда жоқ сыңарың, Ғажайыбым, жұмағым, Басы таза бұлағым, Басылмайтын құмарым, Қазақстан – қыраным! Айың тусын оңыңнан, Күнің тусын солыңнан. Жұлдыз жансын жолыңнан, Басыңа бақ орнасын, Қыдыр болсын жолдасың, Құдай сені қолдасын, Қазақстан – көз жасым!.... Ұ.Есдәулет Қазақия Қазақиям – азат ұям, Қоңыр жұртым Ұлы елім, Қаңқылдаған қаз атынан Сөз саптаған сүлейім. – Қанға – қан! – деп, – Жанға – жан! – деп Атам қазақ үйреткен, Өтті ғасыр сандаған көп, Ақ сойылын сүйреткен. Шыңбысың сен – Хан-тәңірім, Әлде Бетпақ –шөлмісің, Қаңсыса да қан тамырың, Қыңқ етпейтін көнбісім. 15


Тасыдың да, Жаусыдың да, Түпсіз арнаң толсашы, Дүниенің күнәсінің, Жуылатын моншасы. Аялаған азаттығым Бұл-бұл ұшса басымнан, Кімге керек қазақтығым Мақтан еткен жасымнан? Төбеңдегі Айды мына Тұмарыңдай көремін Қапалы да Қайғылы да Қоңыр елім, Өр елім. Топырақтың табын сездім, Жүгірдім де жығылдым. Отан деген назым сөздің Мәнін сенен ұғындым. Аспандай кең атамекен, Иі қанбас көн дала, Сені сүю – Қате ме екен? Сүйіп өтем сонда да! Ұ.Есдәулетов Біздің жер Көлдеріміз – Марқакөл, Шөлдеріміз – Мырзашөл. Тауларымыз – Теміртау, Жолдарымыз – Жібек жол. Шыңдарымыз – Оқжетпес, Баркөрнеулер сол тектес. 16


Барса Баянауылдан Адам түгілі бұлт кетпес. Далаларым – Сарыарқа, Қалаларым – Астана. Қасқабұлақ, Қарасаз, Ұлыларға баспана. Атырау, Жайық, Өр Алтай, Аттарына заты сай, Ордабасын күзетіп, Қазығұрттың жатысы-ай. Жайлауларым – Сұлутөр, Белестерім – Бақырбел. Жоталарым – Қыземшек, Осы біздің өскен жер. О.Асқар Ата Заңды ардақта! Ғұрпымыз бар ел сенген, Дәстүрлері – ең ізгі. Әділдікпен өлшенген Заңымыз бар Негізгі. Бас иетін бар адам, Әрбір сөзі салмақты, Қорғар бәле-жаладан – Ата Заң бұл ардақты. Ата Заңға, қарағым, Шексіз болсын құрметің. Туған елдің талабын, Заңды орындау – міндетің. Бақытты өмір сүргенің, Бақ-дәулетің баршасы, 17


Күліп-ойнап жүргенің – Ата Заңның арқасы! К.Құныпияұлы Қазақстан жалауы Аспан түстес көгілдір Тік бұрышты матаның Ортасында төгіп нұр, Күн жаяды шапағын. Еске белгі-ұрандар Сары алтындай сақталған, Күн, шұғыла, қыран да Алтын түспен апталған. Астында оның қалқыған Қыран құстың бейнесін Азат елдің шалқыған Көңілі деп білерсің. Сол жағында матаның Қызыл түсті жолақ тік: Мұратындай атаның Әсем өрнек ол ұлттық. Көк байрағы бабаның – Бүгінгі ұрпақ алауы, Мияты әке баланың – Қазақстан Жалауы! Е. Өтетілеуұлы Біздің Елтаңба Алтын қанат көмкерген Шаңырақ бар, уық бар – Әсем бейне сен көрген Жай бейне емес, ұғып ал! 18


Сүйсіндірген өзіңді Түсіне біл таңбаны: Аңызда ұшқыр, төзімді Пырақ – халық арманы. Көгілдір түс аясы – Бейбіт дала елесі. Шаңырақ – жұрт панасы, Уықтар – күн сәулесі. Жоғарыда түсер көз Бес тармақты жұлдызға Ал «Қазақстан» деген сөз Таныс барлық ұл-қызға. Мағыналы, сымбатты Бар осындай белгіміз – Маған, саған қымбатты Елтаңбасы ол – еліміз! Нағыз түрік затты халық тілі – біздің қазақта. (Әлихан Бөкейхан) Ең берік Ат, ең биік Ат, ең баянды Ат – Азамат. (Әбіш Кекілбайұлы) Өз тілін сезбеген бала – ана сүтін татпаған жетіммен тең. (Бауыржан Момышұлы) Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де – жеңіл. (Шерхан Мұртаза) Кімде-кім ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды. (Мұхтар Әуезов) Ошақ басын ұмытпа Дүниеден дүбірлетіп өтерсің, Саспашы тек, мақсатыңа жетерсің. Өмір – теңіз, желкеніңді көтеріп, Әлі ертең-ақ өрге жүзіп кетерсің. 19


Тек бір сылтау іздей көрме сыныққа, Өзің өскен Ошақ басын ұмытпа! Жылжи берші, кезең емес жасқанар, Бөгей алмас білім атты тас қамал. Отаныңның аяулысы боларсың, Отан деген отбасынан басталар. Қадыры жоқ құр қызыққа құнықпа, Қайткенде де Ошақ басын ұмытпа! Жолың жарқын, жүгініп сен намысқа Самғарсың-ай алыстардан алысқа. Ұшқан ұяң сонда да ыстық көрінер, Оған деген жүрек сыйын тауыспа. Оған деген көңіліңді суытпа, Ешқашанда Ошақ басын ұмытпа! А. Шамкенов Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық. (Абай) Қос палаталы Парламент – Заңорда Сүріндің бе? Түрегел, Әділ заң бар сүйенер! Заңорданы – жұрт тегі: «Қос өркешті түйе..» - дер. Тыным көрмес жазы-қыс, Іс істемес жаңылыс: Бір өркеші – Сенат та, Бір өркеші – Мәжіліс. Әділ заңдар – елге нұр, Шашар, Бастар төрге бұл. 20


Әділдіктің – бұл қос үй, Қос қанаты бейне бір.... Ө.Ақыпбекұлы АЛАШТЫҢ ТІЛІ, АНАМНЫҢ ТІЛІ Қазақ тілі Күш кеміді, айбынды ту құлады, Кеше батыр – бүгін қорқақ, бұғады. Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде, Қан суынған, жүрек солғын соғады. Қыран құстың қос қанаты қырқылды, Күндей күшті күркіреген ел тынды. Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ, Батыр, хандар – асқан жандар ұмытылды! Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың... Алтын күннен бағасыз бір белгі боп, Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың! Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім, Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім. Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа Ақ қолыңмен тарта аларсың сен тілім! М.Жұмабаев Үш бақытым Ең бірінші бақытым – Халқым менің, Соған берем ойымның алтын кенін. Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын; Қымбатырақ алтыннан нарқым менің. Ал, екінші бақытым – Тілім менің, Тас жүректі тіліммен тілімдедім. Кей-кейде дүниеден түңілсем де, Қасиетті тілімнен түңілмедім. Бақытым бар үшінші – Отан деген, Құдай деген кім десе, Отан дер ем! 21


...Оты сөнген жалғанда жан барсың ба? Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен. Түтін түтет, Өс, өрбі, көгере бер, Немерелер көбейсін, шөберелер. Жадыңда ұста, Жақсылық күтпегейсің! От емес, оқ сұрасаң менен егер! Үш бірдей бақытым бар алақанда, /Мені мұндай бақытты жаратар ма!/ Үш күн нұрын төгеді аспанымнан, Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!! М.Мақатаев Қазақ тілі Ғұндарға дағы, сақтарға дағы, ақ сүтін берген арман тіл, атқанда дағы, шапқанда дағы қансырап аман қалған тіл. Жоңғардың сұсы, шүршіттің мысы еңсесін баса алмаған, жүрегін шоқып қырсықтың құсы соңынан қалмай сарнаған. Өрт шалған тудай жаралы тілім, желбіреп желмен шалқыдың, қақ жарып шығып даланың түнін, жусан мен қымыз аңқыдың. Фарабилер мен Бейбарыстардың өсиеті де өзіңде, Махамбет сынды жолбарыстардың 22


қасиеті бар сөзіңде. Бабалар өзі байытқан тілім: «шұбарладың деп сен мені», бұйырар болдың айыпқа бүгін, парықсыз біздей пендеңді. Қайғыға қалай бауыр баспайын, ертерек туып, кеш қалсам күлкімді мұңға айырбастаймын, ана тілімді еске алсам. «Құрыған тіл!» – деп табандағанның, деймісің кетпес түгі де, тілімді сонша жамандағанның шоқ түсер әлі тіліне. Ұ.Есдәулет Мен қазақтың тілімін Мен қазақтың тілімін, Беретін көп білімім. Достасатын сендермен Жаңа пәннің бірімін. Үйретем тіл заңдарын, Сөзіме құлақ сал бәрің. Менімен тез іске асар, Ойға алған арманың. О.Асқар Үйрен ана тіліңді Өз тіліңсіз көрсең де өз күніңді, Өз тіліңсіз болсаң да асқан білімді. Өз халқыңа бола алмайсың азамат, Білмей тұрып туған ана тіліңді. Әлде қалай жоғалтса ана баласын, Бала іздеп таппай ма өз анасын. 23


Өгей шеше секілді өзге тіл де өгей, Өз тіліңмен ертерек тап жарасым. Сенде айып жоқ, тілің де емес кінәлі, Ешкімнің жоқ болса да оған күмәні. Үйренбесең, өз тіліңді білмесең. Жазықсыз-ақ жазғырып ел тұрады. Қаның жаның, қазақы ұлттық түрің бар, Сенен үлгі алар қызың, ұлың бар. Перзентісің еркін, азат халықтың, Тәуелсіз ел, мәртебелі тілің бар. О.Асқар Түрік тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы) Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса – сол шын адам болады. (Шәкәрім Құдайбердіұлы) Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш. (Халел Досмұхамедұлы) Біздің қазақ бауырларымыз аталы сөзге өте түсінетін, өте зерек халық (Сайфи Құдаш) Бір досқа Өзге тілді білгенге, Білімді боп билейсің. Кергенменен құр кеуде, Өз тіліңді білмейсің. Төс қаққанмен күнде сен, Демес халқың «құлыным». Өз тіліңді білмесең, Неге керек білімің?! Ә. Табылды 24


Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа таптайды. Тілден биік асқар жоқ, тілден асқан байлық жоқ, тілден терең теңіз жоқ. (Ғабит Мүсірепов) АТАМНАН ҚАЛҒАН САН МҰРА Халықтық дәстүрлер мен салт-сана рәсімдері Халық педагогикасында тұрмыстық ереже болып, халықтың санасына сіңіп, салтына айналған әдет-ғұрыптардың тәрбиелік мәні арта бермек. Халықтың тұрмыстық іс-әрекет дағдысында үлгілі істер, әуелі дағды, содан соң ол дәстүрге әдет-ғұрыпқа, салт-санаға айналып өмір заңдылығы болып қалыптасқан. Ал, өмір заңын бұзу қоғам мүшесі үшін күнә, қылмыс «жүгенсіздік» деп есептелінеді. Ата дәстүрін ардақтау – қазақтың халық педагогикасының ұлттық ұжданы. Егер жеті атасына дейін ата тегін, тарихын білмейтін ұрпақ болса, оны « жеті атасын білмеген жетесіз» деп халық кінәлайды, айыптайды, жазғырады, жазалайды. «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, халық атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келесі ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелейді. « Шыншыл, әділетті, иманды болу сонау арғы ата – бабамыздан бері қалыптасып келе жатқан дәстүріміз» дейді де, халық сол игі дәстүрді бұзған ұрпаққа айып тартқызады. «Ат тұяғын тай басар» деп кейінгі ұрпақтың ата салтын бұзбауын талап етеді. Әулеттік тағлымдар ата дәстүріне айналып, санаға сіңіп, салтқа биіктейді. Ата дәстүрі бойынша ең әуелі әкені, содан соң атаны, ата-бабаны құрметтеп, солардың алдында ұрпақтық борыштарды өтеу – кейінгі ұрпақтың міндеті. Ол ұрпақтық борыштар: ананың ақ сүтін, еңбегін өтеу, ата дәстүрлерін құрметтеп, одан әрі ол дәстүрлерді жалғастыру, адамгершілік қағидаларды қалтқысыз орындау болып табылады. «Бір бала бар жасық туады, бір бала бар әкесінен асып туады» деп, халық 25


«жасық» туған баланы тәрбиелеп қатарға қосады., «асып туған» баланың іс-әрекетін қуаттап, оны уағыздайды. Ата дәстүрі бойынша әрбір ұрпақ, ең азы жетінші ата-бабасына дейін аталарының аты-жөнін, олардың жақсы қасиеттерін, өсиет-өнегелерін өзіне үлгі-өнеге тұтуға тиіс. Ата тегін ардақтау дәстүрі, көбінесе, от басында сөз болып, ата-ана балаларын ата-ананы, ата-бабаны сыйлауға тәрбиелейді. Төменде ата дәстүрін ардақтау жөнінде жазылған екі әңгімені оқып, пікірлесуге ұсынып отырмыз. Ер намысы – халықтық салттың ең бір қалыптасқан заңы. Бала тәрбиеленіп кісілікке жеткен соң, ол өз намысын қорғай білуге міндетті. Егер ер жігіт намысын қорғай алмаса, ол азаматтық беделін жояды. «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақал содан қалған. Ер бала әке жолын қуып, «әкеден де асып туып», қатарынан қалмай, алдына қойған мақсаттарын абыроймен орындауға борышты. Елін қорғау еңбек ету, ата-анасын ардақтау, өнер үйрену, күш-жігерлі болу, айтқан сөзінде тұру, әділетті болу, біруге жалынышты кіріптар болмау, әйел адамды құрметтей білу, жасық болмау тағы басқа ізгі қасиеттерді бойына сіңіру – ер-азаматтың намысы, абыройлы, ары. Әсіресе ұлттық дәстүрге сәйкес инабатты, иманды, ілтипатты болу – ер жігіттің айнымас ары, бұлжытпай орындайтын заңды борышы. «Түрі жылыдан түңілме» деген сөз содан қалған. Халықтың үкімдік заңын пір тұтқан ер азамат «малым – жаным садағасы, жаным – арымның садағасы» деп, арына адал болған. Қыз абыройы – отбасының, елдің болашағы, босағаның беріктігі, өмірдің қызығы. Қазақ халқы «Қыздың жолы - жіңішке» деп, оның абыройын сақтауын қатаң қадағалап отырған. Қыздың абыройы оның ақыл-парасатына, инабаттылығына, махаббатты жоғары бағалауына, іске бейімділігіне, өнерпаздығына, білімдарлығына байланысты. Қазақ халқы қыздың абыройын жоғары бағалайды. Оның абыройлы болуына көбінесе ана жауапты деп қарап, анасын ардақтай білмеген қыз, өз абыройын да сақтай білмейді деп тұжырымдайды. Өз намысын қорғаған қыз есер жігітке кіріптар болмайды, есті жігітке ес қосады. Қыз абыройлы болу үшін оның мінез-құлқы, ибалы, иманды болуы керек. «Қыз қылығымен жағады» деген мақал содан қалған. Халық өсіп келе жатқан қыздың алдына өмірлік міндеттер қойып, оны орындауын қыздың абыройы деп санаған. Ізетті болу, әсем киіну, әкені күту, шешені сыйлау, дөрекі сөйлемеу, қабақ шытпай жүру, үлкеннің алдынан кесіп өтпеу, ұқыпты 26


болу, өсек айтпау, бала тәрбиесін білу, ұлт дәстүрлерін құрметтеу, ана тілін ардақтау, орынсыз сөз таппау, арқан есе білу, қой сауа білу, кілем тоқи білу, кесте тіге білу, тағы басқа іс-әрекеттер мен мінез-құлықты қасиеттер, иман жүзді, абзал жанды қыздың бойында болу керек деп есептеген. Отбасында да, балар бақшасында, мектепте де, көпшілік орындарда да баланы ел намысына, қыз абыройына сәйкес тәрбиелеу баршамыздың міндетіміз. Бата, тілек – Адам баласына жақсылық ойлау, оған тілек айту қазақ халқының дінге байланыссыз, алғашқы қауымнан қалыптасқан дәстүрі. Кейіннен келе тілек айту сол тілекке жету «Құдіретке байланысты» деген сеніммен бата қалыптасты да оған діни сөздер тірек болды. Шын мәнінде тілек дегеніміз – бата, бата дегеніміз – тілек «Үйің құтты болсын», «сапарың оң болсын», «жақсы жатып жайлы тұрыңыз» деген тілектер, қысқа баталық өздер. Халық дәстүрінде батаны жасы үлкен Адам немесе қария беру керек. Бата, тілек жастарды бірлікке, әділеттікке, адамгершілікке тәрбиелейді. Бата ризашылық ниеттің көрінісі ретінде де айтылады. Сондықтан бата, тілектің де тәрбиелік мәнін пайдалана білу керек. Әдеп сақтау (этикалық қалып) – қазақ халқының тарихи қалыптасқан қоғамдық саласының практикалық көрінісі, әлеуметтік тәртіптің, борыш пен міндеттің заңды айғағы. Халық өмірлік практикада ешбір тиым салусыз-ақ өз қалауынан адамгершілік, мақсат-мүддеге сәйкес әдептілікті, әдеп сақтау жүйесін қалыптастырған. Әрине, «Туына қарай аңы, заманына қарай заңы», «Әр елдің заңы басқа, иті бар қара қасқа», дегендей әдеп сақтаудың тарихи таптық, әлеуметтік ерекшеліктері де болған. Ал қазақ халқының әдеп сақтау дәстүрі ешбір тапты, ұлтты нәсілмен, жыныс айырмашылықтарын алаламайды. Онда релятивизм, абсолютизм, анитетеза дегендер болмайды. Әдеп сақтаудың әлеуметтік, қоғамды мәні зор. Әулет, әлеумет қоғам мүшелері қалыптасқан әдептілікті бұзбауға міндетті. Әдептілікті бұзған адамға кез-келген қоғам мүшесі жасына, нәсіліне қарамай өз пікірін айтуға тыйым салуға ерікті, өйткені әдеп сақтау - әлеуметтік дәстүр. Әдеп сақтаудың экологиялық мәні де зор. Әдепті адам табиғатты қорғай білуге тиіс. Табиғаттың әсемдігіне, әдемілігіне кір келтірмеуге міндетті. Суды былғау, талды кесу, қайнардың көзін ашпау, жолдағы кедергі атты алып тастамау, құдыққа түкіру, нанды лақтыру әдептілік емес. Халық ондай әдепсіздікті кешірмейді. Әдеп сақтау этикет яғни, мінез-құлық пен қарым-қатынастың қалыптасқан халықтың ережесі. Ол ереже бұзылса, халықтық дәстүр де 27


бұзылады, ұлттық намысқа нұқсан келеді. Әдеп сақтау ұлттық рәсімге, тәртіпке, ережеге амалсыз бағыну емес. Сол заңдылықтарды құрметтеу, қастерлеу, атап айтқанда адамгершілік борышты өтеу болып табылады. «Әдептілік, әдемілік» дейді халық. Әдеп сақтаудың психологиялық әсері де мол болады. Әдептілік, имандылық, кішіпейілділік, көпшілдік деген сөз. Отбасында әлеуметтік қарым-қатынастың негізі ретінде әрбір адам әдеп сақтауды қатаң қадағалайды. Әдептілік бұзушылыққа жол бермейді. Тәртіп сақтау үшін, қалыптасқан ережені заң деп түсінуді талап етеді. Талап қою, әдептіліктің орындалуына талап – ету әулеттің бәрінің міндеті. Балалар бақшасында «әдеп, әдептілік» деген сөздер айналасында әңгіме, ойын ұйымдастырылады, ертеңгілік өткізіледі. Көшеде жүру, көпшілік ортасында болу, үлкендерге орын беру, кішіге қамқорлық жасау қарт адамдарды қадірлеу, ата-ананы ардақтау, жолдастық қарым-қатынас, сәлемдесу, табиғатты қорғау (тал егу, гүлді күту, көгалды таптамау т.б.) тақырыптарды тәрбиешілер әдеп сақтау жөнінде жоспарлы түрде тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Мектепте әдеп сақтау дәстүрі оқушылар ережесімен пионер, комсомол ұйымдарының тәрбиелік жұмыстарымен байланыстырылады. Сынып жетекшісі «әдеп дегенді қалай түсінеміз», «әдептілік деген не?», «әдеп сақтау адамгершілік» т.б. тақырыптарда сынып сағатын өткізеді. Әдеп сақтау жөнінде мектеп қабырғасында әсем безендірілген жарнамалар бала тәрбиесіне ерекше әсер етеді. Әдептілік жөнінде мектепте арнайы апталық ұйымдастырылып, оның соңы жалпымектептік кешпен ұштастыру қызықты өтеді. Әдеп сақтау кешіне ата-аналар, ұстаздар, өнер адамдары, ақын-жазушылар қатыстырылады. Отбасында, балалар бақшасында, мектепте, әдептілік жөніндегі әңгімелер мен өлеңдерді оқып, ол шығармалар туралы пікірлесудің мәні зор. Әкім Ысқақ Аманат Ізгілікті іздеші, Үміттерді үзбеші. Үлкендерді ардақтап, Құрметтеші, «Сіз» деші. Жаман сөзге ермеші, Намысыңды бермеші. Ел сенімін ақташы,

Абыройды сақташы. Ата-анаңды аяла, Жақсыларды саяла. Адалдықты сақтағын, Достарыңды сатпағын. Осы – саған аманат, Жоламасын жаман ат.

