№49 (2749)

Page 9

БІЗДІҢ ҚОСТАНАЙ

Сейсенбі, 23 маусым 2015 ж.

ТАҒДЫР

9

Өмірдің тауқыметіне қасқая қарсы тұрған Қайсар да әншілік өнерімен дараланған Гүлбану Ілиясовамен сырласу Ауылым-алтын бесігім – Гүлбану қарындасым, соңғы кездері сенің өміріңде қаншама игі өзгерістер болды. Оған бәріміз де қуаныштымыз. Алайда бүгін сенің өткен өміріңді толық қамту үшін арнайы сұхбат алғалы отырмын. Сондықтан өскен ортаң, қалыптасу кезеңдерің жайлы әңгімемізді бастағанымыз да дұрыс шығар. – Иә, аға, өзіңізді біраз жылдардан бері білемін. Газет редакциясында қызмет атқаратын бір бауырым болып кеттіңіз. Сондықтан да тіршіліктегі қуанышымды алдымен өзіңізбен бөлісуге тырысамын. Шынында да қой жылы мен үшін шын мәнісінде жақсылыққа толы болғалы отыр. Менің ғұмырым кейінгі сіңлілеріме қайсарлық, табандылық жолында өнеге болсын деп сізбен сұхббаттасуға тағы да келісімімді бердім. Өзім өңірдегі қазағы қалың, Науырзым ауданына қарасты бұрынғы «Дәмді» кеңшарының Қарақұдық бөлімшесінде 1970 жылы кәдімгі шіліңгір шілде айында туылыппын. Өткен кезеңдерге шолу жасаған кезімде шыр етіп дүниеге келгеннен алақандарына салып аялаған ата-анама қалай тоқталмай өтейін. Шаңырағымыздың ұйытқысы әкетайым Дәкер ауданға танымал механизатор еді. Ол кісінің де бақилық болғанына он жыл жыл уақыт болып қалыпты. Қыз бала үшін ананың орны қашан да бөлек. Әкеге айта алмаған сырыңды бірінші осынау жарық дүниені сыйлаған шешеңе айтасың. Анам алтын құрсақты қазақтың аяулы қызы еді. Шаңырақта тәрбиеленген он бала бір-бірімізді қолымыздан жетелеп жүріп өсірдік. Көп балалы отбасында тәрбиеленген ұл мен қыздар әдетте көпшіл, мейірімді де қайырымды келеді. Әлі күнге дейін бір-біріміздің жанымыздан табылып, тіршіліктегі кездесетін қиындықтар мен қуаныштарда бірге жүреміз. – Енді бауырларыңыз жөнінде не айтасыз? Олар облыс орталығында тұратын сізге келіп өздерінің жылы сөзімен және басқа да қамқорлықтарымен рухыңызды көтеріп отыратын болар? – Бауырдың аты бауыр екен. Олардың маған көрсетіп жатқан көмегін ешқашан да тілмен айтып жеткізе алмаймын. Себебі, қалаға көшіп келгеннен кейін де олар менің нағыз жанашырым болды. Ауылда тұратындары азық-түлікпен қамтамасыз етті. Өзіңіз де менің үйімде бірнеше рет болдыңыз ғой. Өздігімнен жүріп тұра алмаймын. Сондай кездері пәтердегі, түздегі шаруаларымның бәрін атқарысқан осы айналайын туысқандарым емес пе. Бірақ олар ешқашан да маған

жасаған жақсылықтарын міндетсіген емес. Ата-анамыз қазір арамызда болмаса да олар өте ұйымшыл. Бәрі де үйлі-баранды. Жанұямыздың тұңғышы Ырысалды әпкем болса, ең кенжеміз Меруерт те айрандай ұйыған отбасының ұйытқысы. Солар барда мен ештеңеден де таршылық, кемшілік көрмеймін.