28


Ұл-қызым, саған айтам ..... Үлкенге сәлем бер, жолын кесіп өтпе....... Жүріп келе жатқан адам отырған адамға, атты адам жаяуға, аз адам көпке сәлем беруге тиіс. Үлкендер мен ғалым адамдар алдында көп сөйлемеуге тырыс. Мешітке, үйге «ассалаумағаләйкум» деп кіру керек, кешке «кеш жарық» деп кіру керек. Үлкен кісілерді, ананы, әйелді көлікке қолтықтап демеп мінгізу, не түсіру керек. Әйел алдында әдепті бол, сыпайы сөйле. Үлкен кісі келсе жайдары қарсы ал, киімін іл, төрге шығар. Көшеде, жолда жатқан шыны, темір болса алып таста. Үлкендерден бұрын тамаққа қолыңды салма. Адамға күш қолданба. Сәбилерге өтірік айтпа, алдама, қорқытпа. Оларды жаман әдетке үйретпе. Тамақ жеп отырып сөйлеме. Тамақты өз алдыңнан же, кісі алдындағыға қол созба. Егін ішінде дәретке отырма. Сұйық тамақты сораптамай іш. Дастархан үстінде әдемі отыр, әдепті сөйле. Дініңе сеніммен, құрметпен қара. Халқыңның тарихын, дәстүрін, салтын, әдет-ғұрпын жадыңа тоқы және оны кейінгілерге үйрет. Қанша ұлы адам болсаң да халық алдында кіші, әдепті бол. Біліміңді көпке, пайдалы жерге жұмса. Жаман дағдыдан аулақ бол. Жаман адамдардан қашық жүр. Көршілеріңмен жылы сәлемдес. Достыққа берік, адал бол. Біреуді жамандама, өзіңді жамандаған адаммен дауласпа, жауласпа. Қуанышта, қиындықта, қайғыда, ашуда ұстамды бол. Шаруашылықтың басы-қасында жүген адамдарға жолыққанда: бақташыға «бағар көбейсін», мал айдап бара жатқандарға «айдар көбейсін», егіншіге «бір дәнің мың дән болсын», түрлі жұмыс үстіндегілерге «іске сәт», жаңа қоныстанушыларға «қоныс құтты болсын» деу керек. Жолаушыларға, жүргіншіге, сапарға шыққандарға «сапар сәтті болсын» деу керек («қайда барасыз» деуге болмайды). 29


Үй сыртында тұрып немесе теріс қарап тұрып сөйлеуге болмайды. Аты белгілі адамдарға құрмет көрсет. Шалбарды отырып кию керек. Әйелдер, қыздар орындықта аяғын айқастырып отыруға болмайды. Алыс сапарға, игілікті іске, емделуге аттанар алдында қариялардың батасын ал. Үйге, мешітке, қасиетті орындарға оң аяқпен кіру керек. Кемтар адам алдында дене кемістігі туралы әңгімелеме. Моншада да ұятыңды жаба біл. Пейіліңді кеңге сал. Кешірімді, мейірімді, сыпайы бол. Өркөкірек адамнан қаш, өзің де кеудеңді көтерме. Байлыққа мақтану ақылдының ісі емес. Өтірік, өсек айтпа және оны айтушыларды тыңдама. Кемтарларға, жетімге қамқорлық жаса, жәрдем бер, садақа бер. Айтта, Наурызда, мереке күндерінде «құтты болсын» айтуды ұмытпа. Танитын адамдарға қуанышына ортақтасуды немесе қайғысына көңіл айтуды ұмытпа. Тәңірге, әруаққа, халыққа тіл тигізбе. Ата-анаңа әдеппен сөйле, құрметпен қара, айтқанын сөзсіз орында және оларды әулие тұт. Біреудің киімін (жақсы болса да) киюге әуестенбе. Өнердің қай түрі болса да үйренуден жалықпа. Туыс-туғандарыңды, нағашы-жиендеріңді тағы басқа ілік, құда, жекжаттармен жиі қатынасып, араласып-құраласып жүр. Оларды өзіңе жақын тұт. Туған жеріңді ұмытпа. Ол жерге жиі барып тұр. Бір уыс топрағын үйіңде қастерлеп сақта. Ата-баба қорымдарына соғып оларға дұға оқуды ұмытпа. Біл, білме жолдағы қорымдарға дұға оқып, бет сипауды есіңнен шығара көрме. Көп адам жиналған жерге сәлемдеспей өтпе. Ауру адамның көңілін сұрауды ұмытпа. Бірақ кешке, түнде көңіл сұрауға болмайды. Ауру адамға қайғылы хабарды айтпа. Лауазымы үлкенге жалпаңдама, лауазымы кішіге кекірейме. Әр істе де адал бол. Әділ болсаң әлді боласың. Абай өлеңдерін жатта. Абай өлеңі – білім, ғылым, үлгі, өнеге, тәлім, тәрбие, адалдық кілті. Өзіңді кім сыйласа, оны сен де сыйла, құрмет көрсет. 30


Қаруың – білімің мен тілің, сүйенішің, тірегің – ақылың болсын. Ерлі-зайыптылар бір-біріне жала жабуға және өте ауыр сөз айтуына болмайды. Балаларының алдында ата-аналар өзін әділ, әдепті ұстауға тиіс. Ұрлық, күш жұмсау, біреудің мүлкін, үйін өртеу, зорлық өте ауыр күнә. Күнә мен кінә бірдей емес. Тақыт пен бақыт бірдей емес. Қызығу мен қызғану бірдей емес. Сыйластық пен сыбайластық бірдей емес. Оқу мен тоқу бірдей емес. Атақты адам болғың келсе, сондай адамдар туралы оқы да тоқы. Құрметті адам болғың келсе – көптің сөзін сөйле, халық жағында бол. Бақытты болғың келсе ізгі істерге бойыңды үйрет, жаман әдеттен қаш. Әр құралды өз орнына пайдаланатын бол. Мысалы күрекпен шеге қақпайды. Пайдакүнемдік, айлакерлік, қулық жақсылыққа бастамайды. Азғындаушының азығы – арақ. Одан өзің де, өзгені де сақтандыр. Өнер адамдарын үлгі тұт. Ата-анаңа, ұстазыңа, жетекшіңе ажырайып қарама, қатты сөйлеме. Жұрт алдында әдепсіз сөз сөйлеме, ерсі қимыл жасама. Жұдырық жұмсау жігітке абырой емес. Басқа қызға, басқа біреудің келіншегіне көп қарама. Қыздар-ау, көп сықылықтамаңдар. Жұрт жұмылып жатқан істен шет қалма. Көмек сұрағандарға, апатқа ұшырағандарға қол ұшыңды бер. Отан, халық алдындағы борыштарыңнан бас тартушы болма. Өзіңе өзің сын көзіңмен қарап жүр. Құран, намаз оқылып жатқанда сөйлеме, қозғалма, тұрып кетпе. Жаназа оқылып жатқан жерден айналып кетпе. Адамды жерлеуге бара жатқандардан озба, жолын кеспе. Көп алдында ұятқа қалмауды, ағайынға жеккөрінішті болмауды әрқашан ойлап жүр. Көпке қарсы болма. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деген мақал бар. Төсеккөрпенің тұйығын ірге жаққа қаратып төсейді. Жас адам көлікке, атқа ең соңынан мінуі керек. 31


Үйде, дастарханда адамдар жасына қарай үлкендер төрде, жастар төмен қарай отырады. Жас адамдар үлкендер алдында, үлкендер жастар алдында өздерін әдепті ұстағандары жөн. Біреудің байлығына, дүние-мүлкіне, ақшасына сұқтанба. Бойыңды да, ойыңды да, арыңды да таза ұста. Жүзің жарқын, жаның жомарт, мінезің жақсы болсын. Көп ішінде жаныңдағы адаммен сыбырласып (құпия) сөйлеспе. Сын сағатта әлсіздік, ұстамсыздық жасаған адамды халық жек көреді. Қиын сәтте батыр болмасаң да батыл бол. Халқым барда қарным ашады деп қамықпа. «Миым ашиды» дегеннен гөрі «жаным ашиды» деген жөн. Жақсы және жақсылық туралы айтуды әдеттен. Халықтың «ақыл-жастан, асыл-тастан» деген керемет сөзіне ой жіберіп қарашы. Ақ шашты атаны, ақ жаулықты ананы көрсең –ізет көрсет. Жаман адамға да жақсы көзбен қара. Аш болсаң да, тоқ болсаң да құдайыңды ұмытпа. Халыққа, аруаққа шет болма. Біреудің намысына тимей сөйле. Біреудің кемшілігі мен істегі мінін көп алдында айтпа. Жарлы болсаң да жарамсақ болма. Ер адамға әйел киімі жараспайтыны сияқты әйелдер мен қыздарға ер киімі де қонымсыз әрі тәңірінің бұйрығында да жоқ нәрсе. Баланы ойынмен, үлкенді шындықпен жеңесің. Жазықсыз жәндікті өлтірме, малға зәбір көрсетпе. Тәрбиеліден – тәлім, ғалымнан – ғибрат, өнерліден – өнеге ал. Көңіл-күй лебіздері Алғыс, ризалық сөздері Алла разы болсын! Айың оңыңнан тусын! Айналайын! Ақ батамды бердім! Бар бол, қалқам! Бағың жансын! Бақытты бол! Жұлдызың жансын!

Рақмет! Қатарыңның алды бол! Құдай қолдасын! Тәңірі жарылқасын! Тілегіңді берсін! Тілегің қабыл болсын! Көсегең көгерсін! Көп жаса! 32


Жұлдызың жоғары болсын! Мерейің үстем болсын! Екі дүниенің қызығын көр

Нұр жаусын! Мұратыңа жет! Өркенің өссін!

Алғыс, ризалық адамның жақсылығы, мейірімділігі, игі, ізгі қызметі үшін айтылады. Ол көбіне ақ батамен ұштасады. «Алғыспен ер көгерер», дейді халық. Қошемет, қоштау, таңдану сөздері Айт де!(палуанға) Ой, арыстаным-ай! Айтқаның келсін! Ой, жолбарысым-ай! Азамат екен! Әмин! Аузыңа май! Әп, Бәрекелді! Анаңнан айналайын! Бәсе, Бәсе! Тамаша! Жаса, жаса! Ғажап! Жарайсың, ерім! Керемет! Жігіт деп осыны айт! Е, уай пәлі? (ақынға) Уай, дегені! (әншіге) Ерім, жарадың! Уа, батырым! Е, солай десейші! Шіркін! Тусаң, осылай ту! Соқ! Соқ! (палуанға) Тіл-аузым тасқа! Паһ, Шіркін! Өркенің өссін! Періштенің құлағына Қасқыр екен! шалынсын! Уай, сарбаз! Пай-пай!, т.б. Бұл қошемет қана емес, жігер, күш-қайрат беретін сөздер болғандықтан, көтеріңкі дауыспен, лепірген сезіммен айтылады. Мұны айтушылар көтеріліп, алақан соғып, көңілді, қуанышты жайда отырады. Сағыныш, айналу-толғану сөздері Айым! Айналайын! Ақ тайлағым! Ақ ботам! Ботақаным! Ботам-ай! Базарым-ай!

Көз сүйгенім-ай! Көз көргенім-ай! Күнім-ай! Жалғызым-ай! Жарығым-ай! Қалқам-ай! Қарағым-ай! 33


Бауырым-ай! Жалғызым-ай!

Қоңыр қозым-ай! Қуатым-ай!

Жақсы көрудің, сүйіспеншіліктің, туыстықтың, мейірімділіктің куәсі ретінде айтылатын сөздер осындай. Мұндай жағдайда үлкендер, аналар көзіне жас алып, толқу үстінде айтады. «Қуанған мен қорыққан бірдей» деген сөз осындайдан шыққан болуы керек. Сыйыну, табыну сөздері Алла, жар болсын! Аруақ! Аруақ! Жар бол, жасаған ием! Жаббар ием, жар бол! Демей гөр, әулием! Иә, Алла! Иә, аруақ қолда! Қыдыр ата, жебей көр!

Қасиетіңнен айналайын! Қолда, пірім! Қолда, бабам! Өзің сақта, аруақ! Сақта, құдай! Тіл, көзден аулақ! Медет бер, баба!, т.б.

Құдайға сыйыну, әулие – әмбиеге табыну – ежелгі әдет. Бұл сөздерді қол жайып, дастарқан үстінде, сапарға шығарда, бейіт басында тағы басқа жерлерде тілек үстінде айтады. Тәубешілік сөздері Аллаға шүкір! Бергеніңе шүкір! Тоба! Тоба! Тәубе! Тәубе! Тіл, көзден сақта!

Сақтай гөр! Сұмдық-ай! Не дейді?! Ойбай-ай! О, тоба!, т.б.

Мұндай сөздерді тосын жағдайда, шошынғанда қазақтар жағасын ұстап тұрып айтады. «Жағасын ұстады» деген осындай шошынудан шыққан әдет. Өтініш, жалыну-жалбарыну сөздері Айтқаныңды орындайын... Айтқаныңнан шықпайын...

Құлдығың болайын... Құлың болайын... 34


Айтқаныңды екі етпейін... Аяғыңа жығылайын... Бір ашуыңды берші... Отыңмен кіріп, күліңнен шығайын Көлеңкең болайын..., т.б.

Күңің болайын... Садағаң кетейін... Тілеуіңді тілейін... Тәңірі жарылқағыр...

Біреуге ісі, күні түскенде жалынышты адамдар амалының жоқтығынан осыны айтады. Бұл, негізінен, адамның абыройын, құнын төмендететін сөздер болғандықтан, сирек қолданылуы мүмкін. Бірақ әлі де қолданыста бар, көпшілігі архаизмге жатады. Ұялу, қымсыну сөздері Бетім-ай (әйел) Бетің құрсын (әйел) Енді не бетімді... Қойшы әрі...

Құрысын... әрі... Ұят-ай! Масқара-ай..., т.б.

Бұл сөздерді, көбінесе, әйелдер ерсі сөз, іс-әрекет кезінде бетін сызып айтады. Ұялу - әдептіліктің бір белгісі. Аяу, мүсіркеу сөздері Алда, байғұс-ай! Бейбақ-ай! Бейшара-ай! Жетімегім-ай! Сорлы-ай!

Сормаңдай-ай! Соры арылмаған-ай! Соры қайнаған-ай! Обал-ай! Қайтейін-ай, т.б.

Бақытсыздыққа тап болған, таяқ жеген, жәбірленген адамдарды аяу, мүсіркеу сөздері осындай. Кешірім сөздері Болары болды... Оқасы жоқ... Қайтер дейсің...

Ештеңе етпес... Өтті кетті... Құдай үшін, кештім, т.б.

35


Кешірім сөздері, көбінесе, кешірушінің аузынан шығады. Жай, баяу айтылады, қатты сөз де, күлкі де болмайды. Өкіну, жабығу, қамығу сөздері Аһ! Апырым-ай! Бәрекелді-ай! Енді қайтейін! Не жазып едім? Ойбу-у-у! Сорладым-ау...

Өзімнен де болды... Қап! Қапы кеттім... Қате болды-ау! Уһ! Не істейін... Япырай-ә!, т.б.

Өмірде қателік, өкініш болмай тұрмайды. Мұның да өзіндік қалыптасқан осындай жайы бар. Бұл сөздерді айтқанда адамдардың сан соғып қалып, иығын көтеріп, ернін тістеп айтатын әдеттері бар. Халық ішінде өшті-қастылар немесе біреуден зәбір көріп өш ала алмағандар өз дұшпандары бақытсыздыққа ұшырағанда әдет бойынша айызы қанып табалайды. Сондағы табалау сөздері төмендегідей: Сауап болыпты! Өзіңе де сол керек!

Мың асқанға бір тосқан... Тәубасына келіпті...

Дөң, айбат, жеку, тыйым сөздері Аузыңа ие бол! Аузыңды бақ! Аспанды тастап жібер! Бергеніңді қайтып ал! Жаман болады! Тек отыр!

Тісіңнен шығарма! Т-с-с! Таста! Тәйт! Тек!

Мұны да біле жүріңіз 1.

Үш жұрт Ағайын жұрт. 2. Нағашы жұрт. 3. Қайын жұрт. 36


Үш байлық Бірінші байлық – денсаулық. Екінші байлық – ақжаулық. Үшінші байлық – қорадағы бес саулық. Үш би 1. Үйсін Төле би. 2. Арғын Қаздауысты Қазыбек би. 3. Алшын Әйтеке би. 1.

Үш дана Абай. 2. Шоқан. 3. Ыбырай.

1.

Үш арыс Сәкен. 2.Бейімбет. 3. Ілияс. Үш қат

1. 2. 3.

Жоғары қат (аспан) Орта қат (жер үсті) Төменгі қат (жер асты).

1.

Үш қуат Ақыл қуат. 2. Жүрек қуат. 3. Тіл қуат.

Үш ғажап 1. Ажал ғажап. 2. Қонақ ғажап. 3. Несібе ғажап. Үш арсыз 1. Ұйқы арсыз. 2. Тамақ арсыз. 3. Күлкі арсыз. 1.

Үш дауасыз Мінез. 2. Кәрілік. 3. Ажал.

1.

Үш қадірлі Ырыс. 2. Бақ. 3. Дәулет (Жиренше шешен)

1.

Үш қадірсіз Жастық шақ. 2. Денсаулық. 3. Жақсы жар (әйел) 37


Үш жамандық 1. Нақақ қан төгу. 2. Кісі малын нақақ алу. 3. Ата-бабадан қалған ескі жұртты бұзу. 1.

Үш тәтті Жан тәтті. 2. Мал тәтті. 3. Жар тәтті.

Үш ақиқат 1. Қымбат – шындық. 2. Арзан – өтірік. 3. Дауасыз – кәрілік (Жанқұтты шешен). 1.

Үш қуаныш Алғыс алу. 2. Өзіңді көптің іздеуі. 3. Ісіңнің өшпеуі.

1.

Үш биік Билік. 2. Дәулет. 3. Даналық. Үш асыл

1.

Көз. 2. Тіл. 3. Көңіл.

1.

Үш артық Адалдық. 2. Еңбексүйгіштік. 3. Өнерпаздық.

Үш ынтық 1. Еркін өмір. 2. Құрметке бөлену. 3. Пайдалы еңбек ету. Үш тұл 1. 2. 3.

Қайратсыз ашу тұл. Тұрлаусыз ғашық тұл. Шәкіртсіз ғалым тұл (Абай).

Үш апат 1. Ғалымдар мен қарттарды сыйламау. 2. Өкіметті сыйламау. 3. Асты ысырап ету. Үш кедейлік 1. Кежірлік. 2. Еріншектік. 3. Ұйқы (Төле би). 38


1.

Үш кемдік Надандық. 2. Еріншектік. 3. Зұлымдық (Абай).

1.

Үш бақытсыздық Жаман ат. 2. Жаман қатын. 3. Жаман көрші.

Үш көз 1. Су анасы – бұлақ. 2. Жол анасы – тұяқ. 3. Сөз анасы – құлақ. Үш тоқтам Ақыл – арқан, ой – өріс, адам – қазық. Үш қасиет 1. Өліде – аруақ. 2. Малда – кие. 3. Аста – кепиет. Үш тағылым 1.Мейірімнен – сауап. 2.Жақсылықтан – шарапат. 3.Жамандықтан – кесапат. Төрт тұлға 1. От. 2. Су. 3. Жел. 4. Жер. Төрт құбыла 1. Шығыс. 2. Оңтүстік. 3. Батыс. 4. Солтүстік. Төрт маусым 1. Көктем. 2. Жаз. 3. Күз. 4. Қыс. Төрт тоқсан 1. Қыс тоқсан. 2. Жаз тоқсан. 3. Шілде тоқсан. 4. Күз тоқсан. Төрт бұрыш Шығыс елі дүниенің төрт бұрышы деп Шын – Машын (Үндістан), Мысыр, Рұм, Еуропа елдерін айтқан. Төрт түлік 1. Түйе пірі – Ойсыл қара. 2. Жылқы пірі – Қамбар ата. 39


3. Сиыр пірі – Зеңгі баба. 4. Қой, ешкі пірі – Шопан ата, Шекшек ата. Төрт мұрат 1. 2. 3. 4.

Дау мұраты – біту. Саудагер мұраты – ұту. Қыз мұраты – кету. Жол мұраты – жету. (Сырым батыр).

Төрт мүлік 1. Бас – сандық. 2. Тіл – кілт. 3. Қол – мүлік. 4. Аяқ – азамат. Төрт қорлық 1. Шақырылмаған жерге бару. 2. Бейбастық сөйлеу. 3. Дұшпаннан жәрдем күту. 4. Сараңнан қажет сұрау. Төрт халифа 1. Әбубәкір. 2. Омар. 3. Оспан. 4. Әли. Төрт періште Аллаға жақын төрт періште бар. Олар: Жебірейіл, Әзірейіл, Мекайіл,Исрафил. Төрт қылыш 1. Хәмхам. 2. Сәмсам. 3. Зұлпыхар. 4. Зұлқажа. Төрт кітап 1. Тәурат – Мұсылманның кітабы. 2. Зәбүр – Дәуіттің кітабы. 3. Інжіл – Исаның кітабы. 4. Құран – Мұхамбеттің кітабы. 1. 2. 3. 4.

Төрт пір Жарлының пірі – қалтаң ата. Ұрының пірі – жалтаң ата. Шебердің пірі – тепшем ата. Кәрінің пірі – кекшіл ата (Досбол шешен). 40


Төрт күнә 1. 2. 3. 4.

Аллаға күмән келтіру. Нақақтан қан төгу. Ата – анағы тіл тигізу. Өтірік куә болу. (Мұхамбет пайғамбар).

Бес парыз 1. Құдайдың бірлігі мен Мұхамбеттің пайғамбарлық қасиетін мойындау. 2. Намаз оқу. 3. Ораза тұту. 4. Садақа беру. 5. Қажылыққа бару. Бес намаз 1. Таң намазы. 2. Бесін намазы. 3. Екінді намазы. 4. Ақшам намазы. 5. Жашиық намаз. 1. 2. 3. 4. 5.

Бес борыш Аллаға, пайғамбарға байланысты борыш. Адамның өзіне байланысты борыш. Мемлекет пен халыққа борыш. Үй-іші, жақындарға борыш. Адамгершілік әлеміне борыш.(Мұхамбет пайғамбар).

Бес қару 1. Садақ. 2. Мылтық. 3. Найза. 4. Қылыш. 5. Айбалта. Бес асыл, бес дұшпан Бес нәрседен қашық бол Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз... Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рахым ойлап қой – Бес асыл іс көнсеңіз. (Абай) Бес жаратылыс 1. Күн. 2. Ай. 3. Жұлдыз. 4. Күндіз. 5. Түн. 41


Бес өсиет 1. Топасқа сенбе. 2. Жауға иілме. 3. Әрқашан сақ жүр. 4. Аш үйге қонба. 5. Жарлыдан сый алма. Бес қатер 1.От. 2. Жау. 3. Борыш. 4. Ауру. 5. Сөз. Алты алаш 1. Қазақ. 2. Қарақалпақ. 3. Өзбек. 6. Жайылған. (Төле би).

4. Түркімен. 5. Қырғыз.

Алты игілік 1.Денсаулық. 2. Қазына. 3. Дос. 4. Әйел (жар). 5. Білім. 6. Бала (ұрпақ) Алты парыз Адамдардың бір-біріне деген алты парызы бар. Олар: 1. Бір-біріне сәлем беру (әдейі барып). 2. Шақырса – бару. 3. Кеңес сұраса – ақыл қосу. 4. Сұрағына – жауап беру. 5. Ауырып қалса – көңілін сұрау. 6. Қайтыс болса – жерлеуге қатысу. (Мұхамбет пайғамбар) Алты асқар 1. Ақыл. 2. Білім. 3. Жомарттық. 4. Әділдік. 5. Шыншылдық. 6. Кең пейіл Жеті Жарғы (Әз Тәукенің заңдары) 1-жарғы. Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын. (Бұл жарғы мемлекеттің бүтіндігі талабынан туды). 2-жарғы. Түркі халқының мүддесін сатып, елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын. (Бұл жарғы халықтың орта мүддесі – елдің бүтіндігін қорғаған біртұтас қоғамдық сананың жемісі). 3-жарғы. Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын. (Бұл жарғы да жабайылықтың төменгі сатысына тән кісі 42


өлтірушілікке тыйым салған және мәдениеттіліктің белгісі ретінде танылуға тиіс өте елеулі жаңалық). 4-жарғы. Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасы бұйырылсын. (Бұл жарғы да шаңырақтың бірлігін қамтамасыз еткен, неке парызына адалдықты талап еткен маңызы зор жаңалық). 5-жарғы. Өреде тұрған, тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын. (Ол кезде «ер қанаты ат» елдің, мемлекеттің соғыс күші ретінде бағаланады). 6-жарғы. Төбелесте мертігудің түріне қарай төмендегіше мүліктей құн төленсін: a) Біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын береді, ал қызы жоқ болса, қыздың қалыңдығын береді. b) Төрт мүшесінің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат береді. 7-жарғы. Ұрлаған жылқы өзге де құнды мүлік үшін он есе артық айып төлеттірілсін. 1. 2. 3. 4. 5. 6. 7.

Жеті жетекші Адамның басшысы – ақыл. Жетекшісі – талап. Жолаушысы – ой. Жолдасы – кәсіп. Қорғаны – сабыр. Қорғаушысы – мінез. Сынаушысы – халық. (Саққұлақ би)

Жеті ғашық 1. Ләйлі – Мәжнүн. 2. Фархад – Шырын. 3. Таһир – Зуһра. 4. Арзу – Қамбар. 5. Уәлик – Ғарра. 6. Уәки – Күлшаһ. 7. Жүсіп – Зылиқа. Жеті шәріп (Жеті әулие) 1. Мекке шәріп. 2. Мәдина шәріп. 3. Бұхар шәріп. 4. Шам шәріп. 5. Қатым шәріп. 6. Құддыс (Мысыр) шәріп. 7. Кәләм шәріп (Құран). 1. бүркіт.

Жеті қазына Ержігіт. 2. Сұлу әйел. 3. Ақыл, білім. 4. Жүйрік ат. 5. Қыран 6. Берен мылтық. 7. Жүйрік тазы (ит). Жеті ғалам 43


1. ғалам).

Шығыс. 2. Батыс. 3. Оңтүстік. 4. Солтүстік. 5. Аспан (жоғары 6. Жер (орта ғалам). 7. Жер асты (төменгі ғалам).

1. күн.

Жеті күн Бүгін. 2. Ертең. 3. Бүрсігүні. 4. Арғы күн. 5. Ауыр күн 6. Соңғы 7. Азына.

Жеті жұт 1. Құрғақшылық. 2. Жұт (мал қырылу). 3. Өрт. 4. Оба (ауру). 5. Соғыс. 6. Топан су. 7. Зілзала (жер сілкіну). Жеті жоқ 1. Жерде өлшеуіш жоқ. 2. Аспанда тіреуіш жоқ. 3. Таста тамыр жоқ. 4. Тасбақада талақ жоқ. 5. Аллада бауыр жоқ. 6. Аққуда сүт жоқ. 7. Жылқыда өт жоқ. 1.

Жеті ата Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата.

Жеті қат көк 1. Ай. 2. Күн. 3. Шолпан. 4. Есекқырған (Меркурий). Қызылжұлдыз (Марс). 6. Сатурн. 7. Мүштәри (Юпитер). 1. 7. Жер.

5.

Жеті қат жер Тұңғиық. 2. Жылан. 3. Су. 4. Қос балық. 5. Қара тас. 6. Көкөгіз.

Жеті амал 1. Күннің тоқырауы. 2. Қарашаның қайтуы. 3. Үркердің батуы. 4. Мұздың қатуы. 5. Киіктің матауы. 6. Қыс тоқсан. 7. Ай тоғамы.

44


Шешендік сөздер Ата тұрып ұл сөйлесе ер жеткені болар Сырым жиырма алты жасында бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, хан Қараман тана Малайсарымен сөйлесіп отыр екен. – Балалар, аман ба? – депті де, елемей өздері сөйлесе беріпті. Сырым жолдасына дауыстап: – Жүр, кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой! – дейді. Малайсары жалт қарап: – Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, Ана тұрып қыз сөйлегеннен без. Сырнайдай сарнаған мына бала кім еді? – дейді. – Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар, Ана тұрып қыз сөйлесе, бойжеткені болар, – дейді Сырым. Сен толған екенсің, мен тозған екенмін, – деп Малайсары сонда Сырымды қасына шақырған екен. Сөз анасы не? Сырым Үргеніштің ханына барып жүз көріс қылған. Хан Сырымның атағына сырттай қанық: «Қазақтың өзі шешен, өзі батыр кісісі», - деп естиді екен. Хан Үргеніш шешен мен Сырымды айтыстырыпты: Үргеніш шешені: – Сөз анасы не? Су анасы не? Жол анасы не? – деп сұрайды, Сырым батыр: – Сөз анасы – құлақ Су анасы – бұлақ, Жол анасы – тұяқ! – деп жауап береді. Үргеніш шешені: – Дау мұраты не? Сауда мұраты не? Қыз мұраты не? Жол мұраты не? – дейді. Сырым батыр: – Дау мұраты – біту, Сауда мұраты – ұту. 45


Қыз мұраты – кету, Жол мұраты жету – дейді. Үргеніш шешені: – Намазда жан-жағыңызға қарай береді екенсіз, оныңыз не? - деп сұрайды. – Жан-жағыңызға сіз қарамасаңыз, менің қарағанымды қалай көрдіңіз? – дейді. Үргеніш шешені: – Сізді екі аяқты, бір адам баласы жеңді ме? – дейді. Сырым батыр. – Сырымның айтқанын тыңдамай, өз сөзін соға берген адам Сырымды күнде жеңеді дейді. Қазыбек пен Бұхар Бұхар жыраудың өте қартайған кезінде көңілін сұрамақ болып Қаздауысты Қазыбек би келеді. Төсекте жатқан Бұхар жырау: – Бірден онға дейін санның мағынасын маған ешкім айтып бере алмады, Қазыбек, сен айтып берші, – деген екен. Сонда Қазыбектің берген жауабы: Бір дегеніңіз – бірлігі кеткен ел жаман. Екі дегеніңіз – егесіп өткен ер жаман. Үш дегеніңіз – үш бұтақты шідерден шошыған ат жаман. Төрт дегеніңіз – төскейге шыға алмаған кәрілік жаман. Бес дегеніңіз – білікті адамнан белгілі бала тумаған жаман. Алты дегеніңіз – аймағын билей алмаған адам жаман. Жеті дегеніңіз – жетем деген мақсатына жете алмаған адам жаман. Сегіз дегеніңіз – серкесіз бастаған қой жаман. Тоғыз дегеніңіз – толғанғаныңыз. Он дегеніңіз – өткеніңіз, о дүниеге жеткеніңіз. Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім Ноғайлының ханы Жәнібек халықты жиып: – Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім болады, соны кім табады? – депті. Жиналған халық көп дағдарып: – Үш арсыз: ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз. Үш ғайып: қонақ ғайып, несібе ғайып, ажал ғайып, – деп шешіпті. 46


Бірақ үш жетімді ешкім таба алмапты. Сонда Жәнібнек хан: – Елде келмеген кім қалды? – деп сұрапты. Келмеген Қарабас шешен қалды, – депті халық. Жәнібек Қарабасты шақыртып алып әлгі сөздің шешуін содан сұрапты. Сонда Қарабас: – Жетім үшеу емес, бесеу еді ғой! – депті де: Оты жоқ жер жетім, Басшысы жоқ ел жетім, Елінен ауған ер жетім, Тыңдаусыз сөз жетім, Жоқтаусыз қыз жетім, дейді. Ақтайлақ пен Қанай шешен Ақтайлақ шешен Қанай шешеннен: – Ер басында бақыт нешеу? Кемдік нешеу? Құлазу нешеу? – деп сұрайды. Сонда Қарауыл Қанай шешен былай деп жауап береді: – Ер басында бақыт – бесеу, кемдік – үшеу, құлазу – төртеу: Астыңдағы атың жүрдек болса, Жалғанның пырағы, Алғаның жақсы болса, Үй мен қонақтың тұрағы, Әкең – асқар тау, Шешең – қайнар бұлақ, Балаң жақсы болса Екі көздің шам-шырағы, Міне – бес бақыт осы. – Атың шабан болса, Жалғанның азабы; Алғаның жаман болса, Дүниенің тозағы; Балаң жаман болса, Көрінгеннің мазағы. Міне – үш кемдік осы. 47


– Қалың ел көшсе, Көл құлазиды, Қаптаған мал кетсе, Бел құлазиды; Нарқын танымаған, Сөз құлазиды; Қатарынан айырылған, Шал құлазиды; Міне, - төрт құлазу осы. Мақал-мәтелдер Отан үшін отқа түс – күймейсің, Арың үшін алыссаң – өлмейсің. Отанын сатқан оңбас. Алтын ұяң – Отан қымбат, Құт-берекең – атаң қымбат, Аймалайтын – анаң қымбат, Асқар тауың – әкең қымбат (Қазыбек би). Арқа сүйер елің болсын, Аунап жатар жерің болсын. Ел боламын десең – бесігіңді түзе. Іргесі берік елді жау алмас, Дауысы бірге елді дау алмас. Өзге елде сұлтан болғанша, Өз еліңде ұлтан бол. Өзін-өзі білген ер бақытты, Өзін-өзі билеген ел бақытты. Туған жердің қадірін шетте жүрсең білерсің. 48


Туған үйдің түтіні жылы, Туған ананың күтімі жылы. Үйдің жылы-суығын қыс түскенде білерсің, Ағайынның алыс-жақынын іс түскенде білерсің. Өзен суын жаңбыр тасытады, Адам қадірін еңбек асыртады. Су анасы – бұлақ, Сөз анасы – құлақ. Су ішкен құдығыңа түкірме. Білекті бірді жығар, Білімді мыңды жығар. Кісінің кісілігі киімінде емес білімінде. Кітап алтын сандық: іші толған қазына, құт, оқы, оқы да ойыңа тұт. Ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің, Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің. Адамға ақыл көптік қылмайды, Азаматқа өнер көптік қылмайды. Адамнан үлкен ат жоқ, Наннан үлкен ас жоқ. Қыз қылығымен сүйкімді, Ұл әдебімен сүйкімді. Ұлға отыз үйден тыю, Қызға қырық үйден тыю. Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер. 49


Еңбек пен оқу – аға мен іні. Дос жылатып айтады, Дұшпан күлдіріп айтады. Досы жоқпен сырлас, Досы көппен сыйлас (Абай) Досыңа өтірік айтпа сенімің кетер, Дұшпаныңа сырыңды айтпа түбіңе жетер (Төле би). Денің сау болса «жарлымын» деме, Жолдасың көп болса «жалғызбын» деме. Арақ намыс пен арыңды құртар, үйіңдегі малыңды құртар «Арақпен достастым» дегенше, «адамгершілікпен қоштастым» де. Жаңылтпаштар Омартаға балалар барар, Балаларды аралар талар. Алашаларды Таба алса, алар. Үміт түбіт түтті, Түбітті түтіп бітті. Қыста құлағым ісіп кетті, Үсіп, ісіп кетті. Талғат, балға тап, Он шақты жаңғақ шақ, Шақсаң, сақ шақ. 50


Топ бала, топ бала, Ойнап жүр топтала. Көп бала топ бала, Қуып жүр допты ала. Киген тоны – Онды тон, Өнді тон. Асан бақша жақтан Ақ сабақ асқабақ әкелді, Басқа жақтан Басқарақ асқабақ әкелді. Ала-ала алашалар, Тамаша олар, Оған кім таласа алар. Көлбай көлдей орамалмен сүртінді, Көлбай көлдей орамалмен өткізді бір түнді. Таудан түсіп келеді тау ұлдары, Тау ұлдары сүйеді қауымдарын. Тау ұлдары сүйеді ауылдарын, Тамашалап жүреді тауын, бағын. "Жер асты үңгірлері..." Деп досым міңгірледі, Ол міңгірлегенде Үңгірлер де күңгірледі. Әмір мен Әділдің әбігеріндей Әркімнің әбігерлігі бар. Әнуар - өнер түлегі. Әдемі етіп тігеді. – Кім сызғышсыз? 51


– Біз сызғышсызбыз. – Сызғышсыздарға Сызғышсыз сызғыз. Баланың жаман баға алмағаны, Мұғалім ағаның жаман бағаламағаны. Шахматшы болсаң келе ғой, Шоқанды қане, жеңе ғой. Әпендіше Әкімнің, Әкелді де әлгінде. Әпкесінің әтірін Әлек шашып әркімге. Қоғабай қомағай ма? Жоқ, ағай Қоғабай қомағай емес, Зор ағай. Ғажап бояу жағады, Ғали сурет салады. Гауһар жеңін түрінді, Газға балық қуырды. Гүлзарға су себелеп, Газетке де үңілді. Гүлжамила – бақташы, Гүлге толы бақшасы. Далада Дана да ойнап жүр, Далада сана да ойнап жүр. Досым маған еліктеп Домбырамен ән салды, Дән риза болып көп, Дуылдады, тамсанды. 52


– Жұмаш Көзіңді жұм, аш – деді Күләш. Ескермес те, Естемес те, Есіл сөздерді ескермес пе? Есім есі кетіп есінеп отыр екен. Ол несіне, Есі кетіп есінеп отыр екен. Көк көйлек, көк көйлек, Тек өзіме дөп көйлек. Елеусіздің елеуіші елегіш емес, Елеместің елеуіші елегіш. Қырық құлып, Қырық құрық. Құлып та қырық, Құрық та қырық. Жағажай, Жағажайда - Қамажай Жағажайды жағалай, Жүгіреді Қамажай. Қырсық қисықты. Қисық қырсықты Қырсық құр қырсықты. Жомартта бар әліппе, Жомарт жетік әріпке. Өкшелеп қуып, Көшкен ауылды. Өкпем өшіп, Өкшем ауырды. 53


Жамал Жаңылды, Жалындырмақшы болды, Жаңыл Жамалды, Жаңылдырмақшы болды. Жаңылдырғаны дұрыс па? Жаңылдырмағаны дұрыс па? Өнері оның алуан, Өміртай - боксер палуан. Көп көкбеттенгенің нең, Көп көкбеттенбегенің жөн. Иса шиша жуса, Мұса - шиша жуса. Өңеші кем емес, Өңеші кең өңеш. Өмеште өңеш кең. Жұмбақтар Екі ағайынды, Екеуі де бір үйде, Бірін-бірі көрмейді. (Көз) Асқар тауда қара орман. (Шаш) Күмбір-күмбір қарағым, Қартайғанша жарадың. (Құлақ) Ти, ти десем тимейді, Тиме десем тиеді. (Ерін) 54


Тақырда тайдың ізі. (Кіндік) Сәуле астында жүз ине. (Кірпік) Алам аяқ, алам аяқ, Жүгірсем жеткізбейді жалаң аяқ. (Көлеңке) Қара сиырым қарап тұр, Қызыл сиырым жалап тұр. (Қазан, от) Жалт-жұлт етеді, Жалмай-жалмай жұтады. (От) Ақ күшігім жүгіре-жүгіре буаз болды. (Ұршық) Тиіп кетсе жылаған, Даусы көпке ұнаған. (Домбыра) Келеді үлкен алып аузын ашып, Жүреді он екі аяқ қадам басып, Әрбірінде отыздан бармағы бар, Құтылмас ешбір адам мұнан қашып. (Бір жыл) Біреудің бір ұлы бар және қызы, Біледі ол екеуін дүние жүзі. Ұйықтайды ұлы түнде, қызы күндіз, Жүргенде білінбейді басқан ізі. (Күн мен ай) Әй, керемет бір ит бар, Үй бағады үрмейді, 55


Аяғы жоқ жүрмейді, Ұлықсатсыз ол иттен Адам үйге кірмейді. (Құлып) Тақиям толған сөк, Ерте тұрсам дым да жоқ. (Жұлдыз) Үсті тас, асты тас, Ортасында піскен ас. (Таба нан) Судан алады, Суға салса өледі. (Тұз) Ақ отаудың есігі де жоқ, Тесігі де жоқ. (Жұмыртқа) Ерте тұрдым, Алып ұрдым. (Етік) Ерте тұрдым, Екі айыр жолға түстім. (Шалбар) Төрт қарны бар, Бір аузы бар. (Үй) Бір түкті кілем, Бір түксіз кілем. (Аспан, Жер) Үй үстінде ұсақ тас. (Жұлдыз) 56


Бір халық аспанда ұшқан, аяғы жоқ, Ұстаған қолдарында таяғы жоқ. Күніне талай жерге кетер кезіп, Нәрсенің бұл секілді саяғы жоқ. (Бұлт) Жылт-жылт еткен, Жырадан өткен. (Су) Апан-апан, Ескі шапан. Иір қобыз, Жарық жұлдыз. (Түйе) Кішкентай ғана бойы бар, Айналдырып киген тоны бар. (Қой) Асты тас, Үсті тас, Ортасында жанды бас. (Тасбақа) Айдалада ақ отау, Аузы, мұрны жоқ отау. (Жұмыртқа) Жағалай-жағалай тас қойдым, Жирен атты бос қойдым. (Тіс пен тіл) Жазу жазып жалықпаған, Жаза-жаза арықтаған. (Бор)