Қиындыққа ешқашан мойымадым – Өзіңмен қаншама тілдессем де балалық және тіршіліктегі кездескен тауқыметтерді жеңу жолындағы талпыныстарыңды еш сұрамаппын. Бүгін соны өз аузыңнан естісем деп едім? – Қыз бала үшін тағдыр тауқыметіне ұшырап, төрт қабырғаға қамалып отыру өте қиын. Мұны тек өз басынан өткізгендер ғана жақсы біледі. Әу баста осындай күйге түскенім үшін қаншама күйзеліске түстім десеңізші. Күндіз-түні өзіммен-өзім болып терең ойға батушы едім. Ұйқысыз өткізген кездерімді де еш ұмыта алмаспын. Міне, осының бәрі де ардақты әке-шешеме оңай болған жоқ. Әдетте кез-келген ата-ана баламның табанына кірген шөңге, менің маңдайыма қадалсын демей ме? Олардың жүздерінен осындай жабырқауды және мұңды көретінмін. Қазір бір сәт ойлап көрсем, бәрі де бір Алланың қолында екен. Адам баласы күтпеген жерден бейшара күйге түсіп немесе бақытты болуы әбден мүмкін. Алайда, мұны бала кезіңде сезіне бермейтінің өкінішті. Ата-анам перзенті үшін не істемеді дейсің? Бастарын тауға да, тасқа да соқты. Олар мені облыс орталығындағы шипасы тиеді-ау деген дәрігерлерге көрсетті. Емдеу орындарында да бірнеше рет жатып емделдім. Бірақ құлан таза жазыла алмадым. Білікті деген дәрігерлердің өзі маған «Сен туған кезіңнен осындай болдың, саған витамин жетіспейді» деген диагноз қойды. Дегенмен, рухымыз түскен жоқ. Өмірге деген құлшынысым жылдар өткен сайын арта түсті. Бәріміз де пендеміз ғой. Кейде: «Егер сол кезде дәрігерлер маған шын ықыласымен қарағанда, бәлкім жұрт секілді сырқатымнан жазылып, ел қатарына қосылып кетер ме едім» деген асыл арман мен ойлар да пайда болушы еді. Дәрігерлерден үміт болмаған соң, қазақы ем-дом да жасадық. Тіпті, бақсы-балгерлерге де қаралдық. Алайда, бір сәтін салмаса қиын екен. Содан сырқатымның беті бері қарай қоймады. Әке-шешем байғұс менімен бірге жандары қиналып, жүректері сыздап ауыратындығын да іштей сезетінмін.

Әсіресе, олар менің жұдырықтай болып үйде жалғыз отырғанымды, өзге қатар құрбыларым секілді далада асыр салып ойнай алмайтындығымды, кәдімгі өзге қыздар сияқты мектепке бара алмайтындығымды көз алдарына елестеткенде өздерін қоярға жер таба алмайтын. Кім перзентін біреуден кем көрсін? Кішкентай кезімде өзге ауылдағы құрбыларыммен қол ұстасып, білім ордасына шауып-шапқылап бара алмасам да ата-анам ұстаздарды үйге шақырып оқытты. Міне , осылайша мен де үш сыныпты бітірдім. Жас кезімдегі оқиғалар ешқашанда ұмытылмайды. Сол шақтары өзімді білім нәрімен сусындатқан алғашқы ұстазым Бақытжамал апайды бәрі де «Үлгілі мұғалім» деп ерекше құрметтейтін. Ол күйтақандай қыз менің жан-дүниемді түсініп, өз бетіммен жазып, сызуға бейімделуіме барын салды. Өзім де зейінді шәкірт болған секілдімін. Оның айтқанын лезде қағып алатынмын. Әрине, бұл білім аздық ететіндігін түсіндім. Сондықтан өз бетімше көп ізденуге тура келді. Газет-журнал, көркем әдебиеттер менің айнымас әрі сырлас досыма айналды.

Қалаға қоныс аудардым – Әу баста ауыл мен қаланың айырмашылығын бірден сезінген боларсыз. Әсіресе, өзің секілді өздігінен жүріп тұра алмайтын бауырларымызға оңай соқпайтындығы белгілі. Оның үстіне үнемі жаныңда бір кісі болуы керек емес пе? Шаһарда тіршілік ету үшін арнайы кәсібің де болып жатса нұр үстіне нұр дегендей. – Дұрыс айтасыз, бұл пікірлеріңізбен толық келісемін. Сондықтан ауылда жүргеннің өзінде өз бетіммен өмір сүруге талпыныс жасайтынмын. Бауырларымның көмегімен таза ауаға шығып, айналамызда болып жатқан құбылыстарға, табиғаттың әсемдігіне қарайтынмын. Содан тірі кісі тіршілігін жасайды демекші, өзіме лайықты