57


ҚАСИЕТІ ЖЕРІМНІҢ Ақ Орда Қазақ хандығының негізін қалаған Ақ Орда моңғол шапқыншылығынан кейін ХІІІ ғасырда пайда болып, ХҮІ ғасырдың 20жылдарына дейін өмір сүрді. Ақ Орда мемлекетінің негізін салған – Жошы ханның үлкен ұлы Орда-Ежен. Оның ұрпақтары мемлекет күйрегенге дейін билік жүргізген. Ақ Орданың құрамына Жетісудан басқа қазіргі Қазақстанның барлық аймағы кірген. ХІІІ ғасырда оның орталығы Шығыс Қазақстанның Ертіс өзені маңында болса, кейін ол оңтүстікке, Сырдария өзенінің бойында орналасқан Сығанақ қаласына көшірілді. ХІҮ ғасырдың басында Ерзен хан Сығанақ және Сырдария маңындағы басқа да қалалардың жағдайын жақсартып, көркейтті. Алғашында Ақ Орда Алтын Орданың бір бөлігі боп есептелген. Уақыт өте Орда-Еженнің кейбір ұрпақтары өз бетінше өмір сүру үшін Алтын Орда билеушілерімен соғыс жүргізді. Билік үшін күресте Алтын Орда күйреп әлсірейді. Бұл кезде, ХІҮ ғасырдың екінші жартысында, Ақ Орда тәуелсіздікке қол жеткізеді. Бірақ осыған дейін де Ақ Орда билеушілерінің кейбірі тәуелсіз хандар ретінде өз теңгелерін соға бастаған. Мемлекеттің ең қуатты билеушісі әмір Темірмен көп соғысқан Орыс хан еді. ХІҮ – ХҮ ғасырларда Ақ Ордадағы қазақ халқының негізін қалаған түркі тілдес тайпалар (қыпшақтар, керейлер, арғындар, наймандар, қоңыраттар және т.б.) болды. Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі – Моғолстан мемлекеті. Ол ХІҮ ғасырда Шағатай ұлысының құлдыраған кезінде пайда болды. Моғолстан мемлекетінің құрамына Жетісу аймағы, Қырғызстан және Шығыс Түркістан кірген. Бұл жерлерде дулат, жалайыр, үйсін, қаңлы, және басқа түркі тілдес тайпалар мекендеген. Моғолстан тұрғындары негізінен көшпелі және жартылай көшпелі өмір сүріп, мал шаруашылығымен айналысқан. Мемлекет Орта Азияның ұлттық және мәдени өмірінде маңызды рөл атқарды. Моғолстанның күйреуіне әсер еткен басты тарихи оқиға – ХҮ ғасырдың ортасында оның батыс бөлігіне Шығыс Дешті - Қыпшақтан тайпалар тобының қоныс аударуы. Оған Орыс ханның шөберелері Керей 58


мен Жәнібек басшылық етіп, шамамен 1465-1466 жылдары Қазақ хандығын құрған еді. Әбілхайыр хандығы Ақ Орда құлдырағаннан кейін оның басым бөлігінде Әбілхайыр хандығы орнады. Әбілхайыр хан – Шибан ұрпағы, Жошының немересі. Ол хан тағына 1428 жылы келіп, 40 жылдай билік жүргізген. Әбілхайыр хандығы батысында Еділден бастап, Шығысында Балқаш көліне, оңтүстігінде Сырдария сағалары мен Арал теңізіне, солтүстігінде Тобыл мен Ертіске дейінгі ұлан-ғайыр аймақты алып жатты. Бұл жерлерде қыпшақтар, керейлер, наймандар, арғындар, қоңыраттар және басқа түркі тілдес тайпалар өмір сүрген. Мемлекеттің орталығы Батыс Сібірдегі Шымға Тура қаласы болған. Кейін ХҮ ғасырдың 40-жылдары Әбілхайыр хан Сырдария маңындағы қалаларды басып алып, астанасын Сығанаққа көшірді. Хандық құрамына Сығанақтан басқа Ясы, Отырар, Өзгент қалалары кірді. Бұл жерлерде қолөнер, сауда және егін шаруашылығы дамыды. Қалалық тұрғындар көшпелі халықты азық-түлікпен, үй жиһазымен, киім-кешек және басқа да керекті заттармен қамтамасыз етіп тұрды. Әбілхайыр хан Шыңғыс ұрпақтары және шет ел басқыншыларына қарсы жиі-жиі аяусыз күрес жүргізіп отырған. 1459-1460 жылдары Әбілхайырмен болған күрестің нәтижесінде Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек өз жерлерін тастап, Моғолстанға қоныс аударды. Сол жерде олар жаңа мемлекет – Қазақ хандығының іргесін қалады. Ноғай Ордасы Қазақ хандығының негізін салушы мемлекеттердің бірі Ноғай Ордасы болды. Орданың осылай аталуының өз тарихы бар. Алғашқы кезде мемлекет бірігудің ұйтқысы болған маңғыт тайпасына байланысты «Маңғыт жұрты» деп аталған. Содан кейін маңғыт тайпасынан шыққан алтынордалық билеуші Ноғайдың ( ХІІІ ғ.) есімін алып, Ноғай Ордасы аталынды. Ноғай Ордасының әулетін де маңғыт тайпасынан шыққан әйгілі Едіге әмір басқарған.

59


Едіге ұрпақтарының шыңғыстықтарға тиісті хан лауазымына құқығы болмаған. Сондықтан олар билікті «бек» деген лауазыммен жүргізген. Ноғай Ордасының жер көлемі өте үлкен еді. Мемлекет орталығы Еділ мен Жайық өзендерінің аралығына орын тепкен. Басты қағанат Жайық өзенінің оң жағалауындағы Сарайшық қаласында орналасқан. Халқы Дешті-Қыпшақты ежелден мекендеген маңғыт, алшын, жалайыр, қаңлы, керей, қыпшақ, найман, тама, арғын, үйсіндерден құралған. Кейіннен олардың көпшілігі қазақ халқының құрамына кіреді. ХҮІ ғасырдың екінші жартысында ішкі және сыртқы жағдайларға байланысты Ноғай Ордасы жекелеген иеліктерге бөлініп, ыдырап кетеді. Аумақтың көп бөлігі қазақтардың кіші жүз құрамына енеді. Сібір хандығы Сібір хандығы ХҮ ғасырдың аяғында Алтын Орда күйрегеннен кейін құрылды. Хандық құрамына Батыс Сібір және Қазақстанның кейбір солтүстік жерлері кірген. Ол жерлерде түркі тілдес керей, арғын, қыпшақ, найман және басқа тайпалар мекендеген. Халықтың басым бөлігі ислам дінін ұстанған. Сібір хандығы Моңғолия, Батыс Қытай және Ресеймен (көбінесе аң терісімен) сауда-саттық жүргізген. Сібір хандығындағы билікке шыңғыстық шибан ұрпақтары мен керейлік Тайбұғы руы таласты. ХҮ ғасырдың аяғында Тайбұғы руының ханы Махмет Сібір мен Мәскеу мемлекеті арасындағы байланысты қалыптастырған шибандық Ибақ ханды тақтан құлатып, билікті өз қолына алды. ХҮІ ғасырдың бірінші жартысында Сібір хандығына қазақтар, өзбектер, және ноғайлар көшіп келе бастайды. Хандықтың жағдайы қиындай түседі. Сібір ханы Едіге орыс билеушілеріне тәуелділігін мойындайды. Алайда 1563 жылы билік басына келген шибандық Көшім хан оларға бағынбай, Ермак бастаған казак жасағымен соғысады. 1582 жылы Ермак хандықтың астанасын басып алады. Сібір хандығы өмір сүруін тоқтатады. ХҮІІ ғасырдың соңында бұл өңірлерде Төмен, Тобыл, Березов, Обдарск деген орыс қамалдарының іргесі қаланады. Бұл Ресейдің бүкіл Сібір жерін жаулай бастауы еді.

60


Түркістан Түркістан – қазақ жеріндегі ең көне қалалардың бірі. Оның тарихы ең кемі 2000 жыл, мүмкін одан да бұрын пайда болған. Себебі қала өте қолайлы жерге орналасқан, табиғаты тамаша, маңайы таулар мен өзендер, жері құнарлы. Сонымен қатар Түркістан -төрт жолдың торабы, ол Батыс пен Шығыс, Оңтүстік пен Солтүстіктен келген керуен жолдарының түйісетін жері. Ең бастысы, Түркістан - түркі халықтарының саяси және рухани орталығы. Бұл жерді түрік елінің билеушілері ежелден мекен еткен. Түркістанда қазақ жеріне сопылықты таратқан Қожа Ахмет Йасауидің әдемі күмбезі бар. Ол жерге қазақтар ертеде өзінің ұлы адамдарын жерлеген (пантеон). Түркістанда 1771 жылы атақты Абылай ханды үш жүздің билеушісі ретінде ақ киізге көтеріп хан сайлаған. Қазір Түркістан – Қазақстанның гүлденген, тарихи ескерткіштері көп, саудасы дамыған қалаларының бірі. Алматы Алматы – тарихи қала. Ол ІХ – ХІІ ғасырларында көне түрік қағанаттары заманында сауда-саттығы, өнеркәсібі өркендеген қала болған. Оның сол кездегі аты – Алмалық (Алмату). 1854 жылы Ресей әскери бекінісі ретінде қайта құрылып, 1921 жылға дейін Верный деп аталып келген. 1921-1993 жылдары орысша Алма-Ата деп аталып келді. 1993 жыл өз тарихи атауы Алматы атына ие болды. Ақмешіт Ақмешіт – Сырдария өзені бойында орналасқан облыс орталығы. Ол 1853 жылға дейін Ақмешіт, ал 1853-1922 жылдар аралығында Перовск, 1922-1925 жылдары қайтадан Ақмешіт деп аталған. 1925 жылы қайта Қызылорда болып өзгерді. Отырар Отырар – ертеден шығыс әлеміне танымал болған қала. Кейбір деректер бойынша, оның орнында осыдан екі жарым мың жыл бұрын алғашқы қоныстар болған. VI-VIII ғасырларда Отырар Сырдария өзенінің орта ағысындағы саяси орталық болды. Кейін IX-XII ғасырларда сол аймақтың басты қалаларының біріне айналады. Отырар Қазақ хандығы 61


заманында мәдениеті мен экономикасы жақсы дамыған орталықтардың бірі болған. Отырар қаласының гүлденіп, орта ғасырдағы ірі қала орталығына айналуына оның орналасқан орны үлкен әсер етті. Бұл қаланың тез өсуіне қолайлы жағдай жасаған Ұлы Жібек жолы болды. Ү-ХҮ ғасырларда Отырар қаласы Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын орталыққа айналды. Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Монғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болды. Отырарға жан-жақтан көпестер келіп-кетіп жатты. Мұнда медреселер, базарлар, ұстаханалар, тіпті қонақүйлер мен мешіттер, монша, сауда дүкендері жұмыс істеген. Мықты дуалмен қоршалған қалаға кіретін бес қақпа болған. Қала билеушілері, байлар, ірі саудагерлер қаланың орталық бөлігінде тұрды. Ал сыртында қарапайым халық қоныстанды. Қала екі үлкен дуалмен қоршалған. Біріншісі қаланың бүкіл аумағын қоршай салынды. Екінші дуал қаланың ауқатты адамдары тұратын орталық бөлігін басқалардан бөліп тұратын. Отырар қаласы өз заманында небір қырғын шайқасты басынан кешірген. Қозыбасы Қазақ мемлекеті құрылған аумақ. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» кітабында Қазақ хандығының құрылған жері – Шу бойы мен Қозыбасы деп айтылады. Қозыбасы ХІV-ХV ғасырларда өмір сүрген Моғолстан мемлекетінің батыс бөлігіндегі өңір. Ордабасы Ордабасы – Ордабасы құрылтайы 1726 жылы қазақтың үш жүз өкілдерінің Ордабасы тауындағы тарихи бас қосуы. Онда жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық тойтарыс беруді ұйымдастыру және қазақ жасағының қолбасшысын сайлау туралы мәселе қаралды. Ордабасы жиынында Әбілқайыр хан бас қолбасшы болып тағайындалды. Осы жолғы қазақтың үш жүзінің бас қосқан қимылдарының нәтижесінде қазақ халқы 1727 жылы жоңғарлармен болған Бұланты-Білеуті шайқасы мен 1729-1730 жылдардағы Аңырақай шайқастарында жеңіске жетті. Қазіргі кезде осы тарихи жиынның белгісі ретінде Ордабасы төбесіне қазақ халқының тәуелсіздігі мен бостандығы үшін көп еңбек сіңірген атақты үш биге ескерткіш орнатылған. 62


Орынбор Орынбор 1735 жылы бекініс қамал ретінде қаланып, аты Ор өзенінің атына байланысты қойылған. Бұл жерде ірі сауда алаңы ашылып, сауда сарайы салынды. Сауда алаңының Орынборға және қазақ даласына қараған екі үлкен қақпасы болды. Орынбор 1868 жылдан Ресейдің Қазақстан және Орта Азиямен арадағы ірі сауда орталығы болды. 1920 жылы 4 қазанда Орынборда Қазақ АКСР-і құрылды. Орынбор 1920-1925 жылдары Қазақ АКСР-інің астанасы болды. Сарайшық Сарайшық – ХІІІ ғасырдың басында Жайық өзенінің жағалауында негізі қаланған, ортағасырдағы ірі саяси, мәдени және сауда орталығы. Ол Шығыс пен Батысты байланыстыратын сауда жолының бойында орналасқан. ХІV ғасырда Сарайшық Ақ Орда мемлекетінің, содан кейін ноғай ұлысының орталығы болған. ХV ғасырдан бастап, ол қазақ хандығының әйгілі астаналарының бірі ретінде саналған. Сондай-ақ қала Алтын Орда хандары жерленген қасиетті жерге айналды. Қала туралы алғашқы дерек Х ғасырдағы парсы шығармасы «Худуд әл-Әлемде» кездеседі. Ұлытау Ұлытау – қасиетті жер, қазақ бірлігінің бастауы аталып келген. Әйгілі Тәуке ханды үш жүз өкілдері Ұлытауда хан сайлаған. Абылай ханның ордасы Ұлытауда болған. Әбілқайыр, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Бөгенбай, Қабанбай т.б. тарихи тұлғалардың өмірлері Ұлытаумен тікелей байланысты. Астана Қазақстанның тарихи даму барысында бірнеше қала астана қызметін атқарған. Мысалы, 1920-1924 жылдары Орынбор қаласы, 1924-1928 жылдары Қызылорда (Ақмешіт), 1928 жылдан Ақмола астана болғанша Алматы осы міндетті атқарды. Ақмола қаласы (Кеңес үкіметі кезінде Целиноград) 50-жылдардың ортасында тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде дами бастаған солтүстік облыс орталықтарының бірі болды. Бұл қала халықаралық жол тораптарының қиылысында орналасқан. Халықаралық әрі Қазақстанның өміріндегі маңызын ескере отырып, 1996 63


жылы 6 шілдеде астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруге шешім қабылданды. 1997 жылы 10 желтоқсаннан бастап Ақмола Қазақстанның астанасы болып ресми түрде жарияланды. Ал 1998 жылы 6 мамырда елбасы Н.Ә. Назарбаев Ақмола қаласын Астана деп атауға жарлық шығарды. 1998 жылы 10 маусымда ресми түрде жаңа астананың тұсаукесер тойы болып өтті. Астана қаласын өркендетіп, гүлдендіру мақсатында арнайы «Жаңа астана» қоры құрылды. Мұнда құрылыс жүргізетін инвесторларға салықтық жеңілдіктер берілді. Қалада мемлекеттік әкімшілік орталықтары, мемлекеттік әкімшілік қызметкерлеріне арналған баспаналар, сауда т.б. құрылыс ғимараттары бой көтеруде. Астана өзінің сұлулығы әрі көріктілігімен еліміздің мақтанышына айналды.

ҚАДІРЛІСІ ЕЛІМНІҢ Әбу Наср әл-Фараби Қыпшақ даласынан шыққан ұлы энциклопедист ғалым, бүкіләлемдік данышпан ойшыл, философ, математик, астролог, музыка теоретигі. Әл-Фараби 870 жылы қазіргі Арыс өзенінің Сырдарияға құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келген. Әбу Наср әл-Фараби – түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұлама. Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл филоофия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, метаматика, медицина, музыка салаларынан 164 трактат жазып қалдырған. Қожа Ахмет Иассауи Ақын, ойшыл, ұстаз, бүкіл түркі жұртына имандылық нұрын шашқан діни қайраткер, ағартушы, жаңа сопылық ағымның ғұламасы, пірі. Иассауи шамамен 1093 жылы (кейбір деректерде 1103, 1041) Оңтүстік Қазақстандағы Сайрам қаласында туып, Иасы қаласында тұрған, сондықтан әлемге Иассауи деген атпен танымал. Қожа Ахмет атамыз ғылым мен білімді өте жоғары бағалаған, өте әділ адам болған. Көптеген шәкірттер тәрбиелеген. Иассауи танымал еңбегі «Диуани хикмет» кітабында ұрпақты адамгершілік-имандылыққа, жан тазалыққа, ізгілікке, бір Аллаға ғана сыйынуға үндеді. Өлеңдерін түркі тілінде жазып, сол арқылы ұлтымызға ұйытқы болған. 64


Керей хан Қазақ хандығының негізін қалаушы ұлы екі тарихи тұлғаның бірі, алғашқы қазақ ханы. 1457 жылдың күзінде Әбілхайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін, Керей мен Жәнібек сұлтандар қол астындағы ру-тайпалармен Шу өңіріне келіп қоныстанған. 1458 жылдың көктемінде Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлайды. Әбілхайыр ханға наразы сұлтандар, әмірлер, ру-тайпа басылары Керей хан мен Жәнібекке келіп қосылады. Аз уақыттың ішінде Қазақ хандығындағы халықтың саны 200 мыңнан асып түседі. Аңыз бойынша Керей хан Қазақ хандығын 10 жылдай билеген және Хан тауы етегінде жерленген. Жәнібек хан Қазақ хандығының негізін қалаған хандардың бірі, Орыс ханның ұрпағы, Барақ ханның кіші ұлы. Керей ханнан соң 1465/66 жылдан 1470 жылдардың басына дейін Қазақ хандығының екінші ханы болды. Осы кезден бастап Қазақ хандығының билігі Жәнібек ханның ұрпақтарына толық көшеді. Мұхаммед Хайдар Дулати Белгілі тарихшы, әдебиетші, «Тарих-и Рашиди», «Жаһаннаме» дастандарының авторы. 1499 жылы Ташкент қаласында туған. Мұхаммед Хайдар Дулати жан-жақты білімді адам болған. Ол сол кездегі саяси оқиғалар мен қайраткерлерді, сондай-ақ Қазақстан мен Орта Азия, Моғолстанның өткен тарихын, әсіресе дулат тайпасының тарихын жақсы білген. «Тарих-и Рашиди» еңбегінде орта ғасырлардағы Қазақстан жайлы құнды деректер бар. Бұл еңбек кейінгі көптеген зерттеулерге арқау болған. Қадырғали Жалайыри Қазақ елінен шыққан ғұлама тарихшы, мемлекет қайраткері, ғалым, белгілі би. Жалайыр тайпасынан шыққан. Ата-бабалары Қарахан заманынан бері хан уәзірлері, батырлары болған. Қадырғали Жалайыри араб, парсы тілдерін, Шығыстың классикалық әдебиеті мен мәдениетін терең меңгерген. Жалайыридың ғұламалығы мен даналығын жоғары бағалаған 1602 жылы өзінің «Жылнамалар жинағы» атты шежіре кітабын аяқтады. Бұл кітабын орыс патшасы Борис Годуновқа арнады. Қадырғали Жалайыридың даналығын жоғары бағалаған Көшім хан оны өзінің ақылгөй кеңесшісі еткен. Сібір князі Сейтектің де кеңесші биі болған. 65


Райымбек батыр Жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсеткен атақты батыр, қолбасшы. Ол 1705 жылы қазіргі Алматы облысында туған. Райымбек 17 жасында жоңғарлармен болған күресте батыр атанған. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер т.б. хан, ноян, батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі. Көзі тірісінде «көріпкел», «әулие» атанған. Алматы облысында Райымбек есімімен аталатын жер-су аттары көп кездеседі. Құрманғазы Сағырбайұлы Қазақтың ұлы күйші-композиторы, дүлдүл домбырашы. Ол 1823 жылы Бөкей хандығының, қазіргі Орал облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген мекенінде дүниеге келген. Құрманғазы мұрасының қазақ музыкасында алатын орны ерекше. Оның шығармалары арқылы қазақтың күй өнері жаңа деңгейде дамып, шыңдала түсті. Оны «Күй атасы» деп атайды. Өз күйлерінде Құрманғазы сол замандағы халықтың арманын, асыл арманын, мұң-мұқтажын, көңіл-күйін бейнеледі. «Сарыарқа», «Адай», «Серпер», «Кішкентай» т.с.с. атақты күйлері ұлттық рухани құндылықтар болып табылады. Бұқар жырау Қазақтың шоқтығы биік әйгілі жырауларының бірі. 1693 жылы бұрынғы Баянауыл, Далба тауы бойында дүниеге келген. Абылай ханның ақылшы биі, абыз. Жұрт оны «Көмекей әулие» деп атаған. Сөйлегенде үнемі қара сөзбен емес, көмекейі бүлкілдеп, түйдек-түйдек жырмен сөйлейтін болған. Бұқар жырау қазақ халқының жоңғар шапқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білді. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салды. Өзінің саяси-әлеуметтік жыр толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналды. Абылай хан Әбілмәнсүр – ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат, Қазақ ордасының ұлы ханы. 1711 (Ресей деректерінде 1713) туған. Жастайынан жетім қалған Абылай Төле бидің тәрбиесінде болған. Оның бүкіл өмірі ен далада еркін өскен қазақ халқын аман сақтап қалуға 66


жұмсалды. Абылай хан жиырма жасында қан майданда ерлігімен танылған. 1730-1733 жылдары аралығында болған бір ұрыста Әбілмәнсүр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы Шарышты өлтіреді. Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қайған Әбілмәнсүр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. 1771-1781 жылдары Қазақ ордасында хандық құрған. Абылай дәуірі – қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры. Төле би Қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты үш бидің бірі, көрнекті мемлекет қайраткері. Көш бастаған көсем, сөз бастаған шешен. 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Шу ауданының Жайсаң жайлауында дүниеге келген. Он бес жасынан ел билігіне араласып, ақылпарасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түседі. Тәуке хан Төле биді ұлы жүздің бас биі еткен. Абылай ханды азамат қатарына қосуда Төле бидің қызметі орасан. Хандық пен мемлекет тұтастығын, тәуелсіздігін сақтауға үлкен үлес қосты. Дұшпан қолында қалған қалалар мен жерлерді қайтаруға күш салды. Төле бидің артында кейінгі ұрпаққа көптеген өсиет, шешен, асыл сөздер, жырлар мен нақылдар қалған. Қаз дауысты Қазыбек би Қазақ халқының XVII-XVIII ғасырлардағы үш ұлы биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Қазақ халқының ішкі-сыртқы саясаттарына елеулі әсер еткен ірі мемлекеттік тұлға. Ол өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәсімдерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болған. Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен. Би әз-Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі болса, кейін Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел билеген кезеңдерде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, хандарға ақыл-кеңестер беріп отырған. Қазыбек би айтты деген аталы сөздер халық арасында мол сақталған. Әйтеке би Қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері. 1644 жылы Өзбекстан жерінде дүниеге келген. Әйтеке жиырма бес жасында Төртқара еліне би болады. Ал отыз жасында 29 рудан құралған бүкіл Кіші жүздің Төбе биі болып сайланады. 67


Елдің басын біріктіруге, жұртымыздың әл-ауқатының артуына, атадәстүріміздің сақталуына, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі зор болды. Әйтеке би шешендігімен «қара қылды қақ жарған» әділдігімен бірге жоңғарлармен болған ұрыстарда қол бастаған батыр болған. Ол тарихта турашылдығымен, даналығымен, ақыл-ойының биіктігімен қалған мемлекеттік қайраткер. Қанжығалы Бөгембай Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресі тарихында ерекше рөл атқарған батыр, қолбасшы. 1680 жылы Қаратау бөктеріндегі Бөген өзені бойында дүниеге келген. ХVIII ғасырдағы қазақ батырларының жасы үлкен ақсақалы, сондықтан оны халық аңыздарында ардақтап «Қанжығалы қарт Бөгембай» деп атап кеткен. 1710 жылы Қарақұмда өткен үш жүз қазақтарының құрылтайында Бөгембай үш жүздің бас сардары болып сайланды. 1726 жылы Бөгембай бастаған қазақ қолы Бұланты өзенінің бойында қалмақтарға қарсы күйрете соққы берді.1727 жылы көктемде Аюлы тауларының етегінде жоңғарлармен болған шайқаста жеңіске жетті. Қазақ елінің тұтастығын сақтап қалуда Бөгембай батырдың ерлігі ерекше. Қаракерей Қабанбай Атақты батыр. Азан шақырып қойылған есімі – Ерасыл. 1692 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Барлық тауында дүниеге келген. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресін ұйымдастырушылардың бірі, осы көтерілісте ерекше ерлік көрсетіп, талантты қолбасшы ретінде аты шыққан. 1717 жылы Аягөз шайқасында ерекше көзге түсіп, Қабанбай батыр атанады. 1723 жылы Түркістан қорғанысына, 1726 жылы Бұланты шайқасына, 1730 жылы АңырақайАлакөл шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының біріне айналды. Халық арасында Қаракерей Қабанбай батыр жөнінде аңыз-әңгімелер, жырдастандар көп сақталған. Махамбет Өтемісұлы Қазақтың бостандығы үшін қолына қылышын алып, жалынды жырымен халқын бастап, ақ патшаға қарсы шыққан тұңғыш ақын. Ол 1803 жылы Ішкі Бөкей ордасының Бекетай құмында туған. Махамбет өзі өмір сүрген уақыттың шын жүйрігі еді. Ол білімді, көзі ашық, көкірегі 68


ояу адам болатын. Сондықтан да ол заманның қыр-сырын түсіне білді. Махамбет шығармаларында ұлт-азаттық идеяларын көтерді, елдікті сақтап қалуға шақырды. Ақын алдағы күндеріне үмітпен, зор сеніммен қарады. Махамбет өлеңдерінің басты қаһарманы – Исатай батыр. Махамбет қазақтың қолына қару ұстап, азаттық үшін күрескен тұңғыш ақыны болатын. Есет батыр Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы, батыр. 1807 жылы Жем өзенінің бойында дүниеге келген. 1847-1858 жылдары Есет батыр Арал теңізінің батыс жағалауын, Үлкен және Кіші Борсық құмдары мен Мұғалжар тауларын, Жем, Сағыз, Ырғыз, Елек, Ойыл, Қиыл өзендерінің бойын жайлаған қазақтардың Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы көтерілісіне басшылық жасады. Кенесары Қасымұлы Қазақ халқының 1837-1847 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, мемлекет қайраткері, дарынды әскери қолбасшы, Қазақ хандығының соңғы ханы. Кенесары Абылай хан тұсындағы Қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, халқын бодандықтан құтқарып, басын біріктіру, азаттық пен бостандыққа қол жеткізіп, тәуелсіз ел ету, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тәуелсіздігін сақтауды көздеді. Әскери қимылдар 1838 жылы Ақмола, Ақтау қамалдарына шабуыл жасаудан басталды. 1841 жылы қыркүйекте Кенесары үш жүздің өкілдері жиналған жиында қазақ халқының ханы болып сайланды. Осы жылы Кенесары қолы Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 жлы Ресей үкіметі Кенесарыға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Өз жақтастары ішіндегі опасыздық салдарынан Кенесары қолға түсіп, айуандықпен өлтіріледі. Шоқан Уәлиханов Қазақ халқының ХІХ ғасырдағы ағартушы ұлы ғалымы, шығыстанушы, фольклортанушы, суретші, жиһанкез, еуропаша терең тәрбие-білім алған дүниежүзіне мәлім зерттеуші. 1835 жылы қазіргі Қостанай облысында дүниеге келген. Ол география, этнография, тарих, әдебиет, археология, бейнелеу өнері т.б. саласында құнды еңбектер қалдырған ғұлама ғалым. 69


Ыбырай Алтынсарин Қазақтың көрнекті ағартушы ғалымы, педагогы, ақыны, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері. 1841 жылы қазіргі Қостанай облысы Қостанай ауданында туған. ХІХ ғасырда Қазақ тілінде мектеп ашып, халықты сауаттандыру, ағарту саласын қалыптастырды. Ырғызда қазақ қыздары үшін жанында интернаты бар мектеп аштырды. Ол қазақ жастарын, ең алдымен, оқу, өнер-білім, техниканы игеруге шақырды. Оқымаған надандарды сынады. Төл жазба әдебиетіміздің негізін қалаушылардың бірі. Тұңғыш «Қазақ хрестоматиясының» авторы. Абай Құнанбаев Ұлы ақын, ойшыл-философ, ағартушы ғалым, қоғам қайраткері, сазгер. Қазақ халқының жазба әдебиетінің негізін салушы. Ол 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Қасқабұлақ жайлауында дүниеге келген. Абай – қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш суреткер ақын. Абай адам өмірін мағыналы етуді, ақылға, еңбекке сүйеніп өмір сүруді, жамандық жасамауды, адамгершілікті сақтауды ұрпағына өсиет етті. Ол халықты қараңғылықтан жарыққа сүйреді, оқу-өнер жолына ұмтылуға шақырды. Әлихан Бөкейхан Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы. Ол 1866 жылы бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ауылында туған. Бөкейханов қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, шаруашылығын, төрт түлік малын, жер-суын, қысқасы әлеуметтік-экономикалық жағдайын жан-жақты зерттеген санаулы ғалымдардың бірі. Бөкейханов ескі патшалық биліктің орнына келген Уақытша үкімет жағдайында облыс дәрежесіне көтерілген алғашқы қазақ болатын. Ұлттық мемлекет құру оның түпкі мақсаты болатын. Оның жетекшілігімен 1917 жылы шілдеде 1-жалпықазақ сиезі өткізілді, сондай-ақ «Алаш» партиясы құрылды. Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, көрнекті ағартушы. 1873 жылы қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Сарытүбек ауылында туған. Тұтас буынның 70


төлбасы болған Байтұрсыновтың алғашқы кітабы – «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрді. Бұл кітабында надандық, тәкаппарлық, күншілдік, аңқаулық, залымдық т.б. теріс қылықтарды әшкереледі. Ақынның азаматтық арман-мақсаты, ой-толғамдары кестеленген өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді. Байтұрсынов редакторлық жасаған «Қазақ» газетінің Қазақ елінің азаттық қозғалысы тарихында алатын орны ерекше. Байтұрсыновтың ақын, аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегі өз дәуірінде зор бағаға ие болды. Қажымұқан Мұңайтпасұлы Французша және еркін күрестерден көптеген халықаралық чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы; әлемдік спорт аренасына шығып, шетелдердегі жарыстарда атақ-даңққа бөленген тұңғыш қазақ. 1883 жылы Ақмола облысы Қараөткел ауылында туған. Оның палуандық жолы 1901 жылы басталады. 1908 жылы Германияның Кельн қаласында өткен жарыста, шешуші белдесуде немістің атақты палуаны Генрих Веберді жеңіп, бірінші рет әлем чемпионы болды. 1909 жылы Рига қаласында дүние жүзінің атақты палуандары қатысқан үлкен жарыста бас бәйгені жеңіп алды. 1911 жылы Стамбулда түріктің атақты палуаны Нұрлыны жыққаны үшін «қажы» атағы беріліп, Қажымұқан атанды. Мұхтар Әуезов Қазақ әдебиетінің классигі, ұлы жазушы, көрнекті қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан ҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. 1897 жылы бұрынғы Семей уезі, Шыңғыстау болысының №8 ауылына қарасты Аяққараған деген жерде, орта дәулетті отбасында дүниеге келген. Ол прозалық туындылармен, драмалық шығармалармен, көркем аударма және ғылыми зерттеулерімен қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлкен үлес қосты. Ұлы жазушының қаламынан туған шығармалары ондаған әлем тілдеріне аударылды. Абайтану пәнінің негізін қалады. Әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы. Қаныш Сәтбаев Қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған аса көрнекті ғалым, жеріміздің қазына байлығын көптеп тауып, ел игілігіне жаратуға дәнекер болған ұлы геолог-барлаушы, геология-минеорология ғылымдарының докторы, профессор, академик. Қазақстанның ғылым академиясын 71


ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті. Ол Павлодар облысында дүниеге келген. Қаныш жастайынан тілге шешен, қазақтың ескі тарихын, өлең-жырларын жақсы білетін әкесінің шапағатты өнегесін алып өскен. Әбілхан Қастеев Кескіндемеші-график, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы. 1904 жылы қазіргі Алматы облысы Жаркент ауданы Шеткін ауылында туған. Кескіндеме, графика салаларында жүздеген туындылар қалдырған аса дарынды суретші. Суретші халқымыздың тұрмыс-тіршілігін дәл бейнелей білді. «Биік таудағы мұз айдыны», «Гүл ашқан алма», «Қапшағай ГЭС-і» секілді көптеген туындылары өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген. Бауыржан Момышұлы Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, ержүрек қолбасшы, әскери қайраткер, қазақтың көрнекті жазушысы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы. 1910 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданы Көлбастау қонысында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталысымен Панфиловтың басшылығымен Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясы құрамында майданға аттанып, батальон, полк командирі болды. Кейін гвардиялық дивизияны басқарды. Мәскеу түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі аңызға айналды. 1941 жылы 27 рет шабуылға бастап шыққан. 5 рет қоршауды бұзып, аман-есен дивизиясына қосылды. 9 рет асқан ерлік үлгісін көрсетті. Дінмұхамед Қонаев Қазақстанды ширек ғасыр бойы басқарған қазақ халқының көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым. 1912 жылы Алматы қаласында туған. Қазақстан ҒА-ның академигі, техника ғылымдарының докторы, үш мәрте Социолистік Еңбек Ері. Қонаев өмірінің 45 жылға жуығын ел басқару ісіне арнады, ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарды. Республика аумағының тұтастығын сақтап қалуда үлкен табандылық көрсеткен. Д.А. Қонаев – ірі ұйымдастырушы және мемлекет басшысы ретінде Қазақстанның тарихында, оның халқының жүрегінде сақталып қалған белгілі тұлға. Күләш Байсейітова Қазақ халқының әйгілі әншісі, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері. Ол 1912 жылы Қарағанды облысының Шет ауданында дүниеге келген. М.Әуезовтің» Еңлік – 72


Кебегіндегі» – Еңліктің, «Айман – Шолпанда» – Айман, «Қыз Жібек» операсындағы Жібектің рөлдерін ойнаған. Күләш Байсейітова концерттік әнші ретінде де дүние жүзіне танылған қайталанбас дарын иесі болды. КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Бигелдинов Талғат Әскери ұшқыш, авиация генерал-майоры, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры. 1922 жылы Ақмола облысы Ақкөл ауданы Майбалық ауылында туған. 1943 жылдың ақпанынан майданға жіберіліп, сол жылғы 7 наурызда «Ил-2» шабуылшы ұшағымен жаудың «Мессер-шмитт–109» жойғыш ұшағын атып түсірді. Бұл ерлігі бұрын-соңды кездеспеген оқиға ретінде әлемдік авиация тарихына енді. Соғыс кезінде ол 305 рет жауынгерлік тапсырмамен ұшып шығып, жаудың жүздеген танктерін, зеңбіректері мен солдаттарын жойды. Әуе шайқастарында фашистердің 7 самолетін атып түсірді. Бигелдинов Ұлы Отан соғысын барлаушы авиаэскадрилья командирі, капитан дәрежесімен аяқтады. Әлия Молдағұлова Қазақ халқының батыр қыздарының бірі, Кеңес Одағының Батыры 1925 жылы қазіргі Ақтөбе облысы Қобда ауданында дүниеге келген. Әкешешесінен жастайынан айырылған ол ағасының тәрбиесінде болып, олармен бірге Ленинградқа көшіп келеді (ағасы офицер болған). Кейіннен Ленинградтағы балалар үйінде тәрбие алады. 1942 жылы өз еркімен соғысқа аттанады. 1944 жылы Ленинград маңындағы елді мекенді азат етуге қатысады. Алдыңғы шепте жүрген Әлия: «Отан үшін алға!» - деп, барлық жауынгерлерді соңынан ертіп, жауға қарсы ұмтылады. Жаудың бораған оғына қарамастан қыстаққа бәрінен бұрын кіріп, бірнеше жаудың көзін жояды. Әлия соғыс жылдары ірі-ірі шайқастарға қатысып, мергендігімен аты шықты. Ер жүрек мерген қыз 20-ға да толмаған қыршын жасында жау оғынан көз жұмды. Мәншүк Мәметова Қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры. 1922 жылы Батыс Қазақстанның Орда ауданында дүниеге келген. Алматы қаласындағы №28 мектепте оқыған. Мәншүк Ұлы Отан соғысы басталғанда, 1942 жылы Алматы қаласындағы медицина институтында оқып жүрген еді. Ол өз еркімен сұранып қазақ ұлттық 100-бригадасы құрамында майданға аттанады. 73


Мәншүк Мәметова – Невель қаласын қорғау кезінде ақырғы оғы қалғанша жауды қырып, ерлікпен қаза тапты. Қасындағы жолдастарынан айырылған Мәншүк үш пулеметті қатарынан қойып, жауды 3 сағат бойы жалғыз бөгеп тұрған. Невель қаласын корғаудағы ерлігін мәңгі есте қалдыру үшін қаланың бір көшесі Мәншүк Мәметова есімімен аталады. Қаһарман қызға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Мұқағали Мақатаев ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілі. М. Мақатаев өзінің өлеңдері мен поэмалары арқылы қазақ әдебиетін жаңалықты мазмұнмен байытты. Оның шығармалары оқырманға ерекше әсер етіп, адамның ішкі жан-дүниесінің сыры мен шындығы ретінде оқылады. 1931 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында туған. 650-ден астам лирикалық өлеңдерінде адам өмірінің мәні, әсемдік пен сұлулық, тазалық, ерлік, елдік, туған жер турасында терең толғаған. Мұқағали лирикасы қазақ әдебиетіне қомақты мұра боп енді. Мұқағали поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам тартты. Қазақстан Жазушылар одағының шешімімен Мұқағали «Ғасыр ақыны» атанды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, мемлекет қайраткері. 1940 жылдың 6 шілдесінде Алматы облысындағы Қаскелең ауданының Шамалған ауылында дүниеге келген. Нұрсұлтан Әбішұлының мамандығы – металлург. Жастық шағын Теміртау мен Қарағандыдағы темір өндіру зауытында өткізген. Жастайынан қызметтерге де ерте араласты. Қырық төрт жасында Үкімет төрағасы атанды. 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Еліміздің Ата заңы мен мемлекеттік рәміздері қабылданды. Қарулы күштері құрылды. БҰҰ-ға мүше болды. Осының барлығы президенттің атымен тығыз байланысты. Елбасымыздың аты қазір әлемге әйгілі. Тоқтар Әубәкіров Қазақтың тұңғыш ғарышкері, техника ғылымдарының докторы, профессор, авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері. 1946 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы 1-Май ауылында туған. Әубәкіров 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде қонбай ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік 74


полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. 1990 жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал теңізі аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.

МАҚТАНЫШЫМ – АСТАНАМ Астана – аспан әлемі, темірқазық – «Бәйтерек»... Тамсандырған бар елді, Астана – Аспан әлемі: Темірқазық – «Бәйтерек», Ең зәулім, ең әдемі. Қай жағыңа қарама, Зәулім үй... Көр, арала. Осы маңда – Мұрағат, Ұлттық кітапхана да. Жасай қалса қолқабыс, Басар сәтте оңға іс: Министрлік тұр, әне – Сыртқы істер мен Қорғаныс.... Жан сарайың тазарып, Көз алмайсың қадалып: Қонақ үй – Хан-сарайдай, Тұрғын үй – зор, ғажайып! Нұр – шуақтай арайлы, Тамсандырған талайды: Бейне жұлдыз шоғыры – «Бәйтеректің» маңайы... Ө.Ақыпбекұлы 75


Астана Сарыарқаның төсінде, Төне түсіп Есілге: Бой көтеріп Астана, Ілесті өмір көшіне... Тауып тыңнан текті жол, Сағат сайын өсті ол: Әлемді жалт қаратып, Шуақ нұрын төкті мол... Ел тілегі бұрынғы, Астана боп тірілді: Көне Отырар , СауранныңКөзіндей ол – бүгінгі... Тасқа қашап текті өлең, Арпалысқан өртпенен: Күлтегіннің – Астана, Ақ арманы көксеген. Еркін елдің –қызыры, Қызығы да: Қыз, Ұлы! Гүл жайнаған Астана, Тәуелсіздік тұғыры! Тұғырлы ел – ғұмырлы!.. 2. Астанамыз сүйкімді, Гүлдей жайнап құлпырды: Қызықты боп барады, Бір күнінен – Бір күні. Әлемдегі дара бір, Әсем, Сәнді –қала бұл. 76


Есіл бойлай салынған, Көз арбайды жаңа үй... Әр өрнегі бай сырға, Үйлес ұлттық салтыма. Көзбен көрмей.. Әй, тегі, Сөз жетпейді айтуға... Інжу тастан өріп бір, Салған ғажап – Көрік бұл: Салтанатын, Сәулетін, Бүкіл әлем көріп тұр!.. Ө.Ақыпбекұлы Ақорда Берер қуат, дем бізге, Көркеюде ол күнде: Елорданы аралап, Ақорданы қөрдің бе?! Бүгілмейтін белі бір, Хас батырдай тегі бұл: Сыны – шыңдай зор, алып, Түсі – тудай көгілдір. Бақ, береке бұл – Орда, Жылу шашар – Күн ол да: Елбасының жүрегі, Бірге соғып тұр онда. Күтер ертең төр бізді, Даңқымызды ел білді. Бар жақсылық, Жаңалық – Ақордадан өрбиді. 77


Іс атқарып, ірі, көп, Тұрар елім: Міні жоқ, Әлемдегі – Ең озық, 50 елдің бірі боп! Сүйенішім, тірегім, Алға оздырар тілегін: Байрағы да – Ақорда, Айбары да – Ақорда, Қазақ деген Ұлы елдің! Ө.Ақыпбекұлы Астанам Бабалардың көзіндей, Даналардың сөзіндей. Ұлы дала тұрғызды Ұлы қала өзіңдей. Отанымның төрінде, Сарыарқаның өрінде Ту ұстаған Астанам – Әсем қалам, бас қалам. Т. Жексенбай Өз Астанам – өз Ордам Жаса, жаңа Астанам, Өркен жая бастаған! Болашақтың есігін Өз қолыңмен аш маған! Асқақтай бер, Астанам, Берекеге бастаған! Болашақтың есігін, Өз қолыңмен аш маған Н. Айтұлы 78