бір кәсіпті меңгеруге бел будым. Өзім секілді жандардың өмірі жайлы теледидарлардан хабарларды жібермейтінмін. Көздеген мақсатыма жету үшін қиындықтармен білек сыбана күреспесе болмайтындығын да әбден ұқтым. Анаммен ақылдаса келе қыз бала үшін ғұмыр бойы қажетті кәсіп- тігіншілік екендігіне біржола тоқтадым. Қызының бақытын анадан артық кім ойлаушы еді. Ол кісі де маған байқатпай «Ертең мен олайбұлай бола кетсем, мүгедек қызымның тағдыры қалай қалыптасады. Сондықтан оны қолынан келетін пайдалы іске баулиын» деп, тігіншілік өнердің қыр-сырына үйрете бастады. Осы арада бір тоқтала кетер жай, анам кезінде Науырзым өңіріне аты шыққан, он саусағынан өнері тамған шебер тігінші еді. Жоғарыда айтып өткен шаңырақтың тұңғышы Ырысалды апам да шешеміздің ықпалымен осы кәсіпті жастай үйреніп алған-ды. Анамыз ауылға белгілі кісі болатын. Ол ежелден келе жатқан ұлттық бұйымымыз кәдімгі ою-өрнекті, көрген кісінің назарын аударатын түкті кілемді тоқыды. Қыз ұзатқанда жасауға қосып беретін көрпе, көрпеше, дорба, қоржындарды да тікті. Міне, осылардың бәрін көзбен көріп, ісмерлікке біржола бет бұрдым. Анамның жанында отырып алып, одан түйгендерімді жадыма тоқи бердім. Осы мамандықтаң арқасында қазір де соның игілігін көріп келемін. Үйде әлгі аталған ұлттық нақыштағы бұйымдарды дайындап, соны базарға шығарамын. Содан нәпақамды тауып, күн көріп жатқан жайым бар. Байқай бермейміз, адамның өмірі де қамшының сабындай өте қысқа. Аяулы анам да мәңгілік көз жұмды. Оның қайғысы менің жаныма қатты батты. Әкеме де ауыр тиді. Өйткені, ер кісіге ғұмырлық серігі әйелсіз өмір кешу де оңай емес. Алайда, басқа түссе бәріне де шыдайды екенсің. Шешемнің көзі кеткен соң енді әкем жиі мұңға бататын болды. Ол да анам секілді: «Мен көз жұмсам Гүлбануымның кей-

інгі көрген күні қалай болады?» деп көкірегі қарс айырылатын. Қаланың өз менталитеті бар. Басында мұндағы бір туысқанымның үйіне тіркелдім. Бірте-бірте облыс орталығының өміріне де қаныға түстім. Бұрын ауылда өсіп, емін-еркін өмір сүріп қалған адамға қаланың өзіне тән ерекшеліктеріне тез үйреніп кету де жеңіл емес екен. Арада шамалы уақыт зырылдап өте шықты. Сол шақтағы қала әкімі Жеңіс Нұрғалиевтің қабылдауында болып, өзімнің тұрмыс жағдайымды шама-шарқым келгенше түсіндіруге тырыстым. Ол кісі де қолынан келген көмегін аямауға уәдесін берді. Шаһар басшысының тікелей қамқорлығының арқасында қаланың бір шетіндегі «Строитель» мөлтек ауданындағы шағын отбасыларға арналған бес қабатты үйден бір бөлмелі пәтерді маған уақытша бөлді. Содан осы әкімдікке үй кезегіне тұрдым. Несін жасырамын, менің тұрып жатқан пәтерім ыңғайсыз әрі тар. Өйткені, көтерілу және түсу де кейде мұңға айналады. Осы жөнінде талай айтылды. Тіпті, жұртшылық асыға күтіп отыратын «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Айтуға оңай» ток-шоуында да қысқаша баяндадым.