Ошақтың үш бұтындай Күн-күн сайын түлеген, Астана – ән, жыр-өлең: Ақордаға бет түзеп, Үш үй тұр көк тіреген. Өріс алар дәуірлі іс, Секілді: Ақыл, Сабыр, Күш... Бірі – Үкімет, Ал, екі үй – Сенат пенен Мәжіліс. Жұртты алға бастап бұл, Маңайына шашпақ нұр. Үш ғимарат: Шашақты, Үш найзадай асқақ тұр! Ө.Ақыпбекұлы Ислам орталығы... Айнала тал, көк құрақ, Өзен, көлі жоқ бірақ: Зәулім мешіт... Көк тірер: Төрт мұнара – төрт құлақ. Доға – өрнек алғы жақ, Бояуы да қанық-ақ. Ол – тізілген қатарлай, Бейне дөңес шаңырақ. Алтын, зердей кірпіші, Мың құбылар түр-түсі Толқып жатқан теңіздей. 79


Хас шеберлік үлгісі. Жаңылмас жұр жолынан, Мызғымас та орнынан: Әр мұнара, Күмбезде, Ай туып тұр оңынан. Едендегі тасы да, Бағаланар асылға: Жайнамаздай жайылған, Именесің басуға... Ө.Ақыпбекұлы Ұшпа-табақ секілді... Таң қалдырар бәріңді, Әшекейлі, әрі – ірі. Сырт пішіні: Көз арбар, Ұшпа-табақ кәдімгі. Цирк үйі бұл табақ, Көз алмаймыз біз қарап: Түйісіп тұр ернеулеп, Бір табаққа бір табақ. Әжем бұзбай түр-кейпін, «Суымасын бұл...» – дейтін: Тамақ құйған тамақты, Табақ жауып бүркейтін. Цирк үйін көргім кеп, Алып-ұшып келдім ем: Әжем түсіп есіме, Қарайлаймын елжіреп.... Түсі – аппақ, ақ қардай, Ғажап! Таңдай қаққандай: Яки, шұңғыл қазанға, 80


Дөңес қақпақ жапқандай. Гауһар тастай сырты дәл, Түнде тіптен құлпырар. Ішінде – аю би билеп, Гүл ұсынып – піл тұрар... Ө.Ақыпбекұлы

ҮЙРЕНЕМІЗ, ОЙНАЙМЫЗ, ОЙЛАЙМЫЗ Ұлттық ойындар Қазақтың халық педагогикасында ойын да көп орын алады. Халық болашақ ұрпағын шыныққан ойлы, сергек етіп тәрбиелеу үшін ойынның алуан түрін ойлап шығарған. Олардың спорттық ойындар миды шынықтыратын, яғни ой жүйесін дамытатын ойындар. Еңбекке, өнерге баулитын ойындар деп бірнеше топқа бөлуге болады. Спорттық ойындардың түрлері өте көп. Солардың ішінен көкпар, аударыспақ, алтыбақан, тоғыз құмалақ, ақ серек-көк серек, қашпа доп, қақпа доп сияқты ойындарды атап көрсетуге болады. Көкпар ойынын балалар әуелі тері тартудан бастап, олар атқа шаба келе лақ, көкпар, серке, көкпар тартуға дейін үйреніп шынығады. Үлкендерге тартатын көкпардың негізгі түрлері: дода көкпар, мәре (мара), көкпар деп екі топқа бөлінеді. Көкпар ойыны ептілікке, қарағылыққа баулиды, күш-жігерді дамытады. Сол сияқты аударыспақ күш сынаушылардың жігерін арттырады. «Тоғыз құмалақ» ойыны ойнаушының ойлау жүйесін дамытады. Шыдамдылыққа үйретеді. «Алты бақан» ойыны әрі шынықтырады, әрі тынықтырады, әрі өнер сынатып, өнерпаздыққа құлшындырады. Доп ойыны үшін бала әуелі доп дайындап үйренген. Допты негізінен сиырдың, торпақтың түлеме жүнінен домалату тәсілімен дайындаған. Доп ұшқыр болу үшін оның ішіне домалақ тас салып, киіз допты ыстық суға пісіріп ысылта білген бала әрі еңбекке бейімделіп, әрі іс-қимылға, ұқыптылыққа үйренген. Қазақтың халық ойындары кейінгі уақытта заңды жалғасын тауып, тәрбиелік мәнін арттыра түсті. 81


Әріп таңдау Ойнаушылар дөңгелене отырады. Әркім өзіне бір әріпті: А. Ә. Б. В. Г. Д. Е. Немесе тағы басқа әріпті таңдайды. Ойын басқарушы: – Сен қандай әріпті алдың? – А. Ойыншы басқарушының одан әрі берген сұрақтарына тек «А» әрпінен басталатын сөздермен ғана жауап беру керек. Сөздерді көп ойланып тұрмай, тез айтуы шарт. – Сенің атың кім? – Асан. – Фамилияң кім? – Ахметов. – Қайдан келдің? – Ақтөбеден. – Қайда барасың? – Алматыға. – Немен барасың? – Автобуспен. – Онда не өседі? – Алма. – Тағы не? – Алмұрт, алша. – Сені Алматыда кім қарсы алады? – Айдар. – Оған сыйлыққа не әкелдің? – Аквариум, альбом т.б. Осындай «А» әрпімен бастаушы келесі ойыншыға (басқа әріпке) әртүрлі сұрақтар қояды. Қойылған сұрақтарға дұрыс жауап бере алмай, болмаса тоқтап қалған жағдайда, ойыншы ортаға шығып, көпшіліктің ұйғаруымен өнерін көрсетеді. Ойын жалғаса береді. Сымсыз телефон Қыз-жігіттер сап түзеп тұрады. Ойын не оңнан солға, не солдан оңға қарай бір ыңғайда жүреді. Ойын басқарушы бірінші тұрған адамға 82


құлағына сыбырлап, сөз не сөйлем айтады, ол келесі көршісіне сыбырлап естіген сөзін жеткізеді. Осылайша соңғы адамға дейін жалғасады. Ал енді ойын басқарушы соңғы адамнан бастап әлгі айтылған сөзді сұрайды. Бастапқы айтқан сөз не сөйлем кейде өзгеріп кетуі мүмкін, соны қате естіп, өзгерткен адам айып өтейді. Айып әртүрлі: ән салу, би билеу, өлең оқу т.б. Өзара сөйлесуге жаттықтыратын ойындар 1. Барлық қатысушылар айнала тұрады. Әркім ойша белгілі бір адамның өмірін таңдайды: әнші, актер. Мысалы, Менің атым Роза Рымбаева, мен қазақпын, мен Алматыда тұрамын. Қатар тұрған тіл үйренуші оны келесі адамға таныстырады. Бұл Роза Рымбаева, оның ұлты қазақ, ол Алматыда тұрады. Басқалар түрлі сұрақтар қояды: «Мамандығыңыз кім?» танысу этикеттерін қолданады. 2. Әрбір қатысушы үй мүліктерінің бірін таңдайды. Не үшін таңдағанын білмейді. Қатысушы өзін осы зат түрінде елестете отырып, соның атынан сөйлеуі керек. Мысалы: мен теледидармын. Мен үлкенмін. Менің атым Soniy. Мен мультфильмді, спорт бағдарламаларын жақсы көремін. Ойын осылай жалғаса береді. 3. Барлық қатысушылар мына сұрақтарға жауап берулері қажет: 1. Қандай белгілі адаммен құпия аралда бірге болғыңыз келеді? 2. Өзіңізбен бірге қандай 3 затты алар едіңіз? Неге алар едіңіз? 3. Аралда сізге не жетпес еді? 4. Мұғалім үлкендеу қалтаға әртүрлі пішінді заттар салады. Қатысушылар қалтаға қолын салып, затты таңдайды. Қолын қалтадан алмай, оны сипаттайды. Мысалы: бұл үлкен, дөңгелек, резинадан жасалған. 3-4 қатысушы шешімді айтқаннан кейін, зат қалтадан шығарылады. Сын есім, затты сипаттау жаттықтырылады. Грамматикалық дағдыны қалыптастыратын ойын түрлері 1. Жақынырақ танысайық Алдын ала сұрақтар жазылған 2 карточканы алып, қатысушының әрқайсысы жеке-жеке жауап береді. Сонан соң жауаптарын бір-біріне 83


көрсетеді. Әр сөйлемнің мазмұнына қарай екінші оқушы сұрақ қоюы қажет. Сұрақ түрлері. 1. Мектепте бірге жүрген досыңның аты. 2. Теледидардан жиі қарайтын бағдарламаң. 3. Сен ұнататын тағамның түрі. 4. Есте қалған оқиғаң. 5. Сенің жақсы көретін актерің. 6. Саған ұнайтын жыл мезгілі. Бұл ойынды әртүрлі тақырыптарда («Отбасы», «Бос уақыт», «Өзім туралы», «Кәсіп» және т.б.) пайдалануға болады. Сұрақтардың мазмұны лексикалық тақырыпқа қарай өзгертіледі. 2. Ойынға қатысушылар сөйлемдер жазылған карточкалар алады. Оқытушы жалғаулықтар қатарын атайды. Қатысушылар көмекші сөздерді қажетті орнына қойып отырады. Бірінші аяқтаған қатысушы жеңімпаз атанады. №1 карта 1. Ол мектепке ................. автобуспен барады. 2. Сабақтан .................... кітапханада отырамын. 3. Досыммен ................... Бурабайда демалдық. 4. Жексенбіге ..................... Астанаға жүреміз. 5. Кездесуден .............. суретке түстік. Бұл ойын түрлерін етістіктің шақтарын, рай түрлерін, жалғау түрлерін өткенде пайдалануға болады. 3. Кім жылдам? (балалар ойыны) Топ екіге бөлінеді. Тақтаға тор кесте сызылып, іші сұрақтарға толтырылады (толтырмауға да болады). Лексикалық тақырып бойынша арнайы сұрақтар беріледі. Бір топ сұрақ қойса, екіншісі жауап береді. Осылайша ойын жалғаса береді. Жауап тез берілмесе (5-6 сек.), ойын кезегі сұрақ берген топта қалады. 1-ші топ – Х; 2-ші топ – О деген шартты белгілермен таңбаланады. 4. Орамал тастау (ұлттық ойын) Ойнаушылар екі топқа бөлінеді. Бірінші қатысушы қарсы топтағы ойыншыға орамалды тастап «қа» деп дауыстайды. Орамалды қағып алушы сөздің екінші буынын айтып, аяқтайды. Ойын осылай жалғасады. Айта алмаған оқушылар сөздерді тақтаға жазады. Бұл ойын түрлерін жаңа 84


сөздерді қайталау, лексикалық дағдыларды қалыптастыру мақсатында пайдаланып отыруға болады. 5. 4-5 баладан топ құрылады. Қатысушылар жұдырықтарын бірінің үстіне бірі қояды. Жоғарыдан төмен қарай бірінші бала мәтіннің 1сөйлемін айтады да, қолын алады. Кейінгілер өзіне дейін айтылғандарды қайталай отырып, өз тарапынан жаңа сөйлеммен жалғастырады да, қолын алады. 6. «Біздің қайсымыз ... » Әр топта 4-7 адам жұмыс істейді. Әрбір қатысушыға анкета беріледі. Оны әркім жеке толтырып, өз жобасын жасайды. Өзінің жауабының дұрыстығын жолдастарына сұрақтар бере отырып анықтайды. Анкетаның үлгісі: Біздің бәріміз Біздің кейбіріміз Көпшілігіміз Кейбіріміз ғана Ешқайсысымыз Ешкім І Біздің бәріміз ....................... ....................... ....................... білеміз. ....................... қатысамыз. ...................... болған жоқпыз.

ІІ қанша рет

ІІІ дұ рысы

Еуропаны көрдік. Емханада болдық. Астанаға бардық. Компьютер Жүзуге Австралияда

І бөлімді үйренуші берілген сөздерді пайдалана отырып, өзі толтырады. ІІ бөлімді серіктестеріне сұрақ қоя отырып толтырады. ІІІ бөлімді І және ІІ бөлімдерді салыстыра отырып қорытындылайды. 85


7. Әрбір қатысушы бір-бір сөйлем жазылған карточканы алады. Ойынның мақсаты серіктесіне карточканы көрсетпей, берілген сөйлем қолданылатындай сұхбат құру. Жұп болып жұмыс істеген қатысушының қайсысы өзіне берілген сөйлемді бұрын пайдаланса, сол жеңімпаз болады. 8. Мұғалім не оқушы бір затты, адамды, не жануарды сипаттайды. Анықтауыш сөздер алфавиттік тәртіпте беріледі. Ойын бастаушы «А» әрпінен басталатын сөз айтса, келесі адам «Ә» әрпінен басталатын сөзді айтуы қажет. Мысалы, «Менің әкем ақылды адам, ... әдепті адам». Бұл ойынды «Мінез және портрет» тақырыбын өтуде қолдануға болады. Алматыға саяхат Топ – Алматыға 1 күнге келген туристер. Гид саяхаттың жоспарымен таныстырады. Ол: қала бойынша саяхат, мейрамханадағы түскі ас, өнер мұражайына бару. Міндет барлық шараларға мүмкіндігінше белсенді қатысу, сонан соң оқытушыға өз әсерін айтып беру. Гидтің, мейрамхана және мұражай қызметкерлерінің рөлін оқытушы өзі ойнай алады. Ал егер тіл үйренушілер ойнаса, тіпті қызық болады. Сөйлеу ситуациясын түсіндіргеннен кейін, рөлдер бөліп беріледі және дайындалуға уақыт бөлінеді. Карточканың үлгілері: 1. Сіз Алматыға бірінші рет келдіңіз. Сізге бәрі ұнайды. Сіз өзіңіздің таңданысыңызды жасырмайсыз. Сондықтан гидке, қызметшілерге «өте керемет», «тамаша» деген сөздерді жиі айтасыз. 2. Сіз Алматыда бірінші рет болдыңыз. Сондықтан гидтің әңгімесін «Мен ... білемін», «Бұл жерде ... » деген сөздермен жиі бөлесіз. 3. Сіз Алматыда бірінші ретсіз. Алайда барлығына сынмен қарайсыз. Сондықтан «әдемі, алайда ... », «бірақ» деген сөздерді жиі айтып, гидтің сөзін жиі бөлесіз. 4. Сіз талғампаз адамсыз. Өзіңізге көбірек көңіл бөлгенді ұнатасыз. Сондықтан гид жауап бере алмайтын сұрақтарды жиі қоясыз. Ал мейрамхана қызметшісінен мәзірде жоқ тамақты сұрайсыз. 5. Сіз өте әдептісіз. Сіз адамдармен сөйлесуді ұнатасыз. Бірнеше сұрақтар беріңіз.

86


6. Сіз Алматыда бірнеше рет болдыңыз. Көп нәрсе сізге таныс. Гидтің әңгімесін толықтырыңыз. Мейрамханада тапсырыс беруге көмектесіңіз. 7. Сіз Алматыда бірінші ретсіз. Гидтің әңгімесін тыңдайсыз. Ал сөз соңында: «Ал біздің қалада ...» деп өз қалаңызбен салыстырасыз. 8. Сізге еш нәрсе ұнамайды. Орынсыз сұрақтарды көп қоясыз. 9. Сіздің топтағы адамдармен жақын танысқыңыз келеді. Олардың жеке өмірі туралы сұрақты көбірек қойыңыз. 10. Сіз шыдамсызсыз. Барған жерде гидтен бұрын сұрақ қоясыз. 11. Сіз топ мүшелеріне үнемі сұрақ қоясыз. 12. Сізге тамақ та, серуен де ұнайды. Топ мүшелеріне өз әсеріңізді айтыңыз. Ойынды бірнеше кезеңге бөліп өткізген дұрыс. Сабақ 45 минутқа созылатын болса, қала бойынша саяхатты 1-сабақта, ал мұражайға баруды, мейрамханада тамақтануды келесі – 2-сабақта өткізген дұрыс. Топтың тілдік дайындығына қарай ойынды барлық тіл үйренушілерді қатыстыра отырып немесе 3 топқа бөліп өткізуге болады. 1 топ қаланы аралайды, 1 топ мейрамханаға барады, ал 1 топ мұражайға барады. Ойынның шарты аудиторияны арнайы безендіруді талап етеді. Бір қабырғаға мұражай экспонаттарының суреттерін іліп қоюға болады. Ал орындықтарды мейрамханадағыдай айнала қою керек. Әр қатысушы өзіне берілген рөлдің сөздерін қолдануға тырысуы қажет. Мысалы, «Өте керемет», «Естуім бар», «О не дегеніңіз!?», «Мен бұны көргенмін», «Маған ұнамайды», «Менің ойым басқа еді». Ойынды «Қайда барғыңыз келеді?» сұрағынан бастап, саяхаттың жоспарын құруға болады. Концертке, дүкенге баруға болады. Ойынды ұйымдастырушы мұғалім ойынның әр уақытта жоспардағыдай бола бермейтінін білуі қажет. Рөлдік ойынды ұйымдастырушы мұғалім мынаны есте сақтауы қажет: • рөлдің сөздерін тіл үйренуші үшін жазып, дайын сұхбатты жаттатқызуға болмайды. Бұндай жағдайда ойын спектакльге айналады; • ойын барысында сыбырлауға, сөз айтып жіберуге, көмектесуге болмайды; • рөлді бөлгенде қыздар мен ер балалардың арақатынасын ескеруі қажет. Әйелдің рөлін ер адамға беруге болмайды. Қажет болған жағдайда рөлдің сөздеріне өзгерістер енгізу керек. 87


• әрбір рөл үшін айтылатын фразаның санын нақты көрсету қажет. Мысалы, «Бюро» ойыны үшін әр рөлдің 3 фразасын айту жеткілікті. Сұрақ-жауаппен фразаның көлемі ұлғаяды. • Ойын үстінде мұғалімнің араласуына тыйым салынғанымен, бұл кейбір көмек түрлерін алдын ала жасауды жоққа шығармайды. Мұғалім ойынның мақсаты мен мазмұнына қарай қажетті сөздер мен фразалардың тізімін әрбір ойыншыға алдын ала қағазға жазып бере алады.. Қажетті, жиі қолданылатын клишелерді плакатқа жазып, іліп қоюға болады. 1-2 ойыннан кейін плакаттағы сөздер қатарына өзгерістер енгізе алады. ПІКІРТАЛАС САБАҚТАРЫ №1 оқиға Ірі зауыт директоры іссапарға кетуі керек. Қажетті құжаттарды алу үшін ол таңертең зауытқа келеді. Сол уақытта оны күзетші тоқтатып, өзіне аз уақыт бөлуді сұрайды. Директор күзетшінің әңгімесін тыңдайды. Сөйтсе, күзетші түнде көрген түсін айтады. Түсінде директор мінген ұшақ апатқа ұшырап, ал жолаушылар түгел қаза болыпты. Күзетшінің көрген түсі, әдетте, шындыққа айналады екен. Директор ойланып қалады. Ұшаққа алған билетін өткізіп, пойызбен жолға шығады. Ал күзетшінің түсі шындыққа айналады. Ұшақ апатқа ұшырап, адамдар қайтыс болады. Директор іссапардан келген соң, күзетшіге алғысын айтып, сыйлықтар береді де, жұмыстан шығарып жібереді. Неге? №2 оқиға Мария деген жас әйел қиын жағдайға душар болады. Өзін ақтап, қорғап шығу үшін жақсы адвокатты тауып көмектесуді сұрайды. Адвокаттың жұмысы көп екен. Ол Марияны кездесуге шақырып, кешікпеуді сұрайды. Мария таксимен бармақшы болып, кезекке тұрады. Кезегі келгенде бір әйел оның кезегіне қарамай, бұза-жара таксиге отырмақшы болады. Мария оның костюмінен тартып, итеріп жіберіп, жолын босатады. Сөйтіп күшпен таксиге отырады. 15 минут бұрын келеді. Белгіленген уақытта оны адвокатқа шақырады. Бөлмеге кіргенде, Мария тоқтап қалады. Сұмдық, адвокат бағана өзі таксиден итеріп тастаған әйел екен. Не істеу керек? 88


№3 оқиға Анна әмбебап дүкенінде сатушы болып көптен бері жұмыс істейді. Әкімшілік оны жалақысы жоғары қызметке көтермекші болды. Ол үшін 5 ай бойы Парижде білімін көтеруі қажет. Ол тұрмыста. Оның екі баласы бар: қызы он бірде, ал ұлы жақында сегізге толды. Жоғары жалақы үй алуға, балаларды жақсы мектепке беруге, жазда шет елге баруға мүмкіндік береді. Алайда күйеуі Аннаның оқуға барғанын қаламайды. Не істеу керек? №4 оқиға Джейн өте әдемі, ақылды және дарынды. Оның достары көп, бірақ жеке өмірі бір реттелмей қойды. Бірде тағы бір сәтсіздіктен кейін ол басқа қалаға кетіп, жаңа өмірді бастауды ойлайды. Жолға шығар алдында оны досы қонаққа шақырады. Қонақтардың арасында картамен бал ашатын көріпкел адам болады. Балгер Джейнге жас адаммен кездесіп, сонымен жақсы өмір сүретінін айтады. Қонақтан соң балгер Джейнді шығарып салады. Қалай ойлайсыз, оқиға қалай аяқталады? *** Оқытушы әңгімені жаттап алуы тиіс. Әңгімені баяндау және сабақты ұйымдастыруда оқиғаға қарай дауыс ырғағын өзгертіп, рөлдерді ойнап отыруы қажет. Талқылауды топпен немесе жеке адаммен жүргізуге болады. *Бірінші оқиға бойынша күзетшінің жұмыстан шығарылу себебін әртүрлі түсіндіруге болады. Талқылау кезінде пікірталасқа орын берілуі қажет. Мәселені талқылау керек, «оны жаман нәрсе айтқаны үшін», «жолға шығармау үшін әдейі ойлап тапқаны үшін» деген сияқты әртүрлі және т.б. болжамдар айтылуы мүмкін. Ал дұрысы – күзетшінің жұмыс уақытында ұйықтауына байланысты шығарылуы. Дұрыс жауап берілген жағдайда да пікірталасты тоқтатпай әрі қарай жалғастыру керек. Ойынды екі топ арасындағы айтысқа да құруға болады. Бірінші топ өз болжамын ұсынса, 2-топ оған қарсы дәлелдер айтып, жоққа шығаруы тиіс. *Мария мен адвокат туралы әңгімені де әртүрлі бағытта дамытуға болады. Бұл талқылау қызықты етеді. Оқиғаны дұрыс және объективті түрде бағалау үшін екі кейіпкердің әрекетіне баға қойғызыңыз. Қойылған бағаны дәлелдетіңіз. Оқиғаны ойнатқызуға болады. Топтағылар жұп болып жұмыс істейді. Сонан соң кезекпен оқиғаның әрі қарай дамуын 89


көрсетеді. Үйге мына сұраққа жауап беру тапсырылады. «Мария қандай қылмыс жасады деп ойлайсың?». * Анна туралы әңгіме де әртүрлі аяқталуы мүмкін. Топта жұмыс істей отырып, әрбір қатысушы өз болжамын айтады. Егер пікірлері ұқсамаса, өзіне жақын пікірлерді басқа топтардан іздейді. Әрбір шешім дәлелді болуы қажет. Жалпы талқылауға дейін топты 3-тен бірнеше топтарға бөлуге болады. Әр топ мәселені 3 минут талқылайды. Сонан соң топтың құрамын араластыруға болады. Әдетте, бұл оқиғаны талқылау «отбасындағы әйелдің, ердің орнын», «Отбасы және қызмет», «Отбасы және балалар» деген өзекті мәселелерді көтеруге көмектеседі. * Джейн оқиғасын да осы тәртіппен талқылауға болады. Әркім өз ойын 5-7 сөйлеммен беруі қажет. Ал, шындығында, оқиға былай аяқталады. Джейн пойызға мінгенде, купеде бір жас адаммен танысады. Бұл – оның тағдыры еді. Күнделікті өмірдегі әртүрлі оқиғалар, детектив фильмдер желісін қысқартып, осы әдіспен сабақта пайдалануға болады. Ең бастысы, әр оқиғада көңіл аударатындай сәт, оқиғаның шиеленісуі болуы қажет. Көпсериялы фильмдер сюжетін, ондағы актерлердің ойындарын да талқылау тақырыбына айналдыруға болады. Тұлғаны таны Берілген сурет бойынша тұлғаның кім екенін айту. Тұлға жайлы не білетінін толық мазмұндау. Бейнелі көрініс Оқушыларға мәтін беріледі. Оқушылар сол мәтін бойынша көрініс көрсетеді. Көрініс үнсіз, тек қимыл-қозғалыспен беріледі. Сюжетті өлеңдер, мысалдарды өткенде өте тиімді. Оқушыларға бет-қимылын, жалпы қозғалыстарын бейнелі, әсерлі беруге көмектеседі. Сөз қуаласпақ Оқушылар топқа бөлінеді. 1-топ, мақал-мәтел, қанатты сөздердің, сөйлемдердің бір бөлігін айтады. 2-топ екінші бөлігін айтады. 1-топ өлеңнің бірінші жолын, 2-топ екінші жолын айтады. Бұл ойын ойдан ертегі құрастырғанда да өте қызықты ойналады.

90


Суретті билет Сурет салынған карточка беріледі. Сол сурет бойынша оқушы мәтін жазады. Мәтін қызықты, көлемді болуға тиіс. Есте сақтау Сынып екі топқа бөлінеді. Бір минут уақытта олар мәтіннің мазмұнын есте сақтауы тиіс. Уақыт болғаннан кейін бірінші топтың бір баласы мәтінді жатқа айтуы тиіс. Қателерін бақылаушылар белгілеп отырады. Енді екінші топтың бір оқушысы жатқа айтып көреді. Осы ретпен айнала береді. Қай топтың, қай баланың есте сақтау қабілеті жақсы екені анықталады. Негізгі мәселені тап І. Оқушылар қағаз бен қалам дайындайды.Мәтін беріледі. Мәтін оқылады. Енді осы мәтінді сипаттайтын бір сөз жазамыз. Бұдан кейін мәтінді сипаттайтын бір сөйлем жазамыз. Енді осы мәтіннің негізгі ерекшелігін айқындайтын «құпиясын» табамыз, жазамыз. ІІ. Кезектесіп жазған сөздерін, сөйлемдерін, негізгі мәселесін оқиды. Ең жақсы жұмыс бағаланады. Сұрақ қоя біл Оқушылар мәтінді оқып шығады. Мәтінге сұрақ құрастырады. Кімнің сұрағы көп, сол ұтады. Мәтін бөлімдері Оқушылар төрт топқа бөлінеді. Мәтінді оқиды. 1-топ – кіріспе, 2-топ – негізгі бөлім, 3-топ – қорытынды, 4-топ – толықтыру. Әр топ өз бөлімін оқиды. Бұдан кейін мәтін тәртіп бойынша әңгімеленеді. Толықтыру тобы әр топтан кейін толықтырып, әңгімелеп отырады. Осылайша мәтіннің мазмұны толық меңгеріледі. Белгілей оқу І. Барлық оқушы бір мезгілде мәтінді оқи бастайды. Оқи отырып, қағаздың шетіне белгілер, репликалар, суреттер салып отырулары керек. Олар қызықты, ұқыпты салынады. Жұмыс қарындашпен жазылады. ІІ. Мәтінді қасыңдағы оқушыға бересің. Ол ұпай қояды (оған 10 секунд беріледі). Бұдан кейін мәтін иесіне қайтарылады. Бақылаушы ең көп ұпай алған жеңімпазды анықтайды. ІІІ. Жеңімпаздар өздерінің жұмыстарын көрсетіп, әңгімелейді. 91


Эстафета ойыны І. Сынып үш топқа бөлінеді. ІІ. Сыныпқа оқуға мәтін беріледі. Оқушылар мәтінді 5-7 минут оқиды. ІІІ. Мұғалім үш топқа нөмірленген қағаз береді. ІҮ. Оқушылар белгі бойынша қағазға мәтіннен есте қалған сөз, сөйлемдерді жазып, топ ішінде бір-біріне береді. Уақыты үш минут. Ү. Қорытынды жасалады. Қай топ неғұрлым көбірек сөз, сөйлем, даталар жазса, сол топ жеңімпаз атанады. Мені түсін Оқушылар мәтінді кітаптан оқиды. Мұғалім кітапты жапқызып, қағазға мәтіннің мағынасын беретін он сөз жаздырады. Бұдан кейін қағаздарды жинап алады. Мәтіннің мағынасын неғұрлым терең анықтайтын сөздер жазған оқушы жеңімпаз болады. Сөз таптары Зат есім Заттың атын парықтап, Жеткіземін құлаққа Жауап берем анықтап, «Кім?», «не?» деген сұраққа. Танимысың, көкешім, Менің атым зат есім. Сын есім Егер заттың сұрасаң, Түрін, сырын, көлемін, Бұл «қандай?» де, ұнаса, Мен жауабын беремін, Содан бәрін білесің, Менің атым сын есім. Сан есім Заттың санын қолдағы, Не жетеді білгенге, «Қанша?» десең болғаны, 92


Санап берем бір демде. Айтқаныма сенесің, Менің атым сан есім. Есімдік Зат есім де бола алам, Сан есім де бола алам, Сын есім де бола алам, Күмәндан ба сен оған. Бөлінемін жіктесең, Сілтенемін сілтесең. Солай болса тілегің, Сұрақ қоя білемін. Дейді мені «есімдік», Мені білмеу не сұмдық. Етістік Кейде қалап өтінем, Кейде бұйрық беремін, Айтып істің қимылын, Төреші боп келемін. Қызметім тегін-ді, Берер бағам сенімді Деп сұрасаң болғаны, «Қайтпек?», «не етпек?», «не қылды»? Жауап бере білеміз, Етістігің міне біз. Үстеу Қашан, қайда , қай жерде, Қандай істің болғанын, Менен сұра білмесең, Жатқа білем ол жағын. Көп сөйлесем кешірім, Үстеу менің есімім. Еліктеу Дыбысқа не қимылға, Еліктесең қызығып, 93


«Салдыр-сылдыр», «жарқ-жұрқ» деп, Шыға келем тізіліп. Еліктеуіш атым бар. Атыма сай затым бар. Шылау Кейбір сөзді демеймін, Кейбір сөзге өгеймін. Ол сөздерден айрылсам, Мағынасыз кедеймін. Келсе сөзді талғағын, Қатырамын ол жағын. Шылау дейді жұрт мені, Менсіз сөйлем бітпеді. Одағай Таңырқасаң бір іске, Иә қорықсаң шошынып. «япырым-ай» деп қаласың, Сол мен болам осыны ұқ. «Әттеген-ай» дейсің сен, Қалсаң оқыс өкініп, Шақырғаның сондағы, Мен боламын осыны ұқ. Менің атым «одағай», Жұмыс емес ол да оңай, Оқшау тұру үнемі, Басқа сөзге жоламай. И. Нұрахмет Септеулер Атау Барлығына үлгі болар қарақтар, Байсалды да, ақылды да Марат бар. Ілік Жеке басым, ең алдымен, Мараттың, Жасы үлкенді сыйлағанын жараттым. 94


Барыс Сенбейсің бе, күнделікті парақта, Талай бестік қойылыпты Маратқа. Табыс Батыл емес дей алмайсың Маратты, Сол үйретті ауылдағы бар атты. Жатыс Алғыссыз күн болған емес Маратта, Жетеді онда ынта, жігер, талап та. Шығыс Қай өнер де табылады Мараттан, Ән салғанда жұртты аузына қаратқан. Көмектес Міне сондай жақсы бала Маратпен, Дос бола алмай жүргендер де бар, әттең! Қ.Мырзалиев

95


ӘН ШЫРҚАЙЫҚ! Елім менің Сөзін жазған: Н. Назарбаев Әнін жазған: Б. Тілеуханов Арайлап таңым, асқақтап тауым, Ән ойнап көгім, күй тартты елім. Қол жетті міне, аңсаған күнге, Жасай бер, жаса, Қазағым менің! Қазақстаным – жасыл орманым, Қуанышымды жасыра алмадым. Аңсаған бабам, аңсаған елім, Бостандық еді-ау, асыл арманым! Қайырмасы Елім менің аңсаған, Тас бұғаудан босаған. Құтты болсын отауың, Берік болсын босағаң! Бабамның қаны, анамның жасы, Сіңген бұл далам, қымбатсың маған. Береке, бірлік – қамалдың басы, Ұрпаққа мәңгі тіл қатшы далам. Күйінсін жауың, сүйінсің досың, Жиылсын қауым, құйылсын көшің. Ертеңің үшін аянба елім, Ояншы елім, жиылсын есің! Қайырмасы Ұрпақ үшін, ел үшін, Атамекен жер үшін. Береке мен бірлігің, Таси берсін өрісің.

96


Өз елім Сөзін жазған Қ. Мырзалиев Әнін жазған Н. Тілендиев Келгенде көктемі, Өңірін гүл басқан. Шырағы көктегі, Жұлдызбен. Сырласқан. Өз елім менің – Өзегім менің, Жырыма қосып жүремін. Төрім деп менің, Жерім деп менің, Соғады мәңгі жүрегім. Қайырмасы: Түлегі сендер, Тілегі сендер, Тірегі сендер сол елдің. Назары сендер, Базары сендер, Ажары сендер сол елдің. Ақ күмбез астығы, Асқар боп өрлеген. Жалынды жастығы, Жүлдені бермеген. Өз елім менің – Өзегім менің, Жырыма қосып жүремін. Төрім деп менің, Жерім деп менің, Соғады мәңгі жүрегім. Қайырмасы

97


Атамекен Сөзін жазған Қ. Мырзалиев Әнін жазған Е. Хасанғалиев Жасыл жайлау – түкті кілем, көк кілем, Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем. Айдарымнан сипап өткен самалды, Қазағымның алақаны деп білем! Қайырмасы: Қайда жүрсең Атамекен, Көкейіңде жатады екен. Күннің өзі қимай оны, Ұясына батады екен. Жасыл жайлау – түкті кілем, көк кілем, Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем. Асқар тауың аспаныммен астасқан, Қазағымның мәртебесі деп білем! Қайырмасы Жасыл жайлау – түкті кілем, көк кілем, Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем. Күннің нұрын, Айдың аппақ сәулесін, Қазағымның махаббаты деп білем! Қайырмасы Анаға сәлем Сөзі О. Иманәлиевтікі, әні Е. Хасанғалиевтікі Мереке күніңмен, Қарсы алам өзіңді. Сәбилік үніммен, Арнаймын сөзімді. Қайырмасы Көргенше алаңмын, 98


Аңсаймын, толғанам. Қабыл ал балаңның, Сәлемін жолдаған. Бөбегің оянса, Ұйқыңнан мың тұрдың. Гүліңмен балауса, Көктемдей құлпырдың. Қайырмасы Аялап алақан, Әлпештеп өсірген. Аяулы жан анам, Қатемді кешірген. Қайырмасы Сырымды ұғатын, Өзіңсің қуатым. Күнімсің шығатын, Айымсың туатын. Арман қала – Астана Әнін жазған М. Омаров Сөзін жазған Е. Шаймерденұлы Ағылып Атыраудан, Алатаудан, Көш қонды Қараөткелге таласа ауған. Жайнайды Астана ару алқасындай, Ғажайып ғимараттар жаңа салған. Қайырмасы Сарыарқа сауырында, Ерке Есіл бауырында, Келеді бой көтеріп арман қала. Арман қала, Асыл дала – Жаңа Астана, Астана! Төріне туған жердің туын тігіп, 99


Ерекше ел еңсесі бүгін биік. Астана ақ ордасы Қазағымның, Алтын тәж ақ маңдайға қонған сүйіп. Қайырмасы Армандастар Сөзі Н. Әлімқұловтікі, әні Ә.Бейсеуовтікі Бір ауылдың түлеп ұшқан жастары едік, Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік. Бәріміз де жазылмаған дастан едік, Армандастар – құрдастар. Қайырмасы Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік, Бәріміз бір өмір жолын бастап едік. Армандастар қайда? Абзал достар қайда? Замандастар, қарлығаштар қайда екен? Арман қуған, қиял қуған кезің қайда, Құрбы қыздар, мөлдіреген көзің қайда? Сол алғашқы алаулаған сезім қайда? Армандастар – құрдастар. Қайырмасы Бәрің, достар әр тарапқа кеттіңдер ме, Әлде биік асулардан өттіңдер ме?! Әлде игі армандарға жеттіңдер ме?! Қайдасыңдар, құрдастар?! Қайырмасы

Туған күн кешінде Сөзі мен әні М. Шахановтікі Тойыңа гүл алып, Келіп ем қуанып, 100


Қарсы алдың күлімдеп, көктемдей. Жүзіңе нұр толып, Кетіпсің құлпырып, Бір бақыт сәулесін сепкендей. Қайырмасы Сен туған күн, мерекеміз, Ән бастайық, кел екеуміз. Ұмытпа сен құрбым, Есте қалсын мәңгі бұл күн.

2 рет

Жасқанба жасыма, Отыршы қасыма, Басталсын бір терең әңгіме. Қуансын ел ертең, Қолыңды бер еркем, Жалғыздық жоғалсын мәңгіге. Қайырмасы Көп жүрме сарылып, Жетсе де кәрілік, Қақпаңды ашпа сен уақытсыз. Жастықтың жарығын, Жүректің жалынын, Өшіріп алған жан бақытсыз. Қайырмасы Ауылым Сөзі Ж. Бейсеновтікі, әні Т. Базарбаевтікі Кіндігімнің жас қаны, Тамған жерім ауылым. Шабытымның асқары, Самғаушы еді ауылым. Қайырмасы Жастығымның куәсі, Шұрқыраған ауылым. 101


Жусаны мен жуасы, Бұрқыраған ауылым.

2 рет

Биік-биік шың, құзға, Құмар қылған ауылым. Бүлдіршіндей бір қызға, Сыңар қылған ауылым. Қайырмасы Әнмен таңды атырып, Ән салдырған ауылым. Сары қымыз сапырып, Тамсандырған ауылым.

2 рет

Көк түтінді шұбатып, Желек созған ауылым. Ай көрмесем құмартып, Жүрек қозған ауылым. Қайырмасы Көк торғындай көктемде, Сағым қуған ауылым. Алыс сапар шеккенде, Сағындырған ауылым. 2 рет Қайдасыңдар, достарым Сөзі Қ. Ыдырысовтікі, әні Ә. Еспаевтікі Бірге тойлап, бірге өткізген, Жалындаған жас шағын. Талай қызық күнді өткізген Қайдасындар, достарым. Қайырмасы Достар, достар, жүрсің қайда? Бірге еді ғой жанымыз. Еске алысып осындайда, Кел, шырқайық бәріміз. 102


Бәріміз де таптық бүгін, Бақыт жолын іздеген. Дос үміті – достық сенім, Әрқашанда бізбенен. Қайырмасы Жүрсе-дағы қиыр шетте, Досты ұмытқым келмейді. Достық жалын бар жүректе, Суымайды, сөнбейді. Қайырмасы Ана туралы жыр Сөзі Ғ. Қайырбековтікі, әні Ш. Қалдаяқовтікі Әлемнің жарығын, Сыйладың сен маған. Даланың әр гүлін, Жинадың сен маған. Сен бердің құстардың, Қанатын самғаған. Балалық құштарым, Өзіңе арналады. Қайырмасы: Әлділеп аялап, Өсірген жемісің. Самал жел сая бақ, Құшағың мен үшін. Есейіп кетсем де, Мен саған сәбимін. Көңіліңді көктемдей, Көзіңнен танимын. Өтеуге борышым, Анашым жан сырым. Іздедім сен үшін, Әлемнің асылын. 103


Әлемнің байлығын, Сыйлар ем кеш мені. Сыйлар ем ай, күнін, Қолыма түспеді. Қайырмасы Ете гөр қанағат, Әзірге берерім – Балалық махаббат, Балалық жүрегім. Бол риза, анашым, Қолдағы осы бар. Өзіңе арнаған, Әнімді қосып ал. Қайырмасы

Әке туралы жыр Сөзі М. Шахановтікі, әні Н. Тілендиевтікі Жас едім өмірге еркін бойламаған, Күні ертең не боларын ойламаған. Шарықтап кетсем-дағы қанат қағып, Өзіңдей қамқор әке қайда маған. Сүрінсем сынай қарап от жанарың, Сен мені жақтамадың, ақтамадың. Әрдайым осы қатал мінезіңнен, Күш алып мақсатыма аттанамын. Жан әке, шертіп сезім домбырасын, Кеудемді қуанышқа толтырасың. Арманның асқарына құлаш ұрсам, Алдымда асқар тау боп сен тұрасың. Бұл күнде мен де өзеннің арнасымын, Кім мөлдір болса соның жолдасымын. Қуан сен, қуана бер әкетайым, 104


Мен сенің өміріңнің жалғасымын. Дос туралы жыр Сөзі Т. Молдағалиевтікі, әні С. Бәйтерековтікі Іздегенде табылатын қасыңнан, Көңілі бар қызғалдақтай ашылған. Көріспесек сағыныштан жүдейтін, Кім бар жақын бала күнгі досыңнан. Қайырмасы Жан досым, үстем болсын мерейің Әрқашан жеңісіңді көрейін Сырымыз да бітпесін, Жырымыз да бітпесін, Жырымыз да бітпесін. Қос бұтағы секілденіп ағаштың, Қатар тұрып гүлімізді сан аштық. Жол тапсақ біз бірге жүріп жол таптық, Адассақ та бірге жүріп адастық. Қайырмасы Өмір өзі арқамызға жүк салып, Бәрімізді қияларға жұмсады. Қатар ұшқан құсқа ұқсадық әлде біз, Қатар жанған екі шамға ұқсадық. Қайырмасы Анашым Сөзі Қ. Жұмағалиевтікі, әні М. Омаровтікі Шет жүрсем – сағынарым, Жабықсам – шағынарым. Анашым, бір өзіңсің – Табынарым. Қайырмасы 105