Әншілік жастайымнан арманым еді – Журналистер қауымы, оның ішінде өзім де бармын. Сенің әрбір қуанышыңа марқайып, төбеміз көкке жеткендей болып қаламыз. Кезінде өзің бауырыңа басып, қатарға қосқан қызың Ақманат та тұрмысқа шығып, сәбилі болды деп естідік. Нәрестенің бауы берік болсын, айналайын. – Рахмет. Қолына қалам ұстаған журналист бауырларыма шексіз ризамын. Кезінде өзіңіз қарындасыңызды асқақтатып, Қазақстандағы ең тиражы мол «Жұлдыздар отбасы» журналына дейін жаздыңыз. Кейінгі жаңалықтарым да барша әріптестеріңіздің назарында. Ақманат сіңлім Меруерттің қызы. Жастайынан оны менің тәрбиеме берген-ді. Оны мүмкіндігім келгенше парасаттылыққа баулыдым. Қазақ қызы білуге тиісті әдет-ғұрыптарды санасына сіңіріп, ибалы да инабатты болып өсуіне тікелей септігімді тигіздім. Ол да менің жағдайыма қарап, анасындай ардақтаса, өзім де қазір онымен бірге қуанышына ортақтасып отырмын. Қызымыз Руслан есімді ұлтымыздың жаны жайсаң жігітіне тұрмысқа шығып, жеке шаңырақ көтерді. Өздерінің сүп-сүйкімді Айдос есімді ұлдары бар. Ақманат күйеуге шыққанмен өзімнен алысқа кеткен жоқ.

Бір подъезде тұрамыз. Сонымен қатар мен қазір де жалғыз емеспін. Алыс-жақындағысы бар, бауырларым әлі күнге дейін қамқорлығын жасап келеді. Сол аға-апаларымның Айғаным, Нұрғали есімді балалары үнемі жанымда. Бәрі де менің қас-қабағыма қарап, ішімдегіні айтқызбай біліп тұрады. – Сенің бойыңдағы тағы бір кез-келген қазақ қызында кездесе бермейтін әншілік өнерің бар. Осы қабілетіңнің арқасында құлаққа жағымды әдемі дауысыңмен талай байқауларда топ жардың. Осы жөнінде де қысқаша айтып берсең? – Жалпы, өнердің қай түрі болмасын адамның бойына ата-бабасынан, немесе нағашы жұртынан жұғады деседі. Менің де тегім осал емес. Бәрі де ән мен күй десе елеңдеп, оның құдіретіне табынатын асыл жандар. Жас кезінде, әсіресе, қыз балалар өте арманшыл, қиялшыл келеді емес пе. Актерлер, кино жұлдыздары жайлы фотосуреттерді үйде бір кісідей жинадым. Болашақта үлкен әнші болуды көксейтінмін. Алайда, мұндай жоғары деңгейге жетпесем де, Құдайға шүкір, өзіме лайықты даусым бар. Бұл жөнінде ешкімнен де ұялмаймын. Осы кезге дейін қазақтың талант ты әншілері Жанар Айжановаға, Ақбота Керімбековаға еліктейтінмін. Менің осы әншілік өнерімді ұштап, оның өрісінің кеңеюіне ерлі-зайыпты Дүйсенғали Оспанов пен Аруна Жақсығұлова басқаратын «Үміт» қоғамдық бірлестігінің қосқан үлесі ерекше. Мүгедек жандар арасында өткен «Екі жұлдыз» байқауында жүлделі орынға ие болдым. Домбыраны да бір кісідей шертетінмін. Қазір Қарақат Әбілдина, Роза Әлқожа, Жазира Байырбекова сынды сіңлілерімнің орындауындағы әндерді сүйіп тыңдаймын. – Сөзден сөз туады. Әнш і л е р д і е р е к ш е ж а қс ы көретініңді білдік. Жоғарыда аталған «Айтуға оңай» ток-шоуында Әйгерім Қалаубаева қарындасымыз өзіңе көпшіліктің алдында мойнындағы алқасын сыйлады. Сонан соң сенің біраз несиеңді жабуға уәде етті емес пе? – Жалпы, бұл Алматыға сапарым мен үшін өте сәтті болды. «Айтуға оңай» ток-шоуындағы барлық бауырларыма шексіз алғысымды білдіремін. Оны жүргізуші, талантты журналист Бейсен Құранбек те өте дарынды қазақтың марқасқа жігіті екен. Өзімді ерекше қуанышпен қарсы алды. Болашақта денсаулығымды да тұрақты қадағалайтын болды. Әйгерімнің мәрт тігіне шексіз тәнтімін. Жұрттың көз алдында сыйлық тапсырумен бірге, сөзінде тұрып, несиемді де жапты. Осындай бауырларыммен әрқашан мақтанамын.


Issuu converts static files into: digital portfolios, online yearbooks, online catalogs, digital photo albums and more. Sign up and create your flipbook.