Анашым, шалқып күлсең, Алдымда ұзақ жүрсең – Жүрегім жыр толғайды, Көңілім ортаймайды. Анасы бар адамдар Ешқашан қартаймайды. Ұшырған сұңқарыңмын, Қияға шырқарыңмын. Бәйгеге өзің қосқан Тұлпарыңмын. Қайырмасы Қорғаным – өзің деймін, Жан дауа – сөзің деймін. Анашым, сені ойласам, Көз ілмеймін... Қайырмасы ӘҢГІМЕЛЕР «Сіз» бен «Сен» «Сіз» – сыпайы, «Сен» – оның анайы түрі. Сөз қолданыста «сіздің» орнына «сен» қолданылса, ол сөз айтушының анайылығын, яғни мәдениетсіздігін көрсетеді. Айтжан бала дастархан басында шешесіне: – Сен, осы, шәйді көп ішесің, – деп кінә тақты. – «Сен» деме, «сіз», – деп сөйле, – деп, оған әкесі Асхат кейіді. – Менің досым Сергей әке-шешесіне «сен» деп сөйлейді ғой…. «сен» деген сөз ең жақын адамдарға айтылады емес пе? – Әрбір халықтың өз дәстүрі бар, – деді оған әкесі, – үлкен кісіге, атаанаға «сіз» деп инабат көрсету қажет. «Сіз» деген сөз құрметтеуді, сыйласымды білдіреді. Кез-келген үлкен кісіге «сіз» деп сөйлемесең, ол сені әдепсіз деп жек көреді. – Ал, өзбек халқында үлкен болсын, кіші болсын кез-келген адамға «сіз» деп сөйлеу – ұлттық дәстүр, – деді аңқылдақ, ақ көңіл ана. – «Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ болмайды» деп мақал айтушы едіңіз ғой, кешіріңіз! – деп, Айтжан әкесіне күлімдей қарады. – Сөз қадірін біле біл, балам! – деді Асхат баласына. 106


Пікірлесу үшін қойылатын сұрақтар: 1. Сен ата-ананы «сіз» деп сөйлейсің бе? Әлде «сен» деп сөйлейсің бе? 2. Ата-анаға, жасы үлкен адамға қалай сөйлеу керек? 3. «Сіз» деген сөздің «сен» деген сөзден қандай айырмасы бар? 4. Әдептілік деген не? Әдепті бол, балам. Бесін кезі еді. Ас бөлмесіндегі дөңгелек үстелдің басында Асан ағай Есен атаймен әңгіме дүкенін құрып отырған. Оқушы бала Оспантай есіктен ентіге еніп, едіреңдей сөйледі. – Көке, сіз «маймылжың, әңгіменің майын ішеді» деп, Есен атама күлуші едіңіз… енді өзіңіз…. – Не айтайын деп едің, балам? – Мен сабаққа дайындаламын, өгізді өзің суғар.. Асан әңгімеге нүкте қойып, Есен атайға уәж айтты да, өз тірлігіне кірісті. Кешінде төрт бөлмеде оңашада ойға батып отырған Оспантайға Асан ағай күлімдеп келіп, күллі сөзін айтты. – Балам, бағана кісінің көзінше кіжіңдеп, мінез көрсеттің-ау. – Ой, қойыңызшы, осы мен не істедім, сонша? – Үлкен кісінің алдында әдеп сақта, балам, әдептілік адам баласының абыройын арттырады. Адамға адыраңдамай ақырын сөйле. Әкеге әкіреңдеп, шешеге шекіреңдеп сөйлеген бала жақсы емес. Ізет тұтып, инабат көрсету деген болады. Кісіге сөйлегенде ілтипатпен, иман жүзіңді бұзбай сыйласым көрсет. Есен қарттың алдында екіленіп, есімді шығардың ғой, балам. Ол кісі іштей айтса да «бала емес, пәле тәрбиелеп жүр екенсің» деп кетті. – Әдептіліктен жұмыр басым жұрдай емес шығар, сонша…. – Сөзге тоқтап, үлкен адаммен ілеспей сөйлес….. «Әдептілік – әдемілік» деп халқымыз бекер айтпаған… – Құндыз сөзіңіз құлағыма қонды көке. Әдепті болу – борышым.Бірақ, дегенмен ақыл-ой іс жүзіне аспай, кейде өстіп өкінтеді екен… – Кінәңді мойындағаның – дұрыс. Әдепті бол, балам. – Мақұл!, – деп Оспантай Әзіз әкесінің қолын алды. Пікірлесу үшін қойылатын сұрақтар: 1. «Әдеп сақтау» деген сөзді қалай түсінесің? 107


2. Үлкен адамның алдында әдеп сақтау дегеніміз іс жүзінде қалай болу керек? 3. Үйде мейман отырғанда оның алдында сөйлеу мәдениетін, әдептілікті сақтау дегенді қалай түсінесің? 4. «Сабырлық» деген сөзді қалай түсінесің? 5. Сөйлеу кезінде әдеп сақтау дегеніміз не? Әдепті бала Асан атам: «Әдептілік сөзден білінеді, Әділет ағаңа ұқсап, әдепті сөздерді үйреніп ал, балам», – деп маған өсиет айтады. Ағатайым институтта оқып жүр. Ол жақында каникулға келді. Мен оның әрбір ізетті, инабатты іс-қимылына назар аударып, әдепті сөздерін ұғып, жадымда сақтап, өзім де әдепті сөздерді қолайына қолдана бастадым. Әділет ағатайым келем деген уақытынан кешігіп келді. Ол танадай көздерінен нұр шаша күлімдеп, атамды аймалай құшып амандасты: – Кешіріңіз, ата кешігіп келдім... – Айыбы жоқ, балам, «жолаушының жолы біледі» деген. – Ғафу етіңіз, сізге сыйлайтын сый-сияпатым да, көңілдегідей емес. – Оқасы жоқ, ботам! «Ізетке найза бойламайды» деген. Маған инабатың мен ілтипатың бәрінен де қымбат... – Қош келдіңіз! Қуаныштымын, – дедім мен. Ағатайым бетімнен сүйіп: – Атамның тілін алып жүрсің бе? – деді. – Маған сеніңіз, – дедім. – Атасының жанашыр, қамқоршысы, күні ғой бұл – жарығым! – деп атам мені мақтай бастағанда, асыра мақтауды жөнсіз көріп, іштей қысылдым. Кейбір «еркелігім» есіме түсті. Ағатайым шешемнен, әкеммен, аталарыммен кездескенде қандай әдепті сөздер айтар екен деп, оның әрбір қимылына, әсерлі сөзіне ықылас қойып, қасынан қалмай жүрмін. – Балам, шкафтағы кітаптарды пәндеп, реттеп қой, – деді көкем. – Құп болады, – деді Әділет ағатайым. – Әділжан, мына жуылған киімдерді үтіктеші, – деді апам. – Сізге қызмет етуге әзірмін, апа, – деді ол. – Мына ініңе әдептілік, инабаттылық, имандылық дегеннің не екенін үйрет, балам, – деді атам. 108


– Сөзіңізге құлдық, ата. «Кішіден ізет, үлкеннен парасат» деуші едіңіз ғой... Мен ағатайымның әдепті сөздерін өзімнің өнегелі сөздерді жазып жүрген дәптеріме жаза бастадым: «Әріңізден садаға», «жақсы жатып, жайлы тұрыңыз», «денсаулығыңызға бұйырсын», «мың жасаңыз», «тағылымыңызға бас иемін», «тәліміңізге тәнтімін», «айып етпеңіз...» «Әдептілік – әдемілік» деген қасиетті қағиданың мәнін енді түсіндім. Пікірлесу үшін қойылатын сұрақтар. 1. Әділет атасына қандай әдептілік көрсетті? 2. Қазақтың қандай әдепті сөздерін білесіңдер? 3. Әдептілік, инабаттылық, имандылық деген сөздердің мәнін түсіндір. 4. «Әдептілік – әдемілік» деген сөздің мәні неде? 5. «Кішіден – ізет, үлкеннен – парасат» деген мәтелдің мәнін қалай түсіндің? Шөбере Қәкеннің каникулы кезінде әдейі демалыс алған Қәкеннің әкесі Әлен: – Ертең жолға шығамыз, балам, тағы да тауға шығып кетпе, – деді. – Еһе, қайда барамыз, көке? – деп, Қәкен кәдімгідей көңілденіп, қуанышын жасыра алмай қутыңдап қалды. – Ауылға барамыз, бабаңа сәлем беріп, батасын алып қайтамыз. Бөбек кезінде «бабай келеді» деп, жылағанда жым қойғызатын бұл сөзді естімегелі қашан... «Ата-баба» деген сөз болмаса, мынау «баба» туралы да Қәкен көп естіген емес. – Баба деген кім ол, көке? – Бабаң – әкеңнің атасы, атаңның әкесі. – Ол кісі тірі ме? Осы уақытқа дейін ондай шалды мен неге көрмегенмін, көке? Атамның атасын мен де көруім керек қой. – Саған бабаңды көрсетуге жағдай болды ма, балам. Атаң алты баласымен баяғыда қалаға көшіп келді... Осында өстік. Қарбалас тірлік, қарқынды өмір өте берді... – Атам, бабамды біле ме? – деп, Қәкен күндік білдірді. – Атаң әкесін ұмытып кететін кесепат емес, балам. Ол кісі жылда әкесіне әдейі барып, сыбағасын беріп келеді.

109


– «Сыбағасын беріп келеді» дегеніңіз қалай? – деп, Қәкеннің төбе шашы тік тұрды. Әкесі қатты ашуланғанда «сыбағаңды берем» деп, мұның есін шығаратын. – «Сыбаға» деген үлкен кісіге арналған ас-дәм болады. – Ә, солай демейсіз бе? Мен әлгі сіздің маған беретін «сыбағаңыз» екен деп шошып кеттім емес пе? – Біз, сен екеуміз, бабаңа сыбаға, сый-сияпат апарамыз... Ол кісі бізге батасын береді. Жаңарған «Жаңатұрмыс» атты ауылдың түзу, дарақты, кең көшесінің дәл ортасындағы шарбағы бар шатырлы үйдің алдына келіп, жеңіл машина тоқтай қалды. Көшеде ойнап жүрген қара домалақ баланың бірі жүгіріп келіп, ақ дарбазаны айқара ашып, меймандарға жол берді. Даладағы дабырды елеңдеп естіген баба, ақ сақалын сүйір саусақтарымен салалай сипап, бір қолымен асай-мұсай таяғына сүйеніп, меймандардың алдынан шықты. Әлен әкесінің әкесін әбден сағынған екен, қартты қапсыра құшып, ақ сақалын аймалап, көзі жасаурап, көрісе берді. – Ас-саламу-алейкум! – деді Қәкен, жаттаған сөзін айтып. – Уа, алайкум ас-салам! – деп, баба дұрыс сәлем бергені үшін де Қәкенге бек риза болды. – Қай баласың, қарағым? – Бұл – Қәкен деген шөбереңіз, ата, – деді Әлен, – бабама сәлем берейін, батасын алайын деп келді... – Садағаң болайын, жұрағатым! – деп, ақсақал Қәкенді құшырлана сүйіп, көзіне жас алды. – Баба, сізді көргеніме өте қуаныштымын! – деді Қәкен. – Ертеде шөбересін көрген адам пейіштің төріне – ұшпаққа шығады деуші еді. Мен осы дүниенің өзінде-ақ «пейішке» шықтым, – деп қарт баба селкілдей күліп, шөбересін шөп-шөп сүйе берді. Дастарқан басында Тілемес баба тілінен бал тамызып әсерлі әңгіме шертті: «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген сөз бар, атаңды танып, бабаңды құрметтеп, атабабаңды сыйлай білсең, бүкіл адамзатты да ардақтай аласың, балам. Алыстан арнайы бабама сәлем берейін, батасын алайын деп келіпсің, бақытты бол! Адамдығыңды аңғарып, төбем көкке жетіп, қуанышым қойныма сыймай отырмын, үрім-бұтағым үлгілі-өнегелі болса, бақытым –сол. – Баба, көп алғысыңызды көкеме айтыңыз, – деп Қәкен ұялы қызарып отыр. – Осы уақытқа дейін Сізге шөбереңізді ертіп келіп, таныстырмағаным үшін, кінәлімін, ата, – деп Әлен әдеппен бас иді. «Бабаны көру де бақыт екен-ау» деп ойлады Қәкен. 110


– Көке, менің балам бабама кім болады? – деп сұрады ол әкесінен. – Сенің балаң бабаңа шөпшек болады. – Сонда бабам баласын, немересін, шөбересін, шөпшегін де көреді екен ғой... – Тірі болсам, туажатымды да көрем, – деп бабасы мәз болды. Пікірлесу үшін қойылатын сұрақтар: 1. Қәкеннің әкесі Әлен өзінің қандай кінәсін мойындады? 2. Ата-ананы құрметтеу, ата-бабаны қастерлеу үшін қандай іс-әрекет жасап жүрсің? 3. Өзің жеті атаңа дейін атап, олардың игі дәстүрлерін айта аласың ба? 4. Бала, немере, шөбере, шөпшек, туажат деген атаулардың мәнін білесің бе? Қызметші құс Солтүстік Америкада агама деген құс бар. Ол тырнаға ұқсайды. Ол құсты адамдар үйде ұстайды. Агама аула ішінде үй күзетіп жүреді. Жұлысып жатқан әтештерді ажыратады. Оларды тентектік жасағаны үшін жазалайды. Аулаға келген бөтен тауықтарды қуып шығады. Өз үйінің тауықтарына жем береді. Иесінің шақырғанына келеді. Иесі оны аңға ертіп шығады. Агама иесінің айтқанын бұлжытпай орындауға тырысады. Жылан мен кірпі Таңертең бір нәрсе ысқырғандай жат дыбыс Қабидың құлағына естілді. Қаби оянды. Төсектен басын көтерді. Ол Есеннің кереуетінің жанында ұстасып жатқан жылан мен кірпіні көрді. Жылан басын көтерді. Аузын ашып, тілін шығарып ысылдап тұр. Қаби мұны көргенде, қорқып, Есенді оятты. Есен де басын көтерді. Жылан айыр тілімен шақпақ болды. Бірақ шаға алмады. Кірпінің тікенектері үрпиіп тұр. Кірпі жыланның құйрығын тістеп, кеміріп жатыр.

111


Ғаламат қазына І бөлім Баяғыда бір адам өмір сүріпті. Оның үш ұлы болыпты. Өзі ынталы, еңбексүйгіш адам болады. Ешқашан да жұмыссыз отырмайды. Ертеден қара кешке дейін жұмыс істейді. Бәріне үлгереді. Ал ұлдары бойшаң, өздері көркем, жігерлі болады, бірақ жұмыс істеуді ұнатпайды. Әкесі үйде де, түзде де, бақшада да жұмыс істей береді. Ал ұлдары болса ағаштың саясында босқа әңгімелесіп отырады немесе Днестрге балық аулауға барады. – Сендер неге жұмыс істемейсіңдер? Әкелеріңі неге көмектеспейсіңдер? – деп сұрайды көршілері олардан. – Жұмыс істеп қайтеміз? – деп жауап береді ұлдары – Біз үшін әкеміз істеп жүр. Олар осылай өмір сүре береді, жыл артынан жыл өтеді. Ұлдар есейіп, ересек тартады. Ал әкесі болса қартайып, бойынан күш-қуаты кетеді, бұрынғыдай жұмыс та істей алмайды. Үй маңындағы бақша да жалаңаштанып, оған арамшөптер де өсіп кетеді. Ұлдары мұны көре тұра, жұмыс істегілері келмейді. – Ей, ұлдарым, қашанғы қол қусырып отыра бересіңдер? – деп сұрайды әкесі балаларынан – Бойымда күш-қуатым бар жас кезімде жұмысты істедім. Енді сендердің жұмыс істейтін шақтарың келді. – Жұмыс істейтін уақыт бар, – деп жауап береді ұлдары. Ұлдарының соншалық жалқау болғаны әкесінің жанына қатты батады. Қапаланып жатып қалады. ІІ бөлім Сөйтіп оның семьясы жоқшылыққа тап болады. Бақшасына арамшөптер қаулап өсіп кетеді. Тіпті одан үйлері көрінбейтін болады. Бірде қария ұлдарын шақырып алады да: – Ал, ұлдарым, менің демім бітер сәт келді, енді сендер менсіз қалай өмір сүресіңдер? Еңбек еткілерің келмейді, жұмыс істей білмейсіңдер, – дейді оларға. Ұлдарының жүрегі ұшып, жылап жібереді: – Әке, бізге айтар өсиетің болса айтып кет, ақылыңды айт! – дейді ұлдарының ең үлкені. – Жақсы! – дейді әкесі – Мен сендерге бір құпия сыр айтайын. Қайтыс болған аналарың екеуміздің толассыз жұмыс істегенімізді бәрің 112


білесіңдер. Көп жылдар бойы сендерге байлық – бір керсен алтын жинадық. Мен сол керсенді үйдің маңайына көміп едім. Бірақ қай жерге көмгенімді білмеймін. Менің сол қазынамды іздеңдер. Соны тапсаңдар ғана мұңсыз өмір сүре аласыңдар! Әкесі балаларымен қоштасып, жан тәсілім береді. ІІІ бөлім Ұлдары әкесін жерлеп, зар еңіреп отырады. Содан соң ең үлкен ағасы тұрып: – Ал, бауырлар, біз үлкен жоқшылыққа тап болдық. Тіпті, нан сатып аларлық қаражатымыз жоқ. Әкеміздің өлер алдындағы айтқандары естеріңде ме? Алтын бар керсенді іздейік! – дейді. Сөйтіп ағайынды жігіттер іске кірісіп, үй іргесіндегі кішкене шұқырды қаза бастайды. Олар шұқырды қаза береді, қаза береді, бірақ алтыны бар керсенді таба алмайды. – Одан да үйдің айналасын түгел қазайық! Ағайынды үшеуі осылай келіседі де, іске қайтадан кіріседі. Үйдің іргесін түгел қазып шығады, бірақ алтыны бар керсенді жердің тереңінен де таба алмайды. – Қап, – дейді ең кіші інісі, – жерді тереңдете тағы да қазайықшы! Мүмкін әкеміз алтыны бар керсенді жерді терең қазып көмген шығар. Олар осылай келіседі. Әкесінің қазынасын қайтсе де тауып алуға тырысады. Сөйтіп, іске қайтадан кіріседі. Ең үлкен ағасы жерді қаза береді, қаза береді. Бір мезгілде күрегі қатты ір нәрсеге тиеді. Ол жүрегі аттай тулап, қуанып кетеді, сөйтіп бауырларына айқай салады. – Тез бермен келіңдер, әкемнің қазынасын таптым! IV бөлім Екі інісі жетіп келіп, оған көмектесе бастайды. Олар қаншама еңбектеніп қазғанда тапқаны – алтыны бар керсен емес, үлкен тас. Қатты қапаланған олар: – Енді біз бұл тасты қайтеміз? Үй іргесінен аулағырақ апарып тастайық! – деседі. Сөйтіп, тасты апарып тастайды да, жерді одан әрі тереңдете қазады. Ұзақ күнге қазады. Жердің төменгі қабатының топырағы жұмсара бастайды. Ал алтыны бар керсенді ақыры таба алмайды. – Қайтеміз? – дейді сонда ең үлкен ағасы. 113


– Жерді қазып тастадық. Енді ол бос жата ма? Қане, осы жерге жүзім отырғызайық. – Дұрыс айтасың, – деп қолдайды інілері. – Тіпті еңбегіміз зая кетпесін. Сөйтіп, олар жүзім ағаштарын отырғызып, оларға күтім жасайды. Арада біраз уақыт өткен соң жүзім бағы өсіп шығады. Ағайынды үш жігіт одан мол өнім алады. Өздеріне керегінше қалдырады да, қалған жүзімді сатып, көп қаражат тауып алады. Сонда үлкен ағасы тұрып: Біз үйдің айналасын текке қазбаппыз. Біз әкеміздің өлер алдында айтып кеткен қымбат бағалы қазынасын енді таптық, – дейді. Сыйлық Болат мектептен бір топ балалармен бірге шықты. Олар 8 наурыз апаларына сыйлайтын сыйлықтарын көкелері, ағалары алып беретінін айтып даурығып, дабырласып келе жатты. Болат та апасына жақсы сыйлық алғысы келді. Бірақ оған ақша беретін ешкімі жоқ еді. Мереке күні жақындаған сайын Болат қысылып, мазасызданып жүрді. Бірде апама не сыйласам екен деп ойланып отырып, ойына бірдеме түсіп кетті. Дәптердің бір парағын алып, оны көз тартатындай етіп әшекейлеп, өрнектеді. Оған үшінші тоқсандағы қазақ тілі, математика т.б. пәндерден алған бағаларын жазып қойды. Онда кілең бестік еді. Болат 8 наурыз күні апасын құттықтап, баға қойған қағазды ұсынды. Апасы алғашында түсіне алмай баласына таңдана қарады. – Үшінші тоқсанда алған бағаларым ғой. Әкелген сыйлығым осы. Басқа сыйлайтын сыйлығым болмады, – деп мұңая қарады Болат. Апасы қағазға қайта үңіліп, рақаттана күліп: – Бұл сыйлығың басқа сый-құрметіңнің бәрінен қымбат, бәрінен артық маған құлыным! – деп көңілденіп орнынан тұрды. Альбомды алып, Болаттың сыйлығын ішіне салып қойды.

114


Мазмұны Менің елім .............................................................................................5 Алаштың тілі, анамның тілі ............................................................... 22 Атамнан қалған сан мұра ................................................................... 27 Қасиеті жерімнің ................................................................................. 59 Қадірлісі елімнің .................................................................................. 66 Мақтанышым – Астанам ..................................................................... 80 Үйренеміз, ойнаймыз, ойлаймыз ........................................................ 86 Ән шырқайық ...................................................................................... 101 Әңгімелер ............................................................................................ 112

115


Issuu converts static files into: digital portfolios, online yearbooks, online catalogs, digital photo albums and more. Sign up and create your flipbook